А.Кайпбаева

А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ

Тіл және әдебиет теориясы кафедрасының доценті, ф.ғ.к.,

Үш тұғырлы тіл заман талабы

         «Қанша тіл білсең, сонша рет адамсың» дейтін нақыл сөз бар. Бұл сөзде шындық та бар, қайшылық та бар. Шындығы сол - екінші бір тілде сөйлеу жай ғана басқа тілді пайдалану ғана емес, басқа ұлттық мәдениет, басқа ұлттық психология аясына ену. Қайшылығы сол - әр адам тегі жағынан (бұл жерде биологиялық тек қана емес, рухани тектің де болатынын ескерте кету керек) бір ғана ұлттың өкілі болады. Асылы, бұл нақыл сөзге Абай тұрғысынан, яғни, «дағуасына кіру» деген тұрғыдан  келу керек. Қалай десек те, қостілділік, көптілділік жеке тұлғаның қабілет ерекшелігіне байланысты. Бірақ қазір дүниежүзілік қоғамдастық талап етіп отырған құбылыс болып отыр.

Кеңес дәуірінде бұл мәселені империялық идеология тұрғысынан шешуге тырысқаны байқалады. Адам туғанда  бабасынан жеткен мұрамен өмір сүреді. Оның орталық жүйке жүйесінде сөйлеуге қызмет ететін нейрондар бабасының жолымен қарекет етеді. Ағар арнасы, сан-мөлшері сияқты қасиеттері бабасындағыдай болады. Демек, оның шығар бастауы, тірегі текте жатады. Ендеше ол кедергісіз, табиғи жолмен дамуы үшін осы тірекке сүйену керек болады. Сонымен қатар жас баланың нейрондары аморфты да болып келеді. Сонысын пайдаланып оған сәби кезінен бөтен тілді таңамыз («Жас бала» басқа тілді жылдам үйреніп кетеді» деп жататынымыз осыған байланысты). Ал, шындығында, екінші тіл - жас бала психикасына артық жүк. Осыны байқаған болар, Алаш ғалымдары адамның мүшел жасқа дейін ана тілінде білім алу қажеттігін мақсат тұтқан
      Басқа тілді үйренудің залалды жағы туралы пікірлер де баршылық. Мәселен, эстон мәдениеттанушысы М.Хинт 1980 жылдардың соңында бала кезден екінші тілге үйрету «жартытілділікке» әкеп соқтыратынын дәлелдеді. «Жартытілділік» жағдайында екі тілді білетін бала шын мәнінде бір тілді де тиісінше білмейді, сәл күрделі мәністегі жайтты екі тілдің бірінде де тиісінше бейнелеп бере алмайды. Бұл қиындықты А.Байтұрсынұлы мұнан көп бұрын, 1914 жылы-ақ,  байқаған. Ғалым былай деп жазады: «Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады. Біздің жасында орысша, я ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды, я жазса да, қиындықпен жазады.» /1:142-б./. Бұл қағиданы тыңдасақ, кәнеки!?
Орыс психолингвисі Р.М.Фрумкина «көптілділік» терминінің шегі айқын емес екенін, оның үстіне қазіргі әлеуметтік проблемалар қосылғанда (ТМД-ның Ресейден басқа елдеріндегі орыстар проблемасы), бұл мәселе тіпті ширыға түсетінін айтады. Бұл қиындық жаңағы айтқан «жартытілділіктің» пайда болуымен қатысты. Ғалымның көрсетуінше, жартытілді адамдар ана тілін жақсы біледі, ал басқа тілді үйренуге ешқашан мән бермеген /2: 166-б./. Осы тұстан «жартыкеш мәдениет» проблемасы келіп шығады. Өйткені тіл өз мәдениетіне толықтай барабар қызмет жасайды. Ахмет Байтұрсынұлы сөзімен айтқанда, «Әр жұрттың түрінде ... қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады.»Орыстар ауылда, қалада «өмір сүреді», ал қазақтар «тұрады». «Тұру» сөзінің «стоять» екені белгілі. Орыс баласы түгілі, қазақ баласының өзі біздің көшпелі екенімізді ұмытып кетеді. Біз үшін өмір - көш. Ал көш тоқтаған жерде тұрамыз, мекендейміз. Айта берсе, мұндай мысалдар көп. Қалай десеңіз де, тілде жоқ нәрсе мәдениетте де жоқ. Демек, осы мәдениеттің арқауы әлде бір тұсынан сетінесе я үзілсе адам жартыкеш мәдениетті, жартытілді болып шыға келеді.

