Экономические науки/3.Финансовые отношения

 

Э.ғ.к-Баймағамбетова З.А, магистрант-Мухаметжанова М.Д

 

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті,Қазақстан

 

Лизингтің даму тарихы

 

Лизинг сөзі «to lease» ағылшын етістігінен аударғанда «жалға беру»  деген мағынаны білдіреді. Қарапайым жалға беруде екі тарап қатысса: жалға беруші және алушы болса, ал лизингте үш қатысушы:лизинг беруші, лизинг алушы және жабдықтаушы болады. Яғни лизинг – бұл лизинг берушінің (жалға берушінің) өзіне тиесілі құрал-жабдықтарды, машиналарды, ЭЕМ, ұйымдастыру техникаларды, өндіріске, сауда-саттыққа және қоймаға арналған құрылғыларды лизинг алушыға (жалгерге) лизингтік төлем төлеу шартымен, белгіленген мерзімге пайдалануға беруін қарастыратын жалға беру шарты.

Қаржылық лизингтің пайда болуы, жалпы  лизинтік қатынастардың даму тарихымен байланысты. Көптеген тарихшылар мен экономистер лизингтік операциямен байланысты экономика-құқықтық қатынастарды жаңа ғасыр кезінде пайда бола бастады деп талқылайды. Алайда ол дұрыс емес.  Лизингтік операциялардың пайда болуы сонау Аристотельдің заманында болған. Аристотельдің (б.э.д. 384 / 383 - 322 ж.ж.«Богатство состоит в пользовании, а не в праве собственности» атты еңбегінде лизинг идеясы туралы пікірлер жазылған. Басқа сөзбен айтқанда, пайда алу мақсатында мүліктің иесі болуы міндетті емес, осы мүлікті пайдалану құқығы болу керек, соның нәтижесінде пайда алу мүмкін болады дейді.

Атақы тарихшылар П.Балтус пен Б.Майджер «Школа европейского лизинга» атты кітабында лизингті б.э.д 2000 ж. ежелгі Шумер мемлекетінде пайда болды дейді. Өйткені ежелгі Ур қаласында табылған қыш тақтайшаларда ауылшаруашылық құралдарды, жерді, су көздерді және басқа да жануарларды жалға бергендігі туралы мәліметтер табылған.

Ағылшын тарихшысы Т.Кларк б.э.д 1775-1750 ж.ж қабылданған ежелгі Хаммурапи Заңдарында меншікті жалға беруге байланысты бірнеше баптарды тапқан. Баптарда жалға берудің шарттары, төлемақысы, мерзімі және т.б жазылған.

Ежелгі өркениеттер, солардың ішінде грек, рим, египеттіктер жалға алуды тиімді және құралдарды, жер мен малды қолжетімді алудың негізгі амалы деп есептеді. Ежелгі Римде затқа меншік құқығынсыз иелік ету туралы Император І Юстинианның (483-565 ж.ж) атақты Институциясында жазылып кеткен.

Лизинг ертеде тек белгілі бір меншік заттарын жалға алумен шектелген жоқ. Тарихи мәліметтер бойынша, ауылшаруашылық техниканың түрлері және шеберлік құрылғылар, сонымен қатар әскери техника да жалға алынды. Алғашқы лизингтік операцияның құжаттық түрде өтуі туралы деректер 1066 жылы Вильгельм Завоевательдің Британдық аралдарға өту үшін нормандықтардан кемелерді алуы болған.

Бұл тәжірибе ұмытылмай, 2 ғасырдан кейін 1248 жылы алғашқы лизингтік мәміле тіркелген. 1248 жылы өзінің жетінші Кресттік жорығында қатысуы үшін Бонфис Манганелла Гаэта рыцарі қару жарақтарды жалға алған. Жалға алғаны үшін пайыздық төлемдер қару жарақтардың сату бағасының 25 пайызын құраған.

Венецияда 11 ғасырда лизингтік операцияларға ұқсас мәмілелер жасалынды: венециандықтар сол уақытта өте қымбат болған зәкірлерді саудагерлер мен сауда қайықтарының иелеріне жалға берді. Жүзу аяқталғаннан соң «темір құндылықтар» өз иелеріне қайтарылған және қайтадан жалға берілді.

Ұлыбританияда лизингтік қатынастарға ұқсас қатынастарды реттейтін алғашқы нормативтік акт 1284 жылы Уэльс заңы болды (Statute of Wales). Сол кездері лизингке шаруашылық құралдар мен жылқылар берілген.

1572 жылы Ұлыбританияда тек қана нақты лизингті қолдануға рұқсат беретін заң актісі шығарылды. Осы заңның мәні: осы уақытта келісім-шарт жасасқан жақтардың мүліктің нақты иесі кім екені жасырылды, ол несие берушілерді адастыру мақсатында жүргізілді, сондықтан оны реттеу үшін қолданылды.

