Аккузов Абдыжалил Абуталипович

Филология ғылымдарының кандидаты

ОҚПУ, Шымкент қаласы, Қазақстан

 

Полисемия құбылысының лексикалық парадигмаға қатысы

Сөз – басқа тілдік элементтердің ішіндегі ең бастысы, негізгісі басқа тілдік құралдар сөзді бөлшектеуден (морфемаларға жіктеуден) немесе сөзді тіркестіруден (сөздерді қырын келтіріп сөйлем, сөз тіркесін құраудан) тұратын сияқты көрінеді. Дәстүрлі лингвистиканың деңгейлерінің (фонетика, лексика, морфология, сөзжасам, синтаксис) қай қайсысының болмасын негізгі зерттеу нысаны осы сөз. Сөздің тұлғасы оның заттық жағы, сыртқы көрсетіліміне жатады. Тілді жүйе деп танитын болсақ, сол жүйе мағыналардың жүйесінен тұрады. Тұлға бар жерде оның ішкі мазмұны да болатындығы белгілі. Бұлар бір-бірімен өте тығыз байланысты.

Сөздің лексикалық мағынасы тіл жүйесіндегі барлық қатынастарды (парадигмалық, синтагмалық, деривациялық) қамтиды. Лексикалық мағынаға негіз болатын тек нақты заттар ғана емес, бұйымдар, хайуанаттар мен адамзат, сондай-ақ солардың қасиеттері де. Мұнымен қоса құбылыс, оқиға, әрекет және олардың түрлі сипаттары да лексикалық мағынаға негіз бола алады. Лексикалық мағынаны нақты және абстрактілі, жалпы және жеке (жалқы) деп жіктеуге болады. Ең алдымен сөз өзінің сыртқы тұлғасын сомдайтын дыбыстардың тіркесіміне тәуелді. Бұны сөз бен оны құрайтын дыбыстардың арасындағы қатынас деуге болады. Екінші, сөз бен заттың (ұғымның) арасындағы байланыс. Тілдегі сөздер ең алдымен заттардың атауын білдіреді. Яғни, лексикалық мағына дегеніміз заттың атын білдіруге негізделуімен сипатталады.

Сөз мағынасы – логика, философия, психология, лингвистика тәрізді ғылым салаларында қарастырылатын күрделі, қиын мәселелердің бірі. Лексикалық мағынаға дәл ғылыми анықтама беру қиыншылық тудырды. Анықтамаларда «нақты, реалды мағына», «негізгі мағына», «заттық мағына», «материалдық мағына» тәрізді терминдер қолданылып келеді. Көмекші сөздердегі грамматикалық мағына да, басқа қолайлы терминнің болмауына байланысты лексикалық мағынаның құрамында қарастырылады. ХХ ғасырдағы дәстүрлі тіл білімінде сөздің мағынасы алғаш жалпы лексикологиялық тұрғыдан қарастырылды. Сөздің лексикалық және грамматикалық мағыналары болатындығы айқындалды. Лексикалық мағына әуелгі кезде лексикологияның қалыптасқан «семантика» құрамында зерттеле бастады. Кезінде орыс тіл біліміндегі дәстүрлі лексикологияда (В.В.Виноградов, т.б.) сөздің лексикалық мағынасы атауыш мағына, фразеологиялық байлаулы мағына, синтаксистік шартты мағына түрлеріне бөлініп, қарастырылып келгендігі белгілі.

