Каппасова А.Ш. КарМУ,
магистрант
Ғылыми жетекші:
ф.ғ.д., проф. Мажитаева Ш.М.
АДАМНЫҢ
ЖАҚСЫ/ЖАМАН МІНЕЗ-ҚҰЛҚЫНА ҚАТЫСТЫ
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕРДІҢ ҚОЛДАНЫСЫ
«Заман
толқыны тарих теңізінің жағалауына көркем
өнердің баға жетпес меруерт-маржандарын қалдырды... Сол
асылдардың асылы – адам баласының рухы мен ақыл-ойын барша
ұрпаққа паш еткен ескірмес, өлмес, өшпес өлең-жыр»
[1,6] және көне мәдениеттің көзі, сөз
мәйегі – мақал-мәтелдер, қанатты сөздер. Сан ғасырлар бойы
халықтың өзiмен бiрге жасалып, екшелiп, ұрпақтан
ұрпаққа мұра болып қалып жатқан ауыз
әдебиетiнiң бай салаларының бірі мақал-мәтелдердің,
қанатты сөздердің ұлтымыз үшін алар орны ерекше.
Мақал-мәтел, қанатты сөздер – ата-бабадан
ұлағатты сөз, парасатты ой ретінде ұрпақ еншісіне
тиген мол қазына. «Олар ел-жұрт өмірінің айнасы,
табиғи шындықтың өзі» [2, 22]. Егер зерделеп
қарасақ, әрбір мақалдың
күнделікті өмірдің өзінен алынғандығына
айқын көз жеткіземіз. Және сол мақал-мәтел – дер
кезінде тура тауып, суырып салып айту сияқты дана
қазақтың ешбір ұлтта қайталанбас
қасиетінің негізінде өмірге келген құнды
дүние. Бұл жөнінде ауыз әдебиетінің шағын
жанры мақал-мәтелді алғаш зерттеушілердің бірі,
қазақтың жарық жұлдызы Ш.Уәлиханов былай
дейді: «Мақалдарда халық ойының ең түйінді,
ең қысқа, дәл тұжырымдалған мәуелі
жемісі жинақталады» [3, 45].
Көлемінің
ықшамдылығына қарамастан, күрделі, терең ойды
беретін мақал-мәтелдерді тіл білімінде, әдебиет
әлемінде зерттеу ерте кезден қолға алынды. Мысалы, мақал – мәтелдердің тілдік
табиғаты, олардың басқа тұрақты тіркестермен
ұқсастықтары немесе ерекшеліктері А.Байтұрсынов,
І.Кеңесбаев, Р.Сәрсенбаев, Б.Адамбаев, Ә.Қайдар,
С.Нұрышев, Ғ.Мұсабаев, М.Ғабдуллин,
Ғ.Тұрабаеваның еңбектерінде, салыстырмалы –
салғастырмалы тұрғыдан А.Нұрмаханов,
Э.Мұқышева, А.Дондаева, Д.Беғалықызының т.б.
жұмыстарында қарастырылған. Фольклорист зерттеуші
М.Әуезов те зерттеу еңбегінде халық ауыз
әдебиетінің 4 түрін: сыршылдық салт
өлеңдер, әңгімелі өлеңдер, айтыс-тақпақ
және ертегі, мақал-мәтел, жұмбақ деп бөліп
көрсетеді де, мақал-мәтелдерге қысқаша
тоқталады. Сондай-ақ мақалдарды, мәтелдерді жинастыра
отырып зерттеуде Ш.Уәлиханов, В. Радлов, А.В. Васильев, П.М.
Мелиоранский, Ә. Дибаев, Ө.Тұрманжанов, С. Аманжолов, Ә.Құрышжанұлы сынды ғалымдардың еңбегі зор.
Мәселен, көрнекті ғалым Ш.Уәлиханов
қазақтың үш жүздей мақал-мәтелін
жинастырған.
Ал Мәшһүр Жүсіп
Көпейұлының есімі қазақ халқының
мақал-мәтелдерін ұзақ жылдар бойы жинап, зерттеп,
зерделеген ғұлама ғалым ретінде ерекше аталуы тиіс.
Ғалымның ерекшелігі, өзі жинаған
мақал-мәтелдерді тақырып бойынша топтастырған.
Қазақтың «Шығасы шықпай, кіресі кірмейді»,
«Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Ер туған
жеріне, ит тойған жеріне» сынды кейбір мақалдарының
шығу төркінін анықтап, соларға қатысты деректер
жинаған. Алдағы жұмысымызда ғалымның
жинастырған мақал-мәтелдерін негізге алып отырамыз.