XIX  ғасырдың басында Ұлыбританияда өндірістің дамуы салдарынан лизингке берілетін тауарлар саны өсті. Оған теміржол қатынастары мен көмір-тас өндірісінің дамуы үлкен әсерін тигізді. Шағын кәсіпкерлер капиталды тиімді жұмылдыру мақсатымен көмір тасыйтын вагондарды сатып алып, оларды лизингке берген. Алайда көп экономистер тарихи құжаттарға сүйеніп, барлық жалға алу болған оқиғаларды лизинг деп таныған. Мұндай түсінік лизингтің мәні мен оның қарапайым жалға алудан айырмашылығын түсінбеуінен болып отыр.

Лизингтік қатынастардың пайда болуы және экономикалық лексикалық терминологияға жаңа "лизинг” терминінің енгізілуін австриялық тарихшы В.Хойер «Как делать бизнес в Европе» атты кітабында атақты "Белл” телефон компаниясының операцияларымен  байланыстырады. Осы компанияның басқармасы 1877 жылы өз телефон аппараттарын сатпай, оны жалға беру туралы шешім қабылдады. Қазіргі кездегі лизингтің көптеген мәселелері осы институтта меншік және иелік ету құқығының бірге танылуына байланысты. Меншік құқығы мен мүлікке иелік ету құқығының мәнін ажырата білу ерте кездерден келе жатқан мәселе.

  XX ғасырда лизинг жаңа экономикалық институт ретінде бастауын алды. Арнайы лизингтік компаниялардың құрылуы лизингтің дамуына оң қадам әкелді. 1952 жылы Сан-Францискода белгілі болған «United States Leasing Corporation» американ компаниясы лизингтік операцияларда іскерліктің негізгі болған алғашқы акционерлік қоғам болып саналады. Өз қызметтерінің кең спектрін ұсынған жаңа лизингтік компаниялар санының өсуі және лизингтік келісімшарттарының үлкен модификациясы экономиканың әртүрлі сфераларында кәсіпкерлердің инвестициялық қаражаттарын алудың әртүрлі нұсқаларын анықтады. Кейіннен лизингтік компаниялар "қаржы-лизингтік қоғамдар” деген атқа ие болды. Көп ұзамай елдің Федералды Резервтік жүйесінен рұқсат алып лизингтік операциялармен коммерциялық банктер де айналыса бастады. Осы уақытта өндірістің көптеген құралдары жалға берілді: технологиялық құрылғылар, машиналар мен механизмдер, кемелер, ұшақтар, т.б. АҚШ Үкіметі осы құбылысты бағалап, оны ынталандыратын мемлекеттік бағдарламаны жедел түрде әзірледі және жүзеге асырды.

АҚШ-та лизинг экономикалық бизнестің негізгі түрлерінің бірі болып табылады. Осы кезде автокөліктерді лизингке беру бизнесі жедел дами бастады. 1930 жылдары Генри Форд өз автокөліктерін өткізу мақсатында жалға беруді кеңінен қолданды. Бірақ автокөліктік лизингтік бизнестің бастамашысы ретінде Чикагодан шыққан Золли Фрэнк есептелінеді. Ол 1940 жылдары алғаш рет автокөліктерді ұзақ мерзімге жалға беруді ұсынушы сауда агенті болған.

Сөйтіп, АҚШ жаңа бизнестің отаны болды. 60 жылдардың ортасында лизингтік операциялар 1 млрд.$, ал 80 жылдардың аяғында 110 млрд.$-дан асып түсті. Лизингтік операциялар өте тез АҚШ шекарасынан өтіп, халықаралық лизингке айналды. 50 жылдардың соңында американдық лизингтік компаниялар шетел нарықтарына көз тікті. 1959 жылы «United States Leasing Corporation» Канадада өзінің филиалын ашты. 1960 жылы Ұлыбританияда «Mercantile leasing Company» компаниясы құрылды, компанияның акцияларының 80% «Mercantile leasing Company» компаниясына, 20%  «United States Leasing Corporation» компаниясына тиесілі болды.

1961 жылы Францияда «Sepafites» деген атауымен Bangue de II Indochine тапсырысымен алғашқы лизингтік компания құрылды. 1962 жылы ол «Locafrance» деп атауын өзгертті.1965 жылы Францияда 28 лизингтік компания тіркелген.

Германияда 1962 жылы «Leasing GMBH» деген бірінші лизингтік компания Дюссельдорфта пайда болды. 1963 жылы алғашқы лизингтік компания Японияға жіберілген, 1967 жылы көліктерді жалға беру бойынша мәмілелердің сомасы 42 млн. долларды құраған.

