Саяси жүйенің ең күрделі, ең маңызды элементі – мемлекет

 

Абай ат. ҚазҰПУ, Магистратура

 және PhD докторантура институты

«6М011500 – Құқық және экономика

негіздері» мамандығының 1 курс

магистранты Қапарова Г.Е.

    

Саяси жүйенің ең күрделі, ең маңызды элементі- мемлекет. Саяси жүйенің қоғамды басқарудағы ең орталық буыны - мемлекет. Біріншіден, ол саяси жүйенің билігін, мүдде-мақсатын іске асыратын ең негізгі аппараты. Екіншіден, мемлекет саяси жүйенің барлық элементтерін біріктіріп, саяси функция арқылы қоғамның игілікті құндылықтарын әділетті болу процесін басқарып отырады. Бұл процесті басқару, бақылап отыру дегеніміз - қоғамдағы қарым - қатынастарды, олардың өзара байланысын реттеп отыру, тұрақты, жақсы дамуын қамтамасыз ету.

Мемлекет  белгілі  бір  территория шеңберіне халықты ырықсыз көндіру монополиясына ие, бүкіл қоғам атынан ішкі және сыртқы  саясатты жүргізіп отыру құқығына ие, барлық  жұртқа міндетті  заңдар мен  ережелер шығарудың  ерекше құқығына,  салық салып отыру құқығына ие болатын құрылым.

    Мемлекет саяси жүйеге белгілі бір жекелеген органдары арқылы емес, өзіндік бір саяси, аумақтық, құрылымдық бөлік ретінде кіреді. Ол өз функцияларын басқа әлеуметтік институттармен, партиялармен, кәсіптік одақтармен, жергілікті басқару органдарымен бірлесе отырып атқарады. Ол саяси жүйеде жетекші ролді иелеген, себебі:

а) оның аумақтық шекараларында азаматтық белгілі бойынша біріккен халықтың жалғыз ресми өкілі рөлін атқарады;
     ә) егемендіктің жалғыз иесі болып табылады;
     б) қоғамды басқаруға бағытталған әлеуметтік аппараты болады;
     в) қарулы құрылымдары болады;
     г) құқықшығармашылыққа қатысты монополияға ие;
     д) материалдық құндылықтардың ерекше жиынтығына (мемлекеттік меншік, бюджет , валюта және т.б.) ие.

Мемлекет - қоғамдық және саяси жүйенің құрамындағы басқарушы, реттеуші, ұйымдастырушы ең маңызды бірлестік. Оның себептері:

1) Мемлекет қоғамдағы қайшылықтарды өршітпей, дамытпай дұрыс келісімге келтірудің арбитры, әділ қазысы. Ф.Энгельс бұл жөнінде өте қасқаша былай деген: «Егерде мемлекет пен құқық өмірге келмегенде, адам қоғамы көне дәуірде ақыр замаңға тап болатын еді». Қандай тамаша айтылған пікір...!

2) Мемлекет қоғамдағы сан қырлы қайшылықтарды, ретсіз жағдайларды халықпен, бірлестіктермен, ұйымдармен, одақтармен, саяси ағымдармен, партиялармен, еңбек ұжымдарымен, бірлесіп, оларды бір келісімге келтіріп, сол келісімді бәрі бірігіп іске асырушы күш.

3) Мемлекет басында қоғамды басқарушы, қаңаушы үстемдік таптың құралы ретінде өмірге келді. Кейін қоғам дамыған сайын, мемлекет демократияны жақтап, қоғамдық мүдде- мақсатты басым түрде реттеп, басқарып отырады. Қазіргі заманда да осылай, сым түрде реттеп, басқарып отырады. Қазіргі заманда да осылай.

4) Мемлекет адамдардың, саяси - әлеуметтің күштердің үздіксіз күрестерінің нәтижесінде қоғамдағы үзіліссіз қайшылықтарды келісімге келтірудің әділ қазысы болып отыр.

5) Мемлекеттің қоғамдағы барлық мәселені шешудегі егемендігі, қоғамның дұрыс дамуы, адамдардың бостандығы мен құқықтары, әділеттік пен теңдіктің шын мәнінде қалыптасуы мемлекеттің құзыретіндегі мәселе. Өйткені қоғамдағы билік мемлекеттің қолында.

6) Қоғамның саяси - экономикалық, мәдени- әлеуметтік жағдай үзіліссіз диалектикалық даму прроцесінде болғандықтан, бұл процесті дұрыс, пайдалы басқару тек мемлекеттің қолынан келеді. Өйткені мемлекеттің құзырында барлық материалдық, саяси, әлеуметтік, әскери күштер бар. Мемлекеттік билікті іске асыратын құқықтық механизм бар [1].

      Мемлекет қоғамдағы барлық ұйымдарды, ұжымдарды біріктіріп, қоғамның саясатын, мүдде - мақсатын дұрыс, жақсы орындауын қамтамасыз етіп, саяси жүйенің жан-жақты нығаюына мүмкіншілік жасайды.

     Егемендік алғалы Қазақстан халқының әлеуметтік – экономикалық және қоғамдық саяси өміріне оң өзгерістер енгендігі ешбір дау туғызбайды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2008 жылғы Қазақстан халқына жолдауында еліміздегі қазіргі қоғамдық – саяси жағдайларды сипаттай отырып былай деген: «Демократиялық дамудың жалпыға бірдей танылған заңдылықтары мен біздің қоғамымыздың дәстүрлерін үйлестіре отырып, біз одан әрі де саяси жүйеде мемлекеттік құрылыстың Қазақстандық моделін жетілдіру жолымен жүре беретін боламыз. Бұл – біз мақтануға құқылы және бәріміз ұқыптылықпен сақтауға міндетті Қазақстандық «ноу-хау» Мұның өзі тәуелсіз мемлекетіміздің ішкі саяси тұрақтылықты сақтау және елімізде бір кісінің баласындай өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың өзара ынтымағын жарастыруға тікелей мүмкіндік туындатуда [2].

Қоғам- экономикалық және рухани біртұтастықпен, өмір сұру жағдайын ұйымдастырудың тұтастығымен сипатталатын, белгілі бір аумақтағы адамдар бірлігі.

Саяси жүйе сөздің кең мағынасында  –  белгілі бір қоғамдағы билік қатынастарының іс жүзінде анықталынып, қабылданып, орындалуының тұрақты формасы. Ол – елдегі бүкіл саяси өмір, саяси қатынастардың және саяси институттардың жиынтығы.

Сонымен, қоғамның саяси жүйесі - мемлекетік және қоғамдық ұйымдардың, еңбек ұжымдарының бірігіп, елдің саяси өміріне кірісіп, қоғамды дамытуға, нығайтуға үлес қосуы [3].

      Қоғамның саяси жүйесіндегі мемлекеттің алатын орны өте зор, өте жауапты. Мемлекет саяси партиялармен бірігіп қоғамның барлық саласының дұрыс, жағымды дамуына жауапты және сол жауапты жұмыстың басым ауыртпалығын мемлекет өз мойынына алады. Әрине, бұл тоталитарлық мемлекеттің түсінігі емес, демократиялық мемлекеттің сипаттамасы, мазмұны.

    Кез келген қоғамның саяси жүйесі жеткілікті күрделі, көпжақты және көпдеңгейлі жасалым болып келеді. Мемлекеттің орталық билік органдары және басқару аппараты аймақтық және жергілікті институттық жоғары орындармен бірге саяси өмірге қатысушы көпшілік қоғамдық топтар мен азаматтар қатары қалыптасқан институттық емес, төменгі деңгейлерде де өмір сүреді.

     Жалпы айтқанда біздің қоғамда, ендігі жеке адамның билікке, қоғамның мемлекетке кеңістік, тоталитарлық «бағыну нұсқасы» жұмыс істемейді. Алайда, қазіргі жетілген елдерге тән «мүдделер нұсқасы» да бізде әлі қалыптаса қойған жоқ. Біздің елде көбіне, Э.Дюркгейм суреттеген ұжымдық қоғам түрінің белгілері сақталған. Онымен қоса, оның әсіресе көне элементтері (тоталитарлық, әлеуметтік, топтық) белгілі бір дәрежеде тіпті жаңарып отыр. Мұның бәрі, әрине біздің қоғамда биліктің сипатына және құрылымына, түгелімен саяси жүйе қалыптасуының ерекшеліктеріне елеулі әсер етеді.

Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қалыптасқан жаңа  саяси жүйесі эволюциялық процестер, экономикалық реформалар мен дағдарыстар, қоғамдық-саяси санадағы күрт өзгерістер, жылдар бойы қалыптасқан идеалдар мен саяси құндылықтардың, бағдарлар мен сенімдердің күрт өзгеруі жағдайында өтті. Оның даму болашағы кең демократиялық өрісте болады деп есептейміз.

 

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

 

1.     Е.Баянов. Қазақстан Республикасының мемлекеті мен құқығының негіздері. Оқу құралы. – Алматы, 2003.

2.     Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы, 2008 жылғы 16 ақпан.

3.     Сапарғалиев Ғ., Ибраева А.С. Мемлекет және құқық теориясы. Оқулық – Астана: Фолиант, 2007.