Педагогические  науки”

 

Сарин Байкен Асылбекұлы

Ақтөбе политехникалық колледжі, Қазақстан Республикасы

 

Ақтөбе политехникалық колледжінің дуалдық жүйені енгізу тәжірибесі

 

Білім – тек ғылымның іргетасы емес, шет елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, ел дамуының алтын арқауы. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толастамайды. Қай елдің болмасын өсіп - өркендеуі, ғаламдық дүниеде өзіндік орын алуы, оның білім жүйесінің дегейіне, даму бағытына байланысты. Білікті мамандар топтасқан ортада алынбайтын қамал, еңсерілмейтін биік жоқ.. Халыққа сапалы қызмет көрсетудің тетігі тәжірибелі, білімді, үлкен сыннан өткен кадрлардың қолында екенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» тұжырымдамасында ерекше айта отырып, бұл жүйені іске асырудың бірден – бір жолы елімізде дуалды оқыту жүйесін енгізу мәселесі екенін көрсеткен.

         Дуалды оқыту жүйесінің негізгі мақсаты – техникалық – кәсіптік оқу орындарының жұмыс беруші жеке сектордағы өндіріс, шаруашылық мекемелерімен серіктестік ретінде бірлесе отырып, нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгеруге дайын жұмысшы мамандар даярлау.

         Бұл мақсатқа жетудің негізгі сапалы білім беріп, дұрыс жолға бағыттаушы, оның кәсіби жетілуі үшін қажетті жағдайларды жасаушы – өз пәнін жетік білетін, кәсіби дағдылары, педагогикалық дарыны бар, жаңашылдыққа ұмтылатын, өзіне сын көзбен қарай алатын оқытушылар мен оқу өндірістік шеберлері. Колледжде біліктілікті көтеруге өте көп көңіл бөлінеді. Үстіміздегі жылда әлеуметтік серіктестіктер базасында 4 арнайы пән оқытушыларын, 2 өндірістік оқытып-үйрету шеберлерінің біліктілігін арттыру мен тағылымдамадан өткізілуі ұйымдастырылды. Холдинг «Кәсіпқор» арқылы «Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беруді жетілдіру» мақсатында Сингапур мемлекетінде ұйымдастырылған курстан 7 оқытушы өтті. Бұл іс-әрекет дуалды оқыту жүйесін жүргізудің негізгі бастамасы.

Өндіріс орындарының сұранысы негізінде кәсіби деңгейі жоғары көп салалы маман даярлауда колледж қосымша жұмысшы мамандықтарды меңгеру жұмыс жоспарын жасақтады.

Үстіміздегі жылда осы жоспар негізінде барлығы 527 жұмысшы мамандары дайындалды. Олар: Мұнай өндіру операторы, Химиялық талдау зертханашысы, Дербес компьютерді жөндеу және модернезациялау, 1С кәсіпорыны, Ұңғыларды зерттеу операторы, Жөндеуші слесары, Токарь, Электромонтер, Бақылау өлшеу аспаптары және автоматика слесары, Тас қалаушы т.б.

Көп салалы мамандарын даярлаудың негізгі түсінігі тәжірибе  уақыттарын тиімді пайдалану өндіріс орындарымен келісілген оқу жоспары арқылы жүргізу. Мысалы «Ғимараттар мен үймәреттерді салу және пайдалану» мамандығын бітірген түлек:

1.     Тас қалаушы 4 санатты (Каменщик 4 р);

2.     Сылақшы 4 санатты (Штукатур 4 р);

3.     Сырлаушы 3 санатты (Маляр 3 р);

4.     Ұсташы 2 санатты (Плотник 2 р);

5.     Қаптаушы  3 санатты  (Облицовщик 3 р);

6.     Бетоншы  3 санатты   (Бетоншик 3р).

Қосымша жұмысшы мамандықтарын меңгереді. Мұндай көп салалы маман иелері жұмыс берушілердің талаптарын қанағаттандырады. Бұл қалай ұйымдастырылады? Мысалы 2013жыл наурыз айында «Ғимараттар мен үймәреттерді салу және пайдалану» мамандығы бойынша 2 курс студенттеріне оқу тәжірибесін 1 апта колледж шеберханасында оқытып, содан соң «Ақтөбе Центр» ЖШС- дағы құрылыс алаңында 2 апта тас қалау жұмыстарын атқарып, соңында кәсіпорын базасында квалификациялық емтихан өткізіліп, студенттер өз икемділіктерін көрсетіп тәжірибелі түрде тапсырды. Екі жақты колледж және кәсіпорын дуалды оқыту бойынша 2 санатты тас қалаушы кәсібін меңгеріп растаушы құжаттамаларын алды. Дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алушыларға қызмет көрсету үшін  «Ғимараттар мен үймәреттерді салу және пайдалану» мамандығы бойынша Ақтөбе политехникалық колледжі «Фонд недвижимости «Самрук Қазына» акционерлік қоғамымен әлеуметтік серіктестікте жұмыс жасау үшін меморандумға қол қойылды. Негізгі мақсат: «Қол жетімді үй - 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысындағы құрылыс объектілерінде дуалды оқыту жүйесі арқылы мамандар дайындау екі жақты тиімді іс әрекетті жүргізу. Сонымен қатар бірнеше құрылыс кәсіпорындарымен келісім шарт жүргізді. Олар: «Акцепт Contraction», «Химстрой», «Алекс Трейд», «Стройдеталь» ЖШС- рі және «Нектар» құрылыс кооперативі.

         Осы кәсіпорындар негізінде Ақтөбе политехникалық колледжі «Ғимараттар мен үймәреттерді салу және пайдалану» мамандығы бойынша оқу жоспарын жасақтады.