Политология /5.    Политическое лидерство

Оқытушы, тарих магистрі Абсаттар С.Т.,  ЗХҚ-911 тобының студенті Тулекбаева Н

Қ.А.Ясауи  атындағы Халықаралық қазақ-түрік университет. Қазақстан    

Қазақстан сыртқы саясатындағы көпвекторлық бағыт және оның қалыптасуына әсер еткен факторлар  

Қазіргі таңда Қазақстан  халықаралық қатынастар жүйесінде өзіндік орны мен ролі бар беделді мемлекет  және сенмді сыртқы саяси серіктес ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, әлемдік қауымдастық Қазақстан Республикасының ядролық қаруды таратпау және халықаралық лаңкестікпен күреске қосқан үлесін жоғары бағалайды. Халықаралық аренада Қазақстан көпұлтты және поликонфессиональды қоғамның озық үлгісі ретінде танылды. Қазақстан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ішкі саясат және сыртқы саясатта да күрмеуі қиын күрделі мәселелермен бетпе кет-келді. Осы мәселелерді тәжірибелі шешу ғана  мемлекеттің болашағының бұлыңғыр болмауының кепілі бола алды. Солардың бірнешесіне тоқталатын болсақ, Қазақстанның Ресей Федерациясымен өзара ықпалдастығының құлдырауы болды. 1990-1994 жылдар аралығында Ресейдегі саяси элитаның бұрынғы кеңестік мемлекетермен қарым-қатынастарды өздеріне тиімсіздігі жөнінде пікірлер пайда болды. Бұл негізінен сол кезеңдегі РФ сыртқы саясатында жылдам түрде Еуропа елдері қатарына кіру бағыты басшылыққа алынғандығына байланысты болды. Бұл кезең Ресейдің Орталық Азиядағы істерден оқшауланып, Батыспен өзара қарым-қатынастарға баса назар аударуымен сипатталады. Ресейдің сыртқы саяси стратегиясында өзін Еуропамен, бүкіл Батыспен теңестіруге ұмтылыс анық байқалды. Осыған байланысты Орталық Азиядағы мемлекеттер, оның ішінде Қазақстан да Ресейдің батысеуропалық өркениетке жылдамырақ енуін тежейтін кедергілер ретінде қарастырылды. [1, 5-6]

1992 жылы 1 сәуірде РФ Жоғарғы Кеңесі территориялық бүтіндікті және егемендікті сақтау әр мемлекеттің өз міндеті екендігін жариялады. Ресей парламентінің бұл қадамы бұрынғы КСРО-ның ортақ қарулы күштерінің тарауына және барлық посткеңестік республикаларда, оның ішінде. Орталық Азияның тәуелсіз мемлекеттерінде де ұлттық армияның құрылуына себеп болды. 1993 жылы Ресейдің бастамасымен Қазақстан рубль аймағынан шығарылып, өзінің валютасы – теңгені енгізді. Бұл Мәскеудің өзінің жақын көршілерімен қарым-қатынастарға деген қызығушылығының төмендегенін көрсетті.

         Сонымен қатар, Қазақстан сыртқы саясатын қалыптастыру кезеңінде  ең қиын мәселе Кеңес Одағынан қалып қойған ядролық қару арсеналы еді. Сол кезеңде Қазақстанды ядролық державаға айналдыруы мүмкін стратегиялық арсеналды қалай пайдалану жөнінде әртүрлі  пікірлер айтылды. Бір тараптан, осы ядролық қаруды сыртық басқыншылықтан қорғанудың кепілі ретінде қарастырылса, екінші жағынан оны пайдалана отырып, азиялық субконтинентте көшбасшы болудың құралы айналдырғысы келгендер де болды. Қазақстан сыртқы саясатындағы ең өзекті мәселелердің бірі – Шығыстағы алып көршісі Қытай Халық Республикасымен тең дәрежеде қарым-қатынастар қалыптастыру болды. Кеңес Одағы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қарым-қатынастар көптеген жылдар бойы шиеленісті жағдайда болғандығы белгілі. Қазақстан Бейжіңмен қарым-қатынастарды жаңадан қалыптастыруға мәжбүр болды. Осы шешущі кезеңде Кеңес Одағынан қалып қойған  шекаралық мәселелерді ескерсек, әлі мемлекеттілігі қалыптасып үлгермеген Қазақстан үшін жаңылыс қадам басу халқы миллиардтан асып жығылатын экономикалық әлеуетті көршісімен келіспеушілікке алып келуі әбден мүмкін еді [2, 5-6]

