Саяси ғылымдарының
кандидаты Насимов М.Ө.,
философия магистрі Паридинова
Б.Ж.
«Болашақ» университеті,
Қызылорда, Қазақстан
Жаңа саяси бағыттар өркендеу мен
өрлеу кепілі ретінде
Қазақстан
Республикасының Президенті, Елбасы, Ұлт көшбасшысы
Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан
халқына Жолдауы еліміздің қоғамдық-саяси
өміріндегі маңызды тарихи оқиға. Тәуелсіз
Қазақстанның саяси тарихында «Қазақстан – 2030»
Стратегиясының ел дамуы мен жаңғыртудағы
маңыздылығы жоғары. Елбасы 1997 жылғы қазанда
«Барлық қазақстандықтардың
өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және
әл-ауқатының артуы» атты ел халқына Жолдауында
Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі даму
стратегиясын ұсынды. «Қазақстан – 2030» стратегиясы егеменді
республиканың экономикасы серпінді дамып келе жатқан әлемдегі
ең бір қауіпсіз, тұрақты, экологиялық
орнықты елге айналуына бағытталған ұзақ мерзімді
даму жолын белгілеп берді. Даму стратегиясы ұзақ мерзімді жеті
басымдықты іске асыруды қарастырып, аталмыш басымдықтар
елдің дамуының орта мерзімді және ұзақ мерзімді
кезеңге арналған даму жоспарын қалыптастыру үшін негіз
қалады. «Қазақстан – 2030» даму стратегиясын іске
асырудың алғашқы ұзақ мерзімді кезеңі
Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы
желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан
Республикасының 2010 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары
болды. «Қазақстан-2030» даму стратегиясының келесі
кезеңі – Қазақстан Республикасының 2050 жылға
дейінгі Стратегиялық даму жоспары болып табылады. Сондықтан
өркендеу мен өрлеу стратегиялары саналатын бұл
құжаттардың құндылығы тарихи сыннан
өтіп жатқандығы анық. Ал Елбасы сарабдал
саясатындағы тұрақтылық, бейбітшілік және келісім
Қазақстанның жаңа мүмкіндіктерінің кепілі
болып қала бермек.
Еліміздің әлеуметтік-саяси
өмірі мен жағдайын сипаттайтын әр Жолдаудың өзіндік
салмақты жүгі бар. «Қазақстан-2030. Барлық
қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі,
қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» Жолдауынан
бастау алған құжаттарда еліміздің стратегиялық
дамуындағы міндеттер көрсетіледі. Ал міндеттердің орындалуы
өз кезегінде Ұлт көшбасшысының жыл сайынғы
Жолдауларымен айқындалады. Бүгінде Елбасы Қазақстан
халқына 17 Жолдау арнаған екен.
«Қазақстан-2030»
Стратегиясына негізгі қорытындылар жасалған
«Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан
мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауда негізгі
міндеттердің орындалуы және қалғандарының
орындалу үстінде екендігі тұжырымдалды. 2050 жылға
қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың
және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі
қоғам құру басты мақсатын орындаудағы
жаңа саяси бағыттардың міндеттері айқындала
түсті. Қалыптасқан Қазақстанның
қуатты да табысты мемлекет құрудағы тарихи жолы,
демократияландыру мен ырықтандырудың орнықты процестері, түрлі
әлеуметтік, этностық және діни топтардың келісімі мен
татулығы, ұлттық экономикадағы ерекшеліктер мен
халықаралық еңбек бөлінісіндегі еліміздің
рөлі, қоғамдық тұрақтылық пен
келісімді қамтамасыз еткен күшті әлеуметтік саясат,
әлемдік қауымдастық таныған мемлекет және
ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілетудегі еліміздің
белсенді рөлі негізделді.
Елбасы тарихи уақыттың
жеделдеуі, жаһандық демографиялық теңгерімсіздік,
жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін
қатер, судың тым тапшылығы, жаһандық
энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың
сарқылуы, Үшінші индустриялық революция, үдей түскен
әлеуметтік тұрақсыздық, өркениет
құндылықтарының дағдарысы, жаңа
әлемдік қауіпсіздік секілді ХХІ ғасырдың
жаһандық он сын-қатеріне тоқталып қана
қоймай, халықаралық ахуал дамуының кез келген
көрінісіне жан-жақты дайын болуы үшін биліктің
барлық тармақтарының, мемлекет пен қоғамның
ойластырылған, келісілген және үйлестірілген бағытын
тұжырымдау қажеттілігіне баса назар аударды. Жаңа
сын-қатерлерді лайықты қабылдау үшін ел
тұрғындарының шешуге тиісті міндеттер парадигмасының
сапалық тұрғыдан өзгерісі баяндалды. Жоспарлау
көкжиегін кеңейтуі қажет қазақстандықтар
кезекті дүниетанымдық серпіліс жасау қажеттілігі
анықталып, Елбасы өз сөзін: «Біріншіден,
Қазақстан – қазіргі заманғы мемлекет. Біздің
мемлекетіміз кемелдікке жетті. Сондықтан да бүгінгі күн
тәртібі мемлекеттің қалыптасуы кезеңіндегіден
өзгеше. Дүниеде болып жатқан өзгерістердің сипаты
мен тереңдігі, жаһандық өзара іс-қимыл
ұзақ мерзімді дамуды талап етеді. Көптеген елдер
қазірдің өзінде 2030-2050 жылдардың арғы
жағына көз жіберуге тырысады. «Басқарылатын болжамдау»
қазіргі тұрақсыз кезде мемлекеттер дамуының
маңызды тетігіне айналуда. Екіншіден, «Қазақстан-2030»
Стратегиясы біздің мемлекеттілігіміздің қалыптасу
кезеңі үшін жасалған болатын. Өзінің
базалық өлшемі бойынша ол орындалды. Үшіншіден, біз
жаңа шындық тудырған сынақтар мен қауіп-қатерлерге
кезігіп отырмыз. Олар жалпылық сипат алып, барлық елдер мен
өңірлерге әсерін тигізуде», – деп түйіндеді.
