История/ 2. Общая история

 

Ахметжанова А.Т., к.и.н., доцент КазНУ

имени аль-Фараби, Досымбетова А.,

Жалгасбаева А., Алина А.Д. 

Студенты КазНУ имени аль-Фараби

 

АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ЕҢБЕКТЕРІН ЖАЛҒАСТЫРУШЫ

 

ХХ ғасырдың басында қазақ халқының жағдайы өте ауыр болды. Әсіресе рухани жағынан жүдеп қалған еді. Сондықтан, Ахмет Байтұрсын, Алихан Бөкейхан, Мыржақып Дулат, Мағжан Жұмабаев, Мұхамеджан Тынышпаев, Смағұл Садвокасов т.б. алаш зиялылыры туған халқының болашағы үшін талмай еңбек етті. Бірақ, саяси ахуалдың өзгеруіне байланысты, ұлы тұлғаларымыз ұлттық проблемаларды толық шеше алмады, оның ішінде рухани даму мәселесін басып айтқан жөн. Осы мәселе ХХІ ғасырда, көптеген халықтардың ұлтына, ұлттық тілі мен дініне деген жанашырлығы, ана тілінің жойылып кетпеу жолындағы жасайтын істері, яғни ұлттық өмірдегі белсенділігі қуантады. Өкінішке орай, рухани байлыққа қарағанда материалдық байлықты басты мүдде санап, рухани құндылықтарды соңғы қатарға ысырып тастаған жаһандану процесі  бүгінгі күні бізде де өршіп тұр. Ағылшын ғалымы Дэвид Кристалдың «Тіл ажалы» атты зерттемесінде жыл сайын жер бетінен шамамен 24 тіл жойылатындығы көрсетіліпті. Мұндай кері процеске енжарлық таныту – рухсыздықтың белгісі деп түсінуге болады.  Осындай  ұлт пен тіл мәселелерін көтеріп, елім, халқым, ана тілім деп шырылдап жүрген ұлт жанашырларының бірі –  Мұхтар Шаханұлы. Біз бұл азаматты Алаш зиялылыларының ХХ ғасыр басында  көтерген ұлт мүддесінің сақталуы мәселелерінің ХХІ ғасырда жалғастырушысы ретінде танимыз. Себебі, М. Шаханұлының елеулі еңбектері, оқысаң ойландырмай қоймайтын өлеңдері мен көркем шығармалары Қазақстанда ғана емес, әлемге белгілі.

Осындай қайраткердің бүгінгі күннің проблемаларының бірі – ұлтсыздану, тамырсыздану мәселесін қозғайтын еңбегі – «Тілсіздендіру анатомиясы». М. Шаханұлының аталмыш поэмасының «Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы» атты бөлімін талдау үшін студенттердің арасында арнайы дискуссия ұйымдастырылды. Жаһандану заманында, туған ана тілін емес, өзге тілді білмегені үшін ұялатын, туған тілі мен мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін жат санап, менсінбейтін мәңгүрттер пайда болды. Ал, Қазақстанның Халық жазушысы, әлемге белгілі жалынды ақын және қоғам қайраткерінің бұл шығармасы дүниежүзі бойынша жоғары деңгейде бағаланып, әлемнің 40 тіліне аударылған. Студенттердің пікірлерін ортаға салып, оқыған адам өзіне бір түйін жасап, халқына пайдалы іске кірісеме деген оймен ұсынғалы отырмыз. Бірінші пікір: «Мен Мұхтар Шаханұлының бұл шығармасының арқасында, ағамызды тек ақын ғана емес, қазақ тарихын, бүгінгі ішкі және сыртқы саясатты, әлемдік проблемаларды жақсы біліп, шешу жолын ұсынған азамат ретінде таныдым. Ақын еңбекте теңеулерді ұтымды пайдаланған. Қаңбақ пен жантақ мысалға алынды. Жантақ – түйе жейтін тамыры тереңде 30-40 шаршы метрде жататын өсімдік. Ол шөл даланың қатты дауылына, құмның әрі-бері соққанына шыдап тұрады. Өйткені, тамыры тереңде жатыр. Ал қаңбақ болса, шөл даланың ығына орай ұшып-қонып жүреді. Мен осы жағдайларды оқи отыра, көңіліме мынаны түйдім: автордың мысалға жантақ пен қаңбақты алуы бекершілік емес. Егер біз өз тілімізді, дінімізді қадірлеп, сыйлап, дамыта білсек, онсыз да тамыры тереңде жатқан қазақ халқының тарихы мен мәдениеті бойлай бермек». Екінші пікір: «Мұхтар Шаханұлы– қазақтың маңдайына біткен, біртуар перзенті! Мұхтар Шаханұлы – мемлекеттік, қоғамдық-саяси мәселелерге сергек көзбен қарап, тіл тағдыры үшін тынымсыз күресіп жүрген қайраткер-тұлға. Оның  «Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы»  өлеңі былай басталады:

«Жаһандану рухсыздығы өз жeңісін тoйлауда.

Сoдан қазір қаншама адам бeйім былай oйлауға:

"Мeн қай тілдe eркін сөйлeп, oқи алам, жаза алам,

Білім, жұмыс, нан таба алам, сoл тіл - мeнің өз анам».  Мұнда ол қазіргі қазақ жастарының басты проблемасына айналған – тіл мәселесін қарастырып отыр. Қазіргі халқымыздың ащы да болса шындығы, шынайы бет-бейнесін, қазақ тілінің қолдану аясының өзгергені және т.б. проблемаларды бір шумаққа сыйғызып отыр. Әрі қарай да бұл өлең өткір, астарлы сөздермен шумақталады. Мұхтар ағамызды мен осындай рухты, көкіректі оятатын, жалынды өлеңдері үшін құрметтеймін, сыйлаймын. Мен де пікірімді Мұхтар Шаханұлының ойымен аяқтағым келіп тұр:

Шыншыл рух дарынынан құлқын oзған заманда

Тамырсыздық үлкeн қауіп тудырады қoғамға...». Үшінші пікір: «Мен  Мұхтар Шаханұлыдай ірі тұлғаның еңбегін оқығанда, үлкен бір ой келді. Әрине, бұл кітапта негізгі проблема – тіл мәселесі. Бұл кімді болса да ойландырмай қоймайды, себебі ұлттың ұлт болып қалыптасуы, тілі мен ділінде дейді автор. Мен ағамыздың бұл ойымен толық келісемін, оны ақын, жазушы, публицист, ұлтжанды азамат ретінде танимын және сыйлаймын. Мен мынаны мақтанышпен айта алам: 2009 жылы Сарыағаш курортының басшылары М.Шаханұлымен кездесу өткізген болатын. Сол сұхбат  әлі де менің есімде. Халық көп сұрақтар қойды, өлеңдерін оқытқызды, кейін бірге қосылып, үлкен ұжым болып әндерін шырқады. Кештен соң, ақынның қолы қойылған «Компьютер басты жарты адамдар» кітабын сыйға алдым. Себебі, оның «Отырар тарихы» атты өлеңін жатқа оқыдым». Төртінші пікір: «Мұхтар Шаханұлы бұл керемет еңбегінде ана тілінің тағдыры, елдің елдігінен айырылу қаупі мен жаһанданудың санамызға қалай орнап жатқандығы жайлы өз ойын білдірген. Елінің, ұлтының қамына барлық күшін, білімін, тәжірибесін, алаштық рухын жұмсайтын азамат. Бұл еңбекті оқыған әр  қазақтың жүрегінде тіліне деген сүйіспеншілігі оянады.  Мұхтар Шаханұлы жаһандану дәуірінің ұлт санасына рухсыздық, ұлтсыздық тудырып жатқандығы туралы ескертіп жазады. Бұл тек қазақ халқының ғана емес, әлемдік проблема екенін көрсетеді. Онда кейбір адамдардың қай тілде білім алып, нан тауып, жұмыс істесе, өз ана тілін емес, сол тілді ана тілі санап кететіндігі жайлы баяндалған. Және де, мысалға қаңбақ пен жантақты келтіріп, солар арқылы олардың тамырларының ұзындықтарына байланысты тұрақтылықтарын түсіндіреді. Сонымен, әр адам өз ана тілін сүюі - өз анасын құрметтеуі. Біз осыны санамызға сіңірейік деген ұран тастайды!». Бесінші пікір: «Ұлт жанашыры өзінің көптеген еңбектерінде қазақ тілі мәселесін арқау етті. Құрметті және сыйлы Мұхтар Шаханұлы өзінің «Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы» еңбегінде тіл әр халықтың қазынасы дей отырып, оның адамға, халқына, ұлтына керек екендігін айтқан. Сонымен қатар, қазақ азаматтарының  ана тілінде сөйлеп, оны қастерлегенін қалап, мақтануға лайық, бай және әдемі тіл ретінде көрсетеді. Сөздің шыны керек, қазір біз басқа ұлттардың сөздерін көп қолданып жүрміз. Еліміздің ертеңі – біз. Сондықтан мен ана тілінде білім алып, ата-анам қазақ болғанына мақтанамын.  Қазақ тілінің болашағы жарқын екеніне, ағылшын тілі секілді әлемдік тілдер қатарына қосылатынына сенемін!». Алтыншы пікір: «Мұхтар Шаханұлының ой тудыратын көркем шығармалары бүкіл әлемге белгілі. Оның ең қомақты, елеулі еңбектерінің бірі – «Тілсіздендіру анатомиясы» атты поэмасының ішіндегі «Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы». Бұл – қазіргі жаһандану заманында, ана тілінде сөйлемейтін, туған тілі мен мәдениетін жат санап, менсінбей жүрген «шала қазақтарымыздың» түйсігіне ой салатын бағалы шығарма. Автор нағыз батыр, ойшыл, жаңашыр алаш азаматы. Мен осындай халқымызда керемет тұлға бар екенін мақтан тұтамын». Жетінші пікір: «М. Шаханұлының атқарып жүрген кызметі, алаш идеяларының жанғырылуы деп түсінемін. Себебі, патшалық Ресейдің заманында қазақ халқы мемлекетінен, тарихы мен мәдениетінен айрылған еді. Жастар белгілі ұлт зиялыларының еңбектерін зерттеп, туған халқына еңбек етуді үйрену қажет. М. Шаханұлының шығармашылығы, қоғамдық қызметі, өзінің мәдениетін ұмытқалы жүрген отандастарымызға үлгі болу керек. Сол үшін де Мұхтар атамызға алғысым шексіз!».

