БЕЙВЕРБАЛДЫ  КАРЫМ-КАТЫНАСТЫН  ҰЛТТЫҚ СИПАТЫ

Ахметова Ж., Макеева Ж.

Ғылыми жетекші: проф.Мажитаева Ш.М.

 

Тілсіз қарым қатынасқа деген қызығушылық ежелгі дәуірден бастау алған. Ұлы грек философы Платон дене қимылдарын қолдануды жоғары бағалаған. Атақты шешен Цицерон басқа шешендерге: «Барлық жан қимылы ишаралармен үстемеленуі тиіс», - деп кеңес береді [1].

Тілсіз қарым-қатынасты зерттейтін сала – паралингвистика (гр. «para» - жанында, қасында деген мағынаны білдіреді). Яғни ол хабарланатын ойдың, пікірдің вербалды (сөзбен білдіру) тәсілдерімен қоса, сөйлеу үстінде қолданылатын вербалды емес (тілсіз) амалдармен берілуін және сөйлеу кезінде қолданылатын вербалды емес, тәсілдердің жиынтығын зерттейді. Бұл терминді алғаш ұсынған американ ғалымы А.Хилл болса, жаңа ғылым саласының зерттеу аясын белгілеген зерттеуші Дж.Трейгер [2].

Паралингвистка сөйленіс кезіндегі, оның ішінде ауызша қатынас кезінде қатарласа жүретін дыбыстық кодтармен шұғылданады. Бұл дыбыстық кодтар – информацияның белгілі бір мән-мағынамен баюын, бағалауыштық және мағыналық түрлі реңктердің болуын, сонымен бірге олардың тілдік қатынас кезінде өмір сүруін қамтамасыз ететін мағыналық, дыбыстық кодтар [3].

Сөйлеу кезінде паралингвистикалық тәсілдер үш түрлі қызмет атқаруы мүмкін: қосымша ақпарат береді, айтылмаған сөз орнына қолданылады, сөзбен бірге, аралас қолданылады.

Қандайда бір ақпараттарды арнайы белгілер жүйесі арқылы бере аламыз. Коммуникативтік процесте қолданылатын бірнеше белгілер жүйесі бар, соған сәйкес қылып қарым-қатынас үдерісінің топтастырылуын жасауға болады. Егер коммуникацияны бөліп қарастырсақ, олардың белгілік жүйелердің әртүрлісін колдануына байланысты вербалды және вербалды емес деп бөлуге болады.

Соның ішінде Бейвербалды  қарым-қатынас – бұл сөздер мен басқа да тілдік бірліктерге сүйенбейтін ым-ишара тілі. Адамды оның вербалды емес сигналдар жүйесі: ым-ишара, жесттер, позалар, сөйлеу, жазу ерекшеліктерін бақылау, талдау және зерттеу. Осы сигналдарды оның мінезімен байланыстыру. Адамдар арасындағы контакт тіл мен сөйлеу арқылы жүзеге асады. Сөйлеу коммуникациясының негізгі тәсілі болып табылады. Ол адам санасын белгілік жүйелер арқылы обьективтеу ретінде қарастырылуы мүмкін.

Австралиялық ғалым А.Пиздың пікірінше, адамдар арасындағы қарым-қатынастың 7% вербалды (сөздер, сөйлемдер); 33% вокалды (интонация, дауыс ырғағы, дауыс немесе дыбыс әуезділігі, екпіні мен қарқыны, т.б.) және 55% бейвербалды элементтер арқылы жүзеге асатыны көрінеді [4]. Көптеген ұлттар мен халықтардың тіліндегі бейвербалды элементтер жүйелі әрі кешенді түрде зерттелген. Қазақ тіл білімінде М.Мұқанов, С.Татубаев, А.Сейсенова, Қ.Қажығалиевалар ым және ишараттарды әр түрлі қырынан фрагментарлы түрде зерттеген.  Бейвербалды амалдардың негізгі типтері: кинесика, просодика, такесика, проксемика. Қазақ халқының тұрмыс-салтында да осы аталған бейвербалды амалдардың барлық түрі орын алған.

Кинесика – адамдардың эмоциялық рефлекстерін бейнелейтін дене мүшелерінің қимыл-әрекеті. Кинесикаға қимыл, ым-ишара, қозғалыс, кейіп, жүріс-тұрыс жатады.

А) Жүріс-тұрыс. Бұл адамның қозғалыс стилі. Жүріс-тұрысқа қадамның ырғағы, ритмі, қозғалыс барысындағы дене амплитудасы жатады. Жүріс арқылы адамның көңіл-күйін, мінезін, жас ерекшелігін білуге болады. Мәселен: 1) Оң қолын төсіне (кеудесіне) қою – үлкенді сыйлаудың, құрметтеудің және сәлемдесудің белгісі; 2) Қол жаю – құран оқып болған кезде жасайтын ишарат немесе керісінше, қолды теріс жаю - қарғыс айту, қазақ халқының салт-дәстүрі бойынша теріс бата беру; 3) Екі бүйірін таяну – салт бойынша қазақ әйелдері баласы (ұлы, қызы) я болмаса ері қайтыс болғанда осылайша жоқтайды. «Бүйіріңді таянба» деген тиым қазақ халқында осыдан қалыптасқан; 4) Иілу – сәлем беру.

