Қабатай Б.Т.
Абай атындағы ҚазҰПУ,
п.ғ.к., доцент
Тіл ғылымындағы танымдық бағыттар
«Тіл ойлаумен тығыз байланысты. Осыған орай, тіл
білімінің ойлау категориялары мен ойлаудың заңдары туралы ғылым
– логикамен, ойлау процестері және олардың тілде көрінуі
туралы ғылым – психологиямен байланысы келіп туады» - дейді, «Тіл
білімінің негіздері» оқулығы[1].
Психология ғылымындағы танымдық процестердің
– түйсіктен қабылдауға дейінгі бейнелерді тану, зейін, ес ұғымының
қалыптасуы, ойлау, қиял, есте сақтау, тіл, эмоция, яғни
даму процестеріне дейінгі психологиялық ерекшеліктердің бүкіл
ауқымын, мінез-құлықтың барлық мүмкін
болатын салалрын қамтитын бөлімі когнитивтік психология деп
аталады.
Когнитивтік психология, психикалық процестердің
ішкі ұйымдасуының ролін жоққа шығарған бихевиоризмге балама ретінде 20-ғасырдың
50-жылдарының соңы – 60-жылдарының бас кезінде пайда
болды.
Бихевиоризм жалпы психологияда оның сана жөніндегі
ғылым емес екендігін, бұл тұжырымдаманы толықтыру
немесе ауыстыру мақсатын орындау негізінде пайда болды. Бихевиоризм
теориясын қалаушы Э.Торндайк бала мен хайуанаттар психикасын зерттей
отырып, олардың әрекет қылығы – сыртқы орта әсеріне
(стимул) болған организмнің кері (сөз, эмоция арқылы)
жауаптарының жиынтығы деген түсінік қалыптастырды.
Психология ғылымына бихевиоризм
терминін енгізген Д.Ж.Уотсон (1878-1958) былай деп жазды: «Сізде көру
елестері, есту елестері немесе психиккалық (денесіз) процестердің
басқа қадай да бір түрлері бар екендігін маған дәлелдеп
беруге тырысыңызшы. Әлі күнге дейін менде тек Сіздің
осылардың барлығы менде бар деген адам сенгісіз және ештеңемен
бекітілмеген хабарламаларыңыз ғана бар. Ғылымға оның
теориясы үшін тек сенімді негіз бола алатын обьективті дәлелдер қажет»
[2].
Бихевиоризм мен гештальт психологияны табиғи ғылыми
пән ретінде құруға тәуелсіз қадамдар
жасады.
Гештальтпсихология уотсондық формадағы
бихевиоризмге қарағанда психологиялық ойдың біршама
радикалды бағыты болды. Бұл бағыт 20-ғасырдың бас
кезінде Германияда пайда болған. Басты өкілдері: М.Вертхаймер,
В.Келлер, К.Кофман, К.Левин. Гештальтпсихология механикалық жаратылыстану
ғылымының жалпы дағдарысқа ұшырауына байланысты
ассоциативті психологияға қарсылық білдіру рухында туды.
Гештальттылар «элементтер психолгиясына» қарсы әрбір психологиялық
процестіің біртұтастығы мен өзіндік сапасын жақтады.
Олар тұтастықты (гештальт) элементтерден тіпті өзгеше жаңа,
өзінің ішкі заңдылығынан туып, өзгеріп отыратын,
түсіндіріп болмайтын, тек баяндауға ғана келетін құбылыс
деп пайымдайды. Гештальт психологияның тұтастық идеясы
динамикалық ситуация мен оның формальді құрылымының
бір бүтіндігі негізінде іс жүзіне асырылды. «Гештальт» ұғымын
алғашқы ендірген Эренфельд. Оның айтуынша, бұл ұғым
мынадай мазмұнды қамтиды: айталық, бірнеше дыбыс
тітіркендіргіштері іркес-тіркес берілді дейік. Сонда бұл дыбыстар
бір-бірімен байланыссыз әсерлер ретінде қабылданбай, белгілі құрылымы
бар, сол дыбыстардың «гештальты» болып табылатын «әуен» ретінде қабылданады.
Гештальпсихология бағытының осал тарапы –
психологиялық құбылыс – бейне мен оны туындататын нақты
әрекет арасындағы байланысты жоққа шығарғандығы.
