Ш.Уәлиханов атындағы

                                                                       Көкшетау мемлекеттік университеті

                                                                   Аға оқытушы Б.С. Шукуманова

 

                  

                    Ұлт танымындағы фольклорлық сана

 

      Кез келген этносты басқа этникалық  топтардан ерекшелендіріп тұратын басты белгі – ұлттық  дүниетаным. Мыңдаған ғасырлар бойы өмір сүру  тәжірибесінде адамдар өзін қоршаған әлемдегі заттар мен табиғи, әлеуметтік құбылыстарды  танып білді. Соның нәтежиесінде халық санасында әлемнің кішірейтілген бейнесі қалыптасты.

      Танымға қатысты ғылыми пікірлер көне дәуірден бері бірде толастаған емес. Дүниежүзілік  пәлсәпа  тарихында  өзіндік орын бар Аристотель, Платон, Әл Фараби еңбектерінде тілдің танымдық қырлары жөнінде пікірлер мол.  Платон: «Белгілі бір затқа таңылған атаулардың көмегімен қоршаған ортаны тану танымдық құрылымның төменгі сатысын ғана құрайды, ал бұл жүйенің ең жоғарғы сатысы тілдік құрылымдар арқылы көрініс табады», -деп тілдің танымдық қызметіне ерекше мән береді.

       Ал, А.Байтұрсынов: «Халықтардың басынан өткізген анайлық шағы-біздің балалық шағымыз мысалда» -деп адамзатттың алғашқы танымдық әрекеттерінің сырына үңіледі. «Күннің тұтылғаны  қазаққа қанша қорқыныш кіргізіп, қанша қой сойғызып әурелеуші еді. Бұл шақта күн тұтылуы от басындағы құманның отты көлеңкелегені сияқты ғана нәрсе болып шықты. Дауыл соғып бұрқырап, бір нәрсеге ашуланған сияқты болып, дүрілдеп, күрілдеп, көкті күркіретіп, тасырлатып, бұлттарды дүркіретіп айдап, найзағайды жарқылдатып, әуені тітіретіп, дірілдетіп,  жапырып жоқ қылатындай дауылдар,  жауындар болды... Күн күркіреуін періште даусына жору сияқты, найзағай ойнауын шайтанды атқанға ұйғару сияқты, табиғат ісін танымай басқаға ұйғару,  басқаға таңу бұрын көп болған...»-деп  ұлттық дүниетанымның талай сатылардан өткенін пайымдайды. Ғалым бір этностың когнитивтік әлемін барша елдердің тұрмыс – тіршілігіне ортақтастыра келе, адам танымының даму заңдылықтарын тілдік мәселелерді шешуге арқау етті.

«Сөйлеу жүйесінің  мақсаты анайы тілдегі асыл сөздердің түрлерімен таныстырып, сөзден нендей нәрселер жасап шығаруға болатындығын көрсету» - екенін ескерте отырып, көркем әдебиет туындыларын таным мен сөйлеу жүйелерін байланыстырушы деп көрсетті. Осы орайда  ауыз әдебиет үлгілерін этнотаным ретінде ұсынып, тілтанымның халықтық көздері екенін айқындап берді. Фолклорлық шығармаларды өзіндік ерекшеліктеріне байланысты екіге бөлді: 1) Сауықтама, 2) Сарындама. Сарындама сөздері іштей : 1) Салт сөзі, 2) Ғұрып сөзі, 3) Қалып сөзі деп жіктейді.

