Уалиева Ж.Б.,Камешова А.К.

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің оқытушысы, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің 3 курс студенті

Қылмыстық жауапкершіліктен босату институтының қылмыстық құқықтағы ролі: салыстырмалы талдау

 

Кез-келген мемлекет кепілдік беретін басты құндылықтарын жауапкершілікпен үрейлендіруді ғана қолдана бермейді, сонымен қатар кінәлілерге тиісті негіздері болғанда қылмыспен күресудің көздеген мақсатына кей реттерде қылмыс жасаған тұлғаны қылмыстық жауаптылыққа тартпай-ақ, оны қылмыстық жауаптылықтан босату жолымен жетуге болады.

Қылмыстық жауаптылықтан босатудың құқықтық сипатын анықтау үрдісін қылмыстық жауаптылық пен оның мәні туралы мәселеде нақты бір пікірдің жоқтығы қиындата түседі. Бұл мәселені шешуде екі негізгі бағыт бар. Бірінші бағытты ұстанғандар бұл проблеманы қылмыстық жауаптылық пен жазаны біртұтастандыру арқылы және қылмыстық жауаптылықтан босатуды қылмыстық жазадан босатумен біріктіру арқылы шешуге тырысады. Екінші көзқарастың негізін қылмыстық жауаптылық ұғымымен қоса қылмыс жасаған адамға қатысты заңда белгіленген басқада тиімсіз салдарлар жатқызылады. Ал қылмыстық жауаптылықтан босату өтеуден босатумен шектеліп қалмай, басқа да тиімсіз салдарлардан, мысалы сотталудан да босатылуды қамтиды.

Қылмыстық белгілері бар әрекет жасаған, бірақ қоғамға елеулі қауіп келтірмейтін адамдарға соттар қылмыстық жаза қолданбай – ақ, олардың түзелетіндігі мен қайта қылмыс жасамайтындығы туралы мәселені талқылап, негіз болған жағдайда ондай адамдарды ҚҚ- нің 65-68-баптарында көрсетілген негіздер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатуға тиіс. Соттың адамды қылмыстық жаза шараларын қолданбай – ақ түзеуге болатындығы туралы тұжырымы істің жан – жақты, толық және сотталушының жеке басы туралы мәліметтерге негізделуі қажет, - деп атап көрсетілген[1]. Осы аталған негіздер мен қылмыстық жауаптылықтан босату түбегейлі түрде шартсыз жүзеге асырылады.

ТМД мемлекеттерінің ішінен Ресей Федерациясының қылмыстық заңының 76.1 бабында экономикалық қызмет саласындағы қылмыста қылмыстық жауаптылықтан босату көзделген, яғни қылмысты бірінші рет жасаған және келтірілген залалдың орнын толық түрде толтырса  қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Ал біздің қылмыстық заңда жеке бөліп қарастырмаған. Тек ерекше бөлімнің «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар» таруында 193, 208, 214 баптарында ескертуде ғана қарастырылған. Жағдайдың өзгеруіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату түрі Ресей Федерациясында мүлдем көрсетілмеген[2]. Украина мемлекетінің қылмыстық заңының 44 бабында «жауаптылықтан босатудың құқықтық негізі мен тәртібі» көрсетілген. Қылмыстық жауаптылықтан тек қана сот босата алады[3]. Осы кезеде өз ұсынысымызды да айта кетсек біздің Қылмыстық кодексте де қылмыстық жауатылықтан тек қана сот босата алатынын нақты көрсету керек. Өзбекстан мемлекетінің қылмыстық заңнамасының 67-бабында «ауруына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату» көзделген[2], біздің заңнамада «ауруға шалдығуына байланысты» тек қылмыстық жазадан босатудың бір түрі ретінде қарастырылады.

Қырғызстанның қылмыстық заңнамасында шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату деген түрі қарастырылмаған, бірақ ерекше бөлімнің кейбір баптарында ескертуде шын өкініп, өз еркімен қылмыстың орнын толтырған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады деп жазылған, яғни Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексі ретсіз және қылмыстық үлгі кодексіне сәйкестендірілмеген[2]. Мұндай заңнамамен жұмыс істеу қиынға соғады. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда біздің қылмыстық заңнама гуманизм және үлгі қылмыстық кодексіне сәйкес келеді. Мысалға Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан мемлекетерінде адамға қаза келтіру жағдайларында ешқандай да қылмыстық жауаптылықтан босату институты қолданылмайды.

Қылмыстық құқықты дамытудың маңызды бағыты, ең алдымен аса қоғамдық қауiп тудырмайтын адамдарға (абайсызда қылмыс жасаған кәмелеттiк жасқа толмаған адамдар, өзге де адамдарға - жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар) қатысты қылмыстық жазалаудан босатудың шарттарын кеңейту арқылы қылмыстық қуғын-сүргiндi қолдану аясын кезең-кезеңмен қысқарту мүмкiндiгiн айқындау болып табылады[4]

Қорытындылай кетсек, қылмыстық жауаптылықтан босату институты өте күрделі және тәжірибелік қалыптасудағы институт. Қылмыстық жауаптылықтан босату қылмыстық-құқықтық мәжбүрлеуді біртіндеп жеңілдетумен азайту тенденциясын бейнелейді. Барлық жауаптылықтан босату түрлері әр жағдайда жеке-дара, тұлғаның жеке қасиеттерін терең талдау нәтижесінде және осы тұлғаның қылмыстық жаза шарасын қолданбай түзелуі мүмкін деп танылған жағдайда ғана қолданылуы тиіс.

Қылмыстық жауаптылықтан босату түсінігін қылмыстық жауаптылықтың өзі арқылы шығара отырып, соттың қылмыс жасауда кінәлі тұлғаға қатысты айыптау үкімін шығарудан және осымен байланысты оған қылмыстық-құқықтық санкциялар(жазалар) қолданудан бас тартуы ретінде анықтауға болады.

Нақты бұндай бас тарту қылмыстық-құқықтық қатынастардың тоқтатылуына әкелетін қылмыстық істің тоқтатуы туралы сотпен және құқық қоғау органдарының шешім шығаруынан тұратынын анықтап отырмыз. Яғни, қылмыстық жауаптылықтан босату анықтамасын аша отырып, қылмыс жасауда кінәлі тұлғаны қылмыстық жауаптылықтан босату туралы шешім шығара отырып, құқық қорғау органдары, сонымен қатар сот жасалған қылмыстың ауырлығын жан-жақты қарайды, кінәлі тұлғасын сипаттайды және тұлға үлкен қоғамдық қауіптілігі жоқ, оның әрекеті қоршаушыларға теріс әсе етпейтіне қорытынды жасап, оны жазаламауы, яғни бас бостандығынан айыру түріндегі санкцияларын, сонымен бірге қылмыстық- құқықтық сипаттағы басқа шараларды қолданбай, сеніммен қарауын айтуға болады.

Құқық қолдану органдары, қылмыстық әрекет жасаған тұлғаға өзінің қателерін дұрыстауға және өзінің қоғамға қатынасын өзгертуге, яғни дұрыс өмір сүруге, заңды бұзбауға мүмкіндік береді. Ғылымда негіз ретінде мәнді белгі түсініледі, ол бойынша әсер, ұғым, себеп анықталады. Бірақ біздің қөзқарасымызша бұл пайымдау, қандай да бір норманы қолдану үшін қажетті басқа жағдайлардан «негіздің» айырмашылығын көрсетпейді.

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 30 сәуірдегі «Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттардың заңдылықты сақтауы туралы» № 1 Нормативтік қаулысы Қайнар көз: Справочная система Юрист, 23.11.2009.

2.www.legislationline.org/ru/documents/section/…

3.ruszona.ru/2007/05/14…kodeksy_rossi_i_ukrainy.html

4.Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейiнгi кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2009 жылғы 24 тамыздағы N 858 Жарлығы Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., N 35, 331-құжат; "Егемен Қазақстан" 2009 жыл, 28 тамыз, N 281-283