Арал өңірі күріш ауыспалы егіншілігінде жерді өңдеп, себу технологиясын механикаландырудың проблемалары.

                  Ә. Тәжібайұлы.,   Құлтасов Б.Ш., Тасбергенова Г.Ж.

        (Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті )

 

Ауыл шаруашылық өндірісін өркендетуде қазіргі кезде қажетті жұмыс түрін механикаландыру, техникалық кұрылғылармен қамтамасыз етудің орны орасан зор. Егіншілік саласын механикаландырудың өз ерекшеліктері болса оны шешуді қажет ететін ғылымға, білімге, қаржыға байланысты қиыншылықтары мен қайшылықтары жеткілікті. Облысымыздың негізгі дақылы күрішті өндіруде, жерді өңдеп, себу технологиясына қолданылатын ауыл шаруашылық машиналарымен жабдықтау, ел экономикасын алға жылжытуға септігін тигізетін негізгі салалардың бірі болғанымен, оның екінші кері жағы да барын ескере отырып және оны болдырмау жағын да қарастыру қазіргі маңызды шаралардың бірі болып отыр. Ол дүние жүзінің назарын аударып отырған жердің, судың, ауаның ластанбауын қарастырып отырған қазіргі кезде, ауыл шаруашылық машиналарын пайдалану кезінде де кері әсерін тигізетін табиғаттың экологиялық бүлінбеуіне болдырмау жолдарын қарастыратын проблемалары да бар.

Қазіргі кездегі ауыл шаруашылық техникаларының жай күйі өскелең өмір талабына сай емес. Ауыл шаруашылық машиналарын пайдаланудың нормативтік мерзімі 7-10 жыл болғанымен олардың қазіргі орташа пайдалану мерзімі 14-15 жылға созылып отыр. Қолда бар техниканың техникалық әзірлік коэффиценті 0,7-ден аспайды және  техника бірлігіне келетін жүктеме нормативтен 1,2-1,6 есе артық. Трактор мен комбайындардың бұлай нормативтік мерзімінің жоғары болуы, пайдалану уақытының ұзаруы және уақытында техникалық күтім жасалып жөнделмеуі, жағар жанар майды пайдаланғанда сыртқа шығаратын улы газдардың ауаға таралуын екі есе арттырады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылық машиналарын пайдалану тиімділігі қажеттілік мөлшерден төмендейді және жағар жанар майды нормадан көп шығындауға әкеліп соғады.

Облыс көлеміндегі, машина трактор паркінің тозығының 80-85 пайызға жетуі қазіргі кезде техниканы толығымен ауыстыруды қажет етеді. Шағын және орта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері жерді өңдеп, себетін техникалардың түрлері көп болғандықтан оның барлық түрін алуға мүмкіншілігі жоқ. Олар техникасының жетімсіздігі мен техникаларының болмауынан егістік жерлерін өз бетінше өңдей алмауда.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің, техникалық жарақтандырылуының қазіргі деңгейі ауыл шаруашылық өндірісін дамыту кезіндегі өнім сапасын төмендетуге ықпал етеді. Сондай-ақ, тауар өндірушілердің қазіргі қаржылық жағдайының төмендігі қажетті ауыл шаруашылық техникаларын сатып алуға қолбайлау болуда. Оның үстіне шаруашылықтардың екінші деңгейдегі банк кепілдемесімен кредит ресурстарының болмауы себепті КазАгроҚаржы ЖАҚ-ы арқылы 7 жылға лизингалық тәсілмен ДТ-75 тракторларының қуаттылығы 1,6 есе жоғары Т-95,4 тракторын сатып ала алмай отыр. Сол сияқты 1996-1997 жылдары Үкімет қолдауымен ауыл шаруашылық құрылымдарына лизингалық тәсілмен берілген 32 трактор, 81 күріш комбайыны, 50 жатканың жалпы құнының 10,4 пайызын ғана өтеуде.

Ауыл-шаруашылығы өндірісінің техникалық жарақтандырылуының қазіргі деңгейі оны тиімді дамытудың тежеуші факторы, ауыл-шаруашылығы дақылдарын егіп өсіру технологияларын қарабайырландырудың, өсімдіктер зиянкестері, аурулары таралуының, топырақтағы қарашіріктің жоғалуының және түптеп келгенде өнім сапасының төмендеуіне әкеліп соғады.

