Право /1.История государства и права.

Оқытушы, құқық магистрі Омар Б.М

Қ.А.Ясауи  атындағы Халықаралық қазақ-түрік университет. Қазақстан    

Әкімдерді сайлау – Қазақстандық демократияның алғашқы сатыларының бірі

 

  ҚР ПРЕЗИДЕНТІ Н.Ә.НАЗАРБАЕВ: ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН-
ӨЗІ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ ӨТЕ МАҢЫЗДЫ. ӘР ЕЛ ӨЗ МҮМКІНДІГІНЕ САЙ ШЕШЕДІ, ДЕГЕНМЕН ЕШБІР МЕМЛЕКЕТ ОСЫ МӘСЕЛЕНІ ТОЛЫҚ ШЕШКЕН ЖОҚ. МЕНІҢ ОЙЫМША, ЖЕРГІЛІКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ХАЛЫҚТЫҢ ӨЗІ ҚАТЫСЫП ШЕШУІ КЕРЕК. ОЛ ҮШІН ӘКІМНІҢ ҚҰҚЫҒЫ БОЛУЫ КЕРЕК, ӘКІМНІҢ ТАҒАЙЫНДАЛУЫНА ХАЛЫҚТЫҢ ҚАТЫСЫ БОЛУҒА ТИІС. АЛ ӘКІМ ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРУІ КЕРЕК. (ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтің журналистерге берген сұхбатынан. 30.12. 2012 ж)

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан - 2050 стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мемлекеттік басқару саласына айрықша міндеттер жүктеді. Сонымен қатар, бұл Жолдауды жүзеге асырудың бір міндеті болып табылатын мемлекеттік қызметті түбегейлі реформалау ісі соңғы уақыттары жиі қоз­ғалып, енді нақты іс жүзінде орындаудың сәті келіп тұрған сияқты.  

Естеріңізде болар, 1997 жылы дағдарыс кезінде «Қазақстан - 2030» бағдарламасы қабылданғанда, оның орындалатынына күмәнмен қарағандар көп еді. Қуанышқа орай, қазіргі қоғам Ұлт Көшбасшысының жанқиярлық еңбегінің арқасында арман мен қиялға негізделген жоспардың 15 жыл өткен соң орындалғанын көріп отыр. Жыл сайын жаңаратын әлемдегі ең мықты мемлекеттер осы ғасырдың бірінші жартысына дейінгі даму бағдарламаларын жасап жатыр. Мұның барлығы жан-жақты сарапталғандықтан, Елбасы атап отырған 2050 жылға дейінгі стратегия дүниеге кездейсоқ келген жоқ. Еліміз тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында аяғынан тұрды, екінші онжылдықта дамуға көшті, енді үшінші онжылдықта ерекше екпінмен өркениет көшіндегі жаңа Қазақстанды құруға кірісті.

Қазіргі таңда қоғамды өзгерту үшін алдымен мемлекеттік басқару органдарының өзі өзгеріске түсуі керек. Солардың бірі - ауыл әкімдерін сайлау мәселесі. Бұл бастама, яғни ауыл әкімдерін сайлау 2013 жылдың ортасынан басталғалы отыр [1, 1].

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің таяуда Астанада барлық деңгейдегі әкімдермен өткізген кездесуінде - «Жергілікті өкілетті органдардың рөлін одан әрі арттыру үшін біз мәслихат арқылы (төмен деңгейдегі) ауыл әкімдерінің сайлауын енгіземіз», –деген болатын. Яғни, жергілікті әкімдерді сайлау 2013 жылдың соңына дейін енгізіледі. Бұл өзгеріс Елбасы бекіткен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту туралы тұжырымдамада қарастырылғанын айта кету керек. Ол бойынша жергілікті өзін-өзі басқаруды әрі қарай дамытудың бірнеше кезеңі, яғни, 2013-2014 жылдары аудандық тұрғыдағы қалаларда, ауылдық округтерде, ауылдық округ құрамына кірмейтін ауылдарда аудандық (қалалық) мәслихаттардың сайлауы арқылы әкімдерді сайлау жүйесін енгізу жоспарланып отыр.  Мұндағы сайлау тәртібі былай: аудандық мәслихатқа аудан әкімі кемінде екі үміткерді ұсынған соң, халық атынан өкілдік ететін депутаттар дауыс беру арқылы білімі мен біліктілігі, іскерлік қабілеті мен бағдарламасына қарап сайлайды. Егер сайланған әкім өзіне жүктелген міндеттерді орындамаса немесе округтегі тұрғындар оның мәселе шешуге қабілетсіз екендігін айтып шағымданса, аудан әкімі Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес оны өкілеттілігінен айыру жөнінде шаралар қабылдай алады [2, 1].

