Шығыс Дешті қыпшақ есімдерінің
қалыптасуы
Әлімбаев М.Е. –
ф.ғ.к. АӘИУ (қазақстан)
Куман-половец
антропонимдерінің этимологиясын бұрынғы Кеңес
Одағының түркітанушылары мен қыпшақтанушылары
зерттеген болса, ал Шығыс Дешті Қыпшақ есімдерінің
төркіні арнайы зерттелмегені белгілі. Жалпы Шығыс Дешті
Қыпшақ пен орта ғасырлардағы Хорезм мемлекетіндегі
қыпшақ есімдерінің төркінін қарастыру
өзекті мәселе болып табылады. Осы себепті біздер бірнеше
есімдердің төркінін тілдік тұрғыдан тарихи деректерді
келтіре отырып, қарастырғанды жөн көріп отырмыз.
Дешті
Қыпшақтың орталығы Сығанақ қаласы
болған шығыс бөлігі алғашқы ханның Алып Қара Уран есімі – алып, қара және уран дейтін үш компоненттен
тұрады. Бұл компоненттердің алып және қара дейтін
екеуі – заттың сыр-сипатын, түр-түсін білдіретін сын есімдер
болса, ал үшінші компонент уран-уран этнонимі немесе уранқай
этнонимінің бірінші компоненті – уран. Олай болса, Алып Қара Уран –
уран немесе уранқай тайпасының «алып қарасы» мағынасын
білдіретін есім немесе лақап атау. Біздің пікірімізше, Алып Қара Уранның ұлы
Қыран есімінің төркіні, кулан – құлан
этнонимі «Кулан» этнонимі, р-л
сәйкестігі бойынша куран, ал к-қ
және у-ы, р-л
сәйкестіктері бойынша қыран болып айтылған. Сонда «кулан»
этнонимінің этимологиялық варианты – «куран» немесе «қыран»
болып шығады. Түркі атауларының бастапқы к-қ дыбыстарының редукциялана түсіп
қалатын құбылысы бойынша «куран» атауының бастапқы
к дыбысы түсіп
қалып, бұл атау уран болып айтылған. Ал уран – уранқай этнонимінің
бірінші компоненті немесе уран этнонимі. Егерде «кулан» этнонимінің
этимологиялық варианттарының бірі – «куран» атауы, ал куран, кулан
этнонимінің екінші бір
этимологиялық варианты – ал қыран бастапқы қ дыбысы түсіп
қалған ыран атауы. Ал ыран у-ы
сәйкестігі бойынша уран болып
та айтылған. Олай болса, куран – қыран – бастапқы к-қ дыбыстары түсіп
қалған уран этнонимі. Сонда кулан – құлан этнонимі
дегеніміз – Дешті Қыпшақтың орталығы
Сығанақ қаласы болған шығыс бөлігін билеген
ұран этносы немесе ұран этнонимі. Егерде кулан-құлан –
ұран этнонимі, ал ұран – бастапқы к-қ дыбыстары түсіп қалған
куран-қыран болса, онда Қыран есімі немесе лақап атының
төркіні, кулан немесе ұран этнонимі болған. Көрініп
тұрғанындай, Қыран есімі немесе лақап аты, этноним негізінде
пайда болған. ХІІ ғ. соңғы ширегінде Дешті
Қыпшақтың шығыс бөлігінің ханы болған
Қыранның мұсылмандық Қадырхан дейтін лауазым
атауы Жүзжани еңбегінде, ал Қайыр Буку және
Қадыр-Буку деген лақап аты Жувейни еңбегінде тіркелген [1,
216 б.].
Қыранның
Қадыр хан дейтін лауазым атауы түркі тілдеріндегі д-и сәйкестігі [2, 58-59 бб.]
бойынша, Қайыр хан болып айтылған. Біздің бұл
пікірімізді, бұл лауазым атаудың Жувейни еңбегінде Қайыр Буку және Қадыр-буку болып екі түрлі
берілу фактісі дәлелдейді. Сонымен, Қыранның Қадыр хан
титулының фонетикалық варианты, Қайыр хан болып шықты.