         Геосаяси шындықтарды ескере отырып  дүниежүзі картасына үңілсе, Қазақстанның Ресей мен Қытай сияқты әлемдік державалардың арасында орналасуы ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. 90-шы жылдардың басында еліміздің әлемдік саясатта алғашқы қадамдарын баса бастаған кезде алпауыт көршілерімен өзара қарым-қатынастарда қателік жасау мемлекетіміздің ары қарай даму мен болашағына да зор қауіп төндіруі хақ еді. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ең өзекті мәселелердің юірі – қысқа уақыттың ішінде жас тәуелсіз мемлекеттің сыртқы саяси стратегиясын жасап шығатын және және Қазақстан Республикасының шетелдерде ұлттық мүдделерін кәсіби түрде қорғай алатын дипломатиялық және сарапшы-мамандардың жеткіліксіздігі еді. Ұзақ жылдар бойы Кеңес Одағының құрамында Қазақстан өзінің дербес сыртқы саясатын жүргізу мүмкіндігі болмағандықтан сыртқы саяси қызмет  тәжірибесінің жеткіліксіздігі де үлкен мәселелердің бірі болды.

Жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасының  әлемдік аренада өзінің бағыт-бағдарын анықтап, негізгі сыртқы саяст тұжырымдамаларын жасау кезек күттірмейтін мәселе болды. Осы сындарлы жылдары ҚР-ның сыртқы саяси доктринасын анықтау және оны жүзеге асыру үшін бүкіл жауапкершілікті ҚР-ның Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаев өз міндетіне алды. Әлемдік қауымдастыққа кіру және ұлттық қауіпсіздікті сақтау сияқты зор міндеттердің өзектілігін жете түсінген Елбасы ҚР-ның сыртқы саясатының негіздерін қалады. Сол кезеңдерді есіне ала отырып Президент Н. Ә. Назарбаев былай дейді: «Бізде сыртқы саясаттың қалыптасқан бір дәстүрі болмады. ҚР Сыртқы Істер Министрлігі дипломатиялық функцияларды атқармады. Алдында осындай күрделі мәселелер тұрған еліміздің шетелдерде бірде-бір дипломатиялық өкілдігі болмады. Сыртқы саяси мәселелер бойынша қарапайым атқарымдардың және сыртқы саяси дәстүрлердің жоқтығын айтпағанда, білікті дипломатиялық кадрлар жетіспеді. Өзіміздің сыртқы саясатымызды жедел түрде қалыптастырмаған жағдайда біздің ұлттық мүдделерімізге орны толмас зиян келетін еді.» [3, 205-206]

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары негізгі сыртқы саяси функциялардың Президенттің қолына шоғырландырылуы Қазақстанның әлемдік саяси кеңістікке орнығу үрдісін кешеуілдетпеуге бірден-бір кепіл болды. Елбасының жоғары деңгейде орнатқан жеке қарым-қатынастарының нәтижесінде ҚР сыртқы саясатының қалыптасуындағы негізгі міндеттерді кешіктірмей шешуге мүмкіндік берді.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін әлемде күштер тепе-теңдігі және геосаяси әсерлердің ауысуына әсер еткен үрдістер жүрді. ХХ-ғасырдың 90-шы жылдарының басына дейін өмір сүрген биполярлы халықаралық қатынастар жүйесі жойылып, оның орнына келген жаңа әлемдік құрылым барлық мемлекеттерді өздерінің сыртқы саяси қайта қарастыруына алып келді. Қазақстан өзінің сыртқы саясатында көпвекторлық бағытты жариялаған кезде халықаралық аренада әртүрлі пікірлер туғызғаны белгілі  Белгілі Ресейлік саясаттанушы Е.Ф Троицкий «Қазақстан сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуы» атты мақаласында Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын сынға алады және бұл сыртқы саяси тұжырымдаманы мәжбүрліктен туындағанын айтады. Аталған мақалада Е. Троицкий Қазақстан сыртқы саясатының қалыптасуындағы негізгі факторларға тоқталып, Қазақстанның географиялық орналасуының сыртқы саяси доктринаның қалыптасуында үлкен роль ойнағандығын жоққа шығармайды. Атап айтқанда Қазақстанның Ресеймен 7,5 мың  км, Қытаймен 1,7 мың км-ге жуық ортақ шекараларының болуы сыртқы саяси бағыттардың тең жәрежеде жүргізілуі маңызды болып саналады. АҚШ-тың Отралық Азияда  саяси мүдделерінің артуы нәтижесінде аймақ мемлекеттері, оның ішінде Қазақстан үшін ең маңыздысы – аймақта  сыртқы күштердің бәсекелестігі артқан жағдайда қарым-қатынастарда балансты сақтай отырып, ұлттық мүдделерімізге нұқсан келмейтіндей бағытта даму болды. Бұл өз кезегінде Қазақстан үшін де шетелдерден экономикаға  үлкен көлемде инвестициялар тартуға мүмкіндік берді. Яғни бұл жерде Троицкийдің Қазақстан сыртқы саясатында көпвекторлық саясат мәжбүрліктен туындады деген пікірімен келіспеуге болады. Қазақстан сыртқы саясатының қалыптасуына ықпал еткен  ақиқат факторлар туралы айтар болсақ, Напалеон Бонопарттың «Мемлекеттің сыртқы саясаты оның жағрафиясымен анықталады» деген сөзі ойға оралады. Себебі, Қазақстан Республикасының көпвекторлы сыртқы саясаты деген ұғым – субъективті қалау немесе «Назарбаев доктринасы» емес, жас тәуелсіз мемлекеттің жағрафиялық орналасуы мен әлемдік саясатта Орталық Азия аймағында жаңа геосаяси шындықтың пайда болуының нәтижесі болып табылады. [4, 1-2]

