Құрама Штаттардың Кавказ
бен Орталық Азиядағы демократияның дамуы мен
нарықтық реформалардағы рөлі
1992 жылы қазанда АҚШ
конгресі қабылдаған «Еркіндікті қолдау жөніндегі
заң» Ресей мен өзге де бұрынғы кеңестік
республикаларға берілетін көмек саласындағы американдық
саясаттың негізгі бағыттары мен принциптерін анықтап берді.
Заңда Кеңес Одағы ыдырауы нәтижесінде пайда
болған жаңа тәуелсіз мемлекеттер жаңа саяси және
экномикалық құрылысқа өту алдындағы
«өтпелі кезеңде» тұр делінді [21, 415 б.]. Оған сәйкес Құрама Штаттардың
посткеңестік кеңістікте жүргізіліп жатқан және
алда жүргізілетін либералды-демократиялық реформаларға
қолдау көрсетуге барынша дайын екені айтылды.
«Еркіндікті қолдау
жөніндегі заң» бойынша жаңа тәуелсіз
мемлекеттердің заңды билік, жекелей бостандық және
еркін әрі әділетті сайлаулар арқылы анықталатын
өкілетті басқару принциптеріне негізделген «демократиялық
жүйеге» сонымен қатар нарықтық қағидаларға,
жеке меншікке және әлемдік экономикаға интеграциялану
принциптеріне негізделген «еркін экономикалық
құрылымға» ұмтылуы мен еліктеуі американдық
көмекті берудің маңызды өзегі ретінде танылды.
«Еркіндікті қолдау
жөніндегі заңға» сәйкес АҚШ әкімшілігі
тарапынан «Жаңа тәуелсіз мемлекеттерге арналған көмек
мен экономикалық ынтымақтастық стратегиясы» жасалынды. Еркін
нарықтық демократия қауымдыстығын кеңейтуге
бағытталған бұл құжат Клинтон
әкімшілігінің алғашқы кезеңінің
Орталық Азия аймағына қатысты басым бағыттардың
бірі болды. Құжатта «Өркендеу мен гүлдену
нарықтық экономика арқылы жүзеге асырылады.
Ұзақ мерзімдік тұрғысынан демократия мен нарық
табысты жұмыс істеу үшін қажетті
құндылықтар» делінді [22, 405 б.].
«Көмек және
экономикалық ынтымақтастық стратегиясы» жаңа
тәуелсіз мемлекеттердегі демократиялық және
нарықтық реформалардың нәтижелігін
бағалауға мүмкіндік беретін бірнеше критерилерді
анықтап берді. Жергілікті және ұлттық деңгейдегі
еркін әрі әділетті сайлаулар, ұлттық деңгейдегі
биліктің бөлінісі, цензурадан еркін бұқаралық
ақпарат құралдары, тәуелсіз сот жүйесі,
азаматтық құқықтар мен бостандықтарды
құқықтық немесе институционалды
қорғау жүйесі, шектеулі, бірақ мәнді реттеу
міндеттерін, қоғамдық тәртіп пен әлеуметтік
тұрақтылықты қамтамасыз ете алатын нәтижелі
мемлекеттік институттар «Демократиялық саяси процеске негізделген берік
басқару жүйесінің элементтері» ретінде танылды [23, 13 б.].
«Көмек және
экономикалық ынтымақтастық стратегиясына» сәйкес
«көмек реформалармен қатар беріледі» принципіне ерекше мән
берілді. Бұл құжатқа сәйкес жаңа
тәуелсіз мемлекеттердегі үкіметтің біреуі нарықтық
және демократиялық реформалардан бас тартқан сәтте
американдық көмек «көрсетілген елге және оның
халқына», сонымен қатар нақты адамдармен және
үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеуге бағытталуы тиіс
болды. Нарықтық және демократиялық реформаларды
жүргізуде Американ әкімшілігі Халықаралық Валюта
Қоры, Бүкіләлемдік банк секілді маңызды әрі
беделді халықаралық қаржы-институттарына айрықша
үміт артты.