Италияда алғашқы лизингтік компания 1966 жылы құрылды, бірақ лизингтік бизнестің кең өріс кезеңі 70-80 ж.ж. болды. 80 жылдардың соңында 3000 лизингтік компания қызмет атқарды. Мысалы атақты италиандық «Локофит» компаниясы лизингке жер, жұмыс құралдарын, ауылшаруашылық техниканы, жылжымайтын мүліктерді, көліктер (автокөліктер, ұшақтар, т.б) берді [1].

1982 жыл АҚШ-та авиациялық  техниканы лизингке беру жылы болды. Осы жылы ірі корпорация иесі Мак-Доннел Дуглас лизингтің арқасында Боинг-727 ұшағымен болған бәсекені жеңіп, өзінің ДС-9-80 ұшағы үшін жаңа нарықты ұтып алды. Дугласпен ұсынылған концепция былайша болды: «Fly before buy», яғни ұшақты сатып алмас бұрын, оны жалға алу негізінде ұшып көру дегенді білдіреді [2]. 60 жылдары лизингтік бизнес Азия континентінде дами бастады.  Қазіргі уақытта лизингтік қызметтерің негізгі бөлігі «АҚШ – Батыс Еуропа – Жапония» мемлекеттерінде шоғырланды. Батыс Еуропада лизинг берушілер ретінде, көбінесе, арнайы лизингтік компаниялар бола алады. Осы лизингтік компанияларды 75-80%-ға жуығын банктер немесе олардың еншілес қоғамдары бақылайды.  Жапония үшін сипатты белгі ретінде лизингтік операциялардың қаржыландырудан «қызметтер пакетіне» дейін ұлғайтты.

КСРО-да лизингтік бизнестің дамуы 1989 жылы басталды. 1990 жылдары лизингті қолданудың бастапқы ережелерінің белгілі құбылысы ретінде жалға беру туралы нормативтік құжаттар қабылдана бастады. 1991 жылдың маусым айында халықаралық кеңес-француз-неміс «Евролизинг» лизингтік компаниясы  құрылып, желтоқсан айынан бастап өз қызметін жүзеге асырды. Оның құрылтайшылары болып, кеңес жағынан КСРО-ның Сыртқы экономикалық банкі, КеңесМорфлот және КСРО-ның мемлекеттік жабдықтау комитеті, француз жағынан – Еуропаның ірі лизингтік компаниясы «Насиональ де Пари Банкісі», ал неміс жағынан – Батыс Германияның ірі лизингтік компаниясы – «Митфинанц ГмбХ» болды.

Жоғарыда айтылған тарихи ақпараттарды жүйелеп, әлемдегі лизингтік операциялардың даму ерекшелігін  келесі кестеде көрсетуге болады.

 

Лизингтің даму кезеңдері

Кезеңдері

Атауы

Ерекшелігі

Б.э.д- орта ғасыр

Лизинг идеясының пайда болуы

Лизингтің тиімділігін түсіну, қысқа мерзімге жалға берудің дамуы;

Орта ғасыр- ХХ ғ.ортасы

Лизингтің экономикалық категория ретінде пайда болуы;

Лизинг туралы заңның пайда болуы;

ХХ ғ. ортасы

Жеке қызмет ететін сфераға айналуы, жаңа формалар мен жаңа дамудың бет алуы

Лизингтік операциялардың күрт дамуы, Лизинг туралы Заңнын  жетілуі; инвестициялық проектілерге енуі;

Ескерту: автормен құрылған

 

Хронологияға сүйенбей, дәстүрлі жалға беруден шыққан лизингтік операциялардың дамуын келесідей кезеңдерге бөлуге болады:

1.     Нарықта мүлікті жалға берумен айналысатын жаңа субъект-фирмалардың құрылуы;

2.     Халықаралық лизингтік пайда болуы;

3.     Өндірістің дамуы, соған байланысты лизингке берілетін заттар тізімінің кеңеюі; лизингтік компаниялар саны мен олардың бір-бірімен бәсекесінің артуы; лизингке берілетін заттармен қоса әр түрлі қызмет көрсетулердің пайда болуы, мысалы көлікті жөндеу, консультациялық қызмет, белгілі бір қондырғыларды пайдалануды үйрету және т.б

4.     Лизингтің жаңа формасының пайда болуы, лизинг берушінің лизинг затын сатып алу үшін қаражаттарды тартуы, яғни қарыз алу [3];

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1.     Лопыгин Ю.Н., Сокольских Е.В. Лизинг. Москва: Альма-Матер,2005 ж.

2.     Jeffrey Taylor .The Future of Equipment Leasing.Bountiful, 2006  ж.

3.     Филосова Т.Г. Лизинг.Москва: Юнити-Дана, 2008 ж.