Демеубаева Акмарал,
Шадиева Айгуль, Мамишова Каракоз
Қазақстан
Республикасы, Шымкент қаласы
Қазақстанда көлеңкелі экономиканың
өзіндік ерекше факторлары
Қазақстан
әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына
кіру міндетіне ие бола отырып, өз дамуының сапалық жаңа
кезеңіне аяқ басты. Экономиканы диверсификациялау, жоғары
қосымша құн салығына ие бағалар тізбегін
құру мен дамыту, ғылыми-техникалық ілгерілеу, ресурс
тиімділігі, кластерлік бастаманы дамыту, шағын және орта бизнес
белсенділігін арттыру, мемлекеттік –жеке меншік әріптестігі институтын
дамыту негізінде тұрақты дамуды қамтамасыз ету экономиканы
дамытудың мақсатына айналды. Тәжірибе көрсеткендей, осы
жылдары ашық экономиканы қарқынды дамыту сондай-ақ
осыған дейін қалыптасып үлгерген көлеңкелі
экономиканың ұлғаюымен де сүйемелденді. Алайда,
экономикалық реформалар, нарықтық қатынастар мен
көп салалы экономикаға көшу көлеңкелі
экономиканың бағыты мен құрылымын өзгеріске
ұшыратты.
Қазақстанда
көлеңкелі экономиканың өзіндік ерекше
факторларының болуы бастапқыда КСРО-дан қалған
мұра ретінде түсіндірілді. Бұрынғы КСРО-да
көлеңкелі экономика әрі экономикалық, әрі әлеуметтік
роль атқарды. Оның мәні мынада: көлеңкелі
экономика ресми кеңес экономикасының кемшіліктерінің орнын
жауып отырды, ресми экономика жоспарлы экономикаға сүйенді,
экономикадағы тепе-теңсіздіктерді реттеп отырды. Экономиканы
реформалау нәтижесінде бейресми экономикалық қатынастар
белгілі бір дәрежеде өз құрылымын өзгертті.
Көлеңкелі экономикалық қатынастардың бір
элементінің үлесі азайса, келесінікі ұлғая түсті.
Кез келген
құбылыстың, оның ішінде экономикалық
құбылыстың маңызы оның функциялары мен
қоғамға әсер етуінен көрінеді.
«Көлеңкелі экономика» феномені өзін бағалауға
деген селективтік қатынасты қажет етеді, өйткені ол
ұдай өндірістің ажыралмас бөлігіне айналды.
Экономикалық мектептер,
негізінен, көлеңкелі экономиканың жалпы экономиканың
дамуына әсерін теріс түсіндіреді.
Алайда, мемлекет тарапынан
бақылауға көнбейтін экономикалық қызметтің
өзін-өзі ақтайтындығы туралы пікірлер де бар.
Көлеңкелі
экономикаға онша көп теріс баға бермейтін ғылыми мектеп
ретінде классикалық экономикалық мектепті атауға болады.
Көлеңкелі экономика классикалық ағылшын саяси экономикасының
негізін қалаушы А.Смиттің «жеке меншік иесі жеке
сұранысқа арнап өнім өндіре отырып,
қоғамға пайдалы қызмет атқарады» деген ойын
әлдебір шамада растай түседі. Көлеңкелі экономика
біршама үлгіде «А.Смиттің көрінбейтін қол»
құрылымын пайдаланады [1].
Көлеңкелі
экономикалық қызметтің теріс салдарлары түрлі
әлеуметтік-экономикалық деформацияларда көрініс табады:
бәсекелестік тәртібіне, өндірістің
нәтижелілігіне, жұмысшы күшін ұдайы өндіру
шартына, тұтыну құрылымына, табиғи ортаға
және т.б. маңызды түрде деструктивті әсер етеді.
Сонымен қатар маңызды экономикалық емес салдарлары да бар
(сыбайлас жемқорлықтың күшеюі, адамның
моральдық–адамгершілік тұрғыдан құлдырауы
және т.б.) [2].
Өзімізге белгілі жорамал
бойынша, дүниеде тек қана жақсылықтан тұратын
немесе тек қана жамандықтан тұратын ешбір құбылыс
жоқ. Сондықтан көлеңкелі экономиканы оның
қоғамға және экономикаға тигізетін алуан
түрлі әсерлері тұрғысынан қарастырған
жөн.
