История/ 2. Общая история

Г.ғ.м., Уалиева  Г.К.

Г.ғ.м., Иксанов С.Б.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

ХІХ ғасырдың бірінші ширегіндегі Қарқаралы округінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы

 

ХІХ ғ. қазақ халқына күрт өзгерістер алып келді. Ресей империясы қазақ жерін отарлы елге айналдыру мақсатында түрлі амалдарды қолданып бақты. Негізгі алғышарттарының бірі 10 тараудан құралатын жарғыны еңгізу болды. Бірақ ең алдымен қазақ халқының ұстанған дәстүрлі хандық билік институтын әлсіретіп, соңынан жойып жіберу болды.

Уәли хан билігі тұсында Орта жүзге Бөкейді де хан етіп тағайындайды. Сөйтіп билік басына бағынышты хандарды сайлады. Деректерде 1822 жыл хандық билік тоқтаған жыл деп көрсетіледі. Мысалға: С.Б. Броневский «О казахах Средней Орды» еңбегінде «После кончины Валия и Букея, уже не существуют ханы, Правительство не признает за благо их иметь, и они по уставу о сих киргизцах изданному, в 1822 году, заменяются во внешних округах старшими султанами, по праву перво­родства и желанию народа избираемыми» [1,7].

1822 жылға дейін қазақ жерінде арнайы жүргізілген экспедиция нәтижесінде жинақталған материалдарға сүйене отырып, қазақ халқына бейімделіп жасалған жарғы дайындалады. Осы негізде Батыс Генерал-губернаторлығында 1822-жылғы "Сібір қырғыздарының жарғысы" еңгізілді. Н.И. Красовский «Материалы для географии и статистики России. Область сибирских киргизов» еңбегінде «Въ 1822 году вся Сибирь, въ видахъ удобства управленія ею, была разделена на две части: Восточную, съ своимъ главнымъ  правленіемъ, находившимся въ Иркутске, и Западную, съ своимъ, местопребываніе котораго до 1839 года находилось въ Тобольске, а съ этого года перенесено въ г. Омскъ.» Осылайша Орта жүз Батыс басқармасына қаратылды [2,151].

Омбы облысы Ерекше ережемен қалыптасқан ішкі және сыртқы округтерге бөлінді. 1824-жылы округ және округ приказдарын ашу үшін Полковник С.Б. Броневский басқаруындағы экспедиция Бөкей сұлтан басқарған территорияға бекітілді. Экспедиция жұмысының нәтижесі: 1824 жылы 8 сәуірде Қарқаралы  алғашкы сырткы округ  құрылды.  Жаңадан кұрылған округке кірген болыстар құрамында 20 мыңдай шаңырақ  шамамен алынған есептеулер бойынша, 60000-ға дейін ер-азамат болды [3,14].

Ресей тарапынан еңгізілген заңдар, ашылған округтік приказдар, барлығы көшпелі қазақ халқына ауыр болды. Барон Услар «Шынында да, бұл жарғыда далада жалпы дағдыға айналған еркіндікті батыл жою ойластырылды және ол тұтас халыққа мейлінше ауыр зардаптарға әкеп соқты» [4,304].

Округтердің ашылуынан кейін, шекараларға бөліп бір округтен екіншісіне көшу аға сұлтандардың рұқсатымен ғана болды. Ру аралық талас-тартыстар пайда болып, оларды екіге бөлу, не болмаса біріктірулер орын алды. Дәстүрлі биліктің күші жойылған соң басшылардың халықтан алым-салық жинау, қанап қана қоймай  халық арасында бей-берекетсіздік тудырды. Мұндай жағдай да кейбір байлар барын жинап елден көшіпте кетті. Халық наразылығы күшейе түсті. 1825 жылы көктемде Қарқаралы округінде сұлтан Саржан Қасымұлы бастаған бір топ қазақтар көтерілді. Бұл басталған көтерілісті Қарқаралы әскери бастығы Карбышевтің әскери отряды басады. Көтеріліске қатысқан 12 адамды, 79 ат, 20 мылтық, осы жорықта көзге түскен казактарға марапаттауға берілген 4 қанжарды қолға түсірді. Тұтқынға түскен қазақтар әскери сотқа тартылып, Саржан сұлтанның «жаулық ниеттеріне қосылғандығы» және отрядқа қарсы «бүлікшіл әрекеттері» үшін өлім жазасына кесілді. (ic 407, б. 46 қайт.- 47 қайт.). [5,580]

