ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНДЕГІ ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІНІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ СИПАТЫ

 

Құрманаева Ардақ Бақытжанқызы

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы

№152 қазақ орта мектебі директорының

 оқу - ісі жөніндегі орынбасары

 

 

Түйіндеме

Бұл мақалада отбасы сипаттамасы,  отбасы типтері, отбасының әлеуметтік сипатының белгілері, отбасының негізгі функциялары жөнінде баяндалады.

Кілт сөздер: бала тәрбиесі, ұрпақ, қажеттілік, ақыл, ой, педагогикалық сипаты, оқушы, мұғалім, сабақтан тыс, эмоция.

 

Резюме

В статье рассматриваются характеристика семьи, типы семьи, признаки социальной характеристика семьи, основные функции семьи.

Ключевые слова: воспитание детей, поколение, потревность, интелекть, педагогическая характеристика семьи, ученик, учитель, внекласная работа, эмоция.

 

 

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2014 жылдың 17 қаңтары күнгі Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында: «Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. Қазақ елі өткен 22 жылда қыруар іс тындырды. Біз үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырдық. Әрбір отандасымыздың жүрегіне өз еліне деген шексіз мақтаныш сезімін орнықтырдық. Қазақстандықтар ертеңіне, елінің болашағына сеніммен қарайды. Халықтың 97 пайызы әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын және оның жыл өткен сайын жақсара түскенін айтады. Бүгінде отанымыздың жетістіктері – әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақмерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан - 2050» стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет»,- деп атап көрсетті [1].

Бұл - әрбір Қазақ елінің азаматын болашаққа бастар айқын бағдарлама. Яғни, еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарының  заңды жалғасы. Бүгінгі күні отбасы мәселесі, оның ішінде бала тәрбиесі мен көңіл-күй өзгерісі, араласқан ортасы, қоғам дамуының әсері, денсаулығы мықты, денесі жан-жақты дамыған, алуан түрлі дене және ақыл-ой еңбектерін орындауға әбден қабілетті ұрпақты дайындау жөніндегі мемлекеттік қажеттілік күн тәртібінен түскен жоқ. Осы тұрғыдан келгенде, отбасы тәрбиесі өз маңыздылығын жоғалтпақ емес.

Отбасы – белгілі бір әлеуметтік нормалар, санкциялар, мінез-құлық (жүріс-тұрыс), құқық және міндеттер үлгілерімен, ерлі-зайыптылар, ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынастарды реттеушілікпен сипатталатын әлеуметтік институт болып табылады. Сонымен қатар отбасы – некеге немесе қаны бір туыстыққа негізделген, ал оның мүшелері тұрмыстың ортақтығымен, өзара жауапкершілікпен және өзара көмек көрсетумен байланысқан шағын топ. Отбасы, барлық уақытта да, өсіп келе жатқан ұрпақ тәрбиесі мәселелерін шешуде үлкен мүмкіндіктерге ие болған. Қазіргі заманғы жанұяның ерекшелігі – ата-ананың білім және жалпы мәдени деңгейінің жоғары болуы.

Балалардың отбасындағы тәрбиесі оның белгілі бір тұрақты әлеуметтік институт ретінде анықталады, ол отбасы мүшелері арасындағы өзара қатынастардың қалыптасуы менг дамуына септігін тигізетін адамдардың жақындығы, туыстық қатынастар, өзара үйелмендік, тұрмыстық өмір. Отбасы тәрбиесінің артықшылығы да осы қатынастарда, оны тәрбиенің ешқандай да түрі алмастыра алмайды. Отбасы әлеуметтануы екі бағытта дамып келеді. Оның бірінші бағыты бойынша отбасының тарихы зерттеледі, оның шығуының әлеуметтік заңдылықтары талданады. Екінші бағыт әлеуметтік институт ретіндегі қазіргі отбасының қалпын және әлеуметтік топ ретіндегі жағдайын зерттейді.

Әлеуметтік институт тұрғысынан қарастырғанда неке-отбасы қатынастары саласындағы қоғамдық сананың қалыптасуына, әр түрлі жағдайдағы халықтың қайсыбір топтарының отбасылық тәртібіне жалпылама сипаттама беруге, отбасының негізгі міндеттерін жүзеге асыру тиімділігіне және т.б. баса назар аударылады. Отбасын шағын әлеуметтік топ ретінде зерттегенде қазіргі отбасының даму кезеңдерінің, құрылымдарының және атқаратын қызметтерінің қалыптасу жағдайлары, әке-шеше мен олардың ұрпағының арасындағы өзара қарым-қатынас, отбасындағы міндеттерді әркімге бөлу, ажырасудың себептері мен мотивтері және т.б. осындай мәселелер қарастырылады.