Экономиканың ахуалы
көп жағдайда көлеңкелі экономиканың көрініс
табу сипаты арқылы анықталады. Дағдарыс кезеңінде
көлеңкелі экономика ресми экономиканың қызметіндегі
кемшіліктердің орнын толтырады, сөйтіп өзінің кейбір
көріністік формаларында қысқа мерзім ішінде дұрыс
сипатқа ие болады. Алайда, көлеңкелі нарықтың
ресми нарықпен өзара әрекет етуі өзіндік бір заңдылық
ретінде сипатталады: заңды нарық неғұрлым аз
нәтижелі болып келсе, көлеңкелі нарық үшін
соғұрлым барынша қолайлы жағдай туындайды; ресми
нарықтың нәтижелілігі төмендеген сайын,
көлеңкелі нарықтан өтетін тауарлар ағыны
соғұрлым ұлғая түседі. Егер экономикада
нарықтық құрылымдар дамымайтын болса, онда
пәрменді құқықтық бақылау,
кәсіпкерлік мәдениет, көлеңкелі сектор
қылмыстық қызмет түріне оңай өзгере салады.
Сайып келгенде, ұзақ
мерзімді кезеңде циклдық даму заңдары мынаған алып
келеді: өзінің кез-келген көріністік формасындағы
көлеңкелі экономика жағымсыз сипатқа ие болады,
мемлекет пен қоғамға күйретуші әсер береді, жалпы
алғанда, қоғамда қалыптасқан құқықтық,
экономикалық, моральдық-адамгершіліктік, рухани негіздерді
бүлдіреді, нәтижеде экономикалық дамудың
құлдырауына және қоғамда әлеуметтік
тепе-теңдіктің бұзылуына әкеледі.
Егер де
құрылымдық тұрғыдан қарайтын болсақ,
көлеңкелі экономиканың «екінші» және «қара»
түрлері өте көп зиян келтіреді. Бір жағынан
алғанда, артықшылыққа қоғамның
әл-ауқатын азайтатын шағын топтың пайдасы үшін
(бюрократтар, мафиялар) қоғамның табысы қайта
бөліске түседі [3].
Келесі жағынан
алғанда, экономиканың орталықтандырылған басқару
жүйесі бұзылады: шұғыл реформалау қажет
болғанымен, қосып жазу үкіметтің бойында жалған
игілікті місе тұтуды қалыптастырады; көлеңкелі
қызметпен айналысу үкіметтің жаңа жұмыс орындарын
құруға шамадан тыс күш салғанымен, жалған
жұмыссыздықты төмендете алмауына, алайда бюджет
тапшылығын ұлғайта түсуіне әкеледі. Сонымен,
көлеңкелі
экономиканың кез келген формасының дамуы шаруашылық
этиканы бұзатын болады. Егерде бұл үрдістер тым ентелеп енген
болса, онда адамдар жалпы қабылданған баршаға ортақ
«ойын ережелері» туралы түсінігін жоғалта бастайды, «не
қаласа соны істеуге болады» деген қағидамен өмір сүреді,
нәтижеде қоғам тұрақсыздық пен ретсіздікке
бой ұрады.
Сонымен,
көлеңкелі экономика
дегеніміз – бұл жіктемелік белгілері мол болып келетін көп факторлы
құбылыс, ол өзгермелі жағдайларға жылдам
әрі оңай бейімделеді, түрлері арасында айқын бір шекара
болмайды, сондықтан бірінен келесісіне оңай түрде
ықпалдаса түседі. Талдауда көлеңкелі экономика, ең алдымен, кәдімгі,
«қалыпты» экономика құбылыстар мен үдерістерге
әсер етуі тұрғысынан табыстың құралуы мен
бөлінуі, сауда, инвестициялау, жалпы экономикалық
өсімнің қызығушылығын тудырады.
Қазақстанда
көлеңкелі экономиканың ауқымдары мен түрлі
секторлардағы олардың қатысу дәрежесі
экономиканың тікелей
ресурстық-шикізаттық ауытқуымен немесе пайда
табуға бағдарлануымен байланысты. Сонымен, қазіргі
жағдайда кез келген саланың дамуы, оған деген
инвестициялардың артуы, саладағы
капитал айналымының жеделдеуі мемлекет бюджетін
қалыптастырумен және бюджет қаражатын жұмсаумен
байланысты көлеңкелі
үдерістердің өсуімен түйіндес болып келеді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР:
1.
ҚР Қаржы министрлігінің 2006-2012 жылдар
аралығындағы сатистикалық бюллетендері.
2.
Республикалық бюджеттің 2006-2012 жылдар
аралығындағы орындалуын бақылау бойынша есеп
комитетінің жылдық есебі.
3.
Шнейдер Ф. Теневая
экономика и коррупция во всех странах мира:
новые оценки для 145 стран. www.economics-ejournal.org
4.
Основы теневой
экономики/ электронный учебник www.omamvd.ru