Право/8.
Конституционное право
Оқытушы, құқық магистрі
Пошанов Н.Н., студент Қосбармақов Н.
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік
Университеті, Түркістан
Сайлау құқығының түсінігі және
оның қағидалары
Сайлау саясатта
кеңінен тараған билік өкілеттілігін бөлу
тетіктерінің бірі болып табылады. Билікті бөлуде сайлаудан
басқа тағайындау әдісі, биліктің мұра болып
берілуі, кооптация (сайланбалы органдар құрамына қосымша
сайлауды өткізбестен жаңа мүшелерді немесе кандидаттарды
енгізу) қолданылады. Бұлардың, әрине, сайлауға
қарағанда бірқатар артықшылықтары бар. Мысалы,
тағайындау әдісі мәселелерді қарастыру мен оларды шешу
жолдары біріңғай саяси пікірлес топты құруға
мүмкіншілік жасайды. Тағайындалған тұлға тағайындаушының
алдында жеке жауапкершілікте болады және «жоғарыдан төмен
билік» пен «тікелей бағыныштылықты» құрады.
Заң
әдебиеттерінде «сайлау» түсінігі тар және кең
мағынада қолданылады. Бірінші жағдайда сәйкестелген
аумақта тұратын сайлаушылардың өкілді орган
құрамына ұсынылған кандидатуралар бойынша дауыс беруі
түсіндіріледі. Ал, екінші жағдайда әрбір мандатқа екі
немесе одан да көп кандидаттар ұсыну шартымен мемлекеттік билік
органдарын құру тәсілі анықталады.
Қазіргі
кезеңде әлемде өкілді органдарды сайлау әдісі
кеңінен тараған және түрлері сан алуан. Жалпы, сайлау
арқылы әртүрлі билік органдары – парламенттер, мемлекет
басшылары, кей жағдайларда үкімет, сот органдары, жергілікті
өкілді және атқару органдары, жергілікті өзін-өзі
басқару органдары құрылады.
Заң
әдебиеттерінде «сайлау құқығы» екі түрлі –
объективтік және субъективтік
мағынада қолданылады.
Объективтік сайлау құқығы – мемлекеттік билік
органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының
сайлауын өткізу барысында туындайтын қоғамдық
қатынастарды реттейтін құқықтық нормалар
жүйесі.
Субъективтік сайлау
құқығы - азаматтардың мемлекеттік билік органдары
мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауына
қатысу, оларды сайлау және сайлану құқығының
мемлекетпен кепілдендірілген мүмкіншіліктері [1, 355]. Бұл
тұрғыда, сайлау құқығын белсенді және
бәсең сайлау құқығы деп бөлуге
болады.
Белсенді сайлау
құқығы азаматтардың билік
құрылымдарын құруда және республикалық
референдумдарда қатысу құқығы. Ал, бәсең
сайлау құқығы азаматтардың мемлекеттік билік
органдары мен сайланбалы жергілікті өзін-өзі басқару
органдарына сайлану құқығы.
Қазақстан
Республикасының сайлау құқығының
өзінің қайнар көздері бар. Оларға сайлауды
өткізу тәртібін анықтаушы
конституциялық-құқықтық нормаларды
қамтитын нормативтік құқықтық актілер
жатады.
Сайлау
құқығы белгілі қағидаларға
негізделеді. «Тең
мағыналы түсініктемелер» болып саналатын, сайлау
құқықтарының қағидалары немесе сайлау
қағидалары дегеніміз, ол – «құқықтық
нормалармен бекітілген, сайлау процестерінің демократизмін және
мәнін білдіретін, маңызды басшылық бастамалар» [2,58]. Сайлау заңнамасының даму барысында әлемдік
қауымдастықта сайлау құқығының
негізгі қағидалары бекітіліп, бұлар көптеген
мемлекеттер тарапынан мақұлданып, халықаралық
әмбебеп және аймақтық құжаттарда,
сондай-ақ кейбір мемлекеттердің ұлттық
заңнамасында көрініс тапқан.