Отбасы қоғамдық басқа институттар сияқты белгілі бір функциялар атқарады. Отбасының функциясы (қызметі) дегеніміз отбасы мен оның мүшелерінің белсенділігі, тіршілік әрекеті. Қоғамның отбасына қатысты, отбасының тұлғаға қатысты және тұлғаның отбасына қатысты қызметтері қарастырылады. Осыған байланысты отбасының қызметін әлеуметтік (қоғамға қатысты) және жеке (тұлғаға қатысты) деп бөлуге болады. Отбасы қызметі отбасы институтындағы қоғам қажеттіліктерімен және қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен тығыз байланысты. Сондықтан уақыт өте келе қызмет сипаты қалай өзгерсе, иерархия да солай өзгереді. Отбасы тәрбиесі адам өміріне қажетті негізгі төмендегідей қызметтерді атқарады:

1. Репродуктивті қызметі – баланың туылуы. Латын тілінен аударғанда «қайтадан жаңарту, көбейту» деген мағынаны білдіреді. Отбасына байланысты қарастырсақ, бұл адамзаттың ұрпағын көбейту, оларды бағып-қағып жетілдіру деген сөз.

2. Тәрбиелілік қызметі – отбасының әрбір мүшесінің жеке тұлға болып қалыптасуына тәрбиелік жағдай жасауы. Балапны отбасында тәрбиелеу – әлеуметтік-педагогикалық ең мағыналы құрамдас бөлігі. Ата-ана баланың іс-әрекетін болашаққа бағыттап, келешегін ойлап, оқытып, денсаулығын қадағалап өсіреді. Кейде баласына дұрыс тәрбие бере алмайтын ата-аналар да кездеседі. Мұндай жағдайда әлеуметтік педагогтың көмегі өте маңызды.

3. Тұрмыстық-экономикалық қызметі – жалпы тұрмысты, бюджетті басқару. Ерте заманнан-ақ отбасы адамның тұрмыс-тіршілік мекені болып келеді. Егіншілік, мал-шаруашылығы, аңшылық, қол өнерімен шұғылдану – отбасының басты тірегі. Сондай-ақ қазіргі жағдайда әрбір жас отбасы өз бетінше күн көріп, ешкімге бағынышты болмауға ұмтылады. Әрине, бұл отбасының тұрмыстық-экономикалық қызметін белгілейді.

4. Рекреативті қызметі – іс-әрекет ұйымдастыру. Өмірдегі құбылыстар тез өзгерістерге ұшырап, соның салдарынан әр түрлі әлеуметтік және психологиялық тұрғыда ықпал ету арта түскен бүгінгі таңда стрестік жағдайлар саны біршама көбейіп, отбасы бұдан кейінгі ерекше терапиялық рөл атқару міндеттерін өз мойнына алды. Өйткені әрбір отбасы жан тыныштығын, өзара сенімнің қалыптасуын, қауіпсіздік сезімі мен психологиялық тұрғыдағы оңды ортаны қалайды, әрі соны орнықтырады. Аталмыш қызмет өзіне рухани- эстетикалық сәттерді, сонымен қатар, отбасылық демалысты ұйымдастыруды да өз құзырына қосып алған.

5. Әлеуметтендіру қызметі – әр түрлі қоғамдық құбылыстарды біліп, соған бейімделіп өмір сүру, оқып білім алу, кәсіп таңдау, мамандыққа ие болу сияқты әлеуметтенудің басты мақсатын меңгерту. Бала отбасында қоғамдық өміріне қажетті қасиеттерді, қарым-қатынасқа ену тәсілдерін, әр түрлі байланыстар орнату жолдарын іздестіреді. Сондай-ақ, әлеуметтік жүріс-тұрыс ережелерін, қоғамдық қарым-қатынас нормаларын сақтау мен қоғамда өмір сүруіне бейімдеу, ұлттық әдет-ғұрыптарды мәдениетті танып-білу және меңгеру, әлеуметтік тұлға болып қалыптасуына отбасы жағдай жасау керек.

6. Психотерапиялық қызметі. Бұл баланың үйде өзін емін-еркін де қолайлы сезініп, ата-анасының қасында жеке басына зиян келтіретін барлық жат көріністерден қорғалып «отбасы – менің панам» жанымен түйсіну қызметі. Бала үшін отбасы мықты сүйеніш, әр түрлі сыртқы күштердің теріс ықпалынан сақтайтын қорған, ақыл-кеңес беретін, басына түскен қиыншылықтарды бірге көтеріп, одан шығарып алатын жәрдемшісі дегенді білдіреді. Отбасы бала үшін оқудан не жұмыстан соң үйіне келіп дем алып, ата-анасымен, бауырларымен бірге уақыт өткізіп, ертеңгі күнге даярланып, күш-жігер жинайтын жылулық мекені болуы керек [2].