1994 жылы шілдеде
АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті дайындаған «Орталық
Азияға арналған көмек және экономикалық
ынтымақтастық стратегиясында» Орталық Азия елдеріне
«азаматтарды экономикалық және үкіметтік мәселелерді
шешу процесіне тарту қабілетінің тарихи тұрғыдан
жеткіліксіздігі» және жергілікті халықта «нарық пен
демократияны басқаруға қабілет пен тәжірибенің
жоқтығы» тән делінді. Осыған қарамастан,
аймақ елдеріне арналған американдық көмек стратегиясы
мазмұны жағынан да, жүзеге асыру әдістері жағынан
да Ресей мен өзге де ТМД елерінде іске асырылып жатқан
бағдарламадан айырмашылығы болған жоқ [24, 46 б.].
Вашингтонның Орталық
Азия елдеріндегі нарықтық және демократиялық реформалар
посткеңестік кеңістіктегі өзге аймақтарға
қарағанда анағұрлым күрделі әрі жай жүреді
деп болжағанына қарамастан, реформалардың ортақ
бағытына қатысты күмән келтірген емес. Бастапқы кезде
Орталық Азия елдеріндегі реформалардың ауқымы мен
қарқыны 1997 жылы американдық көмекті
қысқартуға, ал 2000 жылға қарай оны тіпті
тоқтатуға жеткілікті болады деп жоспарланды.
Орталық Азия
республикаларының ішінен американдық көмекті негізінен
Қырғызстан мен Қазақстан алып отырды. 1992-2000 жылдар
аралығында американдық көмек беру бағдарламасының
аясында Орталық Азия мемлекеттеріне берілген жалпы көмектің
62 пайызы осы екі республиканың үлесіне тиді. Саяси және
экономикалық реформаларға қолдау көрсету бағдарламасы
негізінен осы екі мемлекетке бағытталды. АҚШ-тың
Халықаралық даму Агенттігі арқылы Орталық Азияға
бағытталған қаржының 85 пайызы Қазақстан
мен Қырғызстанға жұмсалды. Өз кезегінде
Халықаралық даму Агенттігіне жаңа тәуелсіз
мемлекеттердегі жүйелі және түбірлі өзгерістерге
қолдау көрсету міндеті жүктелген болатын [25, 100 б.].
1992-2000 жылдар аралығында
Вашингтон американдық көмек стратегиясы аясында Орталық Азия
аймағы елдеріне екі жақты негізде 1885.72 млн. доллар қаржы
бөлген. Оның 684.22 млн. доллары – Қазақстанға,
484.23 млн. – Қырғызстанға, 287.3 млн. –
Тәжікстанға, 218.32 млн. – Өзбекстанға және
181.65 млн. – Түркменстанға берілді [26].
Американдық
стратегияға сәйкес Қырғызстан «нарықтық
және демократиялық» реформалардың нәтижелігі мен жемістігін
көрсетудің аймақтық лабораториясы ретінде таңдап
алынды. 1990-шы жылдардың бірінші жартысында АҚШ-тың
Мемлекеттік департаменті тарапынан демократиялық стандарттаға сай
деп танылған президенттік және парламенттік сайлаулардың
өтуі, республикада бірнеше партияның шынайы жұмыс істеуі,
сонымен қатар Халықаралық Валюта Қорының
талаптарына толықтай сай келетін экономикалық саясаттың
жүргізілуі арқасында Вашингтонда президент Асқар Ақаев
«нағыз демократ» және «Орталық Азияның Джефферсоны»
ретінде танылды.
1993 жылы АҚШ
президентінің кеңесшісі Тэлбот Қырғызстанға
сапарында мемлекеттегі қайта құруларға позитивті
баға бере отырып, экс-президент Ақаевқа нарықтық
реформаларды қолдаушы, білімпаз тұлға ретінде имидж
қалыптасуына себебкер болды. Батыс Қырғызстанды демократиялық
қайта құрулар жөнінен үлгі ретінде
көрсетпек еді. Сол кезден бастап республиканы «демократия мен
тұрақтылық аралы» деп атай бастады. Демократия принциптері
мен құндылықтарын жоғары қойғандығы
жөнінде мемлекет Конституциясында көрсетілген. «Қырғызстан
Республикасы еркін, унитарлы, демократиялық,
құқықты, зайырлы негіздегі мемлекет болып табылады»
[27, 101 б.].
