Оспан Тоты Сайлауқызы.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті. І курс магистранты

 

Поэтикалық ерекшеліктің Тыныштықбек Әбдікәкімов поэзиясындағы көрінісі

 

Поэзия-өмірдің бар қуанышы мен қайғысын әрлеп, әсемдеп өрген өрімі. Поэзияға-күннің нұрын, өмірдің жырын, әлемнің сырын бойына сіңірген, сіңіре отырып, жүректен жылы орын тепкен алып қуат. «Поэзия-өмірдің әрі мен нәрі, қайнап қорыған жамбысы. Поэзия бақшада құлпырған роза гүлін сипаттамайды, оның дөрекі заттық жақтарын лақтырып тастап, хош иісін, әсем құбылғыш бояуын алады да, осылардың жаратылыстағыдан да әсем өз розасын жасайды. Поэзия-сәбидің күнәсіз ажары, жарқын жанары, күміс күлкісі, жанды қуанышы. Поэзия-көрікті қыз жүзінің ұялшақ,  албырт қызғылты, теңіздей, көгілдір аспандай тұңғиық көзінің ынтықтық сәулесі, әйтпесе оның қара көзіндегі өткір от, мәрмәр иығына төгілген бұйра шашының толқыны, торғын кеудесінің демігіп тыныстауы, күміс үнінің гормониясы, сиқырлы сөзінің музыкасы, тал бойы, сұңғақ сымбатының мінсіз мүшелері, сұлу қозғалыстарының ғажайып сиқыры... Поэзия –қайраты қайнардай болған жігіттің отты көзі, өрен ерлігі,  тентек тегеуріні, аспан мен жерді жалынды құшағына сыйдырмақ болған, өмірдің уы мен балын бір-ақ рет сарқа сімірмек болған тойымсыз талабы... Поэзия-ұйығандай, құйылғандай орныққан, өз еркін әбден билеген, өмір үшін жетіккен, тәжірбиемен шыныққан, рухани күші теңескен, көңіл көзі көреген, ойға батыл, майданға батыр ер қуаты...»[1, 242-243].

Поэтикалық  мәтін белгілеріне қатысты зерттеулер кейінгі кездері ғана қарастырылып жүр. Қара өлең мәтінің жасалу ерекщеліктерінің мынадай белгілері өлеңнің ішкі қуат ырғағының бар екендігін дәлелдейді:

Көп нүкте. «...Тағдыр-ай, кей жылдары кекесін ең,

                   Кездестік қиындықтың көкесімен...

                   Сол жылы Күн де жиі қызарақтап,

                   Ал, түнде Ай қарайтын шекесінен.

                   ... онда да сары ала қаз ерте келді,

                   Құтырған түлкі желді ерте келді.

                   Түлкі жел түлей қалса-қар борайды!...

                   (Сол күндер, ойласаңыз, ертек енді)

                   Онда да, дәл осындай ... қойымыз арық,

                   Сарғылт-сұрғылт ойлардан бой мұзданып...

                   Жиі-жиі ұлитын иттеріңіз,

                   Жиі –жиі сұңқылдап байғыздарың!...

Көп нүктені қоя отырып, ақын оқырманның өзіне ой тастап отыр. «...Тағдыр-ай, кей жылдары кекесін ең», яғни «тағдырдың» кейде қатал, кекесін келетінін оқырман санасында әрі қарай өрбуіне, өзі болжалдап алатын сипатына сай келеді. «Кездестік қиындықтың көкесімен...»  түрлі қиындықтың көкесін көргенін, сол қиындықты елестету арқылы оқырман жүрегіне жол тауып отыр.

Ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовтың «Өлең» атты  өлеңіне мән беріп көрейік. Өлең тек мазмұндық-мағыналық сипатқа ғана емес, сонымен қатар бейнелілік сипатқа ие.

Ол

Жаңа ғана

Осы  жаңа ғана

Топырақ аңқулы  жасыл сағым болатын...

Көшедегі  электрлі күлкілердің өтінде,

Өрмекшінің көзіндей ғана аппақ Ой боп  оянып,

Жарық дүниеге тіл шығарды Ол, жымиып.

Сен күрсіндің құбыланың түбінен.

Әлдеқайдан қалқып жеткен қызыл қанат дауыстан

Көзіңе ыстық жас келді...

Қарақошқыл уақыт жүрегіңнің өн-бойынан тамшылап,..

Қасиетті  қара ағашты аңдадың,

Жапырақтары  тыраулаған аспанға.

Ақын жүрегінен оянған жырлар. Жырдың өлең болып жаратылуы, дүниеге түрлі бейнелермен безендіріліп келу жолдары. Өлеңнің осы жаңа ғана «топырақ аңқулы жасыл сағым болғанын», «Көшедегі  электрлі күлкілердің өтінде, Өрмекшінің көзіндей ғана аппақ Ой боп  оянғанын, жымиғанын» көз алдыңа елестетеді.

Халық құлағына сіңіп қалған ырғаққа салынған өлең оқырман  жүрегіне тез әрі жағымды жететіні белгілі. Бірақ өлеңдегі терең ой, терең идея өлшеммен шебер астасып кетуі керек.

«Оу, Қара Өлең,

Құлақтың құрдымында Сәулең ойнап,

Мазама көзім майы құйылғандай

Баяғы бала кезгі ұлы Бесін

тәубәсіз пенделердің бүріп Есін... маңырап босағамнан

әппақ елік... бұлттардың күркірінен шөп көгеріп... бір

жері Дүниенің тағы сыздап... Ой қалқып Сөздің қызыл

ағысында...

ажалмен арбасқан бір бақсыдағы

иектің

ең ақырғы қағысында

күп-күрең ит бейнелі құс кісінеп...

Заңынан көмекейдің тыс кісілер

ертеңнің елесіне саусақ малып... аңырып ақиқаттан алшақ

халық... ыңырсып қарсы алдымнан тұрмыс тағы, алмасып

бір қайнағы, бір мұздағы...

........................................................

өзіме өзім кейіп...

... Қара түнде

отырам, қызылшаққа жұлдыз бағып...»

«Мамандардың айтуынша, прозаға жақын құрылған өлең ақынның идеясын дәл, толық жеткізетін, яғни өлеңге қажеттіктерді (ұйқасты, өлшемді, т.б.) іздемей, оны еркін құратын амал болса, бұл тәсілдің классикалық көрінісін ұсынған Махамбет деуге болады. Әрине, бұл-теориялық негіздермен айтылатын үлкен әңгіме. Осы жерде прозадағы ақ өлең мен поэзиядағы қара сөздің арақатынасы қандай екен деген сауал көлденеңдейтіндей».

Біз тек ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов поэзиясынан неғұрлым көрсетілген жағдайларды келтірдік, шын мәнінде көркем шығарманың нағыз тұтастығында барлық тәсілдер өзара байланыста болып, біріңғай көркемдік құнға бағынады.

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.     Қабдолов З. «Сөз өнері» Алматы: 1992. 242-243б.

2.     Ахметов З. «Өлең сөздің теориясы» Алматы: Мектеп, 1973

3.     Ержанова С. «Қазақ поэзиясы Тәуелсіздік тұсында» Оқу құралы. Алматы: Білім, 2010. 175-177б.

4.     Әбдікәкімов Т. Ырауан: өлеңдер, балладалар, толғау. Алматы: Атамұра, 2000.230б.