Отбасы осы келтірілген қызметінің барлығын толық немесе кейбіреулерін ғана орындауы мүмкін. Бұл қызметтер орындалмаған жағдайда баланың отбасынан алған қуаты да, көрген тәрбиесі де жартылай болады. Отбасы ұғымы неке ұғымымен тығыз байланысты. Неке дегеніміз – отбасын қалыптастыру мен оған қоғамдық бақылау жасаудың дәстүрлі тәсілі, ер адамдар мен әйел адамдардың арасындағы бір-біріне және өз балаларына, ата-анасына қатысты құқықтары мен міндеттерін белгілейтін қатынас формасы. Некенің формалары: моногамия – бір еркек пен бір әйелдің арасындағы неке және полигамия – бір индивид пен бірнеше индивидтің арасындағы неке болып бөлінеді. Некелік серік таңдаудың эндогомия (серіктер бір топтың ішінде) және экзогомия (неке белгілі бір топтан тыс) сияқты екі түрі бар. Қоғам некелік байланыстардың нығаюына, отбасының тұрақтылығына мүдделі. Мемлекет отбасына өзінің отбасы және неке туралы заңдарымен ықпал етіп, отбасы мүшелерінің бір-бірімен және олардың қоғаммен, мемлекетпен қарым-қатынастарын реттеп отырады.

2. Отбасы типтері, отбасының әлеуметтік сипатының белгілері Отбасының құрылымдық типтері – ерлі-зайыптылық, тұрмыстық және ата- аналық сипаттарға сәйкес пайда болып қалыптасқан құбылыс. Сондықтан отбасы құрылымын оның мүшелері арасындағы өзара қарым-қатынастар, рөлдерді бөлісу мен ішкі билікті жүргізу анықтайды. Отбасы адамдардың әлеуметтік қауымдастығының ежелге формаларының бірі. Ол дін, мемлекет сияқты әлеуметтік институттардан әлдеқайда бұрын пайда болған. Отбасы шағын топ бола тұрып, индивидтердің мүдделерін қоғамдық

мүдделермен байланыстырады. Мұнда жеке мүдделер қоғам тарапынан

қабылданған әлеуметтік құндылықтар, нормалар мен тәртіп үлгілері негізінде

ретке келтіріліп отырады. Отбасы құрамына қарай нуклеаралық, күрделі және үлкен деп бөлінеді. Нуклеаралық отбасы толық та толық емес те болуы мүмкін. Әкесі, шешесі және балаларынан тұратын отбасы толық, ерлі-зайыптылардың біреуінсіз, көбінесе, балалы аналар, кей кездері балалы әкелер болып келетін отбасы толық емеске жатады. Күрделі отбасы бірнеше ұрпақ өкілдерінен құралады.

Отбасылар төмендегідей белгілер бойынша жіктеледі:

- отбасындағы балалардың санына қарай: баласы жоқ отбасылар, бір балалы отбасылар, аз балалы отбасылар, көп балалы отбасылар;

- отбасылық өмір тәжірибесіне қарай: жас жұбайлар отбасы, жастар отбасы, орта жастағылар отбасы, егде кісілер отбасы;

- географиялық нышандар бойынша: ауылдық отбасы және қалалық отбасы;

- отбасындағы басымдылыққа қарай: авторитарлы отбасы және эгаметарлы отбасы.

Отбасыны бұдан басқа белгілеріне қарап бөлуге де болады:

- детоцентристік отбасы, мұнда отбасы мүшелерінің барлық күш-қуаты шаңырақ берекесіне арналады. Балаға деген материалдық және рухани қамқорлықтың арта түсуі – жағымды құбылыс, бірақ бұл шектен шығып кетсе, соңы әлеуметтік және адамгершілік жағынан келеңсіз жағдайларға ұрындыруы мүмкін;

- ерлі-зайыптылық отбасы. Мұндай отбасыларындағы қарым-қатынас жұбайлар арасындағы өзара қарым-қатынасқа қарап анықталады.

Отбасыларды отбасылық өмірдің ерекше жағдайына қарай да бөліп қарастыруға болады:

- дистанттық отбасы, мұнда жұбайлардың бірі жұмыс жағдайына байланысты, көбінесе, отбасынан бөлек болады. Мұндай жағдай теңізшілердің, әскери т.б. адамдардың отбасында кездеседі.

- студенттік отбасы. Әлеуметтік зерттеулер бойынша студенттердің 70 пайызы студенттік шақта некеге тұрғанды мақұлдайды, 27 пайызы бірінші кезекте білім алып, сосын барып отбасын құрғанды қалайды, ал 3 пайзы некеге тұрғандар екен.

