т.ғ.к. , Саржанова С.С.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінің

«Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы.

Байланыстар: сот.: 8 701 65 144 27, жұмыс: 377-33-35 (ішкі 1286)

Индекс: 050062.Алматы қаласы, Өтеген батыр көшесі,106-4,                                                          тел.:2395755

           Е mail: samal7373@mail.ru  

 

                  

   1920-1930 жылдардағы  Қазақстандық құқық қорғау ұйымдарының        қызметкерлері туралы

     Қазақ халқы үшін 20-30 жылдардың қасіреті өте ауыр. Бұл жылдары Қазақстанда кеңестік әкімшілік билік жүйесі құрылып, биліктің кеңестік модельінің теориялық негізі жасалды. 20-шы жылдардың 2-ші жартысында әкімшіл-әміршіл жүйе құрылып, коммунистік партия мемлекеттік биліктің 3 тармағын да өз қолына шоғырландырды. Қазақстанда бұл жылдары жүзеге асырылған саяси-экономикалық науқандарды іс жүзінде құқық қорғау ұйымдары жүзеге асырды, яғни олар Конституцияда белгіленген қызметтік міндет шеңберінен ауытқып, әкімшіл-партиялық жүйенің қолшоқпарына айналды. Жаңадан құрылған кеңестік құқық қорғау ұйымдарының құрамын партиялық жүйе іріктеп, кәсіби білімі төмен, партия бұйрығын сөзсіз орындауға дайын,  төменнен көтерілген жұмысшы-шаруа табынан шыққан сауатсыз адамдар арқылы толықтырып отырды.

    Кеңестік құқық қорғау ұйымдарының беделі, қадір-қасиеті ел арасында Ф.И.Голощекин Қазақ Өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы болып келген кезде, яғни 1925 жылы өте төмен еді. Жергілікті халық өздерінің арыз-шағымын кедейдің сөзін сөйлейтін кеңестік сот-тергеу ұйымдарынан гөрі өздері бұрыннан үйренген, сенетін дәстүрлі қазылық сотқа тапсыратын. Бұл жағдайды кеңес ұйымдары бірқатар себептермен: «Халық соттарының қылмысты істерді тез қарамауынан», «Діни сенімнің, дін иелерінің халыққа үлкен ықпалынан», «халыққа революциялық заңдылық мәнін дұрыс түсіндірмеуінен»(1), «кеңес үкіметінің кедейлердің, батрактардың, орташалардың пайдасын қамтамасыз ету үшін жазған заңдарын халықтың білмеуінен»(2), - деп түсіндіреді.

    Біздің ойымызша, кеңестік құқық қорғау ұйымдарының беделінің халық алдында төмен болуының басты себебі – кеңестік сот-тергеу, прокуратура қызметкерлерінің кәсіби білімінің төмен болуында және сондықтан да олардың байыпты шешім қабылдауға қабілетсіздігінде еді. Мұны нақты зерттеу негізінде дәлелдеп беруге болады. Осы мақсатпен зерттеуімізде қарастырылатын 1925-1932 жылдар аралығындағы Қазақстан құқық қорғау ұйымдары қызметкерлерінің кәсіби біліміне шолу жасайық.

    Бәрінен бұрын айтарымыз, 1920-30 жылдары қазақстанда жоғары құқық білімін беретін бірде-бір жоғары оқу орны болмады. Тек қана Қызылорда қаласында 1926 жылы құқық қорғау мамандарын дайындау үшін ашылған курстар 1928 жылы құқық мектебі болып қайта құрылған еді.

1925 жыл қарсаңындағы кеңестік құқық қорғау ұйымдары қызметкерлерінің білім деңгейі туралы «Қызыл Қазақстан» журналында жарияланған Е. Қадырбаевтың «Сот жұмысы» атты мақаласында мынадай мәліметтер бар:«...Сот қызметкерлері мінсіз таза бай мен кедей атқамінер қулар мен момын шаруа арасын айыра алатын  , заңды дұрыс қолдана білетін, жалпы санасы жолда тастап кетпейтін адамдардан болуы керек, ондай адамдар жеткіліксіз. Сондықтан да, ішіндегі сот мекемелерінің бәріне бірдей тыңғыйықты кісілерді тауып қою оңай емес. Сот қызметкерлері жеткіліксіз болғандықтан біз 1923 жылдан бастап Орынборда екі бірдей курс аштық. Ол курстардан 90 кісі оқып шықты, оның 39ы қазақ еді. Курстарды бітіргендер жер-жергеқызметке жіберілді.Өткен курстар алты айлық еді. Алты айдың ішінде кісі жеткілікті білім алып шыға алмайды. Бұл курсқа ақша жіберіп оқытатын Мәскеудегі оқу комиссариаты....Осы курстегі 125 орынның 37-сін Башқұртстанға бер деп шарт қойып отыр. Сонымен бұл курстан Қазақстанға тиетін орын – 88. Курс Қызылордаға көшіп барғаннан кейін ашылуға тиіс.»(3).

    Бұл мақаладан байқағанымыз кеңестік құқық қорғау ұйымдары қызметкерлерінің саяси біліміне, яғни, «қаналушы таптың» мүддесін қорғау мәселесіне үлкен мән берілген. Өйткені, ондағы: «...Соттардың әлеуметтік тегі тек жұмысшы табынан болуы керек...»(4), - деген жолдар В.Ленин атап көрсеткендей, кеңестер мемлекетіндегі әрбір қылмысты істің тергеу қорытындысы жұмысшы-шаруа табының мүддесін жақтауға негізделуі тиіс деген қағиданы ұстаған. Осы ілімге сай, әрдайым кеңестік сот-тергеу, прокуратура ұйымдарының  қызметкерлерінің де әлеуметтік тегі қызметке ұсыныларда тексеріліп, анықталып отырған (5).

    1925-1926 жылдардағы ҚазАКСР Юстиция Халық Комиссариаты Прокуратура бөлімінің жылдық қорытынды есебінде құқық қорғау ұйымдары қызметкерлері білімдерінің төмендігі, белгіленген штат толық еместігі көрсетіліп (6) , ЮХК-ты губсоттарға білімді 100 адам, прокуратураға 100 адам, 400 білімді халық соттары мен тергеушілері керек деп шешеді (7).

    Милиция, қылмысты анықтау, қылмысты істерді іздеу ұйымдары қызметкерлерінің кәсіби білімін көтеруге, тыңғылықты қызметкерлер жинақтауға бағытталған шаралар да нәтиже бермеді. Сондықтан, бұл мекемелердің құрамы штатта белгіленген орыннан әлдеқайда кем болған.

   1927 жылы ҚазКСР ЮХК заңгерлердің Білімдерін көтеретін жергілікті курстар аша алмаған. Осы жылы Қазақстанға Москвадағы жоғарғы курстан 3 орын, Ташкенттен 41 орын, Саратовтан 14 орын бөлінген. Қазақстаннан тек Саратов қаласындағы курсқа ғана бар болғаны 3 адам барған. Сырдария, Ақмола, Орал губернияларынан аталған курстарға жіберуге тиісті қызметкерлеріне оқу кезінде олардың еңбек ақысын сақтай алмайтындарына байланысты жібере алмаған (7).

     1927 жылдың 1 қазанында Прокуратура құрамында жоғары білімі бар 4, орта білімді 25, төмен білімді 57 қызметкер болған. Соның ішінде заңгерлік білімі бар қызметкерлер саны – 25 немесе 30% болған (8).

   1925-26 жылдары Губпрокурорлар мен Прокурор көмекшілері құрамынан 55 қызметкер немесе олардың 51% қызметтерінен босатылған .

   ҚазАКС ЮХК-ты бұл жағдайды көрсетілген қызметкерлердің «өз міндеттерін орындай алмағандығынан, партия ұйымының оларды басқа қызметке ауыстыруынан, Қазақстанда Прокуратура бөлімінде қызмет істей алатын жарамды қызметкерлердің болмауынан деп көрсетеді (9)».

   Ал, біздің ойымызша, құқық қорғау ұйымдарында қызметкерлердің тұрақтамауы кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйенің күшеюімен байланысты. Құқық қорғау ұйымдары қызметкерлерін партияның іріктеуі (10), партияның мемлекеттік биліктің барлық функцияларын өз қолына алуымен түсіндіріледі. Ендігі жерде құқық қорғау ұйымдары жеке адамның мүддесін емес, мемлекеттің мүддесін қорғаумен айналысқандықтан олардың құрамына үкімет пен партияның саясатын сөзсіз орындайтын, «саяси білімі жоғары», «тіл алғыш» қызметкерлер керек еді.

     Кейінгі жылдары да құқық қорғау ұйымдары қызметкерлерінің кәсіби білімі төмен болған, керісінше, әлеуметтік жағдайы шаруа табынан шыққандар негізінде толықтыру күшейе түскен.

    ҚазКСР – і ЮХК-ның 1928-1933 жылдардағы ресми есебінде прокуратура, сот-тергеу ұйымдары қызметкерлерінің кәсіби білімінің төмендігі туралды мәселе көп қозғалады (11). Сондықтан да болар, «Еңбекші қазақ» газеті беттерінде құқық қорғау ұйымдары қызметкерлерінің саяси, кәсіби білімдері тақырыбына арналған мақалалар көптеп жазылған. Мысалы, «Анықтама органдарының ісі» атты мақалада: «...Халық соттарына жәрдемші болып отыратын көбіне анықтама (милиция, қылмыс зерттеу) органдары. Бұлар халық соттарына жәрдем беру түгіл, кесірі тиіп отыр. Оған себеп: осы күнге дейін анықтама органдарында шала сауатты жастар (12)», - деген жолдар бар.

   1928-29 жылдары партиялық-билік жүйесі құқық қорғау ұйымдары қызметкерлерінің кәсіби білімін көтеру мәселесінен гөрі, олардың құрамын тазалау науқанына көп көңіл бөлген. Осы жылдардағы тағы да бір мақалада:        «... жүргізіліп жатқан тазалау жұмысы кеңес мекемелерінің талай былықтарын ашып жатыр. Тазалау кезінде былықтың ең үлкені заң комиссариатынан ашылды. Заң комиссариаты төрешілердің, кеңесшілердің, былыққойлардың туын тіккен жері болып шықты. Бұл мекемеде төре де, бұдан бірнеше жыл бұрын ақтардың офицері болғандар да, Алаш орданың мүшелері де жұмыс істеп келген. Бұлардың араласқан жерінде оңды жұмыс болған емес ғой (13)», - деген жолдардан әкімшіл-партиялық жүйенің құқық қорғау ұйымдарының құрамын тазарту науқаны барысында, қазақ халқының оқыған зиялыларын қудалау саясатының негізсіз жүргізілгенін көреміз. Бұл жылдары әкімшіл-әміршіл жүйе құқық қорғау ұйымдарының кәсіби білімін көтеру мәселесінен гөрі, олардың құрамын тазалау науқанына көп көңіл бөлгенін көреміз.

   1931-32жылдары Республикалық прокуратура бөлімінде қызмет ететін 10 адамның 4-нің ғана жоғары білімі бар, ал әлеуметтік тұрғыдан олардың бәрінің жұмысшы табынан көтерілгендер екенін көреміз.  Аталмыш жылдары Жоғарғы Соттық қазақ бөлімі қызметкерлерінің білімі туралы мәлімет болмаса, керісінше барлығы партия мүшесі болған. Халық тергеушісі қызметінде штат бойынша белгіленген 201 адам орнына 113 қана адамның қызмет еткен және олардың барлығының білімдері төмен болған. Штат бойынша белгіленген 241 орында 48 ғана Халық соттары болса, олардың тек 17-сі ғана мамандығы бойынша тек арнайы курстарды бітірген (14).

    Жоспар бойынша, 1932 жылы 100 заң қызметкерін даярлау, қайта даярлау көзделеді. Олардың бірінші тобына енген 40 адам осы жылдың 1 мамырында курстарды бітіреді. Жалпы пәндерден басқа қазақ тілінде оқу құралдарының, тіпті, Қылмыстық Кодекстің болмауы орыс тілін білмейтін заң қызметкерлерінің білім деңгейін көтеруге кері әсерін тигізді.

    Қорыта келе, 1925-1932 жылдардағы ҚазАКСР құқық қорғау ұйымдары қызметкерлерінің құрамына байланысты деректік материалдарды зерттеу нәтижесінде мынадай қорытынды жасаймыз: партиялық-әкімшілік жүйе құқық қорғау қызметкерлерін іріктеу барысында олардың кәсіби білімінен гөрі, партия мүшелігіне қатыстылығын, яғни саяси сауатына басты мән берген. Сонымен бірге кәсіби білімі төмен құқық қорғау қызметкерлерінің саяси білім деңгейі «жат элементтермен» күрес барысында тексеріліп, әкімшіл-әміршіл жүйе талабын орындамаған заң қызметкерлерін құқық қорғау ұйымдарынан қудалау науқандары жиі өткізіліп тұрған. Халық ашаршылыққа ұшырап жатқан 1932 жылдың өзінде құқық қорғау ұйымдарында «саяси сауаты төмен қызметкерлерді іздеу» науқаны әсте тоқтамаған.

          Профессор А.Гумплович маркстік-лениндік мемлекеттік билік пен заң теориясына «зорлық-зомбылық жасау, күштеу арқылы еріксіз көндіру немесе озбырлық теориясы» деген сипаттама берген еді. Ол «бұқаралық билік екінші тайпаны құлға айналдырумен байланысты болды», - деп, біртұтас билік жүйесін сынайды. 1920-30 жылдардағы қазақ халқын қырыуға бағытталған саяси-экономикалық науқандарды құқық қорғау ұйымдарының сауатсыз құрамы іс жүзінде жүзеге асырды, ал олардың адам құқығын аяқ асты еткен іс-әрекеттерін кеңестік заң жүйесі ақтап отырды.

    О бастан-ақ саяси-әлеуметтік құрылымы дұрыс жасалмаған кеңестік билік жүйесінің құлауы сөзсіз, әрі болмай қалмайтын тарихи заңдылық болғандықтан, 70 жылдай өмір сүрген кеңестер мемлекеті ақыры таратылып, бүгінде Қазақстан тәуелсіз ел болды. Енді жаңа Конституция заңы бәрінен жоғары қойылып отыр.

 

    

                      Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1.     ҚР Орталық Мемлекеттік архивы (бұдан былай ҚРОМА) 1380қор. 1–тізбе. 37-іс. 19,44-п.

2.     Ф. Голощекин Казакстан на путях социалистического переустройства. Сборник статей и речей. С.21.

3.     С. Қадырбаев. Сот жұмысы // Қызыл Қазақстан, 1925. N 3-4-5. 14 б.

4.     Добровольская Т.А. Как устроен суд и прокуратура в СССР – М.:Знание, 1978. – 20 б.

5.     ҚР ОМА. 1380 – қор. – 1-тізбе. 140-іс. 25-п.

6.     ҚР ОМА. 1380 – қор. – 1-тізбе. 99-іс. 67-п.

6.   ҚР ОМА. 1380 – қор. – 1-тізбе. 37-іс. 36-п.

7.   ҚР ОМА. 1380 – қор. – 1-тізбе. 140-іс. 25-п.

8.   ҚР ОМА. 1380 – қор. – 1-тізбе. 99-іс. 1-2-4п.

9.   ҚР ОМА. 1380 – қор. – 1-тізбе. 141-іс. 1-п.

10. ҚР Президент архивы (Бұдан былай ҚР ПА). 1380-қор. 1-тізбе. 1040-іс. 81-п.

11.  ҚР ПА. 1380-қор. 2-тізбе. 297-іс. 11-13-п.

12.  Анықтама органдарының ісі – Еңбекші қазақ, 1927. – 3 наурыз. – N 51 (1033).

13.  Заң комиссариаты қандай екен // Еңбекші қазақ. 1930. – 14 наурыз. N 60 (1665).

14.  ҚР ОМА. 1380 – қор. – 2-тізбе. 420-іс. 8,9,34-п.

 

 

Резюме

Саржанова Самал Сагнаевна
О сотрудниках правоохранительных органах Казахстана в 1920-1930 гг.

   В статье на основе новых архивных документов и периодических изданий 1920-1930 годов рассмотриваются профессиональное образование , социальное положение и состав работников правоохранительных органов Казахстана.  А так же в ходе работы исследуется суть деятельности судебно-следственных, административных органов по реализаций карательной политики советского государства в указанные годы.

 

Sarzhanova Samal Sagnaevna
About the workers of law-enfersement bodies in Kazakhstan of 1920-1930 years.

  The first chapter considers the structure of the professional training and structure of the workers of law-enfersement bodies on the basis of new archival documents and periodic editions of 1920-1930 years.And also is devoted to the activity of the legal - investigating , administrative bodies on realization of punitive politics of the Soviet state in the specified years.