Қайыр хан титулының бірінші компоненті, Қайыр атауының
түбірі – қай, ал осы түбірге жалғанған ыр – этнос атауының соңына
қосарлана жалғанып, көптік мағынаны білдіретін
көне «ар» аффиксінің
фонетикалық варианты [3]. Шығыс Моңғолияны ерте орта ғасырларда
мекендеген ұранқай тайпасының болғандығы тарихи
деректерден белгілі. С.Ақынжанов пікірінше ұранқай – жылан мағынасын білдіретін «уран»
және қай этнонимдерінен біріккен күрделі этноним [1, 125-126
бб.]. Егерде Қайыр атауының түбірі – қай, жылан тотемді
этнос мағынасын білдіретін этноним, ал осы түбірге
жалғанған ыр –
көптік мағынаны білдіретін көне «ар» аффиксінің фонетикалық варианты болса, онда
бұл атау қай
этнонимінің негізінде пайда болған. Егерде Қайыр атауы қай этнонимінің негізінде
пайда болған болса, онда оның фонетикалық варианты ––
Қадыр атауы да осы этноним негізінде пайда болған. Көрініп
тұрғанындай, күрделі «уранқай» этнонимінің негізінде
Қыран лақап аты мен Қайыр-Қадыр хан лауазым
атауы дүниеге келген. Өткен ғасырдағы
антропономиялық зерттеулерде қазақтың көнеден
келе жатқан Садыр, Садырбай және Қадыр, Қадырбай
есімдерінің тарихы айтылған. Осы есімдердің төркініне
қатысты, біздерде өз деректерімізді келтіріп өтсек.
Қазақтың
найман тайпасының шежіресінде, осы этностың Шүгірші немесе
Төлегетай дейтін тармағынан Садыр атты ру тарайды.
Наймандардың VIII-ІХ ғасырлар аралығында
Моңғолияда жасаған Ұйғыр қағанатының
мұрагері екендігі, яғни осы кезеңде этнос ретінде қалыптаса
бастағандығы белгілі [4]. Профессор С.Аманжолов найманның Садыр руы атауының
қытайлық транскрипциясы «Синьтаншу»-дағы «шато» этнонимі
деген пікір білдіреді [5]. Ал Л.Гумилев «шато», яғни садыр этносын:
бірбеткей өжет, қыңыр мінезді, жаугер тайпа ретінде
сипаттайды [6, 263 б.]. Қазақ тілінде ашуланшақ, тік мінезді,
қыңыр мағынасын білдіретін «шадыр» сөзі бар. Осы
шадыр-садыр этнонимінің с-ш
сәйкестігі бойынша пайда болған фонетикалық варианты. Себебі,
жоғарыдағыдай мағынаны білдіретін шадыр сөзі осындай мағынада Л. Гумилев сипаттайтын садыр тайпасының
мінез-құлқына байланысты пайда болған. Егерде шадыр
сөзі садыр этнонимінің фонетикалық варианты болса, онда
бұл сөз садыр этнонимімен төркіндес, мағыналас
болғаны. Егерде садыр этнонимі
қазақ тіліндегі шадыр сөзімен төркіндес,
мағыналас болса, онда бұл атау – араб-парсы тілдеріндегі есім емес,
түркі тілдеріндегі этнос атауы. Түркі тілдеріндегі осы этнос
атауының негізінде Садыр және Садырбай есімдері пайда болған.
Түркі тілдерінде к-қ-с
және с-һ-қ
сәйкестіктерінің бар екендігі белгілі [7, 29-31 бб.]. Осы
сәйкестіктер бойынша, о бастағы Қадыр атауы Садыр болып
айтылған. Осыдан барып Садыр этнонимі мен антропонимі пайда болған.
Сонда Садыр, Қадыр
атауының этимологиялық варианты болып шығады. Егерде Садыр
мен Қадыр этимологиялық варианттар болса, онда бұл
атаулар түркі тілдеріндегі
этнонимдер мен антропонимдер.
Қыран – Қадыр ханның немере інісі Алып
Дерек есімінің екінші компоненті – Дерек, д-т сәйкестігі бойынша Терек болып та айтылған. Ал Терек
– біздің пікірімізше, қазақ тіліндегі түрік
терминінің ү-е және
і-е сәйкестіктері [8, 65 б.] бойынша пайда болған фонетикалық
варианты. Сонда Дерек-Терек дегеніміз түрік термині болып шығады.
