ГЕОГРАФИЯ И ГЕОЛОГИЯ/1.Регионоведение и

региональная организация общества 

География магистрі, аға оқытушы Низаматдинова Ж.С.

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, Қазақстан

МАҢҒЫСТАУ ҮҢГІРЛЕРІ

Маңғыстау жер бедерінің ұсақ формалары өзінің сан алуандығымен көзге түседі. Жел, су және күннің әрекеті түрлі айрықша көркем  пішіндерді жасайды, бұл жөнінен Маңғыстау облысы Қазақстанның қайталанбас өңірлерінің қатарына жатады.

Маңғыстау жер қыртысының  құрылымы негізінен пермь, триас, юра, бор дәуірі шөгінділерінен тұрады. Каспий теңізінің жартылай қоршап жатуы және оның деңгейінің бірде жоғарылап, бірде төмендеуі маңайында орналасқан аймақтардың ауа райына немесе өсімдіктер дүниесіне ғана емес, геологиялық құрылысына да айтарлықтай әсер еткен. Негізгі бедер түрлері: төрткіл, қапы, каньон, сонымен қатар дөңгелек тастар, үңгірлер, тақырлар.

Маңғыстау мен Үстіртте палеоген мен неоген тұсында пайда болған ұлутастардың, бордың, әктастардың, ақ мергельдің мол қоры бар.

Маңғыстау жер бедерінің енді бір ерекше түрі – жер асты тау үңгірлері. Адам баласы осы үңгірлерді өте ерте кезден-ақ  баспана ретінде пайдаланған, өз қажетіне жаратуды білген. Үңгірлер өз жаратылысына байланысты  бес топқа бөлінеді. Бұлар: тектоникалық мұз дәуірінен қалған, табиғаттың эрозиялық әсерінен, вулканның әсерінен пайда болған және карст үңгірлері. Карст үңгірлерінің пайда болуына су көп әсерін тигізген. [1]

Маңғыстау өлкесінде үңгірлердің пайда болуы ұзақ уақытқа созылған геологиялық поцестердің нәтижесі. Құрғақ климат пен тау жыныстарының суда ерігіштігі үңгірледің пайда болуында негізгі рөл атқарады. Маңғыстауда негізінен карстты үңгірлер тараған. Карстты үңгірлерден басқа теңіз жағалық үңгірлер де дамыған. Үңгір дегеніміз жер қыртысының жоғарғы қабатындағы табиғи жолмен пайда болған, бір немесе бірнеше жолы бар қуыстар.

Карстты үңгірлер ең көп тараған түрі. Карстты үңгірлер терең және ұзын болып келеді. Үңгірлер жыныстардың еруінен пайда болады. Сондықтан карстты үңгірлер ерігіш жыныстары: әктас, мрамор, доломит, бор сонымен қатар гипс және тұзы бар жерлерде дамиды. Көптеген Үңгірлер әдетте алма-кезек орналасқан тар және кең бөлмелерден тұрады. Жарылымдар бойында түзілген үңгірлер иір пішінді келеді. Табиғатта үңгірлердің ашық (екі жағы да ашық, кесіп өтуге болады) және тұйық (қап сияқты бір жағы ғана ашық) түрлері кездеседі. Қалыптасу сатысындағы үңгірлердің қабырғалары ашық болса, ал қалыптасуы аяқталғандарда әр түрлі сауыстар (сталактит, сталагмит, сталагнат, т.б.) түзіліп, қуыстарды толтыра береді. Үңгірлердің өлшемдері әр түрлі болып келеді. [2]

Үңгір ішіндегі эволюциялық өзгерістердің өте жай өтетіндігі, ондағы, бір қалыпты климат, сыртқы әлеммен байланыстың жоқтығы бұл үгірден көптеген археологиялық мол олжа табуға мүмкіндік береді. Бұларға өсімдік қалдықтары, өте ерте заманнан қалған аң сүйектері, жартасқа салынған ежелгі адамдардың суреттері, еңбек құралдары, бірнеше мәдени кезедерге жататын адам сүйектері.

Жағалық үңгірлер Каспий теңізінің жағалауындағы жарларда және Үстіртте, басқа да жарлар мен  мен шыңдарда кездеседі. Олар, көбінесе бір, кейде екі гроттан тұрады. Маңғыстау үңгірлері түпкілікті зерттелмеген. Қазіргі кезде 30 дан астам ірі үңгірлер белгілі. Ең ірі үңгірлер Үстіртте орналасқан. Олар негізінен карстылық ойықтардың түбінде дамыған. Олардың ішінде Булыойық пен Өтебай үңгірлері көзге түседі. Бұл екі үңгір де Оңтүстік Үстіртте орналасқан. Булыойық атауы қыста ауызынан бу шығып жатуына байланысты қойылған. Булыойық үңгірінің ұзындығы 2,5 км, өзі аттас ежелгі зираттардың оңтүстік шығысында. Кіреберісінің ені 1,4 м, биіктігі 5 м, ары қарай еңістеу коридор ұзындығы 40-80 м, ені 9 м, биіктігі 6-15 м болады. Үш залы бар. Біріншісі 28 м тереңдікте оналасқан, биіктігі 7 м, ені 4-6 м, ұзындығы 15-20 м, екінші залдың мөлшері де осымен шамалас, ол 75 м тереңдікте орналасқан, ал ең төменгі, үшінші залдың бір бөлігін жерастыкөлі алып жатыр ұзындығы 20 м, ені 10 м, тереңдігі 4 м.

Өтебай үңгірі де өзі аттас зияраттың оңтүстігінде 1,6 км жерде орналасқан, карст ойығының қабырғасының төменгі жағында. Ойықтың ұзындығы  57 м, ені 30 м, тереңдігі 10 м. Ойықтан екі үңгір басталып, оңтүстік-батысындағы 23 м бітіп қалса, қарама-қарсы орналасқан екінші үңгір кіре берісінің  ені 4 м, биіктігі 12 м еңістеу тереңдеп 96 метрге созылады. Үңгірдің түбі мен қабырғаларында қуыс-тесіктер көп. Көктемгі жаңбырдан пайда болған көлшік бірте-бірте  осы тесіктер арқылы ағып кетеді.

Бұлардан басқа Үстірт пен Маңғыстау түбегіндегі белгілі үңгірлердің қатарына Өліқолтық, Қарашек, Тұзбайыр, Қарабауыр, Сағындық, Жазғытұрлы, Қарамая, Борлымүйіс, Жыланды, Үшауыз және басқа да үңгірлерді жатқызуға болады.

Үңгірлердің көбі көне заманнан белгілі. Маңғыстау мен Үстірттегі жер асты үңгірлері өзінің пайда болуы мен пайдалануы туралы ұзақ мерзімдерге созылған құрылымдар болып табылады. Маңғыстаудың әр жерінде қатты тау жыныстарынан ойып салынған бір немесе бірнеше бөлмелі құрылыстар көптеп кездеседі. Олардың ішінде 4-5 адамнан бастап, елу адамға дейін сиятындары бар. Бұлар ХVI-XIX ғасырларға жататын мешіттер, болмаса  қасиетті адамдар жерленген киелі орындар. Маңғыстау жер асты мешіттері салыну уақыты мен көлемі жағынан әртүрлі кезеңдерге жатады. Кейбірі киелі орындар болып саналады. Сонымен қатар өлкедегі көп тараған сәулет және  тарихи ескерткіштері - Шақпақ Ата, Шопан Ата, Бекет Ата, Қараман Ата сияқты жерасты мешіттерінің салынуына да осы үңгірлердің маңызы зор. Сондықтан  да оларды зерттеп, насихаттау керек. [3]

Әдебиет:

1.     Калменов М., Кошбайулы О. «Маңғыстау жерасты мешіттері» 2010 ж.

2.     Дублянский В.Н. Занимательная спелеология

3.     Серікбол Қондыбай «Маңғыстау географиясы» 2008 ж.