Бекишева Р.Е.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті,

Республика Кахахстан

Мәтін – тіл үйренудің бірден бір жолы

 

           Тыңдаушы тілді үйрену барысында өзіндік ой-тұжырымдарын дәйекті жеткізудің тілдік жаңа тәсілдерін меңгеруге тиіс, ал біздің тыңдаушыларымыздың көпшілігі тіпті күнделікті қарапайым тілдік коммуникациялық қатынасқа да түсе алмайды. Ғалымдар тарапынан атап айтқанда, профессор Ф.Оразбаеваның екінші тілдерді оқыту әдістемесінде бүгіндері тыңдаушыға тілден бұрын сөйлесуді үйрету керек деген пікірі тұрақтала бастады. Өйткені өзге бір тілді меңгеру -  үйренетін тілдің лингвистикалық ережелерін жинақтап білу емес, ол екінші тілдің сөйлеу құралдары мен әрекетін, тұлғаларын дұрыс пайдалана білу, сол арқылы сөйлесетін дәрежеге жету. Сондықтан алдымен сөзді, сөйлеуді негізге ала отырып, содан соң тілді үйретуге көшкен жөн. Яғни бүкіл оқыту жүйесі тілмен түсінісуді қамтамасыз етуге бағытталған сөйлесімді үйретуге қатысты жүруі керек.

           Қазіргі уақытта оқу материалдары қай негізде құрылуы керек деген мәселе туындап, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде үйрету үшін пәндік білім мазмұнын құруда тиімді деп модульдік әдіс ұйғарылды. Оның мынадай себептері бар:

1.     Оқу материалдарын шағындап беру ыңғайлығы.

2.     Аз көлемді оқу материалдарының меңгерілуі де қиындық келтірмейді.

3.     Оқушы білімін күтілетін нәтижеге бағдарлауға да кеңінен мүмкіндік туады.

4.     Оқу материалдарының бөліктерге бөлініп модульдік тұрғыда берілуі оқушының психологиялық қызығушылығына сай оңтайлы болады. (еске сақтау, ойлау, түйсіну т.б.)

5.     Модульдік әдіспен құрылған оқу материалдары оқушының алдына қойған міндеттерді өзбетінше шешуге, өзін-өзі тексеруге, бағалауға шынайы мүмкіндік береді.

6.     Бұл оқыту процесінде кері байланыс жүйесінің түзілуі үшін басты шарт болып табылады. Осы кері байланыстың жүзеге аспауы да мемлекеттік тілді меңгертуге әсерін тигізіп отыр. (1)

Мәтін - өте күрделі құбылыс. Мәтін әдебиетке де, тілге де, әдістемеге де қатысты және олардың әрқайсысында мәтіннің атқаратын өз қызметі бар. Көркем әдебиетте мәтін әдеби шығарма ретінде қарастырылса, тіл білімінде ол тілдік бірлік ретінде қаралып, оның жасалу жолы, құрылымы, т.б. қасиеттері зерттеледі.

         Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытуда мәтіннің қолданылу мақсатының өзі ерекше, ол мақсатты іске асыруда мәтіннің атқаратын қызметіне қарай оның қолданылу әдістері де басқа-басқа. Бұл мақсатты орындауда мәтін, алдымен, қазақша сөйлеудің үлгісі қызметін атқарады. Екіншіден, мәтін қазақша сөйлеуге жаттықтыру, қазақша дұрыс сөйлеуді қалыптастыру қызметін атқарады. Үшіншіден, мәтін студенттің сөздік қорын байыту қызметін атқарады. Мәтіннің осы үш қызметі - өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту әдістемесінің түп қазығы. Мәтін осы үш қызметті толық атқармайынша өзге ұлт өкілдеріне, тыңдаушыларына қазақ тілін үйрету мүмкін емес. (2)                                    

Сөздікпен жұмыс – орыс бөлімдеріндегі тыңдаушыларға мәтін арқылы қазақ тілін оқыту әдістемесіндегі өзекті жолдың бірі. Сөздік жұмыстарын жүргізу арқылы тыңдаушылардың айтылым, оқылым, тыңдалым, жазылым әрекеттерін қалыптастырып, қазақша қарым-қатынас жасауға үйретудің алғашқы баспалдақтары қаланды.

