Право /1.История государства и права.

З.ғ.к., аға оқытушы Әлайдар А.Ә., 2-курс магистранты Ибайдулла Т.Ш

Қ.А.Ясауи  атындағы Халықаралық қазақ-түрік университет. Қазақстан    

Қазақстан Республикасын құқықтық мемлекет ретінде орнықтырудың маңызы және ерекшеліктері  

Құқықтың мемлекет терминінің өзі ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында неміс ғалымдарының еңбектерінде жарық көрді. Құқықтық мемлекетті қалыптастыру, дамыту адам қоғамының көне заманнан негізгі мақсаты болды. ХІХ ғасырдың соңы және ХХ ғасырдың алғашқы жартысында құқықтық мемлекет теориясы  құқықтық мемлекет жөніндегі үстемдігін бекітті. Қазіргі кезеңде теорияның даусыз мойындалып отырған белгісі – мемлекет пен адам арасындағы байланыста басымдықтың адамға берілуі. Мемлекеттің міндеті тек адамдардың кейбір топтарына ғана қатысты емес, жекелей алғанда әрбір адамның мүддесіне қатысты басқарушылық шешімдер мен бағдарламаларды жүзеге асыру болып табылады. Сондықтан да құқықтық мемлекет құрудың мәселелерін кешенді түрде талқылау бірінші кезектегі міндетке жатады.

Демократиялық мемлекет құру және дамыту туралы ой-толғамдар, идеяларды қазақ ойшылдарының шығармашылық мұраларынан да көптеп кездестіруге болады. Солардың бірі Абай Құнанбаев болып табылады. Ол құқықтық мемлекеттің қағидаттарын құру мәселесі бойынша бірқатар салмақты ой-пікірлер білдірді, олардың біразы күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жойған жоқ. Ақын мемлекеттік егемендік позициясын жақтады, адамдарды ұйымдастыру мен қорғаудың жоғарғы формасы заң деп таныды. Заңның рөлі туралы Абай былай деп жазды: «бізге ата-бабаларымыздан мұра боп қалған заңдардың жиынтығын - Қасым салған қасқа жолды, Есім салған ескі жолды, Тәуке ханның «Жеті жарғысын» білу қажет».

Құқықтық мемлекеттің қалыптасуы өте созылмалы және күрделі процесс. Қазақстанның қазіргі кезеңі мемлекетіміздің жалпыға ортақ өркениетті даму жолына қайта түсуімен сипатталады. Тұңғыш рет 1993 жылғы Конституция Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы — адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жариялады. Бұл ережені бүгінгі күні қолданыста жүрген 1995 жылғы Конституциясы да дәлелдеп отыр. Яғни, Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабы Қазақстанды құқықтық мемлекет деп жариялайды. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан Республикасы Конституциясы 1-бабында былай делінген: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» [1, 1-2].

Демек Қазақстан құқықтық мемлекет құру және оның негізгі белгілерін конституциялық бекіту жолында тұр.

Құқықтык мемлекет дегеніміз - жеке адам және коғам мүддесін қорғайтын, заң үстемдігі мен құқық принциптеріне негізделген мемлекет. Құқықтық мемлекетті қалыптастыру ісі қоғамды демократияландыруға, құқықтық тәртіптің және заңдылық принциптерінің сақталуына негізделеді.

Құқықтық мемлекеттің бір белгісі мемлекеттік билікті ұйымдастыруда биліктерді бөлу қағидаттарын жүзеге асыру болып табылады. Тұңғыш рет ол жүйе құрушы қағидат ретінде 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияның 7-бабында айшықталды. Соған сәйкес, мемлекеттік биліктің барлық жүйесін реформалау жүргізілді. Қазақстан Республикасы Конституциясы 3-бабының 4-тармақшасында Республикада мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөліну қағидатына сәйкес жүзеге асырылады деп атап көрсетілген [1, 1-2].