        Психолингвистер тіл стратегиясына айрықша мән береді. А.А.Залевская бұл стратегияларды үш типке бөледі /3: 324-б./: метакогнитивті (сөзді сақтау мен түсінуді саналы түрде бағалап отыруға сүйенеді); когнитивті ( оқу-білімдік материалдарды пайдалануға сүйенеді); әлеуметтік-аффектілік (мақсатқа жету үшін қатысымды пайдалану, өзімен- өзі санасып тілге қабілеті жөніндегі жағымсыз ойлардан арылуға сүйенеді).Осы соңғы стратегияны жүзеге асыру жолында басқа тілді үйренушінің игеру деңгейін білдіретін «аралық тіл» деген мәселе шығады. Қазір Қазақстанда қазақ тілін екінші тіл ретінде үйренуші қазақтардан осы аралық тілдің көрінісі байқалады. Аралық тілді өзге тілді үйренудің жолындағы психологиялық үдерістер ықпалының белгілері деп түсінуіміз керек. Мұны игерілмек тіл туралы жеке тұлғаның тұтастай түсінігінен туған жеке бір тілдік жүйе деп санайтындар да бар. Өйткені, бұл құбылыстың симплификация (қарабайырландыру), обегенрализация (үстем қорытынды), трансфер (тасымал), клише (дайын қалып) сияқты заңдылықтары бар. Үйренушіге әрбір кезеңде тіл осы сияқты ережелердің жиыны, үйренбек тілдің ережелері туралы өзінің түсініктерінің жиыныр етінде көрінеді.
Психолингвист В.П.Белянин бейімделудің алты кезеңін көрсетеді [1.142б]. Қазақстандықтардың осы кезеңдердің біразын бастан кешіп отырғаны айқын байқалады. 3-кезеңде адам өзін бөтенсіп жүрген мәдениетпен ымыраға келеді де бейімделе бастайды. 4-кезеңде адам өзін жайлы сезіне бастайды. Басқа тіл мен мәдениет жөнінде объективті пікір қалыптасады, кейбір мәселелерді шешуге болатынына көзі жетеді. Адам өзі үшін жаңа мәдениеттің талаптарының бәріне келіспеуі мүмкін, бірақ олармен санасып үйренеді, агрессивті көңіл күйі мен бөтен мәдениетті сынағыштықтан арыла бастайды. 5-кезеңде жеке тұлғаны бірдейлестіру (идентичность) проблемасымен байланысты стрестік симптомдар күшейеді. Өйткені, оның көңілі өзінің төл я алғашқы мәдениетінде, бірақ өгей мәдениеттің өкілі сезінетін сияқты.

Көптілділікте тиісті дәрежеде ескерілмей жүрген тағы бір мәселе - тілдік құзірет пен сөйлеу құзіреті (Бұл мәселе арнайы зерттеуді қажет етеді). Лексиканы, грамматиканы және фонетиканы білу тілдік құзіреттілікке жатады, ал өз ойын басқа тілде еркін жеткізе білу сөйлеу құзіреттілігіне жатады. Тіл - адамдардың сөздерін байыппен талдап, элементтерін бөлшектеп, тілтанушылардың ашқан объективті жүйесі. Ал сөйлеу - тілді күнделікті қарым-қатынаста жүйе ретінде қолдану.

       Біздің ана тілімізде сөйлеу қабілетіміз жақсы болғанмен, тілдік құзіретіміз әлдеқайда төмен болып жататын тұстар аз емес. Ана тіліміздің заңдылықтарын, мағыналық қырларын жете білу сирек кездеседі. Ал көптеген қазақтар орыс тілінің я басқа шетел тілінің грамматикалық және сөзжасамдық ережелерін жаман білмейді, бірақ ол тілде сөйлеу құзіреті соған сай болмайды, мәселен, оқыс жағдайда өз ойларын жеткізу қиындыққа түседі. Мұның да психолингвистикалық заңдылықтары бар. Басқа тілде сөйлеу үшін адам, алдымен, сөз саптау үдерісін қазақ тілінде өткеріп алады . Бұл айтуға ғана оңай, әйтпесе, бірнеше сатыдан тұратын айтарлықтай күрделі үдерістер.