. Қолданылатын техникалар бұл дақылды қазіргі кезең талабына сай механикаландыруға бейімделмегені, бір жағынан болса, екіншіден күріштік инженерлік жүйеге келтірілген жерге техниканы пайдалану дұрыс жолға қойылмай отыр. Жиын-терін біткесін танаптарда техникамен сүдігер жыртқан кезде соқалар топырақ қыртыстарын уақтамай ірі-ірі тоңкесектер етіп аударады. Қыстап шыққан тоңкесектердің басым көпшілігі бұзылмай көктемде егіске дайындық ойдағыдай болмайды. Қызылорда облысының күріштік алқаптарының топырағы көбіне сазды болып келеді. Күн қызған кезде тоңкесектер жылдам кеуіп, олардың қаттылығы 4 МПа-дан асады. Жылдамдығы 2 м/с-пен өтіп бара жатқан агрегаттағы құралдардың тіктістері, я болмаса тегершіктері қатып қалған кесектерді майдалап үлгірмейді. Сондықтан күріш тұқымын себетін танаптың топырағының түйіршектерінің ірілігі 10 см ден асады. Бұл жұмыста қолданылатын құралдар тіктісті, тегершікті тырмалар танаптың бетімен бір емес, бірнеше рет өткенмен түйіршектердің ірілігін 2 см-ге дейін, агротехникалық талабқа сәйкес, майдалай алмайды. Себебі, бұл құралдардың тістерінің, тегершіктердің ара қашықтықтары (20 см ден артық) алшақ екендігінде [1, 2].

С3-3,6 маркалы сепкіштердің қостегершікті сіңіргіштері (двухдисковые сошники) таяз тереңдікке қарықша аша алмайтынын ескерсек, майдаланбаған тоңкесекті жерде күріш тұқымының өте терең (2 см ден артық), я жердің бетіне тастайтыны біздің институттың зерттеулерінен белгілі. Жердің бетіне түскендері құс-құмырсқаға жем болады, танаптарды сумен бастырғанда шайылып, атыздардың басқа бетіне ығады. Осы себептерден дәндердің өңгіштігі өте төмен болып, өніп-өсу тығыздылығы қажеттілікке жеткізу үшін тұқымның себу мөлшерін гектарына 300 кг-ға дейін көбейтеді.

Себілген тұқымның өңгіштігінің нашарлығының тағы бір себебі танаптың бетінің тегіс еместігі. Ой жерлермен қыр жерлерінің айырмасы, танапты су басқанда оның тереңдігі 40 см ге дейін болуына әкеледі. Ал, кей жерлерге су шықпай қалады. Оны суға бастырамын деп пайдаланылатын судың молшерін екі есе жоғарылатып жібереді. Бұл өз кезегінде Арал теңізіне құйятын су мөлшерінің кемуіне әкелетіні белгілі

Күріштік танаптың топырағын тұқым себуге дайындайтын құралдың жұмысына қойылатын агротехникалық негізгі талаптар: тұқым орналастыратын тереңдіктегі топырақтың түйіршектерінің ірілігі 2 см ден кем болуы және танаптың бетінің тегістігі, оның орта деңгейінен биік, ой жерлер  ±5 см ден аспауы орындалмайды. Бұл талаптар орындалмаған күнде себілген тұқымды топырақ қыртысына 2 см қалыңдыққа біркелкі көміп, оның өсіп - өнуіне толық жағдай жасалынбайды.

 Арал өңірі агроэкология және ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстары күрішті егу жұмыстарына қоданылатын техниканы жетілдіру үшін қолда бар жер өндейтін және себетін ауыл шаруашылық машиналарын тиімді пайдалану  бағыттарын қарастыру қажет ететіндігін дәлелдеп отыр.

      Ғылыми зерттеу жұмыстардың нәтижесінде танаптың тоңкесектерін майдалауға роторлы топырақөңдегіш культиватор (ротоционный почвообрабатывающий культиватор РПК) жасалынды. Ұзындығы 3,6 м барабанның бетінің ұзына бойына доғал түйгіш сырықтар орнатылған. Барабан айналғанда олар тоңкесектерді  ұрып майдалайды. Барабан трактордың қуат алу білігінен орталық редукторнан, шынжыр берілістері арқылы айналады. Айналу жылдамдығын n барабандағы түйгіш сырықтардың санын Z агрегаттың жүру жылдамдығын V өзгерту арқылы тоңкесектерді майдалау нәтижесін қолайлы деңгейге дейін реттеуге болады. Біздің тәжірибемізде өте құрғақ, қатты тоңкесектерді 9...11 м/с жылдамдықпен ұру керектігі анықталды. Кесектердің қаттылығы азайған сайын бұл жылдамдықты 3...4 м/с дейін төмендетіп, керек болса түйгіш сырықтардың санын төртке, үшке азайтуға болады. Тракторға асылдыра орнатылатын РПК ның жұмыстық жылдамдығы 3 м/с қа дейін болуы мүмкін. Тұқым себу тереңдігіне байланысты болғандықтан танаптың топырағын 10 см ге дейін өңдеу жеткілікті көрінеді [3].