Заң шығарушы билікті Қазақстан Республикасының Парламенті, атқарушыны — Үкімет, сот билігін — Жоғарғы сот және Қазақстан Республикасының төмен тұрған соттары жүзеге асырады. Тежемелік және тепе-теңдік жүйесінің болуы - жаңа Конституцияның өзіндік ерекшелік-терінің бірі. Тежемелік және тепе-теңдік жүйесі элементтеріне парламенттік импичмент, Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру, Президенттің парламентті таратып жіберу құқығы, Үкіметті және оның мүшелерін орнынан босатуы жатады. Қазіргі кезде конституциялық бақылау механизмі құрылуда. Республикада конституциялық бақылаудың қалыптасуы құқықтық мемлекет құру туралы пайда болған конституциялық бағыт-бағдарлармен тығыз байланысты. Басқа нормативтік актілерден Конституцияның сөзсіз басым болуы құқықтық мемлекеттің белгілерінің бірі болып табылады. Құқықтық мемлекеттің тағы бір негізгі қағидаты мемлекеттің өзінің және оның органдарының Қазақстан Республикасы Конституциясына міндетті түрде бағынышты болуынан көрінетін құқықтық үстемдігі болып табылады [2, 5-6].

Конституциялық кеңес заңдар және басқа да нормативтік актілерді, егер олар Конституцияға қайшы келетін болса, Конституцияға сәйкес келмейді деп тануға құқылы.
Қазақстан Республикасының Конституциясы адам, оның құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына деп мойындай отырып, адамның құқықтары мен бостандықтарын, ар-ожданы мен қадір-қасиетін сақтау мен қорғау мемлекеттік биліктің басты міндеті болып табылады деген тұжырымды алдыға тартады. Конституция саяси, заңдық және басқа да кепілдіктердің нақтылы жүйесін құру үшін негіз қалады. Ол өз кезегінде баршаның заң мен сот алдындағы теңдігін, мемлекет пен түлғаның екіжақты жауапкершілігін қамтамасыз етеді [3, 11-12.

Конституция Қазақстан Республикасында азаматтық қоғам қалып-тастыруға ықпал жасайды. Бұл Конституцияда идеологиялық және саяси әралуандылық танылатынынан айқын көрінеді (5-бап). Бұқаралық билікті саяси әралуандылық негізінде жүзеге асырады. Конституция саяси партияларға, қоғамдық бірлестіктерге, қозғалыстарға саяси және мемлекеттік өмірге қатысу үшін тең мүмкіндік береді. Үстемдік етуші ретіндегі қандай да бір идеологияның белгіленуіне жол берілмейді. Азаматтық қоғам мемлекет және азамат, тұтынушы және өндірушінің әлеуметтік серіктестігі, нарық шаруашылықтары меншік түрлерінің әралуандылығымен сипатталады.

1995 жылғы Конституцияның басты бір жетістігі барлық деңгейдегі соттардың тәуелсіздігінің кепілдігі болып табылады. Сот билігінің тәуелсіздігі судьялардың өкілеттігін сайлаудың, тағайындаудың және тоқтатудың ерекше тәртібімен, сонымен бірге сот құрамын құруға Жоғарғы Сот Кеңесі және Әділет біліктілік комиссиясы сияқты тәуелсіз органдардың қатысуымен айқындалады. Судьялардың тұрақтылығы қағидаты бекітілген (79-бап, 1-т.), судьялар өмірлікке сайланады және тағайындалады. Қазақстан Республикасының Конституциясына 1998 жылғы 7 қазанда Парламент енгізген қосымшалар сот ісін жүргізуді демократизациялауға бағытталған. 75-баптың 2-тармағына сәйкес қылмыстық сот ісін жүргізу заңмен белгіленген белгілі бір жағдайларда өзге де нысандар арқылы жүзеге асырылады [1, 1-2].

1995 жылғы 20-желтоқсанда қабылданған "Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы, өзгерістері және толықтыруларымен, соттарды жеке билік ретінде бекіткен, соттар өз қызметінде заң шығарушы және атқарушы биліктерден тәуелсіз.