АҚШ вице-президенті Альберт
Гордың 1993 жылы Алматыға келуі тек Аамерикан-Қазақстан
қатынастырының ғана емес, сонымен бірге АҚШ пен Орталық
Азия елдерінің ынтымақтастығы дамуының маңызды
кезеңі болды. Келіссөздер барысында тараптар Демократиялық
серіктестік туралы Хартияны талқылады. Ал 1994 жылы ақпанда
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің
Вашингтонға екінші ресми сапары барысында АҚШ президенті Билл
Клинтонмен Демократиялық серіктестік Хартиясына қол қойды.
Құжатта Қазақстан Республикасы мен Америка
Құрама Штаттары «демократия, жеке меншік және еркін
нарық, заңның жоғарылығы мен адам
құқықтарын қорғау» принциптерін
басшылыққа алады делінді. Сонымен қатар онда
Құрама Штаттар Қазақстанның демократия мен
барлық азаматтардың құқықтарын
қорғауға негізделген қоғам құру әрекетін
аса ықыласпен қолдайды делінді [28, 19-20 бб.].
Қазақстанның
демократиялық құндылықтарға
жақындығына әсіресе, 1995 жылы Жоғарғы
Кеңестің таратылуынан кейін, сонымен бірге 2000 жылға дейін
президент өкілеттілігін ұзарту мәселесіне байланысты
референдум өткізілген соң Құрама Штаттар қатты
күмән келтірді. Дегенмен, Вашингтон республикада жүргізілген
ауқымды жекешелендіру науқаны мен ел басшылығының
республикада қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру
бағытындағы әрекеттерін жоғары бағалады.
1990-шы жылдардың ортасында
американдық ресми тұлғала Қазақстан мен
Қырғызстанды Ресей және Молдовамен бірге нарықтық
және демократиялық реформалардың «бірінші толқыны»
ретінде мойындаса, қоғам мен экономикада мемлекеттің
қатаң бақылауы сақталынған Өзбекстан мен
Түркменстан, азаматтық соғыс өртіне оранған
Тәжікстан реформалардың соңғы, «үшінші
толқыны» ретінде танылды.
Орталық Азия
мемлекеттеріндегі демократиялық және нарықтық
реформаларға бағытталған американдық көмек
негізгі төрт бағыт арасына үлестірілді [29, 45 б.]:
1) ұлттық
деңгейдегі реформаларға қолдау көрсету;
2) үкіметтік емес
ұйымдарға қолдау көрсету;
3) тәуелсіз
бұқаралық ақпарат құралдарының
дамуына көмек беру;
4) жергілікті
өзін-өзі басқару мекемелерінің дамуына қолдау
көрсету.
АҚШ-тың
Халықаралық даму Агенттігінің мәлімдеуінше
әсіресе бірінші бағыт бойынша жұмыстар нәтиже өте
қарапайым болды. Қырғызстаннан басқа
аймақтағы елдердің үкіметтерінің ешқайсысы
американдық тараппен шынайы ынтымақтасуға ниет танытпады.
Осындай жағдайда институционалдық реформалардың мүмкін
емес екенін мойындаған Халықаралық даму Агенттігінің
өкілдері оқыту мен техникалық көмек салаларына,
заң шығару және парламенттік процедураларды, соттар мен
сайлау комиссияларының қызметін жетілдіруге бағытталған
бағдарламаларға назарларын аударды.
Осы бағытта әсіресе
Халықаралық даму Агенттігінің өкілдері
Қырғызстанның парламент депуттарымен және судяларымен
белсенді жұмыс жүргізу арқасында қырғыз
парламенті – Жогарку Кенештің заң актілерін талқылау мен
қабылдау қабілеттінін артырды. Қазақстанда
Халықаралық даму Агенттігінің көмегімен парламент
депутаттығына кандидаттар арасында теледидар пікір-таластары
өткізілді, Тәжікстанда үкіметке халықаралық
стандарттарға жауап беретін сайлаушыларды тіркеу жүйесін
ұйымдастыруда көмек көрсетілді. Өзбекстанда сот этикасы
кодексі қабылданды [30, 21 б.].