Кез келген сөздің бәрі лексикологиялық зерттеудің объектісі бола бермейді. Тілдегі мағыналы бірлік ең алдымен жеке сөз ретінде белгілі болады.Сондықтан да болар лексикологияда сөз лексемамен тең және тең емес дәрежеде қарастырылады. Сөз көмекші сөз, сөзформа мағынасында да қолданылады, ал лексема тек лексикалық мағынасы бар сөздерді ғана қамтиды. Сөз мағыналарына қатысты арнайы еңбек жазған Б.Қалиев пен А.Жылқыбаева жалпылық және нақтылық мәселесін былай ажыратады: «... ұғым екеу: жалпы ұғым және жеке (нақты) ұғым. Бір сөзде осы екі ұғымның екеуі де болуы мүмкін. Мәселен, терек десек бірде дүние жүзіндегі терек атаулының бәрін ұғамыз (терек – ағаштың бір түрі), бірде өзіміз қасында тұрған, қолымызбен сипап немесе құшақтап тұрған теректі ғана ұғамыз (мына терек жуан екен). Алдыңғысы – жалпы ұғым, соңғысы – жеке, нақтылы ұғым. Өзен деген сөздің берер ұғымы да дәл осындай. Ол бірде – жалпы өзен атаулыны, бірде нақтылы бір өзенді (айталық, Іле өзенінің) өзін ғана білдіреді. Сөздердің бұл жалпылық және жекелік қасиеттері олардың ең басты қасиеттері болып табылады [5,7 б.].

Сөз немесе мағыналы бірлік тіл жүйесіндегі басқа құралдармен байланыста болады. Нақты заттың немесе құбылыстың атын білдіретін сөздер басқа сөздерге қарағанда дербес тәріздес көрінеді. Кейбір сөздер негізгі лексикалық мағынаның түпнегізімен (ядросын) жалпы мазмұны жағынан ұқсас немесе ассоциативті түрде ұқсас болады. Ал синонимдік немесе антонимдік қатары бар сөздер өз мағыналарын сол қатармен салыстыру арқылы анықтайды. Келесі бір сөздер тілдегі бар лексемалардың стилистикалық немесе экспрессивті варианттары болып табылады.

Сөздің тура мағынасының өзі уәжделінген және уәжделінбеген, туынды және туынды емес болып бөлінеді. Сөздердің уәжделінген және уәжделінбеген бастапқы мағыналарына қарағанда туынды және ауыспалы мағыналар кейінгі болып саналады. Олардың (туынды және ауыспалы) бір-біріне ұқсас және ерекшеліктік тұстары бар. Яғни, бастапқы мағынаның барлығының уәжділігі бірден байқала бермейді. Мәселен, етістіктен морфологиялық тәсіл арқылы жасалған оқытушы деген зат есімнің уәжділігін анықтау қиын емес. Бұл сөздің барлық қолданысы жұртты оқытатын адам дегенді білдіретіндіктен, оның мағынасын тікелей уәжделінген деуге болады. Ал, сөздің уәжделмеген тура мағынасы ұғым мен сөз формасының арасындағы шартты байланысқа негізделеді. Ол туралы В.И.Кодуховтың пікірі мынадай: «Производные и переносное значения иногда отождествляют. Действительно, производные и переносное значения являются вторичными, возникшим на базе как прямых, так и переносных первичных значений. Это их объединяет. Однако между ними имеются и существенные различия. Производные значения бывают прямыми и переносными [4,171 б.].

Синтагмалық орта сөздің мағынасын нақтылап қана қоймайды, оны тудырады да, яғни бір тұлғаның көп мағынада жұмсалуына жалпылауыштық ауқымы тірек болса, сол көп мағынаның нақтылануы тек сөйлеуде көрінеді.

Гумбольдтың айтуынша, «Тіл заттарды сөзбен атаудан басталады да, сол сөздерді құрастырудан келіп сөйлем құралады деп ойлау қате түсінік. Сөйлем жеке сөздерден құралмайды, қайта сөз сөйлемнің (сөйлеудің) ішінен пайда болады [2,100 б.].

Атаудың жалпылауыштық қызметі ұғымдар мен елестерді белгілеуден тұрады. Ұғымның жалпылауыштық қызметі нақты зат пен құбылыстың айқын белгілерін көрсету және оны ғылыми таным жүйесіне енгізу болып табылады. Сөздің лексикалық мағынасын түсіну белгіленген зат немесе құбылыс туралы шынайы ұғымды толық білу дегенді білдірмейді. Адам әлемді ұғымдардың көмегі арқылы таниды. Бірақ дүниені тануда сөздің де маңызын жоққа шығаруға болмайды. Лексикалық мағына мен ұғымдық айырмасы осыдан көрінеді. Мәселен, сөздің (бір форманың) әрқайсысының өз өздеріне тән ұғымға ие бірнеше лексикалық мағынасы болуы мүмкін. Кейде бір ұғым бірнеше сөзбен беріледі. Бұл құбылыс синонимдік қатардың пайда болуына негіз болады.