         Мәтіннің соңында берілген сөздік сол мәтін бойынша жасалған «актив сөздік» деп саналады. Ал барлық мәтіндер жүйесінің соңында берілген сөздік – мәтіндер бойынша және тыңдаушының күнделікті қолдануына қажетті деп саналған белсенді сөздік қор жасауға керек сөздерден құралады.

         Сөздікпен жұмыс жасау әдістемесі тыңдаушылардың:

-         жеке сөздің мағынасын танып-білуін;

-         сөздің қандай құрамнан тұратынын талдап тануын;

-         сөздің қай табына жататынын айырып тануын;

-         сөздің келесі сөзбен тіркесу мүмкіндігін танып-білуін;

-         сөздің сөйлем мүшесі, абзац мүшесі, мәтін мүшесі болу синтаксистік қызметін түсінуін мүмкін ететін әдістерден тұрады.

Сөздікпен жұмыс жасау барысында оқытушы бірнеше әдістемелік алгоритмдерді басшылыққа ұстайды:

1)     мәтін соңындағы қысқа сөздіктегі сөздердің әрқайсысының мағынасы бойынша комментарий беріп өтеді;

2)     сөздіктегі сөздердің түсіндірме сөздіктегі мағыналық әртүрлі реңктерін көрсетеді;

3)     тыңдаушы танысқан сөз мәтіннің ішінде бірден тани алуы үшін оның құрамы мен мазмұнына ерекше назар салатын бір әдіс қолданады.

4)     Компьютер арқылы мәтінді оқуға, тыңдауға, өз оқуын тексертуге болады;

5)     Сөздерді таныстырып болған соң оны оқуға және тыңдауға көбірек жаттықтырған дұрыс. Сол арқылы студенттің санасында сөздің дыбыстық және жазбалық бейнесі сақталады.

         Сөздің дыбыстық айтылуының дұрыстығын тыңдаушы компьютермен оқуы және тыңдау арқылы тексере алады. Сонда тыңдаушының көру, айту, тыңдау, жазу қабілеттері компьютер арқылы бірден жетілдіріле алады.

         Сөздік жүйенің қалыптасуы арқылы біз студенттің қазақ тілінің фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік және мәтіндік талдау дағдыларын да дамытамыз. Өйткені жекелеген сөздің мазмұнында жинақталған лексикалық және грамматикалық белгілер, заңдылықтар дегеннің өзі – сөйлеу процесінің тыңдауына қызмет ететін ерекшеліктер.

         Тыңдаушының сөздік қорының қалыптасуы фонетикалық, грамматикалық қоры қалыптасуына өзгеше болып келеді. Әр сабақ сайын толықтырылып отырылатын сөздік қор – қазақша ұғымдарды білдіріп, тыңдаушының қазақша ойлауы қалыптасуына, соның негізінде қазақша сөйлемді дұрыс құруына негіз болады.

Тыңдаушыларға қазақ тілі мәтіндерін компьютер арқылы оқыту барысында сөздікпен жұмысты ұйымдастыруда тыңдаушылардың сөйлеу тілінің деңгейіне аса назар аударылады, өйткені студенттердің сөздік қорын байыту, толықтыру және кеңейте оқыту процесінің басты мәселесі болып келеді. Сонымен қатар сөздікпен жұмыс тыңдаушылардың лингвистикалық теориялық білімімен негізделіп отыру қажет. (3)

         Тілдің сөздік қоры бөлек сөздердің механикалық жиынтығы болып табылмағандықтан, тіл байытуды студенттердің актив сөздігіне белгілі сөздер мен сөз оралымдарын енгізіп отыру дұрыс емес. Тыңдаушылардың сөздік қорын байытудың негізі – оның тілдік санасына таңдалған лексикалық элементтерді енгізу болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Әрінова Б.А. Мемлекеттік тілдің коммуникативтік  сипатын арттырудағы оқу мәтіндерінің ролі. // Білім - Образование. - 2004. - №3 - Б. - Б. 87.

2.     Орынбаев А. Мәтін және оның сөйлеуге үйретудегі үлгілік қызметі. //«Қазақ тілі мен әдебиеті» № 4/2010. – 89-95 бб.

3.     Серікбаева Г.Ж. Мәтін бойынша жүргізілетін сөздік жұмысы. //«Мәдениет тоғысындағы тіл, әдебиет және аударма мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Алматы, 2009. – 240 б.