Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

п.ғ.д., профессор Қожахметова К.Ж.

Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану

мамандығының

2 курс магистранты  Қожагельдиева А.А.

 

           Аннотация

 Оқу жоспарына «Өзін-өзі тану» атты оқу пәнін енгізудің өзектілігі тұлғаның рухани-адамгершілік, ұлттық тәрбиенің мәнін толықтай түсінуге мүмкіндік береді. Бұл мақалада болашақ «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімдерін даярлауда этнопедагогикалық білімнің маңыздылығы баяндалады. 

          Кілттік сөздер:«Өзін-өзі тану» пәні мұғалімі,  кәсіби даярлау, этнопедагогика, этнопедагогикалық білім.

          Аннотация

 В этой статье рассматривается значительность этнопедагогической знаний  при профессиональной подготовке будущих учителей «Самопознание».

          Ключевые слова:Учитель предмета «самопознание», профессиональная подготовка, этнопедагогика, этнопедагогическое знание.

 Annotation

 The insertion of “self-knowledge” subject into general education plan will give a possibility to understand individual spiritual and moral, national traditional breeding. This paper will discuss how the ethno-pedagogy education can influence in educating the future teachers in “self-knowledge” subject.  

 Keywords