Осылайша 90-шы жылдары жарияланған ҚР сыртқы саясатындағы көпвекторлық бағыт қазіргі таңда өзінің өміршеңдігін және тиімділігін толық мағынада дәлелдеді. Тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан Республикасы сыртқы саясатта және халықаралық аренада үлкен жетістіктерге жетті.  Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары ядролық қарудан бас тартуы және яролық қаруды таратпау режимін нығайтуға қосқан үлесі әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды. Бұл шара да Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асты. Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері 15 жыл ішінде шекаралас мемлекеттермен барлық территориялық мәселелерін толығымен шешіп, Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстанмен 14 мың км-ге созылған мемлекеттік шекараларды делимитациялау туралы келісімдерге қол қойылды.1991-2010 жж аралығында Тәуелсіз Қазақстан  өзінің сыртқы саясатының негізін қалады және сыртқысаяси тұжырымдамалар мен доктриналарын қалыптастырды.  Жаңа әлемдегі Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуында ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың атқарған еңбегін ереше атап өту қажет. Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты мен әлемдік қаумдастық істеріне қатысуы негізігі дәстүрлі бағыттар бойынша қарқынды түрде дамып келеді. Оған дәлел ретінде Қазақстанның БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ сияқты беделді ұйымдарға мүше болуын, НАТО, ИКҰ ұйымдарымен ынтымақтастығын атап көрсетуге болады. Екіжақты қарм-қатынастар бағыты бойынша Қазақстан Республиксы Ресей Федерациясы, Орталық Азия елдері мен ТМД, ҚХР және АҚШ, ЕуроОдақ елдерімен, мұсылман Шығыс мемлекеттері, АТА және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерімен тығыз байланыс орнатқан. Осылайша Қазақстан сыртқы саясаты негізгі үш бағытқа: халықаралық құқық, көпжақты қарым-қатынастар, екіжақты қарым-қатынастарға негізделген [5, 152-154]

90-шы жылдардың басынан бастап Орталық Азия мемлекетері мен Қазақстан қатысуымен аймақта әртүрлі деңгейде интеграциялық бірлестіктер құрылды. Олардың ішінде Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды роль атқаратын ұйымдардың қатарына құрамына әлемнің 15-тен астам мемлекеті мүше болып табылатын және 10-жуық мемлекет бақылаушы болып табылатын, беделді халықаралық ұйымдар да қатысатын АӨСШК ұйымы.

Қазақстан сыртқы саяси қызметіндегі атқарылған ең ауқымды маңызды шаралар  – 2010 жылғы Қазақстанның ЕҚЫҰ –ға төрағалығы болды. 2010 жылы 1-2 желтоқсанда өткізілген ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті әлем жұртшылығының назарын аударған маңызды халықаралық оқиға болды. Астана Саммиті Еуразия аумағында қауіпсіздікті сақтаудың жаңа жүйесін қалыптастырудағы әлем мемлекеттерінің конструкивті диалогының айқын көрінісі болды.

Пайдаланылған әдебиеттер :

1.     Султанов Б.К. Музапарова Л.М. Становление внешней политики Казахстана. Алматы. ИМЭП баспасы  2005 5-6 б.

2.     Бұл да сонда ...

3.     Н. Назарбаев. Ғасырлар тоғысында. Алматы Атамұра 2003.

4.     Е.Ф. Троицкий. Внешняя политика Казахстана: формирование и развитие (1992–2000 гг.)

5.     Казахстан в современном мире: реалии и перспективы.Под. ред. Султанова Б. К. – Алматы: КИСИ при Президенте Республики Казахстан, 2008. – 348 с.