Полисемиялық жүйеде бастапқыдан туынды және туындыдан туынды деривациялық моделдері арқылы даму үлгісі бар да, барлық ауыс мағыналар тек жалпылауыштық мағынадан бастау алатын жүйе бар. Сөз мағыналарының ауысуы, келтірінді мағынада қолданылуы әр түрлі тәсілдер арқылы жүзеге асады. Тілде деривациялық процестердің мазмұндық және тұлғалық типтері бар. Тілдің формалық деривация процесіне грамматикалық құбылыстар, мазмұндық деривация процесіне семантикалық құбылыстар жатады. Сөйлеу кезі, яғни жеке адамның тіл бірлігін қолдануы сол сөз үшін тілдік орта болып табылады. Көпмағыналы сөздің жұмсалу мүмкіндігі (ауқымы) осы тілдік ортада толық айқындалады. Сонда сөздің көпмағыналылығы ішкі мүмкіндіктен және сол ішкі мүмкіндіктің тілдік ортада жүзеге асуынан барып қалыптасады. Семантикалық деривация процесі мазмұны, мән-мағынасы өзгерген бастапқы және кейінгі бірліктердің нәтижесі, семантикалық деривация олардың арасындағы белгілі бір қатынастар мен байланыстарды айқындайды, заңдылықтарын белгілейді.

Негізінен кез келген тіл құралының толық мағыналық қыры немесе синтагмадан тыс тұрғандағы байқалмайтын мағынасы сөйлем ішінде білінеді және  сөз мағынасының өзгеруі, жеке лексемалардың көпмағыналық сипат алуы қайсы бір тілдің сөздік қорының баю көзі болып табылады.

Сыртқы факторлар, яғни көптеген жағдаяттар сөздер мен оның мағыналарына әр түрлі әсер етеді: 1) Сөз мағынасы сақталып, бірақ фонетикалық, грамматикалық қасиет, қызметтері өзгеруі мүмкін; 2) сыртқы формаларды (фонетикалық, грамматикалық) қабылдап, мағынасы өзгеруі мүмкін; 3) тек қана семантикалық жылжу, ығысу болуы мүмкін; 4 ) лексика-семантикалық макро-микроструктуралардың өзгеруі мүмкін [3,19б.]. Сөздердің ауыс мағынада қолданылуы тілдегі полисемия және омонимия мәселелерімен ұштасып жатады. Сөздердің көпмағыналығы синониммен, антониммен және фразеологизмдермен де байланысты.

Сөздің ауыспалы, келтірінді мағынада қолданылуы бірде метафора мен қызмет бірлігі тәсілдері арқылы жүзеге асырылса, бірде метонимия мен синекдоха тәсілдері арқылы болады. Тілдегі омоним, антоним және синоним  қатарлары, сөздердің көпмағыналық сипатталуының нәтижесі де, тілдегі метонимия, синекдоха және метафора құбылыстары сол нәтижені жүзеге асырушы тәсіл болып табылады [1,34 б.].

Сөздің тура мағынасы дегенде оның контексте өзгеріссіз қолданылуын айтамыз. Мамандар бұл көріністі лексикоцентристік жұмсалым деп атайды. Сөз өзінің бастапқы лексикалық мағынасынан ауытқымайды. Контекст, тілдік орта оған еш әсер ете алмайды. Сол лексемалардың жекеленген салаларының контексте көрініп айқындалуын текстоцентристік қызметі (жұмсалымы) деуге болады.