Тіршілікте бірде-бір тамырсыз өсімдіктің, тамырсыз дарақтың болмайтыны сияқты, адам баласы да өзінің ата-бабаларымен жай көзге көрінбейтін тамырлар арқылы жалғасқан, ал бұның негізі – ана тілінде. Сондықтан, ұлт зиялылыры: «Тiлсiз ұлт, тiлiнен айрылған ұлт, дүниеде ұлт болып жасай алмайды. Қандай да болса ұлтқа тiлiнен қымбат нәрсе болмайды» деп айтты. Мұхтар Шаханұлы алаш қайраткерлерінің ойларын бұлай жалғастырады: «Өз тіліңді жерсінбеудің, өз анаңды менсінбеудің, арсыздығы қай дәуірде болып еді тапқырлық? Ол-рухани мүгедектік әрі ұлттық сатқындық! Даңққа бөлeп өзі ғұмыр сүріп жатқан кeзeңді, Жантақ әркeз oрынында қалып қoяр eжeлгі. Шыншыл рух дарынынан құлқын oзған заманда, Тамырсыздық үлкeн қауіп тудырады қoғамға...». Авторлар, осы пікірді қолдай отырып, ХХ-ХХІ ғғ. Алаш зиялыларының еңбектерінің арқасында, қазақ халқының, мемлекетінің болашағына сенімді, патриот, бәсекеге қабілетті мамандар өсуде деген ойда.

 

Әдебиеттер тізімі:

     1. Ұлағатты ұлт ұстазы. – Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2010. - 276 б.

     2. Алашорда. Фотоальбом. – Алматы: «Орхон» баспа үйі, 2012. - 274 б.

     3. Мұхтар Шаханұлы. Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы. –Алматы: «Рух-дария» баспасы, 2007. - 32 б.

     4. Мұхтар Шаханұлы. Таңдамалы жырлар. – Алматы: «Дәуір» баспасы, 1999. - 61 б.

     5. Мухтар Шаханов. Заблуждение цивилизации (Сага о нравах эпохи). Космоформула карающей памяти (Тайна унесенная Чингисханом): Романы в поэмах. – Астана: «Фолиант», 2003. - 512 с.