Ералиева Ж.Д.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Қылмыстық  заңының  кеңістіктегі  КҮШІН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕТТЕУ

                                                         

                                                                                                                             

       Әрбір мемлекет өзінің сыртқы саясатын айқындағанда ең біріншіден, көршілес елдермен қатынасының нысанын белгілеуге көңіл аударады. Достастықтың өмір сүруінің құқықтық негіздерін көрсететін Келісімнің 5-бабында (ТМД құру туралы Келісім, Минскі 8 желтоқсан 1991 ж; ТМД құру жөніндегі Келісімге қосылу туралы Алматы Декларациясы, 21 желтоқсан 1991 ж; Хаттама) Достастыққа кіретін 11 мүше мемлекеттердің мемлекеттік егемендікті сыйлау, аумақтық біртұтастық және шекараның мызғымастығын таниды, сыйлайды. Бұл мемлекеттер шекара ашылғандықтан, азаматтардың еркін жүріп-тұруы мен ақпарат алмасуды кепілдейді деп бекіткен.

       Көршілес одақтас елдердің азаматтарының еркін жүріп-тұруы тәжірибеде қылмыстық заңдардың кеңістікте қолданылуына қатысты ережені нақты іске асырумен байланысты көптеген проблемаларды әкелді. Қазақстан Республикасы қылмыстық заңның кеңістіктегі күшінің қағидаларын танып қана қоймай, олардың халықаралық құқық талаптарына сай орындалуын мемлекеттік қадағалауды өз міндеттерінің бірі ретінде қарайды және оған жауап беруге әрқашан дайын болуды мойнына алып отыр. Кез-келген еркін елдер секілді Достастыққа мүше мемлекеттер өз аумағының барлығына толық билік етеді, ешқандай мемлекеттің билігі оның аумағында жоғары биліктің қызметін иемдене алмайды. Бұл қылмыстық заңның кеңістікте әрекет етуінің аумақтық қағидасы Достастық мемлекеттерінің барлығының дерлік заңдарында негізгі қағида ретінде бекітілген. Халықаралық құқықтың белгілі қағидаларын басшылыққа алу халықаралық құқық субъектілерінің өзара келісіп қызмет етуіне көмегін тигізеді. Мысалы, халықаралық қылмыстық құқықта қылмыскерлерді ұстап беру бойынша жалпы ережелер бекітілсе, әрбір нақты іс бойынша туындаған мәселелер ұлттық қылмыстық құқықта қылмыскерлерді ұстап беру бойынша жалпы ережелер бекітілсе, әрбір нақты іс бойынша туындаған мәселелер ұлттық қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдарында пысықталады. Халықаралық шарттарда іс-әрекеттің қылмыстылығы мен халықаралық қылмыстар құрамының объективтік және субъективтік белгілері анықталса, ұлттық қылмыстық құқық халықаралық қылмыстар мен халықаралық сипаттағы қылмыс жасағандарға жаза тағайындауды реттейді және осы құқықтың өзінің мемлекеттің аумағында қолданылуының шектерін белгілейді.

       Мемлекеттер арасындағы құқықты қолдануға байланысты мәселелерді анықтаған кейін, қылмыстық заңды кеңістікте қолданудың аумақтық қағидасын шет елдерде қолдану ерекшелігін ашу маңызды. Ол кезде бізді алдымен қылмыс жасау орнын анықтау қызықтырды. Себебі, шет елдердің қылмыстық заңдарында қылмыс жасау орнын анықтауға қатысты назар аударуға тұрарлық жағдайлар бар.

       Польша қылмыстық заңы қылмыстық заңның кеңістікте әсер етуін өзінше реттеуге талпынған. Ол бойынша шет елде үкімнің шығарылуы Польша сотының қайтадан қылмыстық ізге түсуіне кедергі бола алмайды. Яғни бұл елдің заңы да халықаралық құқық ережелерін өзінше икемдеуге ұмтылған.

       Белорусь Республикасының қылмыстық заңының 6-бабының 3-бөлігінде БР ҚК-нің қылмыс орнына қарамастан халықаралық шарттарда және осы бапта көрсетілген қылмыстарды жасағандардың тартылатыны жазылған. Бұл мәселенің шешімі Украина, Литва республикасында да осындай.

      Аумақтық қағида бойынша Қазақстан Республикасы аумағында жасалған кез-келген қылмыстық жазаланатын іс-әрекет үшін жауаптылық ҚР ҚК бойынша туындайды.

