Қалдыбай Қыдырбаев,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ PhD докторанты

 

Қазақ онимдерінің транслитерациялану ерекшеліктері

(арабша мәтіндердегі көрінісі негізінде)

Транслитерация (лат. Trans арқылы, littera әріп) – бір жазудағы әріптерді екінші бір жазудың әріптерімен, яғни бір әліпбидегі жазуды басқа бір әліпбиге ауыстыру [1, 329]. Қазақстанды күллі араб әлеміне танытатын еңбектердің бірі Сауд Арабиясының ресейтанушы маманы, саясаттанушы доктор Мәжид ибн Абдулазиз әт-Түркидің 2007 жылы жарық көрген «نورالسلطة في كازاخستان: الرئيس نورسلطان نزارباييف» («Қазақстандағы билік нұры елбасы Нұрсұлтан Назарбаев») атты кітабы. Бұл кітапта автор оқырмандарға Қазақстан Республикасы Президентінің тәуелсіз мемлекет құру жолында жүргізіп отырған саясатының көрегендігін, соның арқасында елдің ислам әлемі мен халықаралық аренада елеулі орынға ие болғанын барынша шынайы көрсетуге ұмтылады. 2008 жылы 29 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болған осы кітаптың орысша басылымының тұсаукесерінен кейін, университет ректоры Б.Т. Жұмағұловтың жетекшілігімен қазақ тіліне аударылды. Қазақ тілінде жарық көрген нұсқасының 4-бетінде елбасы Н.Ә. Назарбаевтың кітап авторына: «Бұл кітап Қазақстанды араб елдеріне, бүкіл мұсылман елдеріне таныстырады деп сенемін. Сіздің еңбегіңіз өте қажет. Табысты болыңыз, аман болыңыз», деген алғыс сөзі бірге берілген. Қазақ елін өзге елдерге таныстыру үшін осындай еңбектердің көптеп жазылғаны керек-ақ. Алайда, бұл еңбекте келтірілген қазақ онимдерінің араб тілінде жазылуындағы кемшіліктер бұл мәселені ғылыми тұрғыдан қарастырып, бір ізге салу қажеттігін көрсетеді. Кейде адамның аты-жөні, жер-су атаулары арабша жазылғанда бастапқы өң, түр-тұлғасынан айрылып, адам танымастай өзгеріске түседі.

Жоғарыда аталған еңбекте еліміздің атауы Қазақстан: бір жерде كزاخستان [2, 33], қалған жерлерде өне бойы كازاخستان деп, ұлтымыздың аты қазақ: الكزخي, الكازاخي және الكزاخي деп үш түрлі берілген. Ескере кететін тағы бір жайт 65-беттегі қазақ сөзі екі қатар сөзде الكزخي және الكازاخي болып екі түрлі жазылып тұр. Еліміздің бас қаласы Астана: أستانه нұсқасы төрт жерде, أستانا нұсқасы бес жерде, أستانة нұсқасы он бір жерде,  استأنا нұсқасы бір жерде (осы нұсқасы баспадан кеткен қате болуы мүмкін) барлығы төрт түрлі нұсқада, оңтүстік астанамыз Алматы қаласының атауы: ألماتا нұсқасы бір жерде, ألماتي нұсқасы алты жерде, ألماطي нұсқасы үш жерде; آلماتى нұсқасы бір жерде барлығы төрт түрлі нұсқада, Семей қаласы: سيميبلاتنسك, سيمبلاتنسك, سيميبالاتينسك болып үш түрлі нұсқада, Қарағанды қаласы бір беттің өзінде قراغندة және قرغندة болып екі түрлі нұсқада, Қызылорда қаласы: قيزيل آردة, Теміртау қаласы: تيميرتاو, Ақтау қаласы: اكتاو, Байқоңыр қаласы: بايكانور, Қаскелең қаласы: كسكيلين, Шамалған елді мекені: تشيمولغان болып берілген. Есіл өзені: نهر إيشيم, еліміздегі Алаш, Азат, Азамат, Отан секілді партия атаулары: ألاش, آزات, عظمات, آتان, ұлттық валютамыз теңге: تنجه және تنجة болып екі түрлі нұсқада, ұлттық тағамдарымыз қымыз, шұбат, құрт, айран араб тіліне аударылмастан قيميز, شوبات, قورت, أيران, Теңіз мұнай алаңы تينجيز болып транслитерацияланған.

