Право/13. Международное право

 

Оқытушы, құқық магистрі Пошанов Н.Н., студент Захаров А.

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университеті, Қазақстан

Адам құқықтарын қорғау принципі – Еуропалық Одақ жүйесінің басты құндылығы ретінде

 

Еуропалық Қауымдастық пен Еуропалық Одақтың тұрақтылығының негіздерінің бірі – оның мүше-мемлекеттерінің интеграциясының саяси моральдық құқықтық негізін құрайтын ортақ бастамалар мен принциптеріне табыну болып табылады. Әрекеттегі құрылтайшы актілерге сәйкес мұндай негізгі құндылықтарға адам құқығы мен негізгі бостандығын, демократия принциптерін, теңқұқықтылықты, құқықтық мемлекеттердің принциптерін құрметтеуді жатқызамыз. Сонымен қатар, негізгі құндылықтар құрамына Еуропалық Одақ құрамына кіретін мүше-мемлекеттерде плюралистік қоғамды, шыдамдылықты, әділеттілікті, қоғамдық тәртіпті, кемсітушілікке жол бермеуді құру және бекіту кіргізілген. Негізгі принциптерге бағынушылық және бұл принциптерді іске асыру – Еуропалық Одаққа кандидат-мемлекеттердің кіруінің міндетті шарты болып табылады [1, 37].

Профессор С.Ю.Кашкиннің айтуынша: «Еуропалық Одақтың принциптері – бұл Одақтың және оның мүше-мемлекеттерінің құқықшығармашылық, құқыққолданушылық пен құқыққорғаушылық әрекетінің мазмұнын анықтайтын құқық жүйесінің негізгі бастамалары» [2, 85].

Конституцияда Еуропалық Одақтың келесі мақсаттары бекітілген: біріншіден, бұл – бейбітшілікті орнатуға, халық жағдайын жақсарту мен ортақ құндылықтарды орнатуға жәрдемдесу болып табылады. Одақ өзінің азаматтарына бостандық, қауіпсіздік, заңдылықты қамтамасыз етуге міндеттенеді. Еуропалық Одақтың сыртқы қатынастардағы мақсаты – онымен жарияланған құндылықтар мен мүдделерді алға басу. Екіншіден, бұл – біріңғай ортақ нарықты және әділетті бәсекелестікті құру. Еуропалық Одақтың ең маңызды мақсаттары болып прогрессивті, тұрақты даму, әлеуметтік нарықтық экономиканы құру, әлеуметтік прогреске жәрдемдесу, қоршаған ортаның сапасын жақсарту және қорғау, ғылыми және техникалық прогресті дамыту табылады. Үшіншіден, Еуропалық Одақтың мүше-мемлекеттерінің арасындағы экономикалық, территориалдық тұтастықты қамтамасыз ету. Одақ ұлттық мәдениеттер мен тілдердің түрлілігін құрметтеуге және жалпыеуропалық  мәдениетті қорғау мен дамытуды қамтамасыз етуге міндеттенді.

Еуропалық Одақ құқығы маңызды белгілермен ерекшеленеді. Біріншіден, ЕО құқық нормаларының тікелей әрекет ету принципін, екіншіден, ЕО құқығының мүше-мемлекеттерінің ұлттық құқықтарынан үстемдік принципін атаған жөн. [3, 18]

Әрекет етудің барысында Еуропалық Одақ құқығы мен мүше-мемлекеттерінің ұлттық құқығының арақатынасы мәселесі пайда болды. Еуропалық құқық нормаларының үстемдік принципі Еуропалық Одақ құқығының қайнар көздерінің, халықаралық келісімдердің болуымен түсіндіріледі. Сот Қауымдастықтар құқығының үстемдігі Қауымдастықтардың болуы мен еуропалық интеграцияның дамуының аса маңызды жарғысы болып табылады деп айқындады. Екіншіден, бұл үстемдік Қауымдастықтардың құқықтық табиғатынан туындайды және конституциялық құқықты қоса, ұлттық құқық нормаларымен айқындалмайды. Үшіншіден, Қауымдастықтардың құқықтық тәртібі ұлттық құқықтың тәртібінен жоғары тұрады. Төртіншіден, Еуропалық Одақтың құқық үстемдігі, ұлттық сот органдарының Еуропалық Одақ құқығына қатынасын белгілейтін ұлттық құқықтық тәртіпті қамтуы тиіс.