Сайлау құқықтарының нормаларын бағалау,
түсіну және түсінік беру жұмыстары, олардың зор
маңыздылығын білдіретін сайлау құқықтары
қағидаларының өнбойы арқылы өтеді. Сайлау
құқықтары қағидаларын саралаудың
яғни классификациялаудың күрделі мәселелері әлі
күнге өз шешімін таппай отыр. Көпшілік таныған,
мойындаған біртекті классификация жоқ, әрбір автор өз
нұсқасын ұсынуда. Мысалы, С. Д. Князев бұл
қағидаларды, олардың сайлау
құқықтарының ара қатынастарын
құқықтық реттеу механизмі арқылы белгілі
бір мақсатқа бағытталғанын пайдалана отырып, екі
топқа бөледі:
–
сайлауды
ұйымдастыру мен оны өткізу қағидалары (мезгілділігі мен
міндеттілігі, ерік білдіру еркіндігі, баламалығы, сайлауды
ұйымдастырушы және жүргізуші ұйымдардың
тәуелсіздігі);
–
азаматтардың
сайлауға қатысу қағидалары
(бұқаралық, теңдік, тікелей сайлау
құқығы, жасырын дауыс беру, сайлауға қатысу
еріктілігі) [3,23].
Сайлау құқығының негізін өте
күрделі материалдық-процессуалдық құрылым ретінде
қарау - сайлау қағидаларын саралаудың ұтымды
негізделген бағыты ретінде ұсынылады.
Яғни, бұл дегеніміз сайлау құқығының
қағидаларын
материалдық-құқықтық және
процессуалдық-құқықтық деп саралауға
болады. Материалдық-құқықтық
қағидалар сайлау саласындағы қатынастарды
құқықтық реттеудің негізі, бастауы болып
табылады. Оларды азаматтардың
сайлауға қатысуы қағидасы және сайлауды
ұйымдастыру және өткізу қағидасы деп бөлуге
болады. Ал, сайлау
процесінің қағидаларына – сайлау процесінің
заңдылығы, анықтығы, сайлауды ұйымдастыру мен
сайлауды өткізуді арнайы құрылған органның жүргізуі жатады.
Халықаралық құқықтық актілерде
сайлау қағидалары кешенді түрде қарастырылады. Мысалы,
Адам құқығының жалпыға бірдей
декларациясының 21-ші бабының 3-ші тармағында және
Азаматтық және саяси құқықтардың
халықаралық
пактісінің 25-бабының в) тармағында - сайлаудың
бұқаралығы, теңдігі, сайлаушылардың ерік білдіру
еркіндігі және құпия дауыс беру сияқты сайлаудың
негізгі қағидалары айқындала түседі.
ЕҚЫҰ-ның адамзаттық өлшемдері туралы
Конференциясының Копенгагендік мәжілісінің
құжатында демократиялық сайлаудың негізгі
халықаралық қағидалары анықталған:
«Халықтың
еркі үкімет басқаруының негізінде қызмет етуі
үшін қатысушы-мемлекеттер:
7.1. Сайлауды заңда бекітілгендей, ақылға сиымды
аралықтарда өткізіп тұрады.
7.2. Мандаттардың, тым болмаса ұлттық
заңнамалық органның бір палатасында,
бүкілхалықтық сайлау кезінде, кандидаттардың еркін
атсалысатын нысаны болуына жол береді.
7.3. Кәмелетке толғандардың жалпылама және
тең сайлау құқығына кепілдік береді.
7.4. Дауыс берудің құпия өтуін немесе еркін дауыс
беру арқылы тең
әрекеттердің жүруін,
дауысты санау және оны жариялаулардың шынайылығын,
сондай-ақ ресми қорытындылардың баспасөзде жариялануын
қамтамасыз етеді…
7.6. Жеке тұлғалардың немесе топтардың
құқықтарын сыйлайды, оларға толық
тәуелсіздік жағдайында өздерінің саяси немесе
басқа да партияларын құруға кедергі жасамай және
осындай саяси партиялар мен ұйымдарға, бір-бірімен заң
және үкімет органдары алдында тең дәрежелілік
негізінде, қажетті заңды кепілдемелер ұсынылады» [4].
