Дандыбаева А.С., Сабанбаев Н.И.

 

Қарағанды «Болашақ» университеті, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

 

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ТОПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ

 

Қазақстанның экономикалық, саяси, мәдени дамуына үлес қосатын, әлемдік цивилизацияға көтерілетін білімді де мәдениетті, парасатты, денсаулығы мықты азамат тәрбиелеп шығару - бүгінгі мектеп, ұстаздар қауымының міндеті. Адамзат ұрпағымен мың жасайды дегендей, ұрпақ тәрбиесі қай кезде де халықтық мәселе болған. Тарихта айтылғандай: дарындылар, қабілеттілер аса жоғары бағаланған.

 «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте-мөте қажет»,- деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев[1] атап көрсеткендей, ұлттық мектептерімізде жаңа типпен білім беруді жаңаша әдіс- тәсілмен жүргізу керек. Яғни білім беру технологиясын өзгерту қажет. Қазіргі педагогика теориясы жаңашылдыққа бет бұрып, білім беру мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас пайда болумен жаңа технологиялар өмірге келді. Оқытудың жаңа технологиясын жете меңгеріп, оны оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне қарай таңдап пайдаланудың маңызы зор. Педагогикалық технология ұғымы іс-әрекетімізге кеңінен еніп, жиірек қолданылып, практикаға енуде.

Кез-келген технология мұғалімнен терең теориялық білім, үлкен педагогикалық шеберлік, баланың жан дүниесін түсіне білетін психолог болуды талап етеді. «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады»,- деп К.Д.Ушинский[2] айтқандай, қазіргі кезде мұғалімнің мамандығы ең жауапты, ең қадірлі болып табылады. Мұғалімге қазір ең ауыр міндет жүктеліп отыр. Осы міндетті әрбір мұғалім көп ізденіп алдына міндет, мақсат қойғанда ғана атқара алады.

Қазіргі таңда педагог-ғалымдар қолданылып жүрген білім беру технологияларын әр қырынан ашып көрсетуде. Педагог-ғалым В.П. Беспалько[3] өзінің «Педагогикалық технологияның құрамдары» деген еңбегінде былай жазады: «Педагогикалық технология- оқу- тәрбие процесінің алдын ала жүйелі түрде жоспарланған және тәжірибеде жүзеге асырылатын педагогикалық жүйесі».

В.М. Монахов[4]: «Педагогикалық технологиялар дегеніміз- оқыту процесін жобалау, ұйымдастыру мен жүргізудің ойластырылған моделі»,-деп түсіндіреді. Ал, XX ғасырдың басындағы ұлттық ойшылдарымыздың бірі Жүсіпбек Аймауытов[4]: «Сабақ беру - үйреншікті жәй ғана шеберлік емес, ол - жаңаны табатын өнер», - деген.

Педагогикалық технологиялық әдіс-тәсілдерді мектеп өміріне енгізу, оны әр пән мұғалімінің тиімді пайдалана білуі – бүгінгі таңда білім сапасын арттырудың бірден-бір жолы. Мұның өзі оқушылардың сабаққа деген қызығушылығының артуына, біліктілігінің, пәннің идеялық-эстетикалық мән-мағынасына терең бойлап, тебірене қабылдауға мүмкіндік туғызып, оқырмандық белсенділіктерін арттырады. Сондай-ақ, оқушының оқу еңбегіндегі ой дербестігін, оқу әрекетін жандандыра отырып, сөз өнерінің ерекшеліктерін түсініп-тануға, ой көзімен зерделеуге негіз болады.

Әртүрлі пәндерден қызықты идеяны алып зерттеу, оқушыларға дүниені тұтастай қабылдауға көмектеседі. Демек, жаңа идеяны зерттеу барысында оқушылар өз білімдерін жетілдіреді. Ал соның нәтижесінде бастауыш сынып оқушыларының білім көрсеткіштері көтерілері сөзсіз.

Осындай жауапты міндетті шешуде өз жерін, елін сүйетін, адамгершілік қуаты мол, білімді, парасатты, ата-бабасының әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін бойына сіңірген ұрпақты тәрбиелеуде педагогикалық технологиялардың алатын орны ерекше.

Соңғы жылдары «педагогикалық технология» ұғымы оқыту теориясында кең мағынада қолданылып жүр. Бұл мағынада «технология» термині және оның «оқыту технологиясы», «білім беру технологиясы», «оқытудағы технология» деген түрленген ұғымдары педагогикалық әдебиеттерде жиі кездеседі және оларға байланысты белгілі авторлар көптеген тұжырымдамалар айтуда.

«Технология» - латынның «техне»-өнер, шеберлік, қолөнер және «логос»- ғылым деген сөзінен шыққан.  60-70- жылдардан бастап педагогика ғылымында педагогикалық технология деп аталатын жаңа ұғым пайда болды. Оның мағынасын ғалымдар түрліше анықтайды:

-педагогикалық технология - мақсаттар қою, оқу жоспары мен оқу бағдарламасын үнемі жақсартып отырудың, педагогикалық жүйелерді бүтіндей бағалаудың және ол жүйелердің тиімділігі жөніндегі жаңа ақпарат туындауына байланысты жаңа мақсаттар қоюдың тұтас үрдісі (С.Сполдинг);

-педагогикалық технология-оқу процесіне белгілі бір мақсат көздей әсер ететін педагогикалық ықпал (Б.Т.Лихачев);

-педагогикалық технология- оқу-тәрбие процесінің шығармашылықпен терең ойластырылған көптеген факторлардың үйлесімділігін, оқыту мен тәрбиенің тиімділігін қамтамасыз ететін жанды құрамдас бөлігі (Ш.Т.Таубаева, Б.Т.Барсай), т.б.

Сонымен педагогикалық технология жетілдірілген оқыту мен тәрбие жүйесін құрумен, оқу-тәрбие процесін жобалаумен айналысады.

Педагогикалық технология М.В.Клариннің[5] анықтауында: «Педагогикалық мақсатқа жету үшін пайдаланылатын барлық, дара, инструменталдық және әдіснамалық құралдардың қолдану реті мен жиынтығының жүйесін білдіреді».

Ал, белгілі педагог Н.С.Щуркова[5] оқыту технологиясының практикадағы қолданыс аясын тереңірек зерттей келіп, оны жаңаша қырынан танытады: «Педагогикалық технология – балаға педагогтың шынайы өзара әрекетін қамтамасыз ететін қолданбалы ғылыми педагогикалық пән».

А.К.Колеченко[5]: «Педагогикалық технология – қойылған мақсатқа сәйкес білімді, білікті, дағдыны және қатынасты құрастыру, қалыптастыру мен бақылау бойынша операциялардың жиыны»,- деп көрсетеді. Мұнда ғалым мақсатқа жету үшін қолданылатын бір-бірімен өзара байланысты әдіс-тәсілдердің жиынтығы ретінде қарастырады.

Қазіргі уақытта инновациялық педагогикалық технологиялар саны жеткілікті әзірленген. Педагогикалық технологияның негізі амалдардың ең тиімдісін сыныптағы оқушылардың қабілет, дарынына қарай талғап-таңдап қолдануында.

Оқыту технологиясы – жүйелі категория, оның толық құрылысына мыналар жатады: оқыту мағынасы; оқыту мазмұны; педагогикалық қарым-қатынас құралдары; оқу процесін ұйымдастыру; оқушы, оқытушы; іс-әрекет қорытындысы.

«Педагогикалық технология» түсінігі үш түрлі құбылыс ретінде ұсынылады: ғылыми; іс-жүргізу, суреттеу; ықпалды іс-жүргізу.

Сонымен, педагогикалық технология оқытудың ұтымды жолдарын зерттейтін ғылым ретінде жұмыс істейді және оқуда қолданылатын тәсілдер жүйесі ретінде, оқытудың шынайы барысы ретінде де қарастырылады.

Қазіргі кезде шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдердің тынымсыз ізденуі нәтижесінде оқу-тәрбие жұмысының тиімділігін арттырудың жаңа технологиялары өмірге келді. Атап айтқанда, В.В. Воронов педагогикалық технология-бұл тиімді оқыту жүйесін құрумен айналысатын жаңа бағыт десе, В.М.Шепель технология-өнер, шеберлік, ептілік, іскерлік, әдістердің жиынтығы, жағдайдың өзгеруі дейді. Ал, М.Чошанов технология - бұл дидиактикалық жүйенің құрамды бөлігі деп есептейді, Б.Т Лихачев педагогикалық технологияны оқу үрдісінде белгілі бір мақсат көздей әсер ететін педагогикалық ықпал деп түсіндіреді. Ал, технологияллық процесті нақты педагогикалық нәтижеге жетелейтін бірліктердің белгілі бір жүйесі ретінде көрсетеді және педагогикалық технология түпкілікті өзгермейтін механикалық құрылым емес, қайта баламен  мұғалімнің үнемі түрленіп отыратын өзара қарым-қатынасының өзегі, мазмұнды ұйымдастырушы құрылымы. Оқыту технологиясы мектепте оқу процесіне қажетті амал, тәсіл, әдіс, дидактикалық талап секілді психологиялық-педагогикалық іс-әрекеттердің жүйелі кешені ретінде пайдаланылады[6]. Ол оқушылардың тәртібіне, оқуға, ынтасына, оқу-іс-әрекетіне игі мұғалімдердің интеллектуалдық, шығармашылық қызметі болып табылатын педагогикалық іс-тәжірибесінің нәтижелігіне, жинақтылығына ұтымды әсер ететіндей оқу-тәрбие  үрдісінің басты күре тамырының ролін атқарады. Былайша айтқанда, педагогикалық технология-оқу-тәрбие үрдісінің шығармашылықпен терең ойластырылған көптеген факторлардың үйлесімділігі оқыту мен тәрбиенің тиімділігн қамтамасыз ететін жаңа құрамдас бөлігі. Қазіргі кезде білім беру үрдісінде 50-ден астам жаңа технология қолданады екен.Олардың бірнешеуіне тоқталып өтейік.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Көрсетілген технологиялар жіктемесін мектепте оқу-тәрбие процесінде көптеген озат тәжірибелі мұғалімдер пайдаланып жүр. Енді осы технологияларға тоқталып кетейік.

Дамыта оқыту технологиясының мақсаты – балаларды дамыту, өз бетімен ойлауға,әрекет ете алуға үйретуді балалармен ынтымақтастықта іске асыру.

Дамыта оқыту технологиясы- күрделі құрылымды, біртұтас педагогикалық жүйе. Оның нәтижесінде әр оқушның өзін-өзі өзгертуші субъект дәрежесіне көтерілуі көзделіп, оқыту барысында соған лайық жағдай жасалады. Дамыта оқытудың дәстүрлі оқытудан айырмашылығы көздеген мақсатында негізгі факторында мұғалімнің рөлі мен атқаратын қызметтінде, әдіс –тәсілінде, т.б. Бұл идеялар бүгінгі таңда қолдау табуда. Педагогикалық ғылымының зерттеушілері тәлім-тәрбие беру үрдісінде негізгі мақсаты оқушы тұлғасын дамыту деп таниды.

Сондықтан мектеп мақсаты баланың табиғи күштері мен мүмкіншіліктерінің өзіндік ашылуына қолайлы жағдай жасау болып табылады.Ол үшін тұлғаның дамуын көздейтін білім беру процесін, ұйымдастырудың түрлі әдістері мен амалдарын анықтап, жүзеге асыру қажет [7].

Сын тұрғысынан ойлау технологиясы. «сыни ойлау» анықтамасына еш келмейтін ойлаудың үшінші түрі – ол шығармашылық немесе көкейкесті ойлау. Сонымен сыни тұрғыдан ойлау үш бөліктен тұрады:

-Біріншіден, сыни тұрғыдан ойлау өзіндік және жеке ойлау болып табылады.

-Екіншіден, ақпарат сыни тұрғыдан ойлаудың соңғы емес, бастапқы пункті болып табылады.

-Үшіншіден, сыни тұрғыдан ойлау сұрақтар қойып,шешімін табуды қажет ететін мәселені анықтаудан басталады.

-Төртіншіден, сыни тұрғыдан ойлау көңілге қонымды дәлелге ұмытылады. Сыни тұрғыдан ойлайтын адам мәселені шешудің жолын өзі іздеп табады да, сол шешімдерді негізі бар, саналы дәлелдермен нақтылай түседі. Ойымызды қорыта келсек: инновация жаңалық енгізумен байланысты. Бірақта зерттеушілердің айтуы бойынша кез-келген жаңалық, әрқашанда да жоғары нәтиже көрсете бермейді[8].

Ойын технологиялары педагогикалық процесті ұйымдастыру формаларының бірі болып табылады. Ойыннның тәрбиелік, дамытушылық және эвристикалық мүмкіндіктері бастауыш сынып мұғалімдерінің даярлығын жетілдіруге игі әсерін тигізеді.

Ойын технологиялары белсенді тұлғааралық қарым-қатынас пен өзін-өзі анықтау үшін өте қажет. Әрбір пәнді оқыту барысында ойындарды пайдалану болашақ мұғалімдерге өздерінің іскерлік сапалары мен тұлғалық қасиеттерін жақсы түсінуге мүмкіндік береді.

Ойын технологиялары оқу процесін белсендіру және жетілдіру құралы ретінде мына жағдайларда қолданылады: -оқу пәнінің ұғымдарын, тақырыптарын және тұтас бөлімін меңгеру үшін дербес технология ретінде; -жалпы технологияның бір бөлігі ретінде; -сабақ немесе оның бір бөлігі ретінде; -сыныптан тыс жұмыс үшін дербес технология ретінде.

Ақпараттық технологиялар -ақпаратты алудың, қайта жасаудың, жеткізудің, сақтаудың және пайдаланудың әдістері мен құралдары екендігі белгілі. Ақпараттық технологияларды білм беру існде пайдаланудың мақсаты оқу процесіне қатысушыларыдың дер кезінде тиянақты білім алуын қамтамасыз ету оқытудың жоспарланған сапасына қол жеткізу болып табылады.

Ақпараттық технологиялады пайдаланудың мынадай артықшылықтарын атап өтуге болады: -әрбір адамның өздігінен білім алуына меншікті траекторисын қамтамасыз ететін білм берудің ашық жүйесін құрайды; -ақпаратпен жұмыс істей алу білігін қалыптастырады және қатынас жасау қабілетін дамытады; -таным процесін ұйымдастыруды оны жүйелі ойлау жағына жылжыту жолымен түбегейлі өзгертеді; -оқу процесінде оқушылардың танымдық іс-әрекетін қолайлы ұйымдастыруға мүмкіндік туғызады; -жаңа таным құралдарын пайдалануға және ұйымдастыруға жағдай жасайды; -білім беруді ақпараттық-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етеді[9].

Проблемалық оқыту өзінің мазмұны мен құрылымы бойынша мұғалім мен оқушылардың шығармашылық процестерін жинақтайтын оқытудың педагогикалық технологиясы болып табылады. Оның басқа технологиялардан айырмашылығы, біріншіден, оқу-іс әрекетінің барлық құрылым функциональды түрде әрекет етеді, екіншіден, проблемалық оқытуда әрекеттің моделін құру кезеңі мен субъектінің шешу тәсілін өз бетімен таңдап алуы, яғни әрекетті өздігінен реттеу үстем болады.

Жаңа технологияның жаңа мақсаты бойынша оқытуды ізгілендіру қажет. Ол – оқыту құралдарына деген көзқарасты да өзгертуді талап етеді. Оқушылардың білім, білік, дағдыларын жетілдіру үшін, оқытудың жаңа технологиясы бойынша, дифференциалды және дербес деңгейлік принциптердің талаптарына сәйкес әртүрлі сабақ түрлеріне арналған жаңа оқулықтар мен оқу құралдары қажет. Бұлар: әңгімелесуші – оқулықтар, оларға қосымша төрт деңгейдегі тапсырмалар берілген жұмыс дәптерлері.

Бұл аталған педагогикалық технологиялар арқылы оқушылар жүйелі білім алып және алған білім негізінде біліктілігі мен дағдысы қалыптасады, сабаққа деген қызығушылығы артады, өз бетімен жұмыс істеуге үйренеді.

 

 

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

 

1.Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан: елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын жария ету кезінде сөйлеген сөзі // Ана тiлi. - 2007. - 8-14 наурыз (№10)

2.Ушинский К. Д. Педагогические сочинения. - М. : Педагогика, 1988. – С.494

3.Бұзаубақова К. Жаңа педагогикалық технологияны меңгеру-міндет// Қазақстан мектебі 2005, №9-10, Б.58-60.

4.Беспалько В.П. Слагаемые педагогической технологий.-Москва: Педагогика, 1989.-Б.192.

5. Бұзаубақова К. Жаңа педагогикалық технологиялар. //Қазақстан мектебі 2010 №4, Б.5-8.

6.Мурсалимбаева, Б. К. Бастауыш білім беру жүйесіндегі инновациялық технологиялар // Бастауыш мектеп. - 2009. - №11. - Б. 36-37.

6.Қасенова Б. Оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру және педагогикалық технологияларды пайдалану // Бастауыш мектепте оқыту = Обучение в начальной школе. - 2009. - № 6. - Б. 24-26 б.  

7. Бекеева, А. Дамыта оқыту технологиясын пайдаланудың теориялық негіздері// Бастауыш білім. - 2009. - № 6. - Б. 6-7.

8. Құлдыбаева С.Б. Білім беру жүйесіндегі жаңа педагогикалық технология // Білім = Образование. - 2009. - № 6. -Б. 27-31 .

9. Дайырбеков, С. С. Білім берушінің ақпараттық технологияны қолдануда біліктілігін жоғарылату мәселелері // Білім = Образование. - 2009. - № 6. - Б.34-36.

10.Ахметжанова Ү. Жаңа педагогикалық технология-оқу үрдісінде // Бастауыш мектеп. - 2009. - №11. -Б. 5-7.