Еуропалық Одақ Соты үстемдік концепциясын дамыта келе, ұлттық және еуропалық құқық нормалары арасында коллизия туындайтын болса, ұлттық сот органдары  еуропалық құқықтарының нормаларын қолдануға міндетті және Еуропалық Одақ құқығына қайшы келетін ұлттық құқықтық актінің қолдануылын тоқтату тиіс деп көрсетті.

Бүгінгі таңда үстемдік принципі Еуропалық Одақтың мүше-мемлекеттерімен танылады. Бұл принцип әмбебап сипатқа ие, яғни Еуропалық Одақтың құқықтық тәртібінен жоғары.

Тікелей әрекет ету принципі деп еуропалық құқықтарының барлық субъектілері үшін және Еуропалық Одақтың бүкіл территориясында Еуропалық Одақ құқықтарының нормаларының міндетті қолданылуы мен тікелей әрекет етуі түсініледі.

Бұл принциптің екі маңызды аспектісіне назар аударған жөн. Біріншіден, ол Еуропалық Одақ мүше-мемлекеттерді, ұлттық әкімшілікті және сот мекемелерінің нормаларын тікелей қолдануға міндеттейді. Еуропалық Одақ құқықтарының міндетті нормаларының орындалмауы немесе оларды дұрыс қолданбауы құқықбұзушылық ретінде танылып, бұл әрекет жауаптылыққа әкеледі. Екіншіден, Еуропалық Одақ құқығының нормалары тікелей жеке және заңды тұлғаларға құқықтар бере отырып, міндеттер жүктейді. Еуропалық Одақ құқықтарының нормасы негізінде бекітілген құқықтар ұлттық сот органдарымен қорғалуға міндетті. 

Бүгінгі таңда Еуропалық Одақ құқығы мен оның органдарының әрекет етуі үшін брілген маңызды принципінің негізгі сипаты Одақтың құрылтай құжаттарында бекітілген. Еуропалық Одақ пен оның органдарының Одақтың юрисдикциясындағы тұлғалармен қатынастары және мүше-мемлекеттерінің арасындағы ынтымақтастық берілген принципке сәйкес құрылуы тиіс.

Еуропалық Одақ туралы Келісімнің 6 бабының 1 пунктінде: «Одақ, мүше-мемлекеттері үшін ортақ, бостандық, демократия, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын құрметтеу деген принціптерінің негізінде құрылған»,-деп бекітілген. Келісімнің 6 бабының 2 пунктінде: «Одақ Қауымдастықтар құқығының ортақ принціптері ретінде, 1950ж. 4 қарашада Римде қол қойылған адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау туралы Еуропалық Конвенциядағыдай және мүше-мемлекеттерінің конституциялық дәстүрлерден туындайтын адамның негізігі құқықтарын құрметтейді», - деп айтылады [2, 16].

Еуропалық Одақтың адам құқықтарын қорғау мен сақтаудың даярлығы бақылау саяси механизмі және мүше-мемлекетке қарсы санкция енгізу мүмкіндігімен қуатталады.

Еуропалық Одақ туралы Келісімнің 7 бабына сәйкес, Еуропалық Одақтың Кеңесі мүше-мемлекетінің бостандық, демократия, адам құқықтарын құрметтеу және құқық үстемдігі принциптерін елеулі және жүйелі бұзуды белгілесе, бұл мемлекетке қатысты Келісімді қолданудан туындайтын кейбір құқықтарын іске асыруды тоқтата алады . 

2001ж. Ницц келісімі бұл механизмді алдын-ала ескертумен толықтырды. Мұнда Еуропалық Одақтың Кеңесі Одаққа мүше-мемлекеттерінің біреуінде белгілі жағдайлардың теріс сипатта дамуын алдын алуға бағытталған шаралар жүргізеді. Кеңес мүше-мемлекетке басты принциптерді елеулі бұзушылықтар қаупін ескертіп, оған сәйкестелген ұсыныстарды жібере алады. Бұл туралы шешім 4/5 біліктілік көпшілікпен қабылданады. Процедураны бастау үшін 1/3 мүше-мемлекеттерінің, Еуропалық парламент немесе Комиссияның дәлелді ұсынымы және Еуропалық парламенттің оңды қорытындысы қажет.