    Халықтық танымның негізгі өзегі фольклорлық мұраларда деп тұжырымдаған Қ.Жұбанов: «Ежелгі дәуір адамдарды әр заттың, нәрсенің не жақсы, не жаман иесі бар деп түсінген. Сондықтан жақсы жақтағыларды құдай, періште, пайғамбар,әулие деп атап, жаман жақтағыларды шайтан, албасты, пері деп сенген. Алғашқы қоғамдағы адам бұларды нақты өмір сүретін нәрселер деп білген.... Төрт түліктің пірі, қолдаушысы ретінде сиыр атасын – Ойсылқара, түйе атасы – Зеңгі баба, жылқы иесі – Қамбар ата, қой малының иесі – Шопан ата, ешкінің пірі – Шек – шек ата деп атау сол кезден қалған" - деп халық санасында орныққан танымдық элементтерді сөз етіп, олардың тілдегі көрінісін этникалық қалыптасудың нақты белгісі екендігін атап өтті.

  Жалпы кез – келген халықтың дәстүрі дүниетанымын фольклорлық мұраларды жан – жақты зертеу арқылы ғана зерделеуге болатынын бесенеден белгілі. Мұны орыстың танымал ғалымы Б.Н. Путилов өткен ғасырдың жетпісінші жылдары анықтап,оған « Фольклорлық сана жоғары дәрежедегі көркемдік дәстүрге ие, шындықты танудың ежелгі формалары болып табылатын, тегі жағынан көне дәуірге тамыр тартатын көркемдік гносологиялық заңдылықтарға негізделген» - деп ары қарай, - « әлемді көркемдік танудың дәстүрлігі және онда стреотиптер жиынтығының мол болуы, қарым – қатынастарды, жағдаяттарды, адамның мінез – құлқын сипаттауда формулалық тәсілдерге жүгінуі, белгілі эстетикалық әдептерден, қалыптар мен ұстанымдардан аса алмаушылық, белгілі дәрежедегі тұйықтық –осының барлығы тек қана фольклорлық поэтиканың ғана емес, фольклорлық сананың да шынайы сипаттары болып табылады» - деп ой түйеді. Қазақтың ғұрыптық фольклорлын зерттеген ғалым К.Ісләмжанұлы да осы мәселе жайында былайша тұжырым жасайды: «Фольклорлық санаға тән негізгі сипаттар тұрақтылық, белгілі дәрежедегі тұйықтық, белгілі бір таптаурын қалыптан ұзақ уақытқа ауытқымаушылық, соның нәтижесінде пайда болған формулаларды көп өзгеріссіз қайталаушылық деуге болады. Бұл сипаттар тек фольклорға ғана емес, онымен жан – жақты байланыстырып жатқан халықтық мәдениеттің барлық саласына, соның ішінде ғұрып пен рәсімге де қатысты». Ал, А.Потебняның пайымдауынша тілдің барлық рухани эволюциясының бастауы – миф. Ғалым тіл дамуын: «Миф – поэзия – проза» сатысында зерделейді.

   Фольклордың ең көне жанры миф адамзаттың алғашқы қауым болып өмір сүрген шағында пайда болып қалыптасты. Уақыт өте келе миф өзінің қасиеті мен құпиялық сипатын жоғалтып,әу баста наным – сенім негізінде қалыпұа түскен сөз тіркестері санада тұрақтап қалады. Мысалы: «Қайда барсаң  Қорқыттың көрі». Бұл аңыз бойынша былай баяндалады:

 « Қорқыт өзінің желмаясына мініп, ел кезіп жүреді. Қайда барса да, алдынан екі адам кезігіп, көр қазып жатады. Қорқыт оларға: «Бұл кімнің көрі» деп сауал қойса, олар: «Қорқыттың көрі» деп жауап қатады. Ақыры ол суда ажал жоқ деп, Сырдарияға кілем төсеп, қалған ғұмырын су үстінде өткізбек болады. Бірде қорқыт қалғып кеткенде, оны жылан шағып өлтіріпті.

   «Қорқыт» атауының этимологиясы туралы ғалым Ш.Ыбыраев: «Қорқыт» сөзінің түп – төркіні «көр» және «құт» деген екі сөзден тұрады. Осы орайда «көр» сөзінің ғор, гөр,гур сияқты фонетикалық нұсқалары болғандай, «құт» сөзінің де ғуд, ғұт,хұт дейтін варианттары кездесе береді. Қорқыт есімінің алғашқы сыңары көр(ғор,гөр) сөзінің мағынасы о дүниелік ұғыммен жапсарлас, екі дүниенің ортасындағы жалғыз заттық айғақ көрмен байланысты болуы әбден ықтимал» - деп жазады.

   Демек, аталған сөз тіркесінің сана түкпіріндегі астарлы мәні тым тереңде жатыр. «Бақыт құс қону». Бақытты болу мағынасын беретін бұл тұрақты тіркестің уәжін ертегі сюжеттерінен кездестіреміз: «Біздің патшамыз қайтыс болар, алдында жұртын жиып былай деп өсиет айтты. Мен өлген соң сендер патшалыққа қаласыңдар, менің арнайы бағып келе жатқан «Бақыт құсы» деген құсы бар.Мені жерлегеннен кейін үшінші күні маған бағынышты халық түгел жиналсын, содан соң осы бақыт құсымды аспанға ұшырып жіберіңдер. Бақыт құсым кімнің басына келіп қонса, сол менің орныма патша болсын». «Ел ханның орнына хан сайламақ болады. Бұл елдің заңы бойынша «бақыт құс» деген болады екен. Сол құсты үш күндік жерден ұшырып, құс кімнің үйінің төбесіне қонса, сол кісі хан болады».

  Қазақ халық прозасын зерттеген фольклортанушы ғалым С.Қасқабасов бұл туралы: «Көп жағдайда қаҺарман дарияның жағасында өсіп тұрған жалғыз бәйтерекке тап болады. Ол ағаштың басындағы алып Қарақұстың, яғни Самұрықтың ұяда жатұан балапандарын айдаһардың аузынан құтқарады. Сол үшін қаһарманды Самұрық жат сырлы дүниеге жеткізіп салады («Адам білмес тас», «Сиқырлы құс», «Үш қыз» т.б.) Қаһарманның Самұрық құстың көмегімен жеткен жері мен малға толы жайлау, көкорай шалғында аңғар не үлкен қала болып келеді» - деп жазады. «Бақыт құс» бейнесі «Ер Төстік» ертегісінде де суреттелген. Халық жер асты әлеміне жылан, айдаһар арқылы бейнелесе, ал аспан әлемін құс арқылы елестетеді. Көкке көтерілу, биіктікті бағындыру қанатты құс арқылы жүзеге асады деген ұғымының фольклордағы көрінісі ертегі – аңыздардан анық аңғарылады. Сондықтан да құс киелі саналады. Халқымыз қасиет тұтқан жеті қазынаның бірі. Осыфольклорлық түсінік тіліміздегі «басына бақыт құсы қонды» деген тұрақты тіркесті қалыптастыруға негіз болды.

   Миф – санадағы шындықтың ерте замандағы шығармашылыққа тән қиял түрінде бейнеленуі. « Мағына белгілі бір мифтік образдарда, символдарда өмір сүреді» «Қыз Жібек» жырындағы « теріс бата», «алты қазбен қоштасу», «Жібектің түсі» сияқты эпизодтар наным – сенім нәтижесінде қалыптасқан халықтық танымды көрсетеді. Оның өзі  сандаған ғасырлар бойы қоршаған ортаны тану тәжірибесінің жемісі болып табылатын фольклорлық сана арқылы тұрақтанады.

 

                        Қолданылған әдебиеттер.

 

1.     Қ. Жұбанов Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер А..,1999

2.     К.Ісләмжанұлы Қазақтың отбасы фольклоры А.., 2007

3.     Ә. Қоңыратбаев Қазақ фольклорының тарихы А..,1991

4.     Қазақ ертегілері 3- том А...,1982

5.     Қазақ ертегілері 2- том А..., 1982

6.     Энциклопедиялық жинақ А.., 1999

7.     Платон. Письма М…,1972