«Гештальттылар ұғымы бойынша бейне (образ) тек өз заңдылықтарына
бағынатын ерекше мәнді құбылыс саналды, оның нақты
заттық дүниемен байланысы сыр күйінде қала берді. Осы
екі маңызды категориялардың (бейне мен нақты дүние)
басын қосып, психологиялық болмысты талдаудың ортақ жүйесін
бере алмағандықтан, гештальтпсихология ғылыми мектебі тарап
кетті» [3,66].
Сонымен қатар психология ғылымында фридизм, генетикалық психология бағыттары
болды.
Фрейдизм негізін австриялық психолог З.Фрейд қалаған.
Басында есі ауысу сырқатына тап болғандарды емдеу мен олардың
сырқатының табиғатын түсіндіруге бағышталған
бұл ілім адам табиғаты қоғамдық дамиу заңдарына
бағынбай, иррационал психикалық күштердің ықпалында
болады деп дәріптеді, адам әрекетінің бәрі агрессив,
оны тәрбиемен өзгерту мүмкін емес деп тұжырымдады.
«Фрейдизм жеке адамның жан төркіні, дамуын иррационализм (саналы дәлелі
жоқ) мен мистика (тылсым құпия) сияқты психикалық
факторларды саналы әрекетке тікелей қарсы қоюмен дәлелдеуге
тырысқан психикалық бағыт [3,67]. Генетикалық
психологияның негізін салған швецария ғалымы Ж. Пиаже болды. Өз
зерттеулерін негізге ала отырып, Ж.Пиаже генетикалық әдісті
психологиялық болмысты тануда жетекші әдіснамалық ұстаным
дәрежесіне көтерді. «Пиаже тұжырымының ең үлкен
қатесі – баланың біртұтас дамуын ескерместен, ақыл-естің
өрістеу тұғырын инттеллекттің өзінен іздеді, ал
сананы дамытушы факторлар арасында ол қоғамдық тарихи әрекет
болмысына ешқандай орын қалдырмады. Интеллект даму деңгейінің
бірінен екіншісіне өтуде оқудың маңызды орны бағаланбай,
әлеуемттік-қоғамдық фактордың жеке адам қалыптасуындағы
мәні жоққа шығарылды» [3,67].
Қазіргі заман психологиясының аса маңызды
артықшылығын танытқан ғылыми ағым когнитивтік
психология болды. 60-жылдардың аяғында АҚШ-та бұл бағыт
бихевиористердің әрекет-қылық талдауында психологиялық
элементтерді елемеуі мен танымдық дамуды ескермеуіне қарсылық
білдірумен ғылым сахнасында келген еді. Когнитивтік психология
необихевиористер зерттеулерінің нәтижесінде пайда болып, белсенді
мағлұмат жинау мен ақпарат өңдеуші адам организмі
жүйелі құрылым деген танымды әрі қарай жалғастырды,
яғни адам әр қилы ақпараттарды ықпалды етуге қабілетті:
бөтен таңбалар (код) формасына келтіре алады, одан әрі өңдеу
үшін өз қажетіне керек ақпаратты бөліп алады
немесе керексіз мәліметті жүйеден бүтіндей аластайды.
Когнитивтік психологиясының көрнекті өкілдері – Дж.Брунер,
Д.Норман, Л.Фестингер, Ф.Хайдер, У.Найсер, П.Линдсей, Г.Саймон.
Біздің зерттеу жұмысымызда американдық
психологтар Р.Солсоның «Когнитивтік психология», Джон Роберт Андерсонның
«Когнитивті психология» еңбектері талданып зерттей мәселесіне
байланысты «Тілдің құрылымы» және «Тілді түсіну» ұстанымдары басшылыққа алынды.
Ғалымдардың пайымдауынша, «Тілді ұғынудың үш
кезеңі бар: қабылдау, синтаксистік талдау және қолдану.