ЕО туралы Келісімнің 7 бабына сәйкес, Еуропалық Одақтың құндылықтарына қауіп туындаған мемлекет Кеңестің бақылау объектісіне айналады [3, 35].

Соңғы кездері Еуропалық Одақ адам құқықтарына зор көңіл бөліп отыр. Еуропалық Одақтың негізгі құқықтар Хартиясымен, құрылтайшы актілермен және Одақтың әрекеттегі заңдылығымен танылатын жеке және басқа да құқықтарды қорғау мақсатында Одақ азаматтарының, кез келген жеке және заңды тұлғалардың Еуропалық Одақтың Сотына кірудің жеңілдетілген нұсқалары белсенді түрде талқылануда.

Еуропалық Одақтың берілген аядағы белсенділігінің өсуі өзара байланысты бірқатар себептермен түсіндіріледі. Адам құқықтары туралы бөлімінсіз ешбір құжатты Конституция деп айта алмаймыз. Сонымен қатар, Еуропалық Одақ мемлекеттерінің саяси табының еуропалық құрылысты заңдылыққа келтіру, оны қолдауда халықты қатыстыру және кәдімгі адам үшін Одақты түсінікті және тартымды ету ынтасы делінді. Ақырында, Хартияның, кейін Конституцияның қабылдануы Еуропалық Одақ құқығындағы адам құқықтарын қорғау туралы нормалардың тапшылығының реакциясы еді.

Адам құқықтарын қорғауды Еуропалық Одақтың Соты Одақтың ортақ принциптер қатарына кіргізеді. Бұл принципке туынды заңнама және Одақтың институттар мен органдардың әрекеттері сай болуы тиіс. Сот бұл принципін мүше-мемлекеттерінің конституциялық дәстүрлерден туындайтынын атап өтеді. Нольдд ісінің шешімінен бастап Сот оның мазмұнын айқындауда адам құқықтарын қорғау туралы Еуропалық Конвенцияға сілтеме жасайды.

Уақыт өте келе, Еуропалық Соттың тәжірибесінде Конвенцияға сілтемелер жасау кең таралған. Бұл негізде Соттың бас адвокаты Джекобс Босфорус істі қарастыруда: «Конвенция практикалық мақсаттарда Қауымдастық құқығы ретінде, осы Сотта да, ұлттық соттарда да қарастырылуы мүмкін»,- деп мәлімдеді [2, 115].

Сот тәжірибесі Еуропалық Одақтың адам құқықтарын қорғау жолын ұстаушылығын оның саяси құжаттар мен бастапқы құжаттарында бекітілуіне жол берді.

1989ж. Еуропалық парламент негізгі құқықтар мен бостандықтар Декларациясын ұсынды. Декларация 25 баптан тұрды. Онда Еуропалық парламент азаматтық-саяси және әлеуметтік-экономикалық құқықтардың кең тізімін прокламациялаған. Ұсынушылық сипатқа ие бұл құжатта демократияның маңызды принциптері мен құқық кепілдемелері, тұлғаның құқықтық жағдайы енгізілген болатын.

Бұдан былай Еуропалық парламент адам құқықтары мәселелері бойынша белсенді позицияда болды. Ол көптеген құжаттарды құрастырады. Оның көмегімен де Одақтың негізгі құқықтар Хартиясын құру іске асырылды деп айтуға болады. Парламентарийлер де Еуропалық Одақ адам құқықтары туралы бөлімі бар Конституциясының жобасын құруды бастаған Конвентті шақырудың бастаушылары еді.

Сонымен қатар, дәл сол 1989ж. Еуропа мемлекеттері Қауымдастықтардың еңбекшілердің негізгі әлеуметтік құқықтар туралы Хартиясын қабылдады. Хартияның негізгі бөлігі 30 пунктіден тұрады. Мұнда жұмысбастылыққа және еңбек үшін сыйақы құқығы, өмір және еңбек жағдайларын жақсартуға, әлеуметтік қорғалуға және еңбекшілердің басқа да әлеуметтік-экономикалық құқықтары жарияланған.

Құжаттардың екеуінің де саяси маңызы зор. Кейін олар Еуропалық Одақтың негізгі құқықтар Хартиясын құру кезінде беделді қайнар көздер ретінде қолданылған. Бірақ олар Еуропалық Одақтың органдар мен институттарын заңды байланыстырмаған.

Сөйтіп, 1992ж. Маастрихт келісімінің 6 және 7 баптарына адамның негізгі құқықтар концепциясын кіргізу қомақты болды.

