PhD (филология ғылымдары бойынша) Досманбетова З.Р.,
философия магистрі Паридинова
Б.Ж.
«Болашақ» университеті,
Қызылорда, Қазақстан
Қазақстандағы бейбітшілік пен
тұрақтылық негіздері
Әлеуметтік-құқықтық
мемлекет тұжырымдамасының қалыптасуы әлемдік
мәдениет өрлеуінің жетістігіне байланысты екендігінде дау
жоқ. Жалпы азаматтық қоғам
идеясын әлемдегі жаңа саяси ұстанымдардың тарихи
сұраныстарына берілген жауап ретінде қарастырамыз. Аталмыш
түсінік индустриалды қоғамның даму заңдылығы
саналады. Бұл өз кезегінде қоғамдағы келісім
идеологиясы ұғымын қарастырудың негізін қалайды.
Демократиялық және егемен
елді сақтаудың кепілі ретінде саналатын келісім идеологиясы
мәселелерін ғылыми тұрғыдан сараптау қазіргі
заманғы әлемдік саясат үдерістерінде өзектілігі
жоғары. Бүгінде әлемдік қауымдастыққа
еліміздің этнодемографиялық құрамы мен түрлі
конфессиялардың өмір сүретіні, 140-тан астам ұлт
тұратын полиэтникалық мемлекет екендігі белгілі. Бұл
шарттарда толеранттылықты қалыптастыру жиырма жылдық тарихы
бар Қазақстан Республикасындағы этникалық, рухани-діни,
азаматтық және қоғамдық келісімді
сақтауға ықпал жасайды.
Жалпы толеранттылық
өзгенің өмір-салтына, мінез-құлқына,
салт-дәстүріне, сана-сезіміне, пікіріне, идеяларына, нанымына
төзімділік ретінде саналады. Толеранттылықты қалыптастыру
демократиялық қауымдастық үшін маңызды
мақсаттардың бірі. Қазақстан Республикасындағы
ұлттар бірлігінің символы саналатын Тұңғыш Президент
Н.Ә. Назарбаев демократияны бекіту процесінде толеранттылық
саясатын тиімді қалыптасуындағы жемісті еңбектерін
әлемдік қауымдастық толықтай мойындады.
Елбасы, Ұлт көшбасшысы
саяси бағытты жүргізуде ұлтаралық келісім, бейбітшілік
пен тұрақтылықты сақтауға ерекше мән
береді. Аталған түсініктер Қазақстан Республикасы
Президенті Н.Ә. Назарбаевтың негізгі саяси ұстанымы екендігін
бүкіл әлем біледі.
Ұлтаралық
тұрақтылық пен конфессияаралық келісімді сақтау
егемен Қазақстан мемлекеттік саясатының негізгі және
дамуына қажетті басымдықтары мол шарты бола білді деп білеміз. Демек,
Қазақстандағы азаматтық және қоғамдық
келісім түрлі этностардың құқықтарын
сақтаумен тығыз байланысты. Бұл процесте ерекше рөлге
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен негізі қаланған
Қазақстан халқы Ассамблеясы ие.
Қазақстан халқы
Ассамблеясы ел азаматтарының ұлттық және
конфессиялық мүдделерін сақтаудың бірегей әрі
ерекше құралы саналады. Мемлекет басшысының кеңесші
органы саналатын ұйым 1995 жылдың наурызында құрылды.
Бүгінде әлемде теңдесі жоқ аталмыш институт ел
аумағындағы ұлттық-мәдени орталықтар мен
бірлестіктердің құрылуына ықпал жасайды. Ұлт
көшбасшысы аталған ұйымның еліміздегі
қоғамдық келісім мен көпұлтты
халықтың консалидациясын қамтамасыз етудегі жағымды
рөлін бірнеше рет айтқан да болатын. Өзінің 17
жылдық тарихында Ассамблея ұлтаралық
қатынастардың беделді қоғамдық институтына
айналды. Елімізде 100-ден аса ұлттық мектеп, 23 тіл
оқытылатын 170 жексенбілік мектеп қызмет атқарады.