Құқықтық мемлекеттің негізі:

-    Құқықтық мәдениет;

-    Азаматтық қоғам;

-    Заңдылық және құқықтық тәртіп;

Құқықтық мемлекеттің белгі-нышандары:

1.      Заңның үстемдік етуі.

2.      Мемлекеттік биліктің бөлінуі.

3.      Тұлға мен мемлекеттің өзара жауаптылығы.

4.      Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының шын мәнділігі, олардың құқықтық және әлеуметтік қорғалатындығы.                                                             

5.      Саяси және идеологиялық плюрализмнің болуы.

6.      Азаматтық қоғамның қалыптасуы.

7.      Ішкі заңдардың көпшілік таныған халықаралық құкықтық нормалар мен принциптерге сәйкес келуі.

Қазақстан  Республикасы  Президентінің  2010 жылғы  “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық  Өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері ” атты  халыққа  жолдаған жолдауында  Стратегиялық  жоспарын іске асырудың базалық шарттары экономиканы жаһандық қалпына келтіруге дайындау және оның сыртқы сынақтарға тұрақтылығын арттыру үшін біртұтас үш міндеттінің бірі: сенімді құқықтық орта қалыптастыруды жалғастыру екендігі  айтылған. Осы мәселені ескере отырып, әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру мақсаты ұлттың ұлы идеясын ұстанып отырған мемлекетіміздің өмірінде, құқықтық мемлекетті құру жолында саяси реформалар ерекше орын алады деген пікір баршылық [4, 8-9].

Құқықтық мемлекетті қалыптастырудың маңызды алғышарттарының ішінде азаматтық қоғамның алар орны бір төбе. Ал азаматтық қоғам алуан түрлі қоғамдық қатынастардың мемлекеттен біршама дербес болуын мақсат тұтса, бұл игі мақсат мемлекеттік биліктің құзыреті заңмен шектеліп, адам құқығы алдыңғы орынға шыққанда ғана емес, әрбір жеке адамның мүдделеріне қатысты басқарушылық саяси шешімдер мен бағдарламаларды жүзеге асыру болып табылады. Құқықтық мемлекет саяси билікті ұйымдастырудың формасы ретінде қоғамдық өмірдің барлық салаларында құқықтың үстемдігі принципімен аса күрделі ұштасуына, биліктің бөлінуіне, бүкіл мемлекеттік механизмнің құқықпен байланыстылығына, заңдардың үстемдігіне, заңдылықтың жүзеге асуына, халық егемендігінің қамтамасыз етілуіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, ар-абыройларының сақталу кепілдігіне, қоғамның және мемлекеттің мүдделеріне, жалпыазаматтық құндылықтарды және әлемдік практиканы есепке алуға негізделеді.

Қазіргі заманда құқықтық мемлекет құру қалыптастыру мәселесі ғаламдық проблемаға айналып отыр. Себебі, адам қоғамының даму тарихында ешқашан, еш елде құқықтық мемлекет болған емес. Қазіргі кезде барлық елдерде бір мазмұнды, бір нысанды құқықтық мемлекет болуға қолға алынуда. Себебі әр елдің экономикасы, мәдениеті, әлеуметтік жағдайы, рухани санасы, саясаты бір деңгейде болмайды. Бұған қоса олардың географиялық, ұлттық ерекшеліктері болады. Сондықтан болашақта құқықтық мемлекет бірнеше дамыған елдерде қалыптасуы мүмкін. Бірақ ол мемлекеттердің мазмұнында, әсіресе нысанында объективтік ерекшеліктері болады.

Құқықтық мемлекеттің негізгі талаптарына келетін болсақ, олар төмендегіше:

1) Құқықтық мемлекет азаматтық қоғамның объективтік даму процесіне сәйкес ескіріп, жаңарып жататын көп қырлы кұбылыс. Бұл мемлекетте адамның толық егеменді болуы қажет, олардың мемлекеттің билік жүргізетін органдарын кұруға қатысуы заңды түрде бекітілуі керек.