Қорытындылай келе, Еуропалық Одақ Сотының тәжірибесі мен құрылтайшы актілерден туындайтын Еуропалық Одақ құқығының доктринасына сәйкес, адам құқықтарын қорғау туралы Еуропалық Конвенция Одақ құқығының бір бөлігі болып табылады. Ал Еуропалық Одақ құқығы бойынша, адам құқықтарын қорғау принципін талқылаудың тұспалы мүше-мемлекеттерінің конституциялық дәстүрлері болып табылады. 

Еуропалық Одақтың құрылтайшы құжаттардың негізінде мүше-мемлекеттер арасындағы адам құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастық ұлғая түсті. Экономикалық және аймақтық жақындасу саясаты Еуропалық Одақтың дамушы мүше-мемлекеттерінің экономикасы үшін маңызды болды. Бұл мемлекеттердің Еуропалық Одаққа қатысу бұл елдердегі азаматтарының әлеуметтік құқықтардың күшеюіне ықпал етті.

Әлеуметтік саясатының үйлесуі мүше-мемлекеттерінің ынтымақтастығы мен үндестігін ұйғарды. Негізі ол келесі мәселелерді қамтыды: жұмыспен қамтамасыз етілу мәселесі, еңбек заңдылығы мен еңбек ету жағдайлары, кәсіби оқытушылық пен квалификацияны жоғарлату мәселесі, әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесі, кәсіби одақтарды құру құқығы, кәсіпкерлер мен жұмысшылар арасындағы ұжымдық келісімдер мәселесі.

Тұлғалардың көшу бостандығы принципінің бекітілуі негізінде жұмысқа алу, сыйақы беру кезінде азаматтылық бойынша кемсітушілікті жою және бір мүше-мемлекетінің азаматының екінші мүше-мемлекетінде тұру және экономикалық қызметпен айналысу құқықтары іске асырылды. Тұлғалардың көшу бостандығы принципінің іске асырылуы мүше-мемлекеттердің жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық органдардыңда тығыз ынтымақтастықтың дамуын, әкімшілік процедуралардың жойылуын, ұлттық квалификациялық мерзімдер  мен басқа шектеулерді жоюды, жұмысты таңдауда кемсітетін шарттарды жоюды, дипломдар мен күәліктерді өзара тану мен тең әлеуметтік қамтамасыз етуді ұйғарды.

Еуропалық Одақта 1992ж. Маастрихт келісімімен бірыңғай азаматтылықты енгізу, жұмысшылыр мен олардың жанұяларының миграция жолындағы бюрократиялық кедергілер жойылды.

Адам құқықтарын күшейту жолындағы маңызды оқиға 1977ж. Еуропалық парламент, Еуропалық Кеңес пен адам жөніндегі Еуропалық Комиссияның бірігіп адамның негізгі құқықтары туралы декларацияға қол қоюы болып табылады. 1989ж. Еуропалық парламент, Еуропалық қауымдастық пен Еуропалық Одақ территориясындағы негізгі құқықтар мен бостандықтар Декларациясын қабылдады. Сол жылы Еуропалық парламент жұмысшылардың негізігі әлеуметтік құқықтары туралы Қауымдастық Хартиясын мақұлдады.

Я.А.Бороздинаның айтуынша «негізгі құқықтар мен бостандықтарды жүйелеумен қатар, хартияның ерекшеліктеріне тұлғаның біртұтастылығына және жақсы басқарушылыққа құқықтарын жатқызуға болады» [2, 11].

Сөйтіп, Еуропадағы халықаралық экономикалық интеграция адам құқықтары аясындағы ұлттық заңдылықтарының дамуына, Еуропалық Одақтың мүше-мемлекеттеріндегі адамдардың әлеуметтік құқықтарының күшеюіне ықпал етті.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Құлжабаева Ж.О. Халықаралық жария құқық. Жалпы және ерекше бөлімдер. – Алматы: «HAS» баспа компаниясы, 2003.

2. Кашкин С.Ю., Четвериков А.О. Конституция Европейского Союза. Договор устанавливающий Конституцию Европы (с комментарием). М., 2005.

3. Кембаев Ж.М. Европейское право: понятие, сущность и основные направления развития // Вестн. КазНУ им. Аль-Фараби. Сер.юридич. – 2007.