1826 жылы сұлтан Саржан Қасымов өзінің жақтастарын қайтадан жинап алып, Қарқаралы округінің ауылдарына шабуыл жасайды. 1826 жылғы Омбы облыстық басқармасына берілген есептің материалдарында аталмыш оқиға былайша сипатталған (түпнұсқа) «Султан Саржан проходя далее во внутренность оного, увлекал в свое скопище встречающихся на пути киргизов, угрожал нападением на тех, кои намеревались воспротивиться в соединении с ним и, становясь ежечасно многочисленнее и опаснее, довел до того киргизов, что многие из них начали склоняться и далее присоединяться к нему. В таком положении Приказ, отрядив под командою начальника стражи сотника Карбышева из состоящей при летних кочевках команды 100 казаков с орудием конной артиллерии, предписал сему офицеру расстроить скопище, обратить в свои места киргизов, состоящих под управлением султанов Букеевых и увлеченных в 1825 и нынешнем 1826 годах, захватить их возмутителей несколько человек и в случае нападения отразить оное оружием. [5,580-581] Карбышевтің әскери отряды бұл көтерілісте жаныштап басады. Нәтижесінде 27 адам тұтқындалып, қару-жарақтары тәркіге алынады.

Ресейдің отарлау саясатына қарсы, қазақ жерін азат ету мақсатында Кенесары Қасымұлы бастаған 25 мың қолды қамтитын күш жаппай көтеріліс бастады. Дегенмен халық аңсағандай қойған мақсаттарына жете алмады. Бірақ көшпелі қазақ елінің жадында мәңгі сақталатын, ұрпақтан ұрпаққа хан Кененің патшалық Ресейге қарсы бағытталған күресі ел аузында аңыз ғана емес, сондай-ақ тарих сахынасында маңызы зор.  

XIX ғасырдың 30-жылдарында үкімет билікті одан әрі орталықтандыруға және жергілікті органдарға бақылауды күшейтуге күш салды. Сенатқа жарлық түрінде 1838 жылғы 6 сәуірде қабылданған «Сібір қазақтарын жеке басқару туралы ережеде» 1822 жылы мемлекеттік құрылысты «сібір қазақтары арасына біртіндеп еңгізу» үшін құрылған Омбы облысының өз рөлін орындағаны айтылды. Енді «Сібір қазақтарын шекаралық басқару деген атаумен жеке басқару құрылатыны» жарияланды. ашылған Шекаралык баскарманың басына полковник М. В. Ладыженский койылды, ол «сібір қазақтарының шекаралық бастығы» деп аталды [4,311]. Бұл жәйттердің бәрі әскер күшін қолданудың күшейтілуін білдірді, мұны қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің өрістеуі болатын. Қазақ халқынан жергілікті өкімет өкілдерінің сайлануы енді іс жүзінде шекаралық бастықтың бақылауында болды. Ал оған «тәуелсіз қазақтарды жалпы тәртіпке бағынуға көндіру» немесе оларды өзіне бағынышты аумақ шегінен аластау міндеті жүктелді.