Қазақстанда 4 республикалық және 15
аймақтық ұлттық газет, 6 ұлттық театр
(қазақ, орыс, неміс, ұйғыр, кәріс, өзбек)
бар. Сондықтан еліміздегі келісім мен
тұрақтылықтың негізі бола білген Ассамблея
қызметінің бағасы өте жоғары.
Қазақстан Республикасы саяси тарихында Ассамблеяның 1995
жылдың 25 наурызында еліміздегі қоғамдық бірлікті
сақтау және саяси, әлеуметтік жағдайлардың
басқа ағымдағы терең өзгерістерін болдырмау
мақсатында ҚР Президентінің өкілеттілігін 2000
жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі
республикалық референдумның қажеттілігі жөніндегі
резолюцияны қабылдағандығы белгілі.
Қоғамдық келісім мен
толеранттылықтың қазақстандық моделінің
жүзеге асырылуының маңызды нәтижесінің
көрсеткіші ретінде Қазақстан Республикасының 2010 жылы
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық
ұйымына, 2011 жылы Ислам ынтымақтастық ұйымына
төрағалығын сәтті атқарғанын айтуға
болады. Мемлекет басшысының қоғамда діннің өсіп
отырған рөлін толық шамада сезінген саясаткер ретінде барша
дін лидерлерін елордамыз Астанада әлемдік және дәстүрлі
діндердің Құрылтайына 2003, 2006 және 2009 жылдары жинады.
Бірінші, екінші және үшінші съездер тұжырымдық ой
және қақтығыстарды шешу құралы ретінде
дінаралық және ұлтаралық қатынастардағы
зорлық пен терроризм әдістеріне қарсы қойылды. Бірінші
Құрылтай аяқталған соң шетелдік журналистерге
сұхбат берген Елбасы Н.Ә. Назарбаев съезд жайындағы ойын:
«Біздің елімізде тағы бір үлкен тарихи оқиға
болды деп саналады. Себебі осылай деп бүкіл дүниежүзі
мемлекеттерінің басшылары айтып жатыр. Әлемнің тарихында Азия
елінде, мұсылман жерінде бүкіл дүниежүзінің
діндері, жер бетінің халқы табынатын діндерді айтайық,
христиан, ислам, буддизм, иудаизм және оның тармақтары
барлығының басшылары жиналып, Алла тағала –
Құдайдың бір екенін, ол Құдайдың
адамға жақсылық жасау мәселесі қозғалып,
ешқандай дінде экстремизм жоқ, бір-бірімен тіл табысудың
ең негізгі жолы – бір-бірімен сөйлесу, пікір таластыру, бір-бірін
тыңдау екенін айтып, аяғында үлкен құжат
қабылдадық. Нью-Йорктағы Дін орталығы Біріккен
Ұлттар Ұйымының ғимаратындай ғимарат салу
жөніндегі пікірлер айтқаны біздің Қазақстан
үшін үлкен жағдай болды деп санаймын», – деп түйіндеген
болатын.
Еліміздің тәуелсіздігі
тұсындағы толеранттылықтың дамуы ұлтаралық
бейбітшілікті сақтауға ықпал жасайды,
қоғамдағы тұрақтылықты қолдау мен
демократиялық қайта құруларды қамтамасыз етеді.
Толеранттылық көпұлттар арасындағы
қоғамның бірігуіне әсер етеді. Әлемдік
қауымдастықтағы әріптестіктің негізгі
қайнар көзі келісім идеологиясы арқылы
мәдениетаралық үнқатысудың орын алуында жатыр.
Этносаралық және конфессияаралық келісім әр кезде де
жалпыхалықтық жетістік болып қала береді. Болашақ даму
бағыттарына ұлтаралық, азаматтық және
қоғамдық келісім, бейбітшілік пен
тұрақтылықты серік етіп, құндылықтарын
әлем елдеріне паш еткен мемлекетіміздің болашағы зор.