Б) Дене қалпы. Адамның денесі 1000 түрлі қалып-күйде қозғалуы мүмкін. Дене қалпын бейвербалды амалдардың бір түрі ретінде психолог А.Шефлен көрсеткен болатын. Мәселен 1) Қос қолды кеудеге қою – сәлемдесу; 2) Желке қасу – қолдан келер қайрат, амалы жоқ жігерсіздікті, әрекетсіздікті  танытады; 3) Желкеге қолын қою – айыпталу, тұтқын болудың айғағы; 4) Басын төмен салу – ұялу, қымсыну, қысылу.

В) Қимыл-әрекет. Қимыл-әрекет тілі – қарым-катынасқа түсудің ең көне түрі. Әр дәуірде әр халык түсінісу үшін белгілі бір арнайы амал-әрекеттер жиынтығын қолданған. Қимыл-әрекеттің саны ең негізгі мәселелердің бірі. Бұл этностық, ұлттық болмысқа байланысты болады. Мәселен, 1) жағын таяну – торығу, қамығу, мұңаю белгісі. «Жағыңды таянба» деген тиым қазақ халқында осыдан қалыптасқан; 2) Басын изеу – келісу, мақұлдау.

Г) Мимика. Түрлі сезімдерді білдіретін бет бұлшықеттерінің қозғалысы. Бет-әлпет мимикасы негізгі алты түрлі эмоцияны білдіреді: ашу, қуаныш, қайғы, қорқыныш, таң қалу, жиіркену. Мәселен, 1) қасын керу – таңданысты білдіру; 2) Мұрнын тыржиту – мазақ қылу, жаратпау; 3) Қабағын шыту – біреуге күш көрсету, ренжу, қатты ашулану, көңілі толмау.

Ғ) Визуалды контакт – қарым-қатынастың негізгі элементі. Трансмиссорға карап тұру тек қызығушылыктың белгісі емес, сонымен қатар рецепиентке акпаратқа назар аударуға көмектеседі. Мәселен, 1) Көзін қадау (оқты көзін қадау)- жиіркенуді, жек көруді аңғарту; 2) Көзімен адырая (бажырая) қарау – шектен шыққан ашуды білдіру; 3) Ала көзімен қарау – көңілі толмау, жек көру; 4) Көзін төңкере қарау – сұхбаттасына қылымсу, еркелеу; 5) Көзін қысу – ниеттестікті білдіру;

 Просодикаға тембр, дыбыс ырғағы, тон сияқты амалдарды жатқызамыз. Коммуниканттардың дауыс екпінін, тонын, жиілігін, ырғағын байқау олардың ойы мен сезімдерінен хабардар болу үшін маңызды. Мәселен, 1) Ішін тарту – мәз-мейрам болып қатты куану немесе таңырқау, таңдану, шошыну; 2) Таңдайын қағы – біреудің ісін жақтыртпау, кінәлау.

Такесика – коммуниканттардың арасындағы қарым-қатынас кезіндегі дене мүшелерінің түйісуін қарастырады. Оған қол беріп амандасу, арқа қағу, сүю сияқты амалдар жатады. Мәселен, 1) Құшақтасу – біреумен кездесуге қатты қуану, сүйіспеншілік белгісі. Салттық ишарат бойынша, жақыны, туысы қайтыс болған адамды жұбату, көңіл айту мақсатымен жасалады; 2) Арқасынан қағу – мақұлдау, қоштасу немесе еркелету; 3) Төс қағыстыру – амандасу; 4) Бетінен сүю – еркелету, жақсы көруді білдіру. 5) Бауырына басу (алу) – амандасудың белгісі немесе жақсы көру, еркелету.

Проксемика – адамдардың коммуникация процесіндегі ара қашықтықты (дистанция) және коммуникацияға түсушілердің бір-біріне қатысты кеңістіктегі бағдарын (ориентация) қарастырады. Мәселен, 1) Бұрыла қарау – қасындағы адамның сөзін тыңдауға, әңгімелесуге дайын, пейілді екендігін білдіру; 2) Шалқайып отыру – бәрінің айтылып болғанын, әңгіменің таусылғанын білдіру.

Қорыта келсек, тілсіз қарым-қатынас – кинесикалық, просодикалық, такесикалық, проксемикалық бейвербалды амал-тәсілдер арқылы іс жүзіне асатын қарым-қатынас түрі.  Жоғарыда келтірілген мысалдардан қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы арқылы халық мінез-құлқын жақсы білетін тәжірибелі адамдар әр адамның жүріс-тұрысынан, іс-әрекетінен, қас-қабағынан оның көңіл-күйін айтпай-ақ сезіп-біліп отыратындығын байқаймыз.

Қазақ халқының тұрмысында біте қайнасып кеткен сан алуан бейвербалды амалдар ұлтымыздың салт-сана, тәлім-тәрбие, әдеп, үлгі-өнеге, тағылым және таным саласындағы ғасырлар бойы жинақталған, дәстүрге еніп, қалыптасқан бай қазыналарының бір тармағы.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.     Момынова Б., Бейсембаева С. Қазақ тіліндегі ым мен ишараттың қазақша-орысша түсіндірме сөздігі. Алматы, 2003. 136 б.

2.     Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. Алматы, 2012. 388 б.

3.     Мағжан С. Қазақ тіліндегі бейвербалды элементтердің көпмағыналылығы //Канд.дисс.автореф.  Алматы, 2007.  24 б.

4.     Аллан Пиз. Язык телодвижений. Как читать мысли окружающих по их жестам, 2003.   М., 272 б.