Ұғынудың өзі есту, оқу процестерінде қарастырылады»
[1,19]. Р.Солсонның когнитивті
саладағы есте сақтаудың орны тұжырымдары зерттеу жұмысымыздың
психологиялық негіздерін құрайды. Ғалымның
зерттеу жұмысында келтірген есте сақтау механизмінде қолданылатын
Аткинсон және Шифрин моделі тілдік таңбалардың табиғатын
толық сипаттайды [1,208]. Аткинсон мен Шифрин моделі ақпараттың
үш сақтау орнын қарастырады: сенсорлы регистр, қысқа
мезрзімді есте сақтау (ҚМЕ), ұзақ мерзімді есте сақтау
(ҰМЕ) орны. Олардың түсіндіруінде ес ұғымымен
сақталуы тиіс мәліметтер белгіленді, ал сақтау орны ұғымымен
сол мәліметтер сақталатын құрылымдық элементтер
белгіленді. Элементтің қаншалықты ұзақ сақталатындығын
жай ғана көрсету – бұл оның ес құрылымының
дәл қай жерінде орналасқанын анықтау дегенді
білдірмейді. Сонымен, олардың жүйесіне сәйкес, ақпарат ұсынылғаннан
кейін бірден ҰМЕ-ке жіберіле алады, бірнеше минут ҚМЕ-те тұруы,
бірақ сол бетімен ҰМЕ-ке кірмеуі де мүмкін. Қысқа
мерзімді сақтау орнын олар кіретін ақпарат сөнетін және
тез жоғалатын (сенсорлы регистр сияқты өте тез емес) жұмыс
жүйесі ретінде қарастырды. Бастапқы жүйеде қысқа
мерзімді сақтау орнындағы ақпапарттың сөнуін дәл
анықтау қияын болды, бірақ Аткинсон мен Шифрин оның 15-ден 30 секунд арасында өтеді
деп есептеді. Осы тұста орыс психологі П.И.Зинченконың ұсынған
негізгі идеясын келтіре кеткен жөн: «Басқа біршама үстіртін құралдар
мен кодталған сөздерге қарағанда біршама мәнді құралдар
мен кодталған сөздердің тура есте жақсы сақталатындығында»
[1,210-211]. Сонымен, сөздердің есте қалуы материалды ұсынған
кездегі зерттелушілердің алдында тұрған мақсатқа өте
тәуелді. Әртүрлі мақсаттар түрлі байланыс жүйелерін
белсендендіреді деп болжанады, себебі адамдарда материалға деген түрлі
қатынастар болады.
Психолог М.Мұқанов когнитивті эмпатия
терминін қолданып оның мағынасын бір адамның басқаның
ұстанымын түсінуі, оның ойының барысын алдын ала болжау
қабілеті рефлексия деп аталуы тиіс нәрседен ажырату үшін
негіздік дей келіп оны басқаның сезімдері мен күйіне енуі мағынасында
анықтайды. Әрине осылайша ажырату эмпатиядан оның құндылық,
жеке тұлғалық компонентін бөліп алуды талап ететіні сөзсіз
[1,426]. Осы ұғым Ж.Пиаженің эгоцентризм деп атағанымен
салыстырылуы мүмкін . Эгоцентризм (көбінесе мектепке дейінгілерге)
индивидтің басқаның ұстанымын қабылдай алмау қабілеті,
оның көзқарасын түсінбеуі ретіндегі когнитивті
эмпатияның кері қыры ретінде қарастырылады.
Біздің зерттеу жұмысымыздың әдіснамалық
негізін М.Мұқановтың заттардың түсін ажырату тұжырымы
да құрайды. Бұл тұжырымның мағынасы
мынандай: түстердің аты әр ұлттың тілінде әр
басқа. Сондықтан түстерді қаншалықты дәрежеде
ажырату әр ұлттың өзіне тән қасиеті болып
саналады.
Әдетте ажыратуда оның абстракті , яғни
категориялық аттары және нақты бейнелік аттары кездеседі.
Абстракті яғни категориялық түстерге қызыл, жасыл, көк,
сары, қоңыр, сұр, күлгін, көкшіл және т.б.
түстер жатады. Түстердің бұл түрін категориялық
дейтін себебі күнделікті өмірде бұл түстерді нақты
заттардан ойша бөліп алып, солардың бәріне бір ат береміз.