Қыран-Қыдыр ханның жылан тотемді ұранқай
тайпасынан шыққандығын жоғарыда дәлелдедік.
Ө.Панзарбек «Екінші Түрік қағанатының басында
ашиналармен бірге тұрып, «көк түрік» аталғандар –
жылан-айдаһар тотемді ашидэ тайпасы», деп дәлелдейді [9, 216-220
бб.]. Егерде Қыран мен Алып Дерек-Терек және ашидэ тайпасы жылан
тотемді болып, түрік аталған болса, онда ұранқай мен ашидэ
этностарының тегі бір. Ал ұранқай
дегеніміз ашидэ, ал ашидэ көк түрік аталған болса, онда
ұранқай тайпасында түрік терминінің негізінде ү-е және і-е сәйкестіктері бойынша пайда
болған Терек-Дерек есімі немесе лақап аты болған. Бірінші
Түрік қағанатының басында тұрған ашина
тайпасында Түрік есімінің немесе лақап атының
болғандығын VІ ғ. өмір сүрген Қара-Сор Түрік және Түріксанф атты хандардың
лақап аттары дәлелдейді. Егерде ашиналарда «Түрік»
лақап аты болған жағдайда, онда ашидэлермен тегі бір
ұранқай тайпасында да осындай есім болған. Түркі
тілдеріндегі дыбыс сәйкестіктеріне, тіл заңдылықтарына
және тарихи-этнологиялық фактілерге сүйене, ғылыми
танымның дедукциялық әдісін қолдана отырып, Алып Дерек
есімінің екінші компоненті «Дерек» атауының этимологиясын
анықтадық. Осы анықтау негізінде Дерек-Терек атауы –
түрік терминінің
фонетикалық варианты, яғни Дерек-Терек түрік термині дейтін
қорытынды жасай аламыз. Көрініп тұрғанындай,
Дерек-Терек – түрік терминінің негізінде пайда болған
лақап атау. Олай болса, Алып Дерек дегеніміз – Алып Түрік есімі.
Алып Деректің Иналшық Қайыр хан дейтін де лақап аты
болған. Бұл лақап аттың бірінші компоненті
Иналшық – орта ғасыр қыпшақтарында «мұрагер»
мағынасын білдірген Инал атау түбірі мен осы түбірге
жалғанған кішірейткіш «шық»
жұрнағынан тұрады. Ал екінші компонент Қайыр хан –
жоғарыда дәлелдегеніміздей, көптік мағынадағы
қай этнонимнің негізінде пайда болған титул. Сонда
Иналшық Қайыр хан дегеніміз – ұранқай тайпасынан
шыққан «кенже мұрагер» мағынасын білдіретін лақап
ат болып шығады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Ахинжанов
С.М. Кыпчаки в истории средневекового Казахстана. – Алматы: Ғылым, 1995.
– С.187.
2.
Қайдаров Ә., Оразов М. Түркітануға кіріспе. – Алматы:
Мектеп, 1985. – 80 б.
3. Языки
народов СССР. Индоевропейский язык. – М., 1966. – Т.1. Армянский язык. – С.569.
// Тюркские языки. т.ІІ. – С.393-435.
4.
Қазақстан тарихы. – Алматы: Атамұра, 1996. – Т.І. – 408 б.
5. Аманжолов
С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. – Алматы: Санат, 1997. –
С.79.
6. Гумилев
Л.Н. Көне түріктер. – Алматы:
Білім, 1994. – Б. 22-23.
7.
Сағындықұлы Б. Қазақ тілі лексикасы
дамуының этимологиялық негіздері. – Алматы: Санат, 1994. – Б. 30-31.
8. Томанов М.
Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – Алматы: Мектеп, 1981. – Б. 136-138.
9. Панзарбек
Ө. Сюньюй мен Хунну және Ашина мен Ашидэ,
қимақ-қыпшақтардың этногенезі. – Шымкент: R-diar,
2005. – Б. 194-197.