Қоғамдағы
тұрақтылықтың ең жақсы кепілі
әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтардың
бақуаттығын анықтайтын әлеуметтік саясаттың
жаңа принциптері әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілікті
қажет етеді. Сол себепті Елбасы әлеуметтік саясаттың
жаңа қағидаларын ұсынды: кедейшіліктің
өсуіне жол бермеудің тежегіші ретінде қалыптасуына
мүмкіндік беретін мемлекеттің жаһандық дағдарыс
жағдайында азаматтарға ең төменгі әлеуметтік
стандарт кепілдігін беруі; мемлекеттің әлеуметтік
қолдауға мұқтаж топтарға ғана көмек
көрсетуі; өңірлерді дамытуда әлеуметтік
теңгерімсіздік мәселелерін шешуге назар аудару. Осы себептерге
байланысты Ұлт көшбасшысы Үкіметке төмендегідей
тапсырмалар жүктеді: ана мен баланы қорғау, отбасы және
неке саласында заңнаманы түбегейлі қайта қарау; ана мен
балаға қарсы бағытталған қылмыс үшін, осы
саладағы ең ұсақ деген
заңбұзушылықтар үшін жазаны күшейту; туу мен
көпбалалы болуды ынталандыру жүйесін реформалау,
жеңілдетілген салық, медициналық және әлеуметтік
қызмет, еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктер беру,
материалдық және материалдық емес ынталандыруларды
қамтитын шаралар кешенін әзірлеу; елде жыныстық ерекшелігі
бойынша кемсітушілікке жол бермеу және іс жүзінде гендерлік
теңдік пен әйелдерге ерлермен тең мүмкіндіктерді
қамтамасыз ету. «Бар жақсылық балаларға» ұраны
барлық ата-ана үшін қағидаға айналуы
қажеттілігі негізделе түсіп, ұлт денсаулығы табысты
болашақтың негізі екендігі айқындалды.
Стратегиялық Жолдауда
көпұлтты және көпконфессиялы қоғам
табысының негізі саналатын жаңа қазақстандық
патриотизм бағытындағы басты мақсаттарымыз –
қоғамдық келісімді сақтау және нығайту
қоғам, ұлт ретінде өмір сүрудің айнымас
шартты басымдықтары сөз болды. Жаңа
қазақстандық патриотизм бағыты бойынша мемлекет
әр азаматтың өмір сапасына, қауіпсіздігіне, тең
мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік беру тәсілі арқылы
патриотизмді және оны тәрбиелеу мәселесіне
прагматикалық және шынайы көзқарасты оятады.
Барлық этностар азаматтары құқықтарының
теңдігі барлық қоғамды біріктіретіндігі анық.
Қазақ тілі және тілдердің
үштұғырлылығы жауапкершілікті тіл саясатының
қазақ ұлтын біріктіруші басты факторлардың бірі
екендігі айтылды. Жаңа патриотизмді қалыптастырудағы
мәдениет пен дәстүрлер іргетасын бекіту
заңдылықтары, ұлттық интеллигенцияның
қоғамдағы рөлі, ХХІ ғасырдағы
Қазақстандағы дін төңірегіндегі тұжырымдары
айқындалды. Жолдау аясында Мемлекет басшысы болашақтың
Қазақстаны төмендегідей болатынына сенімді: «Мен 2050
жылғы қазақстандықтар – үш тілде сөйлейтін
білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық
сенімдімін. Олар – әлемнің азаматтары. Олар саяхаттап жүреді.
Олар жаңа білім меңгеруге құштар. Олар
еңбексүйгіш. Олар – өз елінің патриоттары».
Мемлекет басшысының Жолдауда
ұсынылған тапсырмаларын жүйелі және өз мерзімінде
орындау Қазақстандағы жаңа саяси
бағыттардың іргетасы саналады. Сондықтан
«Қазақстан-2050» Стратегиясы Отанымыздың жаңа ұлы
жетістіктері мен табыстарын жалғастырудағы тиімді
өркендеудің тура әрі берік бағыттаушысы болмақ.