Мысалы, жасыл түстер жапырақтарда, ағаштарда кездеседі. Бірақ
біз осы жеке заттардан жасыл түсті бөліп алып, оны абстракті
түрде жасыл дейміз. Ал нақты бейне түстерін алсақ,
бұған түйенің жүніндей түс, аспан түсі,
теңіз түсі т.б. жатады. Осы түстерді нақты ой бейнесіне
жатады дейтін себебі: олар жеке заттар мен бірлесе отырып айтылады. Тобылғы
түсті дегенге бұған тек нақты тобылғылардың
түстерін ғана емес соған ұқсас өзге
заттардың түсетрін де
айтамыз. Кейбір оқымыстылардың (В.Гумбольдт, Э.Сепир,
Б.Уоров) айтуына қарағанда, адам белгілі бір затты қабылдағанда
сол заттың аты оның тілінде бар болса ғана қабылдайды
да, жоқ болса – ажырата алмайды. Қабылдау дегеніміз затты не құбылысты
алғаш рет көргенде ойша бейнелеу деген сөз. Ал алғашқы
рет бейнеленетін заттар мен құбылстарды адам қайта көріп,
алғаш көргенін екінші рет таниды. Тану кезінде ол сол заттың
не құбылыстың атын атайды. Ал адамның заттың атын
атауы алғашқы көргенін еске түсіріп, жанғыртуға
мүмкіндік береді. Демек, кейбір түстердің қайсыбір ұлт
тілінде аталмауы оларды көрмейтіндігінде емес. Бұлар қабылдау
мен тану процесі арасындағы ерекшеліктер «халық қазақ
тіліндегі көк түсті неге көкшіл түстен ажыратпады? Өйткені
көкшіл деген атау қазақ тілінде болған жоқ, бұл
орыс тіліндегі голубой деген түсті қазақшаға аударудан
келіп шықты.
Мұның мәнісі мынада: егер біз бір құбылысты
көзімізбен көріп, бірақ оны айта алмасақ, онда сол құбылысты
есте сақтап, обьективті түрде ажырата алмаған болар едік. Өйткені
біздің көзімізге көрінген құбылыс тек субьективті
түрде ған болып, тез ұмтылып кетеді де, оны белгі арқылы
есте қалдыруға мүмкіндік болмас еді. Демек, бұл жерде түстерді
белгілі категорияға жатқызып, сөзбен атау сол түсті қабылдап,
ұғым арқылы бейнелеуге мүмкіндік береді.
Д.Р.Адерсон «Тілдік универсалийлер» деген зерттеу еңбегінде жас мөлшерінің
тілді игеруге әсері туралы теориясын жасаған[1,326].Бұл
теорияның тұжырымы бала тілді 8-10 жасқа дейін жақсы
игереді. Бұл тұжырымның екінші тілді игеруге қатысты
айтылғанына қарамастан, осы еңбегінде ғалым Ньюпорт пен
Супалла жүргізген ана тілін меңгеруге байланысты зерттеулердің
де нәтижесі осы қорытындыға келіп тірелгенін айтады. Олар жүргізген
зерттеу барысында жест тілін ересек кезде меңгерген үлкендер оны
бала кезінде үйренгендерге қарағанда нашар меңгерген.
Психолгтардың
бұл жасаған тұжырымдардың біздің зерттеу мәселемізге
қатысы бар деп есептейміз. Өйткені «Ана тілі» пәнін бастауыш
сыныптардың 7-10 жастағы балалары оқиды. Олардың осы
жастағы тілді меңгеруге деген қабілеттілігін көркем сөзді
игеру үрдісінде де табысты қолдануға болады.
Осы
еңбегінде Д.Р. Адерсон тілді меңгерудің негізінде ерекше тума
механизмдер жатқанын дәлелдеген Хомскийдің пікірлерін
келтіреді [1,326]. Ол табиғи тілдің формальді мүмкіндіктері
соншалық күшті болғандықтан, оны үйрену адам
тілінің формалары туралы туғаннан пайда болған нақты
бір ақпаратты білмей тұрып мүмкін болмайтынын атап айтқан.
Хомскийдің ойынша, табиғи тіл мен табиғи грамматиканың
мүмкін болатын сипаттамасын шектейтін тілдік универсалийлер бар.
Балалардың табиғи тілдің тез үйренуінің себебі
олар осы тілдік универсалийлермен туғаннан бастап таныс. Үйренуге
болатын тілдерді табиғи тілдер деп атайды. Мұны американдық
психолог Б.Уорф ағылшын, неміс, француз тілдерін бөліп мұны
орташа еуропалық стандарт деп атайды, ал түркі тілдес халықтардың
тіл ерекшеліктері басқаша деген қорытындыға келіп ойды тіл
билейді деп тұжырымдайды. Психолог М.Мұқанов Уорфтың бұл
пікірімен келіспейтіндігін білдіреді. Осы тұста Р.Адерсонның табиғи
тілдің мүмкін болатын формаларына қандай да бір шектеулердің
тілге тән нәрсе екендігі рас болса, бұл шектеулер неге қатысты
– табиғи тілдердің универсалийлік пішіндеріне ме әлде танымның
универсалийлік пішініне ме? деген сұрағын орынды қойылған
өзекті мәселе деп ұғамыз. әртүрлі тілдерде үлкен
айырмашылықтар бар болса да қандай да бір ұқсастықтары
да болады. Мысалы, бірде бір тілде толықтауыш бастауыштың алдында тұрмайды.