Осылайша, сайлау өткізудің негізгі қағидалары болып
– жариялылық, жалпыға
бірдей, теңдік, тікелей дауыс беру, мезгілділігі, саяси және
идеологиялық көпжақтылық, ерік білдіру
бостандығы, дауыс беру құпиялылығы, сайлау еріктілігі -
сайлау өткізудің негізгі қағидалары болып табылады. Осы қағидалар
еліміздің Конституциясында және «Қазақстан
Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында тура
және жанама түрде анықталып, бекітілген.
Жалпыға бірдей сайлау құқығы
қағидасы – мемлекет
азаматтарына олардың жынысына, ұлтына, нәсіліне және
діни көзқарасына, нанымына, әлеуметтік және
лауазымдық және мүліктік жағдайына қарамастан
сайлау құқығын және сайлау процестеріне
қатысу құқығын қамтамасыз етеді. Қазақстанда сайлаушылар шеңбері шектеулі бола алады, егер де сот азаматты әрекет
қабілетсіз деп таныған жағдайда және сот үкімі
бойынша бас бостандығынан айыру орындарында жасаған қылмысы
үшін жазасын өтеп жатқан тұлғалар сайлауға
қатыса алмайды.
Сайлау құқығының теңдік
қағидасы - барлық сайлаушылар сайлауға теңдік негізінде қатысады әрі
олардың әрқайсысының бір бюллетеніне тиісінше бір даусы
болады. Бұдан басқа, бұл қағиданы
сақтау үшін, барлық дауыстардың теңдігі мен дауыс
беру нәтижесіне тең ықпал етуі маңызды шарты болып саналады.
Сондай-ақ, бұл қағиданың
сақталуы шарттары бүкіл дауыстар салмағының тең
болуы және олардың сайлау нәтижесіне тең ықпал
етуі болып табылады. Бұл біріңғай өкілдік нормасымен
қамтамасыз етіледі, яғни сайлау округтерінде тең сайлаушылар
саны бойынша құру арқылы әрбір депутатқа дауыс
беру.
Төте сайлау құқығы – Қазақстан Республикасының Президенті,
Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын,
жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін
сайлау кезінде қарастырылған [5]. Әрбір сайлаушы Президент, Парламент Мәжілісі
және маслихаттар депутаты, жергілікті өзін-өзі басқару
органдарына мүшелігінде болуын қалайтын үміткерге тікелей
өз даусын береді. Ұлттық заң шығарушы
органның бір палатасының депутаттарын тікелей дауыс беру арқылы
сайлау демократиялық сайлаудың шарттарының бірі болып
табылады. Сонымен бірге жанама дауыс
беруді халықтың еркін білдірудің демократиялық емес нысаны деп есептеуге де болмайды.
Өйткені көптеген мемлекеттерде соның ішінде
демократиялық мемлекеттерде мемлекеттің жоғарғы
органдары мен лауазымды тұлғалары жанама сайлау арқылы
сайланады. (АҚШ, ФРГ – президенттері, Францияда – Сенат және т.б.)
Қазақстанда
Парламент Сенатының депутаттарын жанама түрде сайлау
республикалық деңгейде әр түрлі аймақтағы
адамдардың өкілдігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жанама
сайлауда таңдаушылар олардың аздығынан алдын-ала келісімдерге
келе алады, яғни Сенат депутатына сайланатын кандидаттарды алдын-ала
бағалап, Сенатқа білікті, барынша кәсіби, іскер кандидаттардың
сайлануын қамтамасыз етеді [2,72].
Жасырын дауыс беру
қағида ретінде сайлаушының сыртынан бақылау және
ерік білдіруін қадағалау мүмкіншілігінен алшақтатады
және бұл ерік білдірудің толық бостандығына кепіл
беруге бағытталған. Құпиялықты қамтамасыз
ету мақсатында дауыс берілетін орындарда сайлаушылар өз
бюллетеньдерін толтыру үшін сырт көзден тасалайтын, жабық
арнайы кабинкалармен жабдықталады. Жабық дауыс беруде сайлау
бюллетеньдері нөмірленбейді немесе ешқандай белгі қойылмайды,
сөйтіп дауыс берушінің жеке басын анықтауға жол
берілмейді. Дауыс берудің бұзылуына кінәлі лауазымды
адамдарға заңи жауапкепшілік белгіленген.
