Нұржан Ақбота 1-курс магистранты

Ғылыми жеткешісі: ф.ғ.д.,

профессор Т.Н.Ермекова

Қазақстан, Алматы, Қазақ мемлекеттік

 қыздар педагогикалық университеті

 

Сұраулы сөйлемдердің стилистикалық ерекшеліктері

                   Тіліміздегі қай стильдің болса да негізгі арқауы – сөйлеудің ауызша және жазбаша формалары, бұл формалар  тілдік бірліктердің сұрыпталып қолдану нәтижесінде дамып жетіледі.

                   Адамдар өзара қарым-қатынас жасауда біріне-бірі әр алуан өмір әрекетінің жайын сөз қылады. Ондайда олар айтпақ пікірін алдын-ала ойланбай-ақ сөйлей береді. Ауызекі сөйлеу тілінде ең көп қолданылатын сөйлемнің түрі – сұраулы сөйлем болып табылады.

                   Енді осы сұраулы сөйлемнің стилистикалық ерекшеліктері қандай болатынын біз көркем әдебиеттегі қолданыстар арқылы білдірмекшіміз.

                   Адам өз ойын басқа біреуге жай хабар ретінде де, әсер ететіндей мәнерлі етіп те білдіріп отырады. Сөйлемнің экспрессивтік мағынасы басқа сөйлем түрлеріне қарағанда сұраулы сөйлемде жиі кездеседі. Оған сұраулы сөйлемге қойылатын сұрақтардың түрлері әр алуан – ашық, альтернативті, қарсы, риторикалық т.б. болып келуі көп әсерін тигізеді.

                   Жеке сөздерді, сөз тіркестерін әр түрлі экспрессивті бояуды жұмсау – ақын-жазушылардың стиліне байланысты.

       Әр түрлі эмоцияны білдіруде кейде жеке дыбыстар қайталана айтылады: «Мені ме, а... мені...а деймін?» Осындағы «а...а?»деген сөздер арқылы кейіпкердің қорқып, үрейленіп тұрғанын анық көрсету үшін қолданғанын байқаймыз.

      Сөйлеу тілінде одағай сөздердің қолданылуы арқылы да сұраулы сөйлем эмоциялық мағынаға ие болады:

-          Нағашы, мені таныдың ба?-деді.

-          Ойбай-ау, Сейітпісің?..Туу...апырмау, осы боранда жүргенің? – деп Жақия оның киіміне жармасты./Б.Майлин/. Мұндағы одағай сөздер адамның таңқалғандығын білдіріп, эмоциялық реңк беріп тұр.

      Сұраулы сөйлемге қойылатын сұрақтың түрлеріне келетін болсақ, қазақ тілінде олардың жиі кездесетіндері төмендегілер болып келеді: ашық, альтернативті, анықтауыш, жетек, түрткі, қарсы, риторикалық т.б. сұрақтар. Әр түрлі авторлардың пікірлерін жинақтағанда, сұрақтың басқа да күмәнді, таңқалу, шүбәләну мәнді түрлерін кездестіре аламыз. Сонымен сұрақтың алуан түрлілігі әдеби-көркем шығармаларда жиі кездеседі.

      Қазақ тілінде сұрау есімдігі мен сұрау шылауы арқылы жасалып, міндетті түрде жауап керек ететін түрлері жалпы сұраулы сөйлем деп аталып жүр. Ал орыс тілінде осы сұрау есімдігі мен сұрау шылауының қатысуы арқылы жасалған сөйлем екі түрлі болып аталады, яғни сұрау есімдікті және сұрау есімдіксіз.

      Енді осы сұрақтың әрқайсысына қысқаша жеке-жеке тоқталатын болсақ, олардың әрқайсысы да сөйлем мазмұнына стилистикалық реңк беріп отырады.

      Сұрау есімдікті сұраулы сөйлем мәселесін сөз еткенде, сөйлемнің құрылысын зерттеудің маңызын атап өту орынды. Өйткені бұл зерттеу сұрау есімдіктерінің сөйлемдегі өзіндік орнын, позициясын айқын таныта алады.

         Зерттеу барысында сұрау есімдіктері арқылы жасалған сұраулы сөйлемнің құрылысына қарай алуан түрлі болып келетіндігі байқалады. Тілдік фактілерге сүйенсек, сұрау есімдіктерін жалаң және жайылма, жақты және жақсыз толымды және толымсыз сөйлемдерді сұраулыға айналдыратын қасиетін танимыз. Осы сөйлемдердің әрқайсысында белгілі бір сөйлем мүшесі функциясында жұмсала келіп, сұрау есімдіктері бүкіл сөйлемге сұраулық мағына телиді. Мұндағы баса назар аударатын жайт – сұрау есімдіктерінің осы сұраулы сөйлемдерде қандай орын алатындығында. Сұраулық мағына үстеуші сұрау есімдіктерінің қандай сұраулы сөйлемде жұмсалатынына қарамастан, тұрлаулы да, тұрлаусыз мүше ретінде сөйлемнің кез-келген жерінде қолданылатындығын көруге болады.

         Сұраулы сөйлемдерді функционалды стиль турасынан қарастыратын болсақ, онда стилистикалық талдау әдістерінің негізі – тіл мен ойлау, тіл мен қоғам, тілдің әлеуметтік мәні мен қызметі екенін ескергеніміз жөн. Жалпы функционалды стиль ұғымы қазіргі стилистикадағы негізгі категория. Функционалды стильдер тілдің қолданысымен, қызмет етуімен тікелей байланысты, яғни шынайы сөйлеуде, мәтін көрінеді. Функционалды стильдерде әр түрлі тілдік деңгейлердің тұлғалары мен бірліктері және олардың стильдік бояуға ие түрлері белгілі бір қатынас саласында қызмет ету міндеттеріне сәйкесті түрде бірігеді. Сұраулы сөйлемдерді жоғарыда аталған стильдердің аясында қарастырып көрейік.

         Ғылыми стильде сөйлемнің синтаксистік құрылымы толық, сөйлемдері күрделі болады. Сөйлемдегі сөздердің орны логикалық қатаң тәртіпке бағынады. Мағынасы жалпылама, абстракт сөздер басым қолданылады. Ғылыми стильдің дайындалу, көріну жағдайы да ерекшелікке ие: ол алдын ала мұқият дайындалады және мұнда қарым-қатынас тікелей емес, жанама түрде орнатылады, көп жағдайда жазбаша көрініс табады. Ғылыми стильде абстракт сөздер, етістіктің уақыттан тыс осы шақтық тұлғасы, есімдіктің көпше түрі (мен емес, біз түрінде қолдану) және оған сәйкес баяндауыш тұлғасы т.б. келеді.  Ғылым тілінде сұраулы сөйлем конструкциялары ашық сұрақ, нақты сұрақ ретінде көп кездеседі. Мысалы, Ш.Құрманбайұлының «Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам тәсілдері» еңбегінде қазіргі термин жасау, терминологиялық сөздіктер түзу барысында орын алып жүрген көптеген кемшіліктерді атай отырып, салалық мамандарға лингвистикалық тұрғыдан бағдар беретін әдістемелік құрал екенін көруге болады. Және төмендегі кестеден (Кесте 1) байқағандарыңыздай ғалым әр тарауын ашық сұрақ үлгісінде бірнеше тараушаларға бөліп тастаған. Сұрақ қоя отырып ғылыми еңбегін тереңдете түскен. Біріншіден, оқырманның назарын өзіне аударып, екіншіден термин саласындағы көкейтесті сұрақтардың жауабын  ашып, талдап береді. Бұл жердегі прагматика – мәселенің өзегін көрсету, назар аударту, өз бетінше іздендіру, ойландыру, толғандыру болып келеді.

            Кесте 1. Ш.Құрманбайұлының «Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам тәсілдері» еңбегіндегі сұраулы сөйлемдердің берілуі

Тарау

Тақырыптары

І. Термин, терминология және терминологиялық жұмыстар

1.Термин деген не?

2.Термин қандай болуы керек?

3.Терминология деген не?

4.Терминологиялық жұмыстар деген не?

 

ІІ. Қазақ тілінің терминқор құраушы негізгі лексика көздері

 

1.Термин сөздерді қайдан алуға болады?

2.Кірме терминдерді қалай жазамыз?

 

ІІІ. Терминжасам тәсілдері

1.Термин қалай жасалады? Терминжасамның қандай түрлері бар?

2.Термин қалай жасалады? Терминжасамның қандай тәсілдері бар?

ІV. Қазақ терминологиясының бүгінгі жайы мен болашақтағы дамуының бағыт-бағдары

1.Қазіргі термин шығармашылығында қандай кемшіліктер орын алып жүр?

2. Терминдерді қалыптастыруда БАҚ-тың рөлі қандай?

3. Терминологияны дамытуда қай бағытты ұстанып, қандай қағидаттарды басшылыққа алу керек?

 

Ал профессор С.М.Исаевтың «Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар» атты еңбегін талдап қарастыратын болсақ, кітап толығымен сұрақ-жауапқа құрылған.

КЕСТЕ 2. С.М.Исаевтың «Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар» атты еңбегіндегі сұраулы сөйлемдердің берілуі

 

Тараушалар аты

Ашық сұрақ

1.

Сөз – тіл білімінің обьектісі

Сөздің тілге және ойға, ойлауға қатысы қандай? Дегенмен сөз тіл білімінің бір саласының, лексикологияның ғана, негізгі объектісі емес пе?

2.

Сөздің ішкі мағыналық және сыртқы дыбыстық жағы

Морфема – сөзден де кіші тілдік единица гой. Ал түбір морфема да мағыналы бөлшек емес пе?

3.

Сөздің лексикалық мағынасы

Сонда лексикалық мағына сөздердің нақты тура мағынасы ғана ма? Бір сөзде бір ғана лексикалық мағына бола ма?

4.

Грамматикалық ұғымдар

 

5.

Грамматикалық мағына және оның түрлері

Грамматикалық мағына сөздің лексикалық мағынасымен тікелей байланысты бола ма?

Нақты заттың аты немесе нақты қимыл болса, ол лексикалық мағына да, жалпы заттың аты немесе жалпы қимыл болса, ол грамматикалық мағына бола ма? т.б.

6.

Грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері мен жолдары

Ең алдымен грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері деген ұғым мен жолдары деген  ұғым бір ме, бөлек-бөлек пе?

7.

Грамматикалық форма

Грамматикалық форманы анықтағанда грамматикалық мағынаны білдірудің сыртқы жағы, грамматикалық тәсілі деп, грамматикалық мағынаны түрге бөлмейді ғой?

8.

Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың сәйкестігі және нольдік форма

Грамматикалық мағынаның грамматикалық формамен сәйкестігі дегенде әңгіме грамматикалық мағына аталуының бәрі туралы бола ма, әлде оның бір түрі жайында бола ма?

9.

Сөз формалары

Сөз формалары деген ұғымға сөзге грамматикалық формалар үстелген түрлері ғана жата ма?

 

Аталмыш еңбекте «Қазіргі қазақ тілі» курсының көлемі жағынан аса ірі саласы – грамматикалық ұғымдар сөз болады. Грамматикалық ұғымдардың грамматикалық мағына, грамматикалық форма, грамматикалық категория сияқты құбылыстарының тілдегі орны, олардың бір-бірімен өзара сәйкестігі, байланысы мен ерекшеліктері салыстырыла талданады.

         Ал ресми іс-қағаздар стилі стильдік бояуы жағынан ғылыми стильге жақын, алайда оған қарағанда біртектес және синтаксисі бірқалыпты болып келеді. Оған қарапайым сөздер, ауыс мағыналы, бейнелі сөздер, теңеу т.б. тән емес. Мұнда етістіктің тұйық, бұйрық рай тұлғалары т.б. тән. Бұл стильде сұраулы сөйлем кездеспейді десек те болады, себебі, сөйлемдер дайын үлгіге құрылып,бір қалыптан шыққандай, тілдік құралдары да шектеулі болады.

         Мақала барысында сұраулы сөйлемдердің өзіне тән стилистикалық ерекшеліктері бар екеніне көз жеткіземіз. Сұраулы сөйлемдер әлі де терең зерттеулерді қажет етеді.