Орталық Азия
мемлекеттерінде либералды-демократиялық және нарықтық
реформаларды жүргізу бағытында «реформаларды қолдауға
ниетті» үкіметтік шенеуніктерді Құрама Штаттарда
тәжірибе алмасудан өткізу мәселесіне айрықша мән
берілді. Сонымен қатар Орталық Азиядағы үкіметтік емес
ұйымдар желісінің дамуы мен кеңеюіне бөлінген
қаржының басым бөлігі жұмсалынды. Олар «реформаларды
жүргіуде лобби» рөлін атқаруға, азаматтардың
қоғамдық-саяси белсенділіктерін арттыруға, сонымен
бірге саяси режимдердің біртіндеп либералдануына қолдау
көрсетуге, көмектесуге міндетті болды.
Үкіметтік емес
ұйымдарға қолдау көрсету тамаша нәтижелер берді.
1990-шы жылдардың соңында Орталық Азия аймағында 3000
астам үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істеді. Оның 34
пайызы – Қырғыстанда, 24 пайызы – Қазақстанда, 20
пайызы – Тәжікстанда, 17 пайызы – Өзбекстанда, 5 пайызы –
Түркменстанда. Халықаралық даму Агенттігі үкіметтік
емес ұйымдардың қзметкерлерін оқыту бағдарламасын
жүзеге асырып, оларға гранттар үлестіріп, Қазақстанда,
Қырғызстан мен Өзбекстандағы заң шығару
процедурасының жетілуіне көмек көрсетті [31, 124 б.].
Өзбекстан,
Түркменстан мен Тәжікстанда үкіметтік емес ұйымдар
көбіне халықтың тұрмыстық деңгейі
төмен топтарды әлеуметтік қорғаумен және
қоршаған ортаны қорғау мәселесімен айналысты.
Тәуелсіз бұқаралық ақпарат
құралдарына қолдау көрсету негізінен оларға
қажетті құрал-жабдықтарды беру, БАҚ саласында
экономикалық пайдалқ жөніндегі оқу семинарларын
өткізу, ақпаратты тарату және билікпен арада
қайшылық туындаған сәтте заңдық көмек
көрсету формасы түрінде жүзеге асырылды [32, 35 б.].
Халықаралық даму
Агенттігінен грант алған американдық «Интерньюс» үкіметтік
емес ұйымы Қазақстан, Қырғызстан мен
Өзбекстанда Тәуелсіз телерадиоарналарының ассоциациялары
құрылды. Халықаралық зерттеулер мен алмасудың
американдық Кеңесі арқылы Қазақстан,
Қырғызстан мен Өзбекстанда интернетті қолданудың
жаңа пункттерін ашу бағдарламасы жүзеге асырылды.
Нәтижесінде Халықаралық даму Агенттігінің есебі бойынша
Орталық Азия аймағы елдерінде (Түркменстаннан басқа)
тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары
мен интернетке емін-еркін қол жеткізе алатын азаматтардың
үлес салмағы арта түсті.
1998 жылдан бастап
Халықаралық даму Агентті Қырғызстан мен
Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару
жүйесінің дамуына көмек бағдарламасын жүзеге
асыруға кірісіп кетті. Жергілікті деңгейдегі демократиялық
институттарды дамыту азаматтарды саяси процеске қатысуына ықпал
етеді, жергілікті бюджет қорларын пайдаланудың нәтижелігін
көтереді, муниципалитеттердің халыққа көрсететін
көмегін жетілдіреді, билікті орталықсыздандыру арқылы
ұлттық деңгейдегі авторитарлық тенденцияларды тежейді
деп жобаланды [33].
Бірқатар жекелей
жетістіктерге қарамастан 1990-шы жылдардың соңына қарай
Орталық Азия елдеріндегі демократиялық және
нарықтық реформаларды жүргізуге бағытталған
американдық көмек стратегиясы мен саясаты көптеген
сәтсіздіктермен соқтығысты. 1999-2000 жылдары Орталық
Азия елдерінің барлығында өткен (Түркменстаннан
басқа, 1999 жылы Сапармұрат Ниязов өмірлікке президент
өкілеттілігін алды) президенттік және парламенттік сайлаулар
АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті, Еуропадағы
Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы және
өзге де халықаралық құқық
қорғау ұйымдары тарапынан демократиялық
стандарттарға жауап бермейді деп танылды.