Осындай жобаны дайындау кезінде еліміздің бірқатар ғалымдары мен саясаткерлері шетелдік мемлекеттердің тәжірибесін қарастырып, мамандармен де кеңесті. Мысалы, АҚШ, Ресей Федерациясы және т.б. мемлекеттерді айтсақ болады. Ресей Федерациясында губернаторлар сайлауы Амур, Белгород, Брянск, Новгород, Рязан облыстарында өтуде. Сондай-ақ бұл саяси додада бірқатар аймақтардың заңшығарушы жиналыс депутаттығына және қалалар мен әкімшілік басшылығына үміткерлер де сайлауға түсті [3, 1].

Тіпті АҚШ-да әкімдерді сайлау былай тұрсын, учаскелік полицейлердің өзін жергілікті жердің халқы сайлайды. Осы тұста бір сәт тарихқа көз жүгіртсек, Қазақ халқы ханды халық болып сайлаған, ал егер көңілінен шықпаса тағынан алып тастаған [4, 1].

Осыдан 7-8 жыл бұрын «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң кеңінен талқыланып, қабылданбай қалған болатын. Сол кезде жергілікті жерлерде әкімдерді сайлау мәселесі аталған заңның қабылданбай қалуына негізгі себеп болды.  «Біздіңше, әкімдерді халық сайлауы қажет. Сонда ғана әкімдер халыққа бет бұрып, оның мүддесі үшін қызмет ететін болады. Ол үшін алдымен еліміздің Парламенті «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңды әлі де жетілдіріп, оны қабылдау үшін барлық жағдай жасау керек деп ойлаймын [5, 1].

Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында аудан, ауыл әкімдеріне қойылған талап басқаша еді. Бюджеттен бөлінген қаржы аз, жаңа бағдарламалар қабылдауға қол қысқа болғандықтан, оларға, негізінен, барды сақтау мен жағдайды тұрақты бақылауда ұстау ғана міндеттелді. Бүгінде ахуал мүлде басқаша, өңірлерге бөлінетін қаржы он есе көбейіп, қадағалаудың кемшіндігінен кейбір тұстарда игермеу, сыбайлас жемқорлықпен талан-таражға салу сынды жағымсыз көріністер белең алды. Соңғы кездері аңғарылғаны бақылаудың барлығын билік тетіктері арқылы жүргізу қиынға соғатын секілді. Сондықтан да ауыл әкімдерін сайлау арқылы билікті орталықтан жергілікті жерге беріп, бақылауға халықтың өзін тартқан жөн. Жалпы, 2,5 мыңнан астам ауыл әкімін жергілікті халықтың тікелей араласуымен қызметке қою, өңірлердегі талай мәселенің орталықтардағы кабинеттерде емес, сол жердің өзінде шешуге зор мүмкіндіктер туғызады. Мәселен, әкім бюджеттен қаржы бөлінетін 15 бағдарлама бойынша ауыл ақсақалдарымен, белсенді тұрғындармен өзара жұмыс істеп, шешілуге тиісті тұсқа керекті соманы бөлуге ұсыныс бере алады. Билік жүйесін халықтың талабымен байланыстыру бөлінген қаржы мен берілген тапсырмалардың қаншалықты орындалғанын айқын көрсетеді. Тұрғындар барлық істердің бел ортасында жүріп, сыбайластықтың орнамауына, қазына қаржысының талан-таражға түспеуіне тікелей араласып, тәртіпке шақыра алады. Осының барлығы Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасына сәйкес атқарылады. Барлығы бірден болып кету керек деген қате түсінік. Әлемнің дамыған мемлекеттерінде жергілікті өзін-өзі басқару бірнеше кезеңнен өтіп, бірнеше онжылдықтарға жалғасты. Елдің тұрақты дамуының кепілі де өзін-өзі басқару болмақ. Халық өзінің әлеуметтік мәселелерін шешуде белсенділік көрсетіп, белгілі дәрежеде жауапты болуы керек. Ал мемлекет тиісінше инфрақұрылымды дамытуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға, жұмыспен қамтамасыз етуге, қажетті мекемелердің қызметін ұйымдастыруға міндетті. Негізінде, жергілікті өзін-өзі басқарудың жұмыс істеуіне қажетті база даярланды. Конституция мен тиісті заңнамаға өзгерістер енгізілді. Ал бағалау жүйесі жергілікті әкімдердің жұмыс көрсеткішінің қандай деңгейде екендігін алақандағыдай ашып берді. Аймақтық саясатты тиімді жүргізу бағытындағы жұмыс соңғы жылдары тек жандана түсті. Бұл тектен-тек емес. Елдің экономикалық әлеуеті мен оның адами ресурсы аймақтарда екендігіне ешкім таласпайды. Олардың жұмысын оңтайлы ету үшін Президент Әкімшілігі облыстың, қала мен аудандардың әлеуметтік-экономикалық рейтингін әзірледі. Нақты өңірдің рейтингі 45 түрлі өлшем бойынша анықталады. Негізі, аудан, қала әкімдері сол рейтингті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялап отырып, тұрғындармен тікелей байланыста болуы тиіс. Халық өз әкімінің рейтинг бойынша қай орынға тұрақтағанын, қандай тапсырмаларды орындамағанын немесе қайбір істе өзгелерден алда екендігін білуі керек. Бағалауды жүзеге асыру барысында кейбір басшылар «экономиканы әлдеқайда ілгерілетіп, жаңа өндірістерді аштым, салықты молынан жинасақ та, менің рейтингім неге төмен?» дегендей сауалдарын қояды. Бірақ нақтылап, талдап қараған кезде, сол әкім өндірісті дамытқанмен, әлеуметтік көрсеткіштерге мән бермейтіні «менмұндалап» шыға келеді. Мысалы, өндірісі бар аудандарда денсаулық сақтау көрсеткіштері төмен болмауы керек, демографиялық өсім, өзге де әлеуметтік көрсеткіштер біркелкі өскені абзал. Бағалаудың қорытындысы әр тоқсан сайын шығарылып, соңғы орында қалып қойғандарға жағдайды оңалту үшін мүмкіндік беріледі. Егер жыл көлемінде тиісті көрсеткішке жете алмаса, қызметінен босатылады. 

Сайлауға түсетін әкімдікке үміткерлерге талапты күшейту шарт. Ең бастысы мемлекеттік тілді білуді міндеттеу мәселесі төтесінен қойылу керек. Бұл бір жаттанды ұранды қайталау емес. Президент қазақ тілінің аясына шоғырланатын бір ұлт боламыз дегенді тегін айтпаса керек. Оны осы бастан жүзеге асырмасақ 2025 жылға дейін қойылған мақсат орындалмайтыны белгілі. Жалпы алғанда Президенттің бұл идеясын қолдап, жалпыұлттық деңгейде насихаттауымыз қажет. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы көп ұлтты мемлекет. Сондықтан, әкімдер мемлекеттік тілмен бірге, орыс және ағылшын тілін де білгені абзал. Өйткені бірқатар аудандарда шетелдік инвесторлар жұмыс істейді, олармен қашанғы аудармашы арқылы сөйлеседі? Өңірге инвесторлар тарту үшін тіл білгеннің зияны жоқ. Сонымен қатар, әкімге әртүрлі ұлт өкілдері мен тұрғындар келеді, оның өзі елдің ортасына барып сөйлесуі керек, сол үшін бастапқыда ауызекі тілді болса да меңгеруі қажет. Қазіргі заманда ағылшын тілін білсең, компьютер тілін меңгересің, ағылшын тілі арқылы озық технологияларға, жаңа білімге қол жеткізе аласың [6, 1]