Жалпы,
мақал-мәтелдерді, қанатты сөздерді өте ертеден,
Орхон-Енесей жазба ескерткіштерінен, орта ғасырдағы
М.Қашқаридің «Түркі сөздерінің жинағынан»,
Ж.Баласағұн, С.Сарайи, А.Йүгінекидің зерттеу
еңбектерінен кездестіруге болады. Осы сынды келесі дәуір
толқындары Майқы би, Бұқар, Шалкиіз, Абай,
Шәкәрім сөздерінің барлығы дерлігі тек ізгі қасиеттерді уағыздайтын ғибрат, өсиет сөздер. Сол
сияқты Қадыр Мырза Әлі, Әзілхан
Нұршайықовтың қанатты сөздері басылым беттерінде
жариялануда.
Қазақ
мақалдары мен мәтелдерінің тақырыптары әр алуан:
туған жер, ел-отан, еңбек, денсаулық, өнер, төрт
түлік мал, егіншілік, денсаулық, өнер, егіншілік кәсібі,
ынтымақ, достық, ерлік, батырлық, жақсы адам мен жаман
адам т.б. Біздің зерттеу жұмысымызда адамның
мінез-құлқына байланысты, жақсы мен жаман
қасиетіне қатысты мақал-мәтелдер, қанатты
сөздер қарастырылады. Білетініміздей, қоршаған ортадағы
барлық заттар мен құбылыстар «жаман», «жақсы» принципі
бойынша бағаланады. Сол сияқты адам
мінезінің де жақсы және жаман жақтары болады. Кесте
түрінде келтірсек:

сабырлылық асығыстық
![]()
кішіпейілділік тәкаппарлық



![]()

![]()
![]()
![]()
![]()
Жақсы мінез
адалдық
жаман мінез арамдық
жомарттық сараңдық
білімділік,
ақылдылық надандық
еңбекқорлық жалқаулық
Қазақ
халқы үшін сабырлылық сары алтынмен пара-пар келетін
ұғым. Сабырлылық дегеніміз – адамның төзімді,
ұстамды болу қасиеті. Белгілі бір мақсатқа жету жолында
адал, сабырмен еңбек етсе, сабырлы адам көздеген жетістікке,
тілеген тілегінің, мүдде, міндетінің биік шыңына
шығады. «Сабыр түбі – сары алтын», «Асыққан қалар
ұятқа» [5,58] мақалдары мен Жүсіп
Баласағұнның «Асығыс түбі – өкініш» [4,104],
Йүгінекидің «Жақсылықтан үміт етсең – сабыр
ет» деген қанатты сөздері [4,106] осы ойды үстемелей түседі.
Адамның
жақсы/жаман қасиеті іс-әрекетімен өлшенеді. Адам
адамнан білімі, жақсы мінезі, яғни бойындағы жақсы
қасиеттері арқылы ғана ерекшелене алады. Сол
қасиеттерге кішіпейілділік, адалдық жатады. Бұл жайлы
қазақ мақалдары «Кішіпейілділік – кісінің көркі»
[5, 172] десе, Йүгінеки «Кішіпейілдің абыройы асады,
Тәкаппардың құты қашады» [4, 27],
Құтып «Адалдық – ерлік нышаны» [4, 96] дейді.
Баласағұнидың «Тәкаппарлық хақ жолынан
тайдырар» [4, 28] деген қанатты сөзі адамның абыройына,
беделіне нұқсан келетін жаман қасиеттердің бірі
тәкаппарлықты бейнелейді.
Адамның
қоғамдағы рөлін анықтайтын ақылдылық,
ақылсыздық, надандық қасиеттеріне қазақ
мақалдарынан, қанатты сөздерінен көп мысалдар келтіруге
болады. «Ақылды адам батпан-ақ, ақылсыз адам
сасқалақ» [5, 59] немесе «Ақылсыз бас аяққа тыным
бермейді» мақалдары мен Баласағұнидың «Ақылсыз
адам – мәуесіз ағаш секілді» [4, 137] және Сарайидің
«Ақылды адам өмір сүру үшін ішіп-жейді,
ақымақ адам күнде ішіп-жеу үшін өмір
сүреді» [4,133],
Рәшид-әд-диннің «Надандық» дегеніміз –
тозақ, одан шығар жол жоқ» [4, 146], Йүгінекидің
«Білімді білімсіздің мыңын жеңер» [4, 150] деген
қанатты сөздерінің үндестігін байқауға
болады.