2) Құқықтық мемлекеттің экономикалық негізі - өндіргіш күш пен өндірістік қатынас және көп меншіктік шаруашылық арқылы дамуы. Құқықтық  мемлекетте меншіктің басым көпшілігі - өндіруші мен тұтынушылық билігінде болуы қажет. Бұл билік шаруашылықтың жақсы, сапалы дамуын қамтамасыз ету үшін оларға толық бостандық беруі керек. Сонда ғана қоғамның әлеуметтік, экономикалық жағдайын көтеруге, нытайтуға болады.

3)  Құқықтық   мемлекеттің    әлеуметтік негізі — өзін-өзі басқаратын азаматтық қоғамда адамдардың бостандығын, теңдігін қамтамасыз етіп, олардың жақсы еңбектенуіне, дұрыс жұмыс жасауына мүмкіншілік беру. Қоғамның әлеуметтік жағдайының жақсаруы құқықтық мемлекеттің нығаюы. Бұл екі процесс бір-бірімен тығыз байланысты. Құқықтық мемлекет сонымен бірге әлеуметтік мемлекет.

4)  Құқықтық   мемлекеттің моральдық негізі - гуманизм, әділеттік, бостандық, теңдік, адамдардың қадір-қасиетінің, ар-намысының деңгейі. Осы жоғары дәрежедегі принциптер болса құқықтық мемлекет болады. Өйткені мұндай қоғамда адамдардың рухани сана-сезімі де жоғары дәрежеде болады.

5) Құқықтық мемлекеттің саяси негізі — халықтың, ұлттық тәуелсіздігін қалыптастырып қоғамдық билікті жан-жақты дамытып, адамдардың бостандығын, теңдігін қорғап, әділеттікті, демократияны орнату, қарым-қатынастарды реттеп басқару. Міне қоғамның осы негіздеріне сүйене отырып құқықтық мемлекет орнатуға мүмкіншілік қалыптасады.

Құқықтық мемлекеттің нақты-тарихи қалыптасу тәжірибесі мен дамуы онын әлеуметтік-экономикалық және саяси деңгейімен, қоғамдық кұқықты сезіне алушылығымен, ұлттық және тарихи салт-дәстүрлермен анықталады. Мұндай жағдайлардың бірі - аталған мемлекеттің бар болуы болып табылады. Құқықтық мемлекет проблемаларымен айналысып жүрген ғалымдар, соның ішінде заңгерлер мен саясаттанушылар, ең алдымен құқықтық мемлекеттің түсінігіне, оның принциптеріне, заңдылықтарына басты назарларын аударады. Бұл жолда, әрине, құқықтық мемлекет жайындағы теориялық концепцияларды ескермей болмайды.  

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. ҚР Конституциясы. Нормативтік-құқықтық база. Қазақстан.

www.constcouncil.kz/kaz/norpb/constrk/. Қазақстан Республикасының 30.08.1995 жылғы Конституциясы (Қазақстан Республикасы Парламентінің 1996 ж., №4,217-құжат), Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 7 қазандағы Заңымен енгізілген өзгертулер мен толықтырулары (Қазақстан Республикасы Парламентінің 1998 ж., №20,245-құжат),  Қазақстан Республикасының 2007  жылғы 21 мамырдағы Заңымен енгізілген өзгертулер мен толықтырулары (Қазақстан Республикасы Парламентінің 2007 ж.

2. Искакова Г. Права и свободы человека в странах СНГ и Казахстане: состояние, тенденции, перспективы // Правовая реформа в Казахстане. - 2002. - № 2 (15).

3. Утебаева Н. Долг государства перед гражданами // Мысль. – 2005. - №11.

4. Баймаханов М.Т. // Сочетание международно-правовых и внутригосударственных форм обеспечения и защиты прав и свобод человека и гражданина. – Астана, 2007.