«Қазақстан тарихы 3 том. - Алматы. Атамұра 2010 жылғы» баспасында 1854 жылғы «Ережеде» «аға сұлтандар қызметіндегілердің бәрі бірдей сұлтан сословиесінен шықпағаны» ресми түрде мойындалды. Ол былай тұрсын, енді аға сұлтандар мен кеңесші билер сайлауына ақсүйектердін өкілдерімен қатар заң жүзінде шендері мен медальдары бар адамдар, сондай-ақ «құрметке ие» қазақтар да жіберілді» [4,312]. «История Казахстана: народы и культуры. -А.: Дайк-Пресс, 2001 жылғы баспада»  «"О порядке избрания по Сибирской степи в старшие султаны" от 23 февраля 1855 г. было установлено: "Допустить в число избирае­мых по киргизской степи в старшие султаны лиц не только султан­ского происхождения, но и всемилостивейше пожалованных офи­церскими чинами, прослуживших при том не менее трех лет заседа­телями окружных приказов или волостными управителями; в число же избирателей сверх лиц султанского происхождения, всех вообще имеющих офицерские чины, а равно и тех из почетных киргизов, кои прослужили в классных должностях по выборам девять лет, хотя бы и не имели офицерских чинов"» [6,184].  

1867 жылға дейіңгі аралықта сыртқы округтерде қабылданған заң ережелері бойынша, аға сұлтан кызметіне кандидаттар ендігі кезекте әкімшілік тарапынан тағайындалатын болды. Сонымен қатар заң бойынша болыс билеушілері мен аға сұлтан кызметінен үміттене алатын адамдар ауқымы кеңейе түсті. Олар офицер шеніндегілер, үкімет марапаттаған және «ордалықтар арасынан шыккан, ешқандай ерекшелік белгілерін алмаса да, халықтын ерекше кұрметіне бөленген» адамдар жатқызылды. Әр түрлі билік дәрежелеріне сайланған кандидатуралардың бәрі әскери губернатордың немесе генерал-губернатордың шешімімен бекітіліп отырды.

Қазақ халқы Ресейдің отарлау саясатына қарсы түрлі амалдар қолданып бақты, бірақ әлсіз болды. Патша тарапынан казақтардың билігін көбінесе төрелерге беріп, олар халықты басынып, заңсыз қолынан келгенше зияңын, зардаптарын. Оның үстіне елді бөлшектеп, бір-біріне айдап салып, бірінің малын еншілесе, екіншісіне барымталатты. Шұрайлы қоныстарды әр түрлі сылтаумен тартып алды. Оған қарсы шыққан адамдарға жала жауып, жер аудару, айыптау тәсілдерін күшейте берді. Мұндай әділетсіздікке шыдай алмай ашынған халықтың төменгі буындары, кейбір кұдайға қараған болыс билері мен старшындары үкіметке арыз жазады. Аға сұлтандық, билік басында отырған Құсбек пен Жамантай, Түлік пен Біралин Шалғынбайлар: өздеріне жақтас адамдарды қосып алып, шағымда, арызда көрсетілген дәлелдерді жоққа шығаруға тырысып бақты. Төрелер осындай саясат арқылы бірінің лауазымын бірі тартып алуды үлкен іскерлік мәртебе санады. Дегенменде, аталған  сұлтандардың экономикалық және саяси жағдайы үлкен өзгеріске ұшырады, олардың феодалдық билеуші ретіңде праволары мен ықпалдары шектелді. Сондай-ақ қоғамдағы өз мәндерінен айрылды. Қазақ даласында билікті орталыктандыру жүйесінде сұлтандардың өздеріне берілген рөлді атқара алмайтынына көз жеткізген үкімет сұлтандардың билік ету міндеттерін біртіндеп жоюға көшеді.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.Броневский С.Б. О казахах Средней Орды. 2-ші бас. толық. - Астана: «Алтын кітап», 2007, - (Қазақ этнографиясының кітапханасы), 5-ші том. - 168 б.

2. Красовский Н. И. Материалы для географии и статистики России. Область сибирских киргизов, ч. ІІІ, СПб., 1868. - 271с.

3.Ахметбек Әрінұлы Атақоныс-арқадағы-Шежірелі Қарқаралы. А.: РПБК «Дәуір», 2003. - 224 б.

4.Қазақстан тарихы 3 том.- Алматы: Атамұра 2010. - 766 б.

5.Шығыс Сарыарқа. Қарқаралы өңірінің өткені мен бүгіні.-А.: Эвро, 2004. - 703 б.

6.История Казахстана: народы и культуры: Учеб. пособие.-А.: Дайк-Пресс, 2001. - 608 с.