Қазақ
қонақжай, жомарт халық болғандықтан,
сараңдықты еш ұнатпайды. Баласағұн
«Сараңдық – емі жоқ ауру» [4,
23] дейді. Керісінше, «Жомарт болу дегеніміз –
өзгеге жақсылық сыйлау» [7, 147], жамандыққа
жақсылықпен жауап қайтару. «Жақсылыққа –
жақсылық әр кісінің ісі, жамандыққа –
жақсылық ер кісінің ісі» [8, 274] деген мақалда
қазақ жомарттық нағыз ер, нағыз нар кісінің
ісі екенін көрсетсе, Йүгінеки «Ең жақсы әдет –
жомарттық» [4, 21] деп саралайды.
Адамды
тәрбиелейтін мектептердің бірі еңбек болып табылады.
Ата-бабамыз «Жалқаулық аздырады, еңбек оздырады» деп
адамзатты еңбекқорлыққа тәрбиелеп, жалқаулықтан
бойын аулақ ұстауға шақырған. «Еріншекке есік те
асу көрінер, жалқауға бұлт та жүк көрінер»
[4, 30] деген Махмуд Қашқари сөзі де жалқаулық,
еріншектікті ұсқынсыз жағынан суреттейді.
Қорытындылай
келе, қазақ мақал-мәтелдері, әр
ғұламаның айтқан қанатты сөздері –
көп сөзді шұбыртпай, тоқсан ауыз сөздің
тобықтай түйінін шығарған, қысқаша
ғана айтылған сөздің мәйегі. «Мақалдар
кейде өлең сияқты ұйқастық тізбекпен
айтылып, өте терең салмақты ырғақпен қара
сөз арқылы адамның өз ойын жеткізеді. Ал кейде шешендік
өнердің бір саласы сияқты терең мағынада
тақпақтап айтылады. Сондықтан да бізге мақалдың
сөйлемдері екі бөлімнен тұратын сияқты болады:
біріншісінде әуелі ой айтылады, одан соң өте
қысқа ғана қорытынды келеді» [6, 27].
Адамның
жақсы мінезіне қатысты келтірілген мақалдардағы
жомарттық, батылдық, шыншылдық, ізеттілік, кішіпейілділік,
әділдік, сабырлылық, еңбекқорлық сияқты
асыл қасиеттердің барлығы адамгершілік категорияларына
жатады. Осы адамгершілік қаруымен қаруланған адам –
«жақсы адам», Абай тілімен айтсақ, «толық адам». Қай елдiң
мақал-мәтелдерiн алмасақ та, барлығының ең
басты ерекшелiгi тәрбиелiк маңыздылығы екенін
байқаймыз. Қазақ халқында «Адамды екі нәрсе
қартайтпайды: бірі – жақсы мінез, екіншісі – жақсы сөз»
деген сөз бар. Жақсы мінез қалыптасу үшін жақсы
сөздер көп айтылуы тиіс, яғни мақал-мәтел,
қанатты сөздердің адам болып қалыптасуға
тигізетін әсері зор.
Пайдаланған
әдебиеттер:
1. Көпеев М.Ж. Екі томдық, 2-том. – Алматы: Ғылым,
1992. – 224б.
2. Құрышжанұлы Ә. Ескі түркі жазба
ескерткіштері. – Алматы: Қайнар, 2001. – 472 б.
3. Қанафияұлы Н. Шоқан – әдебиетші, публицист:
зерттеу. – Алматы: Қазақстан, 1998. – 184 б.
4. Сөз атасы: Мақал мәтелдер мен қанатты
сөздер/5-17 ғасырлардағы жазба ескерткіштердің
материалдары бойынша құраст. жинақ/ Түсініктерін
жазған Ә.Құрышжанов. – Алматы: Жазушы, 1987. –208б.
5. Тұрманжанов Ө. Қазақ мақал-мәтелдері. –
Алматы: Ана тілі, 1993. – 176 б.
6. Әбжанов Т.Ы., Сағатова Ә.С., Рақымжанов Б.Қ.,
Мұқыш Қ.С. Қазақ рухының философиясы:
Оқу құралы. І кітап. – Қарағанды: ҚарМУ
баспасы, 2003. – 240 б.
7. Шакузадаұлы Н, Ерғалиева Ж. Әдептілік
қағидалары. – Алматы: Өнер, 2000. – 320 б.
8. Қазақтың мақал-мәтелдері/Құраст.
Тұрманжанов Ө., Ахметбекұлы К. – Алматы: Раритет, 2004. – 440
б.