Қазіргі заман отбасының көптеген шешімін күтіп тұрған мәселелерінің ішінен әлеуметтік-педагогикалық қызметкерге тиесілі – күйзеліске ұшыраған отбасы мүшелерінің қоғамдық өмірге бейімделуіне көмектесу. Бейімделудің ең басты көсеткіші отбасының әлеуметтік мәртебесі, әсіресе оның материалдық қал- жағдайы, құрылымы, мүшелерінің жеке ерекшеліктері, рухани құндылықтары, көзқарасы болып табылады. Осыған орай әлеуметтік педагог отбасының құрылымына байланысты оның мынадай белгілерін білуі тиіс:

- толық, немесе, толық емес отбасы;

- күн көру үшін уақтылы құрылған жалған отбасы;

- отбасы мүшелерінің жас ерекшеліктері – жастар, ересектер, қарттар;

- қаншасыншы рет құрылған отбасы (мысалы, алғашқы, екінші, т.б.);

- балаларының санына қарай – көп балалы, жалғыз балалы отбасы;

- отбасында ұрпақ жалғасына қарай – бір немесе бірнеше буыннан құрылған, мысалы, жас отбасы мен әке-шешесі, әже, атасы, қайын бикесі, қайын сіңлісі, қайын ағасы т.б. тұра ма? Бұлардан басқа әлеуметтендіру жұмысын ұйымдастыруда отбасының материалдық ахуалы, психологиялық жағдайы, тұрмыс-тіршілік шарты, мүшелерінің атқаратын міндеттері, әр адамның жеке және жас ерекшеліктері де маңызды. Міне, осылардың барлығы отбасының мәртебесін құрайды. Ғалымдардың зерттеулері бойынша отбасының төрт түрлі мәртебесі анықталған. Олар: әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік психологиялық, әлеуметтік мәдени және ситуативтік [3].

Отбасы үшін әлеуметтік бейімделудің ең маңыздысы – материалдық ахуалы, кірістері, баспанасы, жиһаз бен керек-жарақ бұйымдары, жылжымайтын мүлікке иелігі, отбасы шаруашылығы т.б. Бұлар отбасының әлеуметтік- экономикалық мәртебесін құрайды. Егер отбасында жұбайлардың табысы ең басты қажеттілікке жетпесе, мысалы, азық-түлік, киім-кешек т.б., ол отбасының әлеуметтік-экономикалық мәртебесі төмен екендігін көрсетеді.

Отбасының кірістері өмір сүрудің материалдық нормаларын қанағаттандырып, бірақ материалдық жақтан толық қамтамасыз ете алмаса, онда мұндай отбасының әлеуметтік-экономикалық мәртебесі орта деңгейде деп есептеледі.

Отбасының әлеуметтік сипатының екінші белгісі – отбасындағы психологиялық ахуал. Бірге өмір сүруші адамдардың өзара, бір-бірімен қарым-қатынасы, бауырластық пен үйірсектігі, өзара сый-құрметі, ізеттілігі, бір-біріне көмектесуге даяр тұруы жақсы психологиялық жағдай туғызып, отбасылық өмірде қуаныш пен қанағаттану сезімдерін туындатады. Психологиялық ахуалы дұрыс қалыптаспаған отбасында өзара қарым-қатынас нормалары бұзылып, мүшелерінің арасында қарама-қайшылық туындап, зекіп сөйлеу, тілазарлық, бірін-бірі тыңдамау, түсініспеушілік, ұрыс-керіс секілді жат көріністер пайда болса, онда мұндай отбасыларға психотерапиялық көмек ұйымдастыру қажет.

Отбасының әлеуметтік сипатының үшінші белгісі – әлеуметтік мәдени бейімделу. Бұл отбасы мүшелерінің білімділігі, мәдениеттілігі, бала тәрбиесіне ықпал ететін аса маңызды сипаты. Себебі, мәдениетті отбасында салт, әдет-ғұрып сақталып, дәстүрге айналған мейрамдар өткізіліп, рухани байлығы артады, демек бұл отбасының әлеуметтік-мәдени деңгейі жоғары деп

есептелінеді. Отбасының әлеуметтік сипатының төртінші белгісі – ситуативті рөл атқаруға бейімділік. Бұл – отбасы мүшелерінің балаға деген қарым-қатынасы, баланы ұғынып, түсінуі, баланың проблемасын шеше білу. Әлеуметтік педагог әр түрлі типтегі отбасыларына назар аударуы керек.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.                 Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.  «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» 17 қаңтар. Астана, 2014.

2.                 Андреева И.Н. Антология по истории и теории социальной педагогики,

Москва, 2000 г.

3.       Мудрик А.В. Социализация человека, Москва, 2004 г.