      Қазіргі уақытта мемлекеттердің халықаралық қызметінің қалыпты қызмет етуін  қамтамасыз ету үшін қылмыстық заңдарда дипломатиялық өкілдер мен иммунитетті пайдаланатын адамдардың қылмыстық жауаптылығы мәселесі жан-жақты бекітілген. Мәселен, Жапония елінің қылмыстық заңында қылмыстық заңның кеңістіктегі күшінің аумақтық қағидасының шектеулері нақты көрсетілген. Олар екі топқа бөлінеді: біріншіден, ұттық құқықтан туындайтын:

а) император;

б) парламент депутаттары; екіншіден, халықаралық құқықтан туындайтын:

а) шетелдік монархтар, президенттер, олардың отбасы мүшелері мен жапон азаматтары емес күтушілері;

б) шетелдік дипломатиялық өкілдер, олардың қызметкерлері, отбасы мүшелері, жапон азаматтығы жоқ жалдамалы жұмысшылары мен күтушілері;

в) Жапонияда тиісті келісім бойынша жүрген шетелдік әскерлер мен әскери кемелердің оларды қызметкерлерінің иммунитеті.

        Ресей Федерациясы Қылмыстық Кодексі мен Қылмыстық істер жүргізу кодексіне халықаралық шарт нормаларының нақты енгізілгені назар аудартады. Біздің де қылмыстық кодекс осыған ұқсас. Ол ҚР ҚК-нің 6-бабының 4-бөлігінде көрсетілген, жауаптылыққа тартудың ерекшеліктері ҚР ҚІЖК-ның 53-бөлімінде «Қылмыстық ізге түсуден артықшылықтары мен иммунитетттері бар адамдардың істері бойынша іс жүргізудің ерекшеліктері» атты бөлімінде бекітілген. Иммунитет сөзінің мәні оны пайдаланатын адамдардың қылмыстылығы мен жазаланушылығын жоққа шығаруда білдірмейді. Ол осы мемлекеттің аумағында қылмыс жасаған жағдайда шетелдердің дипломатиялық өкілдері мен иммунитеті бар өзге де адамдардың қылмыстық жауаптылығы мәселенің халықаралық шарт нормалары негізінде шешілетін көрсетеді. Мәселен, Қазақстан мен Ресей Үкіметтері ҚР-ның РФ-да, РФ-ның ҚР-да дипломатиялық өкілдері мен консулдық мекемелерін орналастыру үшін тараптар бір-біріне ғимараттар мен жер участкелерін 49 жылға белгілі бір мөлшердегі жалға беру ақысы негізінде жалға беретіндігіне келісті. Яғни, жалға алған ғимараттар мен жер телімдері ол мемлекеттердің аумағы болып есептелмейді. Қазіргі кезде Байқоңыр кешені жалға беру шартының негізінде Ресейдің пайдалануында болғанмен, ол қала жалға беру шарттары бойынша қызмет ететін ҚР-ның әкімшілік-аумақтық бірлігі.

         Қылмыстық заңның кеңістіктегі күшінің экстерриториялық (эксаумақтық) қағидасы қарастыратын бірден-бір мәселе-мемлекет шекарасынан тыс жерлерде орналасқан объектілер мен аймақтарда жасалған қылмыстарға қолданылатын заңды анықтау. Мұндай объектілер мен аймақтарға: 1) мемлекеттің шекаралас аймағы; 2) құрлықтық шельфі; 3) айрықша экономикалық аймақ; 4) құрлықтық шельф пен теңіз айрықша аймағында орналасқан жасанды аралдар мен қондырғылар; 5) осы объектілер айналасындағы қауіпсіздік аймақтары; 6) арктикалық және антарктикалық станциялар; 7) қай жерде жүргеніне қарамастан әскери кемелер; 8) ашық теңізде немесе оның үстіндегі әуе кеңістігінде жүрген кемелер; 9) осы мемлекетте тіркелген ғарыш кеңістігіндегі объектілер жатады.

        Шет елдер практикасында қылмыскерді жауапқа тартқанда адамның азаматтықты алуына қатысты кедергілер де болатыны белгілі дүние. Кей мемлекеттер адам азаматтықты қылмыс жасағанға дейін алу керек десе (Испания, Португалия т.б.), кейбір мемлекеттер кінә тағылып отырған қылмысты істегеннен кейін де, осы елдің азаматтығын алған адамдарды қорғаумен қамтамасыз етеді (Франция, Швеция және т.б.).

