ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕДЕГІ АДАМГЕРШІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ЖАСТАР БОЙЫНА ҚАЛЫПТАСТЫРУ МҮМКІНДІКТЕРІ

 

Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық Университеті,

«Отырар» институтының магистранты Мусабекова Карима Бакировна,

педагогика ғылымының кандидаты Утебаева Алия Тулкибаевна,

педагогика ғылымының докторы, профессор Омар Есен Омарович.

 

 Ата-бабаларымыз   ұлан  байтақ   елін,   байлыққа   толы   жерін   ғасырлар  бойы  қорғап,  халқының   бостандығы  мен  тәуелсіздігі  үшін  ел  қамын  ойлаған   батырларын,  халқының  сөзін  сөйлеп,  ел  қамын  жеген   білімпаз  шешендері   мен  билерін  мақтан   еткен.   Шежіреге   толы  Отанымызды   қорғау,   шешен   де  өткір тілімізді,   дәстүрімізді  сақтау,  оны  зерттеп,   білу- азаматтық  парыз.  Әр  ұлттың  өзіне  тән  ғасырлар  бойы  қалыптасып,  ұрпақтан – ұрпаққа   жалғасын  тауып  келген  ұлттық  психологиялық   ерекшеліктің  болғаны.  Сондықтан  барлық  халықтың   мақсаты  өзінің  ұрпағына  тәрбие беруде күнделікті айналысатын                шаруашылығын,  шұғылданатын   кәсібін  ұлттық  психологиялық   арнада  ұйымдастырып  және  рухани-адамгершілік  тәрбиесімен  ұштастыра   білген.

 Қазақстан Республикасының «Ұлттық энцикиклопедиясында» адамгершілік ұғымына былай деп анықтама берілген: «Адамгершілік – адам бойындағы гуманистік құндылық, әдеп ұғымы». «Кісілік», «Ізгілік», «Имандылық» тәрізді ұғымдармен мәндес. Халықтық дүниетанымда мінез-құлықтың әр түрлі жағымды жақтары осы ұғымнан таратылады. Мінез-құлық пен іс-әрекеттерде көзге түсетін төмендегідей адамгершілік белгілерін атап өтуге болады: Адамды қастерлеу, сыйлау, сену, ар-ұятты сақтау, имандылық пен рақымдылық, ізеттілік пен кішіпейілділік, әділдік, қанағатшылық т.б. Адамгершілікке тәрбиелеудің маңызды педагогикалық міндеттері – оқушылардың белсенді өміршілік позициясын, қоғамдық борышқа сапалық  көзқарасын, сөз бен істің бірлігін, адамгершілік нормаларынан ауытқушыларға жол бермеуді қалыптастыру. Ол баланың жеке басын қалыптастыру мен дамытудың аса маңызды бір саласы.

Адагершілік  тәрбиесі – белгілі  бір  мақсатқа   негізделген  көзқарасты,  сенімді,   парасатты,   мінез-құлық  дағдылары   мен  әдеттерді  қалыптастырудағы    және  адамгершілік  сезімді,  ұлттық   сананы,   қарым-қатынасты  дамытуда,   жалпы  адамзаттық,  құндылықтарды   тиімді  пайдалануға   бағытталған   жалпы  адамзаттық   тәрбиенің  құрамдас   бір  бөлігі. 

      Ғылыми, филосифиялық, психологиялық әдебиеттердегі құлықтық тәрбие жалпы тәрбиенің аса маңызды құрамды бөлігі екені айқындалған.

Шәкірттердің саналы тәртібі, пайымды мінезі туралы түсінігін қалыптастыру, оған сәйкес сезімін және сенімін тәрбиелеу құлық тәрбиесіне байланысты.

   Адамгершілік тәрбие туралы ой-пікірлер VI ғасырдағы Орхон-Енисей жазуларынан басталып, Орта ғасыр ғұламалары (Әль-Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашғари, А.Жүгінеки) мен Алтын Орда дәуірі оқымыстары (С.Сари, Қ.Жалаири),  XIV - XV ғасырда өмір сүрген ақын-жазушылар (Асан-қайғы, Шалкиіз, Бұхар, Махамбет, Әсет және т.б.) айтылып келген. XIX ғасырдың II жартысында (Шоқан, Ыбырай, Абай), одан бері ортамызға қайта оралған қазақтың зиялылары А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, С.Сейфуллин, т.б. еңбектерінде бүгінгі күнге дейін осы мәселе өз өзектігін жоғалтпаған. Адамгершілік   тәрбиесінің   бүкіл  жүйесі  гуманистік  мазмұнға  толы,  имандылық  негізінде   жеке  адамның   жан-жақты  дамып   жетілуіне   бағытталған.

 Моральдық  қасиеттер  адамның   қимыл-әрекетінен,  қарым-қатынасынан   шығады. Ғұлама,  философ  Әл-Фараби  өз  еңбектерінде  адамдар  арасындағы   қарым-қатынас  мәселесін  қарастырған.  Адамдардың  ойлы,  парасатты   болуының   қажеттілігі   адам   деген  ардақты  атақты  алып   жүрудің  өзі  бақыттылық   екенін  айтқан.  Қазақ  халқының  ағартушылары  А.Құнанбаев,  Ы. Алтынсарин,  Ш. Уалиханов  т.б.  өз  еңбектерінде  адамдар  арасындағы  қарым-қатынас  мәселесін  философиялық,   педагогикалық,  психологиялық   тұрғыда  қарастырған.  А. Құнанбаев  адамдар  арасындағы  қарым-қатынастың  бірі – адамгершілік  мәселесіне  тоқталған.

        Адамгершілік  дегеніміз-қоғамның,  өмірдің  объективтік   заңдылықтарына  сәйкес  адамдар  арасындағы   қарым-қатынасты   реттеуге  негіз  болып  табылатын  талапқа  сай  белгілі  бір  гуманистік  принциптерді   білдіретін   жалпы  адамзаттық   ұғым.  Адамгершілік  қоғамдық  сананың  басты  белгілері   болғандықтан,  адамның  мінез-құлқы.  Іс-әрекеті,  қарым-қатынас,  көзқарастары  арқылы  сипатталады, әдептілік,  меиірімділік,  қайырымдылық,  инабаттылық,  қарапайымдылық  т.б.  Адамгершілік - әлеуметтіліктің  биік шыңы,  адам  ұрпағының   негізін  қалаушы,  халық  мәдениеті   басқалардан   айырмашылығы – адамның  рухани  байлығы   мәңгілік.   Әлеуметтік   ортаға  әсер  ететін   белгілердің  бірі - адамдардың  бір-біріне,  қоршаған   табиғатқа  қарым-қатынасы.

     Адамгершілік  тәрбиесі   мәселесі  негізінен   ұлттық   психологиялық   ерекшеліктерге   сүйене   отырып,  тәрбие   берудің   әдістемелік   жолдарын  қарастырады:

      - Ұлттық  дәстүрлер  арқылы   оқу-тәрбие   үрдісінде   адамның   бойында    рухани  мәдениетті   қалыптастыру.

      -  Ұлттық   дәстүрлер   арқылы   адамның  психологиялық   ерекшеліктерін   зерттеп,  дамыту.

      -  Салт-дәстүр  негізінде,  ұлттық  психологиялық   ерекшіліктерді   ескере  отырып,   рухани-адамгершілік   құндылықтарын   тәрбиелеу.

 Адамның ішінде болмайды аласы,

Оларды бұзатын нәпсінің таласы, - деп уақытында Шәкәрім айтқан.

Бұл екі таңдаудың қалау - қажеттіліктері мен азығы бар. Қайсысы қуаттырақ, қайсысы үстем болса, ақыл соның талабын қанағаттандырады, соған қызмет жасайды. Адамдардың жақсы-жаман болып жіктелуінің себебі де осыған байланысты.

Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр,

Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр.

Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен

Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр.

Асылында, жаман адам болмайды, бойындағы нәпсісі рухынан үстем болғандықтан, барлық ақылы, білімі, қайрат -жігері мен өнері нәпсінің құлына айналғандықтан, жақсы іс-әрекеттер мен көркем амалдардың табылуы қиын.

Рухтың мекені - адамның жүрегі. Жүректің жылуы, махаббат, ар - намыс, қайрат - жігер деген сезімдердің барлығы да осы рухтан туындайды.

Түсіну үшін мынадай салыстыру келтіруге болады: Күн – адамның рухы болса, сәулесі - оның ақылы. Рухани бай адам ең алдымен әділ, мейірімді және қанағатшыл болады.

    Қазір адамдардың барлығының да көздері ашық, ғылыми- техникалық  дамудың шарықтап тұрған кезеңі – компьютер дәуірінде өмір сүріп жатыр. Бірақ бір нәрсе жетіспейді. Бүкіл адамзат соны іздеумен әлек. Ол – рух қажеттілігі, рухани азық.

   Рухани азықты тауып, дәмін татып мейірін қандырған адам ғана бұл дүниенің қызыл-жасылы мен баянсыз бақыттарына жүрек байламай, алаңсыз толық қанағат кейпіне келіп, өмірден өзінің нақты орнын табады. Сонда ғана ол өзінің адам деген атына заты сай көзі ашық, көкірегі ояу кемел дәрежесіне жетеді.

Әрбір халықтың рухани азығының қайнар бұлағы - оның халықтық педагогикасы мен ұлттық салт-дәстүрлері болып табылады. Тән азығы мен жан азығының тепе-теңдігін сақтап, әсіресе, жан азығына басым көңіл бөлген халқымыз өміртануды діттеп, оның пәлсапалық заңдылықтарын терең ұғынған. Жан азығынан мақұрым қалған адамның адамдық қасиеті жойылып, оның хайуанға айналатынын ертеден ұғынған халқымыз жан азығын ең әуелі нәрестеге бесік жыры арқылы әуезді әуенмен беруді бастайды, одан соң жас балдырған жеке сөздерді ұғына бастағанда-ақ, оған жақсы мен жаманды ажыратып түсіндіреді.

      Әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық құндылықтары қалыптасқан халқымыздың осы асыл да абыройлы қасиеттерін жас ұрпақтың ақыл-парасатына азық ете білу үшін, әрбір тәрбиеші, ұстаз халық педагогикасын сан ғасырларда қалыптасқан салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жан-жақты терең білумен қатар, өзінің бойына адамдық құндылықтарды терең сіңірген, рухани жаны таза адам болуы шарт. Ол рухани-адамгершілік тағылымдарды өркениетті өмірмен байланыстыра отырып, білім берудің барлық кезеңдерінде негізге алғаны жөн. Сонда ғана өзінің міндетін айқын сезіне білетін, мінез-құлқы жетілген саналы адам қалыптасады.

      Білім өзінің шынайы міндетіне жауап беруі үшін балаларда жас кезінен бастап, ең маңызды адамдық саналарды – адамгершілікті: сүюді, аяушылықты, төзімділікті, имандылықты, әдептілікті, мейірбандықты, шыншылдықты және басқа асыл қасиеттерді дамыту керек.

      Қазіргі жағдайларда бұны жүзеге асырудың мүмкіндіктері бар:

1.Рухани адамгершілік құндылықтарды кез-келген пәнді оқытудың мазмұнына енгізу;

2.Сыныптан тыс сабақтарды баланың адамдық асыл қасиеттерді игеруіне ықпал ететіндей бағытта ұйымдастыру;

3.Жеке пән ретінде жүргізілетін сабақтардың бағдарламасына енгізу;

      Рухани тәрбие өзінің қуатын әлемнің әрбір құбылысынан алуы мүмкін. Олай болса, кез-келген оқу пәні балалардың адамгершілігін, жақсы мінез-құлығын қалыптастыру құралы бола алады.

            Халықтың  ғасырлар   бойы  қалыптасқан    тәлім-тәрбиесі,   ұлт  қаһармандарының   өмірі  мен   ерлік  істерінің   тарихы,  даналық   сөздері – адамгершілік  тәрбие  беруде  үлкен  роль  атқарады.   Батыр   бабаларымыз   қазақ  елінің   басын  қосып,  ұлттық  жауынгерлік-ерлік  мектебінің   негізін  салған.  Адамгершілік – адамның  рухани   арқауы.  Моральдық  жағынан  кіршіксіз  таза  болу   дегеніміз  адамгершіліктің  асқар  шыңы.  Адам   қоғамда  өзінің  жақсы  адамгершілік   қасиеттерімен,  қайырымдылығымен,   адалдылығымен  ардақталады. 

 

 

                                            

Пайдаланған әдебиеттер

1. С.Қабдиева. Ұрпақ тәрбиесіндегі адамгершілік мәселелері. //Бастауыш мектеп, №2, 2005. –Б.26-29.

2. Т.Сламбекова.Оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеу - басты мақсат Бастауыш мектеп, №2, 2004. –Б.5-8.

3. Философиялық сөздік../Ред.кол Р.Н.Нұрғалиев, Ғ.Ғ.Ақмамбетов, Ж.М.Әбдильдин және т.б.-Алматы:Қазақ университеті, 1996. - Б.525.

    4. Макаренко А.С. Цель воспитания.Соч. в семи томах,5 том. –М, 1958.

5. Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. - Алматы: Ғылым, 1975.- 418 б.

6. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. - Алматы: Ғылым, Т.I :А-К, 1959; Т.II Қ-Я, 1961.

 

 

Түйін

         Мұнда адагершілік  тәрбиесі – белгілі  бір  мақсатқа   негізделгені  қарастырылып,  сенімді,   парасатты,   мінез-құлық  дағдылары   мен  әдеттерді  қалыптастырудағы    және  адамгершілік  сезімді,  ұлттық   сананы,   қарым-қатынасты  дамытуда,   жалпы  адамзаттық,  құндылықтарды   тиімді  пайдалануға   бағытталған   жалпы  адамзаттық   тәрбиенің  қажеттілігі айтылады.