Дегенмен, мұндай шектеуді психологтар (Р.Адерсон, М.Мұқанов)
когнитивті түрде түсіндіреді.
Адерсонның
аталған еңбегіндегі тілді түсінудің үш кезеңін
бөліп көрсетуі – біздің зерттеу жұмысымыздың
нысаны - көркем мәтінді қабылдаудың
психологиялық негізін құрайды: бірінші кезең – перцептивті
кезең - қабылдау
процесі жатады, оның көмегімен ең алдымен акустикалық
немесе жазбаша хабар кодталады; екінщі кезең синтаксистік талдау кезеңі
деп аталады. Синтаксистік талдау
- хабарламадағы сөздердің біріккен мағынасының
менталды репрезентациясы болып қайта құрылуы; үшінші
кезең – бұл қолдану кезеңі. Мұнда қабылдаушы
сөз мағынасының менталды репрезентациясын іс жүзінде
пайдаланады[1,329].
Көркем
мәтінді игеру үрдісінде Торндайктің мәтіннің тұтастығы
теориясын да қолдану маңызды. Бұл теорияның мәні
– егер құрылым жалпыға бірдей «табиғи» құрылымға
қайшы келсе, әңгіме есте нашар сақталатынын көрсетеді.
Торндайк зерттеушілердің бір тобына түпнұсқа әңгіме
беріп, енді бір тобына құрамындағы сөйлемдері шатасқан тәртіппен берілген әңгіме
тындатқан. Зерттеушілер негізгі түп нұсқа әңгімеден
фактілердің 85%-ын еске түсірсе, ретісіз әңгімеден
фактілердің 32%-ын айтып бере алған[1,353].
Мандлер
мен Джонсонның зерттеулері де балаларға әңгіменің
себептік құрылымын есте сақтау қиын екенін байқатады.
Ересектер оқиға мен оның
нәтижелерін еске түсіре алады, ал балалар тек нәтижені ғана
еске түсіріп, оның қалай іске асқанын ұмытады.
Мысалы, бала әңгімедегі майдың еріп кеткенін еске түсіреді,
ал майдың күнде қалғанын ұмытып қалуы мүмкін
[1,353].
Психолгтардың
бұл зерттеулерінен бастауыш сынып оқушыларына ұсынылатын көркем
мәтіндер үлкен шығармалардан алынған үзінді
екендігіне қарамастан оның тұтастығы, белгілі бір ойға
құралғандығы, негізгі ойдың басталуы, жалғасуы,
аяқталуының болуы оқушылардың
мәтінді қабылдауының шарты деп тұжырымдаймыз.
Сонымен,
тіл мен таным арасындағы байланыс туралы психологиялық теорияларға
сүйене отырып, мынадай тұжырымдар жасауға болады:
-
психологтар дәлелдеген 8-10 жастағы балалардың
тілді меңгеруге деген қабілеттілігін ана тілі сабқатарында оқушылардың
көркем сөзді меңгеру үрдісіндегі табыстың кілті
деп бағалауға болады;
-
көркем мәтінді түсінуге оның тұтастығы
ерекше рөл атқарады: бастауыш сынып оқушыларына ұсынылатын
көркем мәтіндердің тұтастығы, белгілі бір ойға
құралғандығы, ол ойдың басталуы, жалғасуы,
аяқталуының болуы – оқушылардың мәтінді қабылдауының
шарты.
Пайдаланылған әдебиет:
1.
Жұбанов Қ. Тіл ғылымы жөніндегі
зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1999. – 221 б.
2.
Психология: Адамзат ақыл-ойының қазынасы. 10томдық.
том 7. Когнитивтік психология. – Алматы: Таймас, 2006. – 479 б.
3.
Бап-Баба С. Жантану негіздері. – Алматы: Заң әдебиеті,
2004. - 302 б.