Сайлау еркіндігі дегеніміз - әрбір азамат сайлауға
қатысуды немесе қатыспауды өзі шешеді дегенді білдіреді.
Азаматтарды ешкім де еріксіз сайлауға қатыстыра алмайды, немесе
сайлауға қатысу құқығынан айыра алмайды.
Әрбір азамат сайлауға қатысу немесе қатыспау туралы
шешімін саналы түрде шешуі қажет. Өткен Президент сайлауы
кезінде сайлаушылар электораты жоғарғы белсенділік танытты, бұл халықтың саяси мәдениетінің
көтерілу көрсеткіші болып табылады.
Ерік білдіру
бостандығы қағидасы қазақстандық
заңнамада сайлаудың еркіндігі қағидасының
жалғасы ретінде көрсетілген. Яғни, ешкім де азаматты
сайлауға қатысуын немесе қатыспауын мәжбүрлей
алмайды, сондай-ақ оның ерік білдіруін шектеуге жол берілмейді. [5]. Азаматтарға өз
еркін білдіруде толық бостандық кепілдендірілген және
кез-келген қысым жасауға тыйым салынады. Э.
Мұхамеджанов сайлау заңнамасындағы барлық
кандидаттарға қарсы дауыс беру немесе барлық саяси партияларға
қарсы дауыс беру жағдайын алып тастауды теріс бағалайды [6,54].
Егер де, азамат өз бюллетенін бос қалдырса, онда бұл сайлау
нәтижесін бұрмалауға алып келеді. Заңнамадағы
мұндай өзгеріс сайлаушылардың саналы түрде барлық
кандидаттарға және саяси партияға қарсы дауыс беруі
есепке енгізілмейді және бұл сайлау
құқығының бұзылуына сілтейді.
Сайлау процесін
ұйымдастырудың конституциялық қағидалары,
оның ішінде заң негізінде сайлауды өткізудің
міндеттілігі және мерзімділігі қағидалары еркін сайлау
өткізу және
заңның үстемділігіне негізделген демократиялық
азаматтық қоғам мен құқықтық
мемлекет құруға жағдай жасайды.
Сайлау мезгілділігі қағидасы – Қазақстан Республикасының
Конституциясында және сайлау туралы Конституциялық заңында
бекітіліп және сонда белгіленген мерзімге сай сайлаулар уақытылы
өткізіліп тұруын қадағалайды. Мәселен, Президент
сайлауы бес жылда бір рет өткізіліп тұрады, ал Сенат
депутаттарының өкілеттілігі – алты жыл, Мәжіліс депутатарының
өкілеттігі – бес жыл [5].
Саяси және идеологиялық
көпжақтылық – сайлау құқығының
қағидасы ретінде саяси партиялар мен басқа
да қоғамдық
ұйымдардың сайлау процесіне еркін және теңдік негізінде
сайлауға қатысуын білдіреді. Бұл қағида ең
алдымен Қазақстан Республикасының Конституциясында (5-бап)
және заңнамаларда үкіметтің басқару
органдарының депутаттығына кандидаттарды, сонымен қатар,
Президенттікке кандидаттарды тіркеу туралы, аймақтық сайлау
комиссияларын құру туралы нормаларында, Қазақстан
республикасының «Саяси партиялар туралы» және
«Қоғамдық ұйымдар туралы» заңдарында аталып
көрсетілген. Сайлау комиссиясының мүшелігіне кандидаттар
бұрын республикалық та, жергілікті де қоғамдық
ұйымдар мен саяси партиялардан ұсынылатын болса, 2004 жылдың
16-шы маусымында енгзілген өзгертулер мен толықтыруларға
сәйкес, кандидаттарды ұсыну құқығы, енді
бірінші кезекте, тек қана саяси партияларға ғана беріледі.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің
депутаты С.В. Киселев «сайлау процесінің барлық субъектілеріне
тең дәрежеде сайлау комиссиясының жұмысына қатысу
мүмкіншілігін беру керек… Сайлау комиссиясының мүшелігіне
кандидаттарды ұсыну құқығы республикалық,
жергілікті қоғамдық ұйымдарға және
басқа да коммерциялық емес ұйымдарға бірдей берілуі
керек» деп санайды [7,12]. Ал, жаңа өзгертулерді
жақтайтындар, қоғамдық ұйымдардың
саясаттандырылу мүмкіншілігін алға
тартады. Негізінен саяси партия құрудың бірден-бір
мақсаты саясатқа араласу болғандықтан, ең алдымен саяси партияларға осындай құқықты берген жөн деп есептейміз.