Заң күшіне еніп, іріктеуден өтуге дейін әлі алты айдан астам уақыт бар. Жарты жылдың көлемінде қытай тілін де меңгеруге болады. Керемет әдеби тілде сөйлеп, шығарма жазуы міндетті емес. Бұдан шошынудың қажеті жоқ. Шетелдердің басым бөлігінде солай. Айталық, Германияның Бавария қаласына басқарушы болып тағайындалуыңыз үшін жергілікті шаруа тілін білуге тиіссіз. Себебі ол сізге өзінің мәселесіне байланысты қабылдауыңызға келеді, онымен әңгімелесіп, көмек көрсетуіңіз керек. Жергілікті тілді түсінбесеңіз, оларға қалай көмектесесіз? Оның үстіне Мемлекеттік тіл жайында арнайы бекітілген бағдарлама бар ғой, әкім соны өзгелерге үлгі болуы үшін алдымен өзі бірінші болып орындауға міндетті. Осындай талап алдымен «А корпусына» енетін аудан мен қала әкімдеріне қатысты болады. Яғни «А корпусына» кіретін мемлекеттік саяси қызметшілер жаңашыл, озық ойлы, кәсіби басқарушы болуы тиіс [7, 1].

Қазақстан Конституцияға сай азаматтардың білімге, денсаулық сақтауға, еңбекке, әлеуметтік қорғауға және т.б. құқықтары мен мүдделерін іске асыруға кепілдік ететін әлеуметтік мемлекет болып табылады. Әлемнің жетекші елдерінің тәжірибесі, сондай-ақ соңғы кездегі отандық практика көрсеткендей, мемлекеттің осындай конституциялық міндеті мемлекеттік қызметтер жүйесі арқылы неғұрлым тиімді жүзеге асады. Сондықтан Елбасы тапсырмасымен «Мемлекеттік қызмет көрсету туралы» заң жобасы әзірленді. Мемлекеттік қызметтерді көрсету заң жүзінде бекітіледі. Яғни мемлекеттік қызметшілерге халыққа сапалы әрі дер кезінде қызмет көрсету міндеті жүктелді.

Алдағы өтетін аудан әкімдерінің сайлауын біз ауқымды түрде қарастырып, Қазақстан Республикасының саяси жаңаруының маңызды кезеңі ретінде қабылдауымыз керек. Бұл жаңару “демократияландырудың үшінші толқыны” деп аталып кеткен бүкіләлемдік үдерістің бір бөлігі. Дамудың коммунистік кезеңінен посткоммунистік кезеңге, қатаң орталықтандырылған мемлекеттік биліктен орталықсыздандыруға өтіп жатқан басқа да елдер сияқты Қазақстан да осы өтпелі кезеңді аяқтауға жақын. Мемлекеттік құрылыстың негіздеріне қатысты күрделі де тиянақты реформалар жүргізілуде. Енді бар күшіміз саяси жүйені жетілдіруге арналып отыр. Сонымен бірге бұл науқан Елбасы жоспар­лаған жаңартудың дер уақытында жүзеге асып жатқандығын да көрсетеді. Естеріңізде болар, 2004 жылы Нұр Отан партиясының кезектен тыс VІІ съезінде Нұрсұлтан Әбішұлы қалалар мен аудан­дар әкімдерін сайлау 2006-2007 жылдары ен­гізілетінін мәлімдеген болатын. Онда Ел­ба­сы “аудан әкімдерінің сайлауы мемлекет­тік би­лікті орталықсыздандыру үдерісінің, жер­гі­лікті өзін-өзі басқару жүйесі қалыптасуы­ның нәтижесі болуы қажет. Осы айтылған­дардың барлығын қолданыстағы Конституция­мыздың аясында өткізуге болады. Осы мін­деттерді орындап алып, біз қоғам дамуының келесі кезеңіне кірісуіміз қажет”, деген болатын.