Сөздерді лексикалық-тақырыптық топтарға бөлу заттар мен құбылыстардың қасиеттері мен қызметтеріне негізделеді. Лексика-семантикалық топтар архисемалардың негізінде семантикалық өріске бірігеді. Сөз мағыналарын анықтауда оның тіл жүйесіндегі парадигмалық қатынасын да ескеру қажет. Лексемалардың парадигмалық қатарын ескеру оларды бір категорияға (топқа, өріске) біріктіруге негіз болады.

Семантикалық өріс лексика-семантикалық топтарға қарағанда неғұрлым кең тектік ұғымдарды топтастырады. Семантикалық өріс белгілі бір сөз тобына жататын лексика-семантикалық топтардың жиынтығы ғана емес, ол өз құрамына бірнеше сөз тобына жататын лексика-семантикалық топтарды да біріктіреді. Семантикалық өрістің жүйелік құрамына түбірлес сөздердің атқаратын қызметі ерекше. Себебі бастапқы түбір сөздердің мазмұндық төркіндестігінің көрсеткіші [3,10 б.]. Алайда бір топқа біріктірілген сөздердің бәрі түбірлес болып келе бермейді. Мұнда біріктіруші және ажыратушы семалар басты рөл атқаратындығын айта кету қажет.

Кез келген тілді лексикалық ұсақ топтарға жіктелетін жүйе деп қарауға болады. Оны жүйелеуге әр түрлі топтау әдістері негіз бола алады. Сөздерді (лексемаларды) грамматикалық категорияларға жіктеумен (есімдер, етістіктер, үстеулер және т.б.) қоса, тақырыптық мағыналық топтарға, өрістерге бөліп қарастыруға болады. Тіл жүйесіндегі заңдылықтарды анықтау үшін қойылған мақсатына қарай бұл жіктеулердің қай-қайсысы да маңызды саналмақ.

Сөздің лексикалық тіркесімділігі синтагмалық қатнасқа жатады. Ол оның мағынасын таратушылардың жиынтығы, яғни сөздің синтаксистік-семантикалық позицияларын толтыруға қабілетті сөздердің жиынтығы (семантикалық валенттілік жөнінде біз тарауда таратып айтуға тырыстық). Ал мамандар бүгінгі сөздіктерде осы синтагмалық қатынас назардан тыс қалып келе жатқандығын айтады: «Сөздіктегі жеке тілдік бірліктердің ерекшеліктерін, олардың тілдік жүйедегі орнын көрсету арқылы тілдік лексикалық жүйенің құрылымынан да хабар беруге болады.

Мағыналық және тұлғалық жағынан үйлескен сөздердің тіркесінен тұратын сөйлем ойды білдіреді. Лингвистикалық әдебиеттерде сөз номинативті қызмет атқарса, сөйлем коммуникативті қызмет атқарады делінеді. Сөйлем коммуникативті қызметті, әдетте, сөздердің бір-бірімен тіркесін өзара байланыста предикативті қатынаста жұмсалуы нәтижесінде атқарады. Тіл өзінің қатынас құралы болу қызметін хабарлаудың негізгі құралы – сөйлемдер арқылы іске асыратындығы анық. Бұлардың бәрі сөздердің синтагмалық қатынасынан туындайды. Полисемия құбылысы да өз жұмсалымын осы синтагмалық ортада анықтайтындығы белгілі.

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

 

1.     Аханов К. Тіл біліміне кіріспе. Алматы, 1962. 299 б.

2.  Гумбольт В. О различении строения человеческих языков и его влиянии   

     на духовное развитие человеческого рода. В кн: В.А.Звегинцев.

3.  Жалмаханов Ш. Түркі лексикасының семантикалық деривациясы (доктор.  

     диссер. авторефераты). Алматы, 2004. 43 б.

4.  Кодухов В.И. Введение в языкознания. Москва, 1987. 276 бет.

     История языкознания ХІХ и ХХ вв в очерках и изречениях. Москва, 1964.

5.  Қалиев Б., Жылқыбаева А. Сөз мағыналарының негіздері. Алматы,      

     2002. – 109 бет.

.