Сонымен, біздің айтпағымыз көптілділік дегенде бастысы жеке тұлға  болу керек. Соған орай, бұл құбылысты мынадай деңгейлерге жіктеп қарастырған жөн: қабылдамалық, қайталамалық, өнімді деңгейлер.

      Қабылдамалық деңгейде адам басқа тілде айтылған сөзді тыңдап қабылдай алады, сол тілдің сөзі екенін, кейде айтылыстың жалпы сұлбасын болжалдап бағамдайды. Мұның дамыған кезеңі сол - коммуникант өзге тілде айтылған/жазылған хабардың жалпы мазмұнын түсінетін болады, бірақ мәтіндегі нақты ақпаратты тап басып көрсету қиындық келтіреді, егжей-тегжейлеп аудара алмайды (Мұны қазақтар «төбесінің жарығы бар» деп жатады.).

    Қайталамалық қостілділік деңгейінің ауқымы кең. Бұл - екінші тілде айтылған сөзді сол жерде қайталап беруден бастап, кейін жад арқылы жаңғырту, сол сияқты естігенін, оқығанын пайдаланып ой-пайымдарды өзгерте қайталауға шейінгі аралықты қамтиды. Бұл деңгейде тіл иесі екінші тілде жеткізілген хабарды сол ізбен сол тілде қайта жеткізе алады, бірақ өз тарапынан хабарды еркін де соны түрде жеткізу қабілеті шектеулі болады. Оған көбінесе үлгі ретінде түпнұсқа қажет. Екі тілде көптеген заңдылықтарды салғастыра да алады. Басқа тілде сөйлеу өз ана тіліне байлаулы болады. Бұл деңгей автоматтану нәтижесінде өнімді қостілділікке ұласып жатады.[4. 97.]

     Өнімді үштілікте екінші тілдің жүйесі санадан орын алады. Өз ана тілімен тез ықпалдаса алады. Тұтынуға дайын тұрады.  Осы себептен екі тілде де мазмұндас мәтін түзе береді. Ал «прагматикондық» қостілділік деген, біздіңше, осы деңгейдің кемел көрінісі. Алланың берген айрықша дарыны. Біздің қоғам прагматизмді қадір тұтып жатқанын білеміз. Прагматизмнің жеке тұлғаға тән әдебі жөніндегі саласы мелиоризм деп аталады. Ол адамдарды біртіндеп жақсарта беру дегенге саяды, әлсіз жақтары көп бағыт. Ал, шындығына келсек, прагматизм адамды «қандай да бір қарекет маған қандай пайда береді» деген санаға жетелейді. Мұның аяғы пендені меркантилизмге ұрындырады. Сондықтан көптілділікке тек прагматизм тұрғысынан қарамаған жөн. Көптілділікке үйретуде жеке тұлғаның психикасына, ниетіне әсер ету жағын қадағалаған жөн.

       Қорытындылай келе,бір халық пен екінші халықтың қарым – қатынас жасау әрекеті өз алдына, сол халықтың коммуникативтік тәртібін байқатады. Коммуникативтік тәртіп– топтастығы жиналған адамның қарым – қатынастағы салтының жиынтығы. Қазіргі кезде лингвистиканың, дәлірек айтсақ, мәдени аралық коммуникация төңірегінде зерттеу ісіндегі мамандардың міндеті – әр халықты мәдени тұрғыдан көріп, ғылыми көзқарастарын қалыптастыру болып отыр.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.БайтұрсыновА.- Тіл-құрал (қазақ тілінің сарфы). Бірінші жылдық.- Орынбор, 1914.// Байтұрсынов А. - Тіл тағылымы. - Алматы: Ана тілі, 1992.
2.Фрумкина Р.М.-Психолингвистика. - Москва: «Академия», 2003.
3.Б Койгелдиев С. Дело госязыка запуталось в "трех соснах" // Казахстанский юридический портал 2006 г. www.zakon.kz

4. Б.Хасанов. Ана тілі-ата мұра.Алматы:Ғыл,1998.250б