АҚШ-тың Мемлекеттік
департаментінің әлемде адам
құқықтарының сақталынуы жөнінде
жасайтын жыл сайынғы баяндамаларында тәжік, өзбек және
түркмен режимдері «авторитарлы» ретінде танылса,
Қазақстандағы билік «азаматтардың үкіметті
ауыстыру құқығын айтарлықтай тежеп отыр» деп
айтылды. Бүкіл аймақта адам құқықтарын
қорғау мен бұқаралық ақпарат
құралдарының еркіндігін қамтамасыз ету мәселесі
қанағаттанарлықсыз деңгейде және кері
тенденцияға ие деп танылды.
Орталық Азиядағы
демократия мен либерализмнің «ошағы» танылған
Қырғызстанның позициясы да айтарлықтай кеміді.
АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті 2000 жылы республикада өткен
парламенттік және президенттік сайлаулар барысына көңілі
толмай, қырғыз оппозициясының жетекшісі Феликс
Құловтың тұтқындалуын айыптады. Мемлекеттік
департаменттің 2000 жылы жасаған кезекті баяндамасында
Қырғызстандағы адам құқықтарын
қорғау мен демократия нашар жағдайда деп танылды.
Орталық Азия
аймағындағы демократиялық реформаларға қолдау
көрсетудің американдық саясатының өзіндік
қортыныдысы ретінде АҚШ конгресінің 2000 жылы 2
қарашада қабылдаған № 397 резолюциясын атап өтсек болады.
Құжатта американ басшылығы «Орталық Азия
елдерінің басым бөлігіндегі адам құқықтары
мен негізгі бостандықтардың бұзылуына»
алаңдаушылық білдіріп, аймақтағы елдердің еркін
сайлаулар мен адам құқықтарын қорғау
бойынша өздеріне алған міндеттерін бақылаудан алынған
маңызды фактілері көрсетілді. Резолюцияда көршілеріне
қарағанда жұмсақта болса да, Қырғызстан да
айыпталынды. Құжатты қабылдауда бастама
көтерушілердің бірі конгресмен Д. Берейтер «Көріп
отырғанымыздай Орталық Азия елдері авторитаризм жолымен жүріп
келеді, бірақ оған түрлі қарқынмен жүруде»
деп мәлімдеді [34, 114 б.].
Вашингтонның Орталық
Азия мемлекеттерімен қарым-қатынасында саяси қысым
көрсетудің маңызды екі тірегі бар: Біріншісі, адам
құқықтары мен бостандықтарын бұзды деп
айыптау, жергілікті режимдерді авторитарлық сипатта деп сынау т.с.с.,
Екіншіден, қаржы-экономикалық, әскери-техникалық,
гуманитарлық көмек көрсету немесе көмек көрсетуді
тоқтату.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Бжезинский Зб., Великая шахматная доска. Господство
Америки и его геостратегические императивы. — М., 1998.
2. Olcott M. United
States Policy toward Central Asia // Central Asia Monitor. — 1992.
3. Әлiпбаев А.Р. АҚШ-тың Орталық
Азиядағы геосаяси мүдделерiнiң кейбiр астарлары //
ҚазҰУ Хабаршысы. Халықаралық қатынастар
және халықаралық құқық сериясы. — 2005.
4. Медеубаева Ж. Орта Азия елдері ХХІ ғасыр
басындағы жаһандық халықаралық қатынастар
жүйесінде // Қоғам және Дәуір. — 2007.
5. Мырзабекова Р.С. Ресейдің Шығыстық
саясатындағы Орталық Азия: мәселенің тарихы мен
халықаралық астарлары (ХІХ-ХХІ ғасыр басы) //
Қоғам және дәуір. — 2010.
6.
Молладзе А. Безопасность Южного Кавказа и региональное содружество. — М., 2007.
7. Петров В. Американский план:
Большая Центральная Азия // http://www.analitika.org/article.php?story=20071215092623941