Бұл құралдың тағы бір артықшылығы оның әмбебаптығы, шаруашылықтарда осы уақытта қолданылатын бірнеше рет жүріп топырақ өңдейтін тіктісті, тегершікті тырмалардың, культиваторлардың, малалардың жұмысын РПК-нің өзі бір-ақ рет өтіп орындайды. Тоңкесектердің топырағының ылғалдылығына байланысты барабанның айналу жылдамдығын өзгерту, РПК нің қапталдарындағы шынжыр берілістегі жұлдызшаларды ауыстыру арқылы 15...20 минутта реттеледі.

Біздін зерттеулерімізде, Арал өңірі егіншілігінде күріш тұқымын себуге облысымызға көп тараған СЗ-3,6 сепкішіне қондырғылар орнату арқылы агротехникалық талапқа сай пайдалануға болатыны анықталды. Ол үшін сепкіштің 24 қостегершікті сіңіргішінің орнына біз ұсынған сынатабанды сіңіргішті орнату керек [1].

Сынатабанды сіңіргіштің астыңғы табаны жұмыс кезінде көкжиектік қалпында болуы керек, яғни жоғарғы буынның ұзындығын ұзартып, қысқартып реттейді. Жұмыс кезінде сынатабанның негізі өзінің алымындағы (45 см) топырақ бетін аздап нығыздап, әрі тегістеп өтеді. Астындағы сыналардың әр қайсысы ұсақ қарықша ашады: жоғарғы және төменгі ені 40 пен 20 мм, тереңдігі 45 мм. Сепкіштің әр себушісінен шыққан тұқым кәдімгі дәнтүтіктер мен төмен ағып сіңіргіштің дәнтүтігінен сына ашқан қарықша түбіне түседі. Тұқымдардың үстін сепкіштің артына тіркелген шынжыр ысырма топырақпен жабады. Қарықшалардың ара қашықтығы 15 см.

Сынатабанды сіңіргіштер орнатылған сепкіш Қызылорда машина-сынау  станциясында тексерілген. Мәлімет бойынша күріш тұқымы орта есеппен 1,1 см тереңдікте топыраққа сіңірілетіндігі, жер бетінде қалатын дәндер 3% дан аспағайтындығы дәлелденген. Соңғы деректерге қарағанда бұл сіңіргіштер тұқымды орта есеппен 1,2 см тереңдікте жатқызған, жайғастырылмаған дәндер 2,5% ғана болған. Жақсы өңделген танапта сынатабанды сіңіргіштер үштармақты бөлгішпен бірлесіп майда жоңышқа тұқымын топырыққа таяз тереңдікке себетіні анықталды.

Сіңіргіштер сапалы жұмыс істеу үшін топырақ түйіршіктерінің басым көпшілігінің (70 % дан артығының) мөлшері 2 см ден аспағаны жөн. Осыған байланысты күріш егістігін өңдеп, себу жұмыстарын қазіргі өмір талабына сай, қажетті агротехникалық талаптарды толық орындай алатын ауыл шаруашылық техникасымен қамтамасыз ету үшін зерттеулер жургізіп, ізденістер нәтежесімен олардың жаңа қондырғыларын жасап, өндіріске еңгізуіміз қажет.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

 

1.Тәжібайұлы Ә. Жоңышқа тұқымын себудегі техниканы пайдаланудың қазіргі жағдайы. - Қызылорда, «Тұмар». 2002.

2.Алшынбай М.Р. Сборник научных статей по механизации сельского хозяйства // Алматы 1999 г.

3.Алшынбай М.Р., Алшынбай  С.М. Механизация предпосевной обработки почвы, посева семян в орошаемой зоне юга Казахстана - Алматы: КазНИИМЭСХ, 2000,  161 с.