Мұнымен қоса,
қоғамдық бірлестіктер, бұл
құқықтан біржола айырылмайды: «Мәслихат
белгiлеген, сайлау комиссияларын құру.... саяси партиялардың
ұсыныстары болмаған жағдайда, мәслихаттар сайлау
комиссиясын өзге қоғамдық бiрлестiктердiң
және жоғары тұрған сайлау комиссияларының
ұсынысы бойынша сайлайды» [5].
Тағы даулы
жағдайлардың бірі саяси партиялардың Мәжіліс
депутаттарының партиялық тізім бойынша өтетін сайлауына
қатысуындағы «шектеуші барьер» мәселесі болып табылады.
Шектеуші барьер көптеген елдерде
бар, бірақ өзінің ауқымы бойынша ерекшеленеді. Израильде
шектеуші барьер көрсеткіші 1%, Данияда 2%, Шри-Ланкада 2,5%, Аргентинада
5%. Түптеп келгенде, шектеуші барьер партиялардың теңдік
қағидасын бұзады. Бұның нәтижесінде сайлаушылар дауысының теңдігі
қағидасы да бұзылады.
Шектеудің белгілі-бір мөлшерде саяси партиялар теңдігі
қағидасын бұзғанымен, оның оң
тиімділіктерін атап өтпеуге болмайды. Шектеудің төмен
болған жағдайда еліміздің заң шығарушы
органдарындағы партиялардың өкілділігінің көбірек
болғанмен, партиялық фракциялар аз және әлсіз болады,
сондай-ақ, оппозиция да әлсіз болар еді. Әлемдік
тәжірибеде, шектеудің
ең тиімді деп белгіленген белгілі-бір мөлшері жоқ. Демек,
әрбір ел өзінің ұлттық ерекшеліктеріне
қарай белгілейді.
Аталып, қарастырылған қағидалар сайлау
құқықтарының бастамалары бола отырып,
демократиялық институттың
маңызды нормаларында одан әрі дами бермек. Сонымен
қатар, қазақстандық сайлау
құқығында негізгі қағидалардан
шығатын және олармен тығыз байланыста болатын
материалдық және процессуалдық қағидалар деп
саралауға болады. Сайлау құқығының аса
маңызды қағидалары еліміздің сайлау заңнамасында
анықталған. Олардың
сақталуы және сайлау тәжірибесін жүйелік зерттеу мен
оны әрі қарай жетілдіру құқықтық
мемлекет құру жолындағы ең негізгі шарттар болып
табылады.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1. Конституционное право Республики Казахстан: Учебник /
Сост. д.ю.н., профессор А.Т. Ащеулов. – Алматы: КазГЮА, 2001.
2.
Мухамеджанов Э.Б. Избирательное право Республики Казахстан. Алматы, Жеті Жарғы, 2001.
3. Князев С.Д. Принципы российского
избирательного права// Правоведение. 1998.
4. Документа Копенгагенского
совещания Конференции по человеческому измерению СБСЕ.
Копенгаген, 29 июня 1990г.: Сборник международных документов. Хельсинский фонд
по правам человека, Варшава, 2002.
5. «Қазақстан Республикасындағы сайлау
туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының
Конституциялық заңы.
6. Мухамеджанов Э.Б. Выборы
прошли, и что дальше? // Юрист, - 2005. №2
7.
Киселев С.В. «Комментарии к некоторым изменениям и дополнениям в Конституционный
закон Республики Казахстан «О выборах» //
Юрист, 2004, №1.