Ал қазақ кісі атауларына келер болсақ, олардың да транслитерациялану жағдайы осындай. Мысалы, елбасының фамилиясы Назарбаев: نزارباييف, نزرباييف, نازارباييف болып үш түрлі нұсқада, Қасымжомарт Тоқаевтың аты-жөні: قاسم جومارت توقاييف, قاسمجومارت توقايف болып екі түрлі нұсқада, Нәзір Төреқұлов: نظير تورياكولوف, تورياكولف نظير болып екі түрлі нұсқада, Қайрат Лама Шариф: لاما شريف خيرات, ал Қайрат Кәріжамов (қазақшасында осылай жазылған): قايرات كاريبجاموف  болып «Қайрат» есімі екі түрлі нұсқада, Асқар Шәкіров: اسكار شاكيروف  болып, Асқар Қонаев: كوناييف عسكر болып, Дінмұхаммед Қонаев: كوناييف دين محمد, Бақтияр Тасымов: تاسيموف بختيار, Сара Алпысқызы: ألبيسوفنا سارة, Шоқан Уәлиханов: وليخانوف تشوقان, Жабайхан Әбділдин: ابديلين جايخان, Нұртай Әбіқаев: نورتاي ابيكاييف, Оңалсын Жұмабеков: أونالسين جومابيكوف], Қуаныш Сұлтанов: قوانيش سولطانوف болып жазылған. Бұл бір ғана кітаптан алынған мысалдар. Өзге де араб аудармалары мен интернет желілерінде Қазақстан Президентінің фамилиясы қазақ әдеби тілі нормаларына сәйкес келмей он екі түрлі нұсқада жазылып жүр:

 

1) نازاربايف

2) نزاربايف

3) نازارباييف

4) نظرباييف

5) نظربايف

6)  نازاربيف

7) نازاربييف

8) نزربايف

9) نزاربييف

10) ناظارباييف

11) نزارباييف

12) نَذَرْبَاييف

 

Ал, Қазақстан Республикасының бұрынғы премьер-министрі Даниал Ахметов  دانيال اخمتوف, دانيال أخميتوف болып екі түрлі нұсқада, Қазақстанның бас муфтиі Әбсаттар Дербісәлі عبد الستار دربسالي, عبد الستار درويش علي, عبد الستار حاجِي دِيرْبِي سَالِي, عبد الستاروف, عبد الستار دربيسالي عبد الستار علي ديريس,  عبدالستار ديربيسي علي, دربسالة болып сегіз нұсқада,  Қасымжомарт Тоқаев: قاسيمجومارت توقايف, قاسم زومارت توكاييف болып екі түрлі нұсқада жазылған.

Қазақстан жөнінде жазған араб интернет желілері мен газет-журналдарын ақтара берсек, бұдан да көп әр түрлі нұсқада жазылып жүрген қазақ есімдерін кездестіреміз. Қазақстанның бас муфтиі Әбсаттар Дербісәлінің сегіз түрлі жазылған аты-жөндеріне қарап араб оқырмандары сегіз түрлі кісілер деп ұғуы мүмкін. Ал, قاسيمجومارت توقايف пен قاسم زومارت توكاييف екеуін қарапайым араб оқырманы түгілі саясаттан жан-жақты хабары бар арабтар да бір Қасымжомарт Тоқаевтың аты-жөні екенін ажыратуы қиынға соғар. Көріп отырғанымыздай, қазақ онимдерінің араб мәтіндерінде берілуінің жайы осындай.

Қазақ онимдері араб тілінде берілгенде, ондағы қысқа дауыстылар жазуда қойылмайтындықтан, олардың орнына созылыңқы дауыстыларды қоюға тура келеді. Мысалы, Жарқын деген кісі есіміндегі дауысты «а», «ы» дыбыстарын қысқа дауыстылармен (харекеттермен) жазып جرقن деп бердік делік. Бұл сөз арабтар үшін жаңа сөз. Олар үшін жазуда қойылмағандықтан харакеттері де белгісіз. Бұл есімді арабтар [Жәрқан], [Жирқан], [Журқан], [Жәрқун], [Жирқун], [Жирқин], [Журқун] деп қалағандарынша оқуы мүмкін. Оны Жарқын күйінде дұрыс дыбыстаулары үшін, қазақ дауысты дыбыстарының орнына араб тіліндегі созылыңқы дауысты дыбыстарды қоюымызға тура келеді. Олай болса Жарқын есімін جارقين деп жазсақ кез-келген араб оны мүдірместен [Жәәрқиин] деп қазақ тіліндегі дыбысталуына жақын оқиды. Сондай-ақ, араб тілінде сөздер дауысты дыбыстан басталмайтындықтан дауысты дыбыстан басталатын қазақ онимдерін араб тілінде транслитерациялағанда дауыссыз дыбыстардан бастап, дәлірек айтқанда хамзамен жазуға тура келеді. Демек, хамза дыбысы мен дауысты дыбыстарға байланысты қағидаға орай қазақ онимдеріндегі дауысты дыбыстар төмендегідей жазылады:

Араб тілінде баламасы бар қазақ дауысты дыбыстары: а (ә) – фатха ــَ және әлиф ا, и – кәсра ــِ және ي, у – дамма ــُ және و.