Көріп отырғандарыңыздай, жоспарланған істердің бар­лығы орындалуда. Қазір елімізде демократиялануға бағытталған нақты саяси реформа жүзеге асуда. Демократиялық-құқықтық мемлекетті бір сәтте енгізу мүмкін емес. Оған қоғамның өзі саналы түрде келуі керек. Елбасымыз Н.Назар­баев «Демократия – біздің жолы­мыздың басы емес, нысанасы», - деуі де бекер емес. Сондықтан да жергілікті атқарушы билікті дамытудың бірінші кезеңі ретінде әкімдерді сайлаудың енгізілуі дұрыс деп, ойлаймын. Сонымен қатар, сайлаудың бұл түрі демократия дәстүрі қалыптасқан елдерге де жат емес. Болашақта жергілікті мемлекеттік басқаруды орнықтыру және өзін-өзі басқару жүйесін дамытудың нәтижесінде, қажетті тәжірибе жинақтағаннан кейін күн тәртібіне халықтың өзі тікелей сайлауы мәселесінің қойылуы әбден мүмкін [8, 1]

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, демократиялық мемлекеттердің аса маңызды белгілерінің бірі қарапайым халықтың жергілікті басшыларды (әкімдерді) дауыс беру арқылы сайлау құқығына ие болуында.

Әкімдерді сайлау ең алдымен жауапкершілікті күшейтеді. Егер халық әкімдерді өзі сайлайтын болса, онда әкімге өз ұсыныс, тілектерін еркін жеткізе алады. Әкім  де халыққа берген уәдесінен айнып кетпеуге тырысады.  Бұрын округ әкімдерін орындарынан  аудан әкімдері алып тастайтын болса, ендігі жерде оларды халық та қызметінен кетіруге мүмкіндігі болады. Жалпы әкімдерді сайлау арқылы тағайындау жүйесі көптеген елде қолданылатынын білеміз. Бізге де мұндай жүйені енгізетін кез келді. Сосын қанша жерден әкімді халық сайласа да, жергілікті әкімдіктер орталықтан ажыратылып қалмайды. Сондықтан жергілікті жерлерде реттілік пен тәртіп төмендеп кетеді деп қорқудың қажеті жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, кейбіреулер айтып жүргендей әкім бидің, не болмаса бітімгердің рөлін атқармайды.  Ол өзінің міндетін ғана орындайды [9, 1]

Болашақта ауыл әкімдерімен бірге аудан, облыс әкімдерін де халық сайлауы мүмкін. Осындай жағдайда ғана  біз нағыз демократиялы ел бола аламыз. Осылай бірте-бірте  сайлау жүйесіне үйреніп кетеді. Халық әкімдерді сайлауға дайын емес дегенге қосылмаймын. Бұл өз орнын жоғалтып алудан  қорқатын әкімдердің сөзі. Президентін сайлаған халық әкімдерін де сайлай алады [10, 1]

Қазір халық пен әкімнің арасында ешқандай байланыс жоқ. Әкім анда-санда халықтың алдына шығып есеп бергені болмаса, нақты халықпен бірлесіп жұмыс істеп жатқан жоқ. Ашықтық, әділдік жоқ [11, 1]

Сонымен қорыта келгенде, әкімдерді халық сайлауы арқылы тағайындаудан мына мәселелерге қол жеткіземіз, деп ойлаймын: Біріншіден, ауыл, аудан әкімі бұрынғыдай облыс әкімінің емес, өзін сайлаған халқының алдында жауапты екенін түсінеді. Тұрғындар өз құқықтарын қорғауды үйренеді. Екіншіден, жоғары жаққа алақан жайып үйренген әкімдерге қосымша өкілеттілік берілетіндіктен халықпен ақылдаса отырып, өз мәселелерін өзі шешуге мүмкіндік туады.  Үшіншіден, елімізде енді ғана қалыптасып келе жатқан саясаттану ғылымының бойына қан жүгіреді. Төртіншіден, ауылдың әлеуметтік жағдайы оңалады. Себебі, Жолдауда айтылғандай жергі­лікті жерлердегі басқару органдары қаржылық және кадрлық ресурстармен нығайтылады. Үкімет, облыс, аудан әкімшіліктеріне алақан жаюдан құтылатын ауылдық өңірлер жоғарыға берілетін жалған көрсеткіштерден арылып, өзіне қажет әлеуметтік жағдайды жасауды бірінші кезекте қолға алады. Халық мемлекет­тік реформаларға тікелей атсалысып, билік тармағының жауапкершілікпен жұмыс істеуін мұқият қадағалау құқына ие болады. Бесіншіден, жергілікті тұрғындардың саяси белсенділігі артып, билік өкілдеріне сенімі күшейеді. Халықтың атынан сайланған басшы көптің мүддесінен шығу үшін халықпен бірлесе қызмет ететін болады. Бұл өз кезегінде алыс­тап бара жатқан халық пен биліктің арасын жақындатып, мемлекетті тұтас қоғам жұмылған оңтайлы даму жолына жылдам түсіреді. Алтыншыдан, бюрократия әлсіреп, коман­далық жүйе жойылады. Тағайындалған ауыл әкімі өзінен жоғарғы жаққа жауап беріп, халықтан жалтаруды әдетке айналдырған. Және командамен жүруді «салтқа айналдырған» әкім-қаралар олардан жауапкершілікті талап етпейтін де. Ал, халық жоғарыға тәуелсіз, заң шеңберінде жергілікті жердің мәселесін шебер шеше алатын басшыға өз мұңұқтаждарын, ұсыныс-пікірлерін ашық айта алады. Бұл өз кезегінде аймақтағы өңірлер мәселесінің шынайы шешім тауып, әкімдердің командалық ұйымға қызмет етуші емес, жұртқа жұмыс жасаушы кадр ретіндегі статусын орнықтырады, деп ойлаймын.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Ауыл әкімін сайлау шілдеде басталады - Айқын

www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view...

2. Әкімдікке әркімнің бар таласы. zanzan-media.kz/index.php?option=com_content...

3. Әлемдік сайлау тәжірибесін "көшіру" неге қиын? T15.10.2012

4. ҚАЗАҚСТАН - Халық әкімдерді қашан сайлайды ..thenews.kz/2012/10/10/1229052.html

5. ҮЕҰ-ның өкілдері жергілікті әкімдерді халық сайлауы тиіс деп есептейді. 212.154.160.250/kaz/article/2394049.

6. Әкімдер сайлауында ескеретін екі мәселе. 

www.ulttimes.kz/index.php?option=com...id...

7. Қазақ тілін білмейтін әкім қызметке тағайындалмайды » Tonykok ...

tonykok.kz/658-aza-tln-blmeytn-km-yzmetke-taayyndalmaydy.html

8. САЯСИ РЕФОРМАЛАРДЫ ІЛГЕРІЛЕТУДІҢ МАҢЫЗДЫ ФАКТОРЫ.  www.egemen.kz/indexold.php?act=readarticle&id=2742

№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ

9. Неге облыс әкімдерін де халық сайламасқа?
Амалбек ТШАНОВ,  қоғам қайраткері: әкім сайлауға әзірсіз бе? - Halyksozi.kz - Welcome!

www.halyksozi.kz/news/view/id/2120

10. Жергілікті жерлерде реттілік пен тәртіп төмендеп кетпей ме?
Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты: әкім сайлауға әзірсіз бе? - Halyksozi.kz - Welcome!

www.halyksozi.kz/news/view/id/2120

11. Бүгінгі әкімдердің халық алдындағы беделі қандай?
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы: әкім сайлауға әзірсіз бе? - Halyksozi.kz - Welcome!

www.halyksozi.kz/news/view/id/2120