        ҚХР Қылмыстық заңның 10-бабында заңның кеңістіктегі күшінің азаматтық қағидасы Қытай аумағынан тыс жерлерде заң бойынша қылмыстарға жатқызылған әс-әрекетті жасаған Қытай азаматтарына Кодекстің күші жүреді. Егер осы Кодекс ережелеріне сәйкес, ең жоғарғы жазаның мөлшері бас бостандығынан айырудың үш жылға дейінгі мерзімінен аспаса, заң бойынша жауаптылыққа тартпауға болады деп бекіткен. Сонда Қытай заңы шекарадан тыс жерлерде елеулі емес қылмыс жасаған адамды жауапқа тартуды  соттың қарауына берген. Дәл осындай мәселе бізде де тиісті шешімін тапқан деуге болады. Өйткені, ҚР азаматтығын алудың белгіленген тәртібі бар, осы азаматтықты рәсімдейтін құжатты алғанға дейін ол Қазақстанның азаматы болып танылмайдығын олар тиісті мәртебесіне қарай шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ адамдар болып танылады. Қазақстан Республикасы азаматтардың басқа елдің азаматтығын алуына жол берілмейді.

       Қылмыс жасаған адамдарды ұстап беру  ҚРҚК-тің 8-бабында қарастырылған.  Басқа мемлекеттiң аумағында қылмыс жасаған Қазақстан Республикасының азаматтары, егер халықаралық шартта өзгеше белгiленбесе, ол мемлекетке ұстап берiлмеуге тиiс.Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде қылмыс жасаған және Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес қылмыстық жауапқа тарту немесе жазасын өтеу үшiн шет мемлекетке ұстап берiлуi мүмкiн.                                                                                                                                          

       Егер қылмыскер сұранып жатқан  мемлекеттің азаматы болса, ол берілмейді. Мұндайда Конвенцияның 72-бабына сәйкес оған қатысушы мемлекеттер қылмыскерді беруді сұрап жатқан мемлекетте қылмыс істегені үшін өз азаматтарына қатысты  қылмыстық қудалауда жүргізеді (мұнда мемлекет өз қылмыстық заңын пайдаланады).                                                                                   

         Аталмыш шарттың 2-бабына сәйкес тек екі келісуші мемлекетте де іс-әрекет қылмыс деп танылғанда ғана қылмыскерді сұраушы мемлекетке беруге болады. Егер қылмыс сұратылып жатқан мемлекетте толығымен немесе ішінара істелген болса,онда сол мемлекет қылмыскерді сұрап жатқан мемлекетке сұранысын қанағаттандырудан бас тарта алады.Егер қылмыскер сұраныс бойынша басқа мемлекетке берілген болса,онда сол мемлекетте оны сұраныс заты болған қылмыстан басқа қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке оны берген мемлекеттің рұқсатынсыз тартуға болмайды.Беру туралы сұраныста оны жалдап отырған мекеме туралы мәлеметтер,іс-әрекетті қылмыс деп танитын сұраныс жасаушы тараптың заңының мәтіні, осы іс-әрекетті істеген және сұраныс бағытталып отырған адам туралы мәлеметтер,келтірілген материалдық зиян туралы мәлеметтер көрсетілуі керек . Қылмыскерді беру туралы сұраныс келіп түскен соң 15 күн ішінде оған жауап қайтарылады.                                                                                               

        Қорытындылай келе, бұл мақалада  Қазақстан Республикасындағы Қылмыстық заңының  кеңістіктегі күшінің қолданылуының халықаралық қалай реттелетіндігі, қандай жағдайларда кері күші бар екендігі зерттелген. Сонымен қатар, қылмыс жасаған адамды ұстап беру мәселесі көрсетілген. Бұл мәселе теория жүзінде қалай қолданылады, тәжірибемен қалай ұштасатындығы жөнінде бірнеше мысалдар көрсетілген және Қазақстан Республикасының Қылмыстық Заңы арқылы жүзеге асырылуын қарастырған.     

                          

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1. «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне түсінік».- Алматы, 2011ж.

2.  С.М. Әпенов. «Қылмысты квалификациялаудың ғылыми негіздері».-Алматы, «Заң әдебиеті», 2006ж.

3. А.Н. Ағыбаев.  «Қылмыстық құқық» жалпы бөлім. - Алматы, Жеті жарғы 2001 ж.

4. «Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі» Юрист баспасы. -  Алматы 2011ж.

5. «Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасы» //Егемен Қазақстан.-03 қазан 2002 ж № 949

6. « ҚР- ның кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері» //Егемен Қазақстан 15 қараша, 2011ж № 543-547.