- езулік «а» дауысты дыбысы араб әдеби тіліндегі созылыңқы жуан дауысты ا [аа] дыбысы мен қысқа жуан дауысты фатха ــَ [а] харекеті дыбысына сәйкес келеді. Созылыңқы әлиф ا пен фатха харекеті ــَ эмфатикалық жуан ص، ض، ط، ظ дауыссыз дыбыстардан кейін келсе қазақ тіліндегі «а» дыбысына ұқсап жуан, тіл арты ق، خ، غ дауыссыздарынан кейін аралық дыбыспен (қазақ тіліндегі жуан «а»-ға жақынырақ) дыбысталады. Сондықтан «а» дыбысымен басталатын қазақ онимдерін араб тілінде фатхалы хамзамен أ [׳ә] немесе фатхалы хамзаға созылыңқы дауысты ا [әә] дыбысын қосу арқылы آ [׳әә] деп беруге тура келеді. Мысалы: Абайأباي [׳Әбәәй], Алғабасآلغاباص. «А» дыбысы есімнің ортасы мен соңында келсе жуан дауыссыздардан кейін созылыңқы дауысты ا [аа], жіңішке дауыссыздардан кейін созылыңқы дауысты ا [әә] арқылы бергеніміз дұрыс болады. Мысалы: Айнабұлақآينابولاق, Балабайبالاباي, Назарбайنازارباي.

- езулік «ә» дауысты дыбысы араб әдеби тіліндегі жіңішке дауыссыз дыбыстардан кейінгі созылыңқы дауысты ا [әә] дыбысы мен қысқа дауысты фатха ــَ [ә] харекеті дыбысына сәйкес келеді. Сондықтан «ә» дыбысымен басталатын қазақ онимдерін де араб тілінде фатхалы хамзамен أ [׳ә] немесе фатхалы хамзаға созылыңқы дауысты ا [әә] дыбысын қосу арқылы آ [׳әә] деп бергеніміз дұрыс болады. Мысалы, Әлекшоқыآليكشوقي , Әбіш أبيش . Ал, «ә» дыбысы есімнің ортасы мен соңында келсе созылыңқы дауысты ا [әә]-мен бергеніміз дұрыс болады. Мысалы: Кәкен كاكين, Ділдәديلدا;

- езулік «и» дауысты дыбысы араб әдеби тілінде созылыңқы дауысты ي [ии] дыбысы мен кәсра ــِ [и] харекеті дыбысына сәйкес келеді. Сондықтан «и» дыбысымен басталатын қазақ онимдерін араб тілінде кәсралы хамзаға созылыңқы дауысты ي дыбысын қосу арқылы إيـ [׳ии] деп бергеніміз дұрыс болады. Мысалы, Игісін إيكيسين, Итжонإيتجون. Ал, дауысты и дыбысы жалқы есімнің ортасы мен соңында келсе, созылыңқы дауысты ي [׳ии] дыбысымен бергеніміз дұрыс болады. Мысалы, Қирабай قيراباي . Ал, дауыссыз «й» дыбысы сөз басында да, ортасы мен соңында да ي дыбысына сәйкес келеді. Мысалы, Байғара, Адай есімдері آداي، بايغارا болып жазылады;

- еріндік «у» дауысты дыбысы араб тілінде созылыңқы дауысты و [уу] дыбысы мен дамма ــُ [у] харекеті дыбысына сәйкес келеді. «У» дыбысымен басталатын қазақ онимдерін араб тілінде даммалы хамзаға созылыңқы дауысты و у] дыбысын қосу арқылы أُو [׳уу] деп бергеніміз дұрыс болады. Мысалы, Уранбек أورانبيك болып жазылады. Дауысты «у» дыбысы жалқы есімнің ортасы мен соңында келсе созылыңқы дауысты و-мен бергеніміз дұрыс болады. Мысалы, Туғанбай طوغانباي, Жетісуجيتيصو. Ал, дауыссыз «у» дыбысы сөз басында да, ортасы мен соңында да و [у] дыбысымен белгіленеді. Мысалы, Тәукебай, Уатай, Алау есімдері تاوكيباي، واطاي، آلاو болып жазылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.     Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. – Алматы. «Сөздік-Словарь», 2005. – 440 бет.

2.     ماجد بن عبد العزيز التركي. نور السلطة في كازاخستان الرئيس نورسلطان نزارباييف. –المملكة العربية السعودية  الرياض: العربية للطباعة والنشر، 2007 م. – 111 ص. الدار

3.     قاسيمجومارت توقايف "دبلوماسية جمهورية كازاخستان" 2005 م. 430 ص.

4.     www.kazembgulf.net/ar/ab1

5.      www.eurasianet.org/arabic/resources/ kazakhstan/index.shtml

6.     Есенжан Д. Республика Казахстан"كاز انفست" –  Казинвест. 4 бет.