Искакова Д.М., Диянова Р.Т.

 

Қарағанды «Болашақ» университеті

Қарағанды, Қазақстан

 

БОЛАШАҚ ПЕДАГОГТЫҢ КӘСІБИ ШЕБЕРЛІГІН АРТТЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Тәуелсіздік алған аз ғана кезең ішінде асқан асуымыз да, шыққан белестер мен биіктеріміз де, қол жеткізген табыстарымыз да жетерлік деуге болады. Мұның жастар үшін маңызы зор. Бүгінгі таңда білім беру мен тәрбиелеуге байланысты қойылатын талаптар да арта түсуде. Елбасымыз айтқандай: «Егер біз адамгершілігі жоғары қоғам болғымыз келсе, балалардың алдындағы жауапкершілікті күшейтуіміз керек». Осыған орай, білім беру ісімен бірге ұштастыра отырып, болашақ мамандарды іскер, өмірге бейім, адамгершілік қасиеті мол, жеке басының мүмкіндіктерін бағалай білетін, саналы, әдепті азамат етіп тәрбиелеу міндеті тұр.

«Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында» көрсетілгендей қоғамдағы қазіргі кездегі қайта құрулар, экономиканы дамытудағы жаңа стратегиялық бағдарлар, қоғамның ашықтығы, оның жедел ақпараттануы мен қарқынды дамуы білім беруге қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертті. Әлемнің жетекші елдерінің көпшілігінің білім беру жүйесі білім берудің мақсатын, мазмұны мен технологияларын оның нәтижесіне қарап бағалайтын болады[2]. Соңғы жылдары білім беру жүйесінің құрылымы Қазақстан Республикасының жаңа экономикалық және әлеуметтік-саяси жағдайға көшуіне байланысты толығымен өзгерді. Елбасымыздың елімізді дамыған елу елдің қатарына қосуға деген қоғам алдына биік мақсат қоюына байланысты сол талаптарға сай шығармашылық бағытта жұмыс істей алатын білікті мамандарды даярлау мәселелерінің қажеттілігі артуда. Осыған орай еліміздің ертеңінің тізгінін ұстар, өзіне сенімді, Отанымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қоса алатын, жан-жақты дамыған, білімді тұлғаны дайындап, тәрбиелеу-аса жауапты қоғамдық міндет. Білім беру жүйесін дамытуда, білікті маман даярлауда жетекші рольді оқытушы атқаратыны мәлім. Қалыптасқан нарықтық қатынастарға сай республикадағы жоғары оқу орнын бітіруші мамандардың сапасына жаңа талаптар жүктелуде[4].

Сол талаптардың бірі қоғамымызға жаңа формациялы мұғалімге деген сұраныс туындап отыр. Жаңа формациялы мұғалім-ол рухани адамгершілігі жоғары, азаматтық жауапкершілігі мол, белсенді жасампаз, жан-жақты дамыған шығармашыл тұлға, рефлексияға қабілеті басым, экологиялық білімді, өзін-өзі дамыту және өзін-өзі жүзеге асыруға ұмтылысы, әдіснамалық қалыптасуының жоғары деңгейін сипаттайтын әлеуметтік, тұлғалық, коммуникативтік- ақпараттық және біліктіліктің басқа да түрлерін меңгерген. Мұғалім нақты өмірде білімнің өзіндік құндылығын түсіну, мәдениетті адам болу, өз пәнін жан-жақты меңгерген, болашақ өзінің дамуы мен өсуінде педагогикадағы, психологиядағы тұлғалық бағдарлық әдісті қолдану мотивациясын меңгерген[1].

«Қазақстан Республикасының жоғары педагогикалық білім беру тұжырымдамасында» болашақ шебер мұғалім білуі тиіс талаптары көрсетілген:

-тек өз пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, ол сонымен қатар педагогикалық процеске қатысушылардың орнын білетін және оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастыра алатын, оның нәтижесін көре білетін, кемшіліктерге түзетулер енгізе алатын;

-оқушылардың біліктілік көздерін қалыптастыруға даярлықты меңгеру (құндылық-бағдарлық, жалпы мәдени, оқу-танымдық, комуникативтік, ақпараттық әлеуметтік-тұлғалық біліктері және т.б.)

-оқушылардың тәрбиесіне рухани-адамгершілік, азаматтық-патриоттық, көпмәдениетті, денсаулық сақтау, экологиялық білім мен тәрбиесін жүзеге асыра білу.

-білімге ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеуді жүзеге асыру (мүмкіндігі шектеулі балалар, дарынды балалар, жетім балалар, ішімдікке, нашақорлыққа тәуелді балалар т.б.)

Мұндай нәтиженің жетістігіне жету үшін жоғары оқу орнында болашақ мұғалімдерді кезеңдермен дайындау оны тұлға ретінде біртіндеп қалыптастыру үшін жағдай туғызу қажет[1].

Егерде жоғарыда аталған талаптарды ескере отырып болашақ педагогтарымызды дайындасақ, еліміздің экономикасын дамытып, дүниежүзіне танытатын бәсекеге қабілетті кәсіби мамандар шығатынына сенімдімін. Ал болашақ педагогтарды даярлаудағы міндеттерді жүзеге асыратын бірден бір күш жоғары оқу орындары болып саналады. Жоғары оқу орнындағы әрбір оқытушылардың міндеті студенттерді тек қана өз мамандығы бойынша біліммен қаруландырып қоймай, сонымен қатар еліміздің болашағын, тұтқасын ұстар азаматтар сіздер деп санасына құйып, бойына жауапкершілігін, өз мамандығын сүйуге, жан-жақтылыққа, елім-жерім деп тұратын азаматтарды тәрбиелеу болып табылады.

Мұғалімдік шеберлікке баулу, тәрбиелеу жоғары педагогикалық оқу орындарында жекелеген мамандыққа байланысты пәндерді оқытумен жүзеге асырылады. Сондықтан да бұл пәндердің негізінде студенттерге жоғарғы кәсіптік мамандықты игеруді мақсат етіп қоюмен бірге студенттердің оқып үйренуге ынтасын арттыру қажет.

Ал қандай да бір істі өзінің нақты деңгейіне жеткізіп атқару үшін шеберлік керек. Шеберлік барлық іс-әрекеттерге, барлық мамандықтарға тән қасиет.

Негізгі мақсат педагогикалық шеберліктің өзіне тән ерекшеліктері мен қасиеттерін білуіміз керек. Педагогикалық шеберлікті жетілдірудегі негізгі мақсат-мұғалімдік мамандық бойынша өзінің алдына қойған мақсатты, педагогикалық іс-әрекетті деңгейіне жеткізіп, нәтижелі түрде іске асыра білу.

Ал іс-әрекеттің мақсаты-жас ұрпақты қоғамға сай, жан-жақты етіп тәрбиелеуді көздейді.

Педагогикалық қызметті жобалай білу, құрастыра, ұйымдастыра білу және талдау, оқушылардың оқуын ұйымдастыру, оны басқару, нәтижесін бағалау теориялық және әдістемелік әзірліктің өзара байланыста болуын көздейді. Мұның өзі болашақ мұғалімнің кәсіптік әзірлігін жетілдіре түседі.

Бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеушілердің алдында: «Тиімді жұмыс істеуді қалай үйренуге болады?»-деген сұрақтар тұр. Жұмысты жаңаша ұйымдастыру үшін әрбір мұғалім шығармашылықпен жұмыс істеуі тиіс. Сабақты бір сарында өтпей, оны ойынмен, қимылмен түрлендіре өткізу тиімді. Сонымен бірге әрбір сабақ жан-жақты ойластырылып, оның ғылыммен және өмірмен байланыстылығына мән беріп, тәрбиелік жағына назар аудару керек. Сауатты болу үшін студенттердің өзінің ана тіліне деген сүйіспеншілігі болуы тиіс. Мұғалімнің жеке басында мына қасиеттер болуы тиіс: шәкіртіне тілектестік; белсенділік; икемділік; әр оқушының жеке ерекшелігін ескере жұмыс істеу.

Сусыз, құрғақ жерге, таса көлеңкелі жерге дән тастағанмен өнбейтіні сияқты студенттерді біліммен сусындатып, бағып-күтпесек, көкірегін ашып, тәрбие бермесек өспейді, өнбейді. Студенттердің тілін тауып оның бойына білім ұрығын себетін басты тұлға-оқытушы.

Болашақ педагогтар үшін аса қажет, әрі маңызды жайттардың қатарынан мыналарды жатқызар едік:

-ойлау мәдениетін игеру. Құбылыстар мен үрдістердің жекелеген ерекшеліктерін жазбаша және ауызша сауатты түрде жеткізе білу;

-танымның осы заманғы ғылыми әдістерінің мүмкіндіктерін түсіну және оны кәсіптік міндеттерді шеше білу үшін қажетті деңгейде игеру;

-сабақ берген кезде және сабақтан тыс уақытта түрлі үрдістер мен құбылыстарды байқап, ажырата білу, оларды талдап, түсіндіре білу.

Педагогтың сапасы-тек қана мұғалімнің жан-жақты және методикалық сауаттылығы ғана емес, ол-әр сөзді оқушыларға жеткізе білу, олардың толық қабыл алуы, толғанып бойға сіңіруі. К.Д.Ушинскийдің сөзімен айтқанда, «педагогика теориясын қаншама жетік білгенімен» педагогтық әдептің қыр-сырын меңгермейінше бұған оның қолы жетпейді. Егер педагог таланты, педагог шеберлігі жайында әңгіме қозғала қалса, балалар жүрегіне жол табу, олармен байланыс мәселесі алдымен айтылуы тиіс. Бұл әрине екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Педагогтың әдебі оқуда да, тәрбиеде де өте қажет. Оның ролі тәрбие жұмысына тіпті ерекше. Әдеп әлемінен алыстату мұғалімнен балалар өздеріне ауыр тигенімен әйтеуір бірдеме үйренер. Алайда, ондай мұғалімдердің тәрбиесінен нәтиже шығуы-шықпауы екіталай. Моральдық сенім, ынта, ықылас, талғамды күштеп қалыптастырмайды. Қалыптастыру үшін амал біреу: оқушылар мұғалімдерін шексіз сүйіп, құрметтеу керек.

Педагогтық әдеп сақталмайынша оқушылармен тіл табысу мүмкін емес, ал оқушылардың тілін таппайынша, оқу-тәрбие процесінде ілгерілеу жоқ. Педагогтық әдеп, кең мағынасында алғанда-мұғалімнің әрбір нақты іс үстінде тәрбие мәселесінің ең ұтымды әдіс-тәсілдерін қолданып, оқушыларды еліктіріп әкететін кәсіптік сапасы. Педагогтың сапасы- шығармашылық, ақыл-ой әрекеті, айрықша іскерлік. Әдепті мұғалім педагогтық әр түрлі әдіс-тәсілдердің мол қазынасын меңгеріп қана қоймай, сонымен қатар оларды ақыл таразысына салып өлшеп, орнымен пайдалана алады.

Педагогтық әдеп әр мұғалімде әр түрлі және әр қалай көрініс беруі мүмкін. Бұл оның жас мөлшеріне, темпераментіне, мінез-құлқына, тағы да басқа ерекшеліктеріне байланысты. Педагогтық әдеп әр мұғалімнің дара қасиеті.

Кей мұғалімнің оқушыларға бірыңғай әдіс-тәсілдермен ықпал-әсер етуі нәтиже берсе, екінші бір мұғалімдерде оның керісінше болатын жайттері жоқ емес. Тіпті, бір мұғалімнің айтқан мәні шамалы, елеусіздеу сөзінің өзі кейде оқушыларға жеңіл әзілдей әсер етсе, екінші мұғалімнің айтқан сөзі ерсілеу естілуі мүмкін. Бірақ, бұған қарамастан әр мұғалімнің дара ерекшеліктеріне бағынбастан педагогтық әдепті дамытуға септігін тигізетін жекеленген психологиялық және педагогикалық жайттарды бөліп көрсетуге болады. Аталған жағдайлардан басқа сергектік, сезімталдық, сенім, әділдік, байсалдылық, ұстамдылық сияқты қасиеттерді бөліп алып қарауға болады:

Байқағыштық. Бұл педагог мамандығының маңызды сапалық белгілерінің бірі. Байқағыш мұғалім шәкірттерінің ішкі әлеміне терең үңіліп, көңіл-күйлерін қабақтарынан танып, әр қайсысының мінрез-құлық ерекшеліктерімен санаса біледі. Мұның бәрі оған әрбір оқушының тілін табуға, әрбір оқушының оның сезімдері мен ойларына өз сезімдеріндей қуанып, өз ой, сезімдеріндей күйініп-жанып қабылдауына мүмкіндіктер бреді.

Ілтипаттылық. Әдетте, оқушылар, өте жақсы көретін мұғалімдерді өздеріне дауыс көтеріп сөйлесе де көңілдеріне ауыр алып қалады. Дауыс көтеру, жазықсыз жазғыру, әділ қойылмаған баға ғана емес, мұғалімдерді көзге ілмей, өтініштерін құлақсыз, жүрдім бардым-тыңдаса да, ең болмағанда қастарына жақындап жай-жапсар білмесе де олардың көңілдеріне келеді. Қандай түрде болмасын мұғалімдер тарапынан оқушыларға ілтипат болмаса, мұның өзі олардың араларына түбі сызат-жарықшақ түсірмей қоймайды.

Сенім. Педагогтық әдеп мұғалімнің оқушыларға сенім арта білу қабілетін де қамтиды. Әрбір оқушы өзінің оқудағы табысының ынтаға, тырысуға байланысты екеніне сене білуі тиіс.

Әділдік. Әділ мұғалімнің оқушылар кейбір ресімшілдігін, біртоғалдығын, тіпті дөрекілеу кеткен жерлерін де кешіре алады. Егер мұғалім әділ болғанның үстіне әдебі мол, көңілді, жайдары болса, сектепте одан беделді адам қайсы!

Төзім және сабыр сақтау. Сабырлық, өзін - өзі ұстай білушілік сияқты қасиеттер ұстаздың белсенді құралы болуы қажет. Тәжірибесі аз, жас мұғалімдер көп ретте өздерін ыңғайсыз жағдайға қалдыратын лап етпе мінездерін нерв жүйесі жағдайларынан көреді[3].

Қазіргі заман мұғалімінің жаңа проблемаларды жүйелі түрде оқуын және зерттеуін талап етеді. Сондықтан әрбір педагогтың оқу, білім беру, тәрбие және ұжымды басқару теорияларымен, педагогикалық-психалогиялық мәселелер мен шетел психологтары және педагогтарының теорияларымен үнемі қаруланып отыруы қажет.

Қорыта келе, болашақ педагогтарды мамандығы бойынша теориялық, практикалық білім нәрімен сусындатып, ізденімпаздыққа, жан-жақтылыққа, әділеттілікке, т.б. тәрбиелеп, еліміздің туын әрқашан көкке желбірететін нағыз шебер педагогтарды дайындап шығару, әрбір жоғары оқу орнының міндеті болу керек.

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1. Қазақстан Республикасының жоғары педагогикалық білім беру тұжырымдамасы. Педагогика мәселелері. №1/2006.

2. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы. Қазақстан мектебі. №2.2004ж.

3. И.Е.Синица  Педагогтық әдеп және ұстаздық шеберлік. Алматы 1987ж.

4. Бәшірова Ж.Р., Дарибаева Д.Т. Болашақ педагогтардың коммуникативтік біліктілігінің басты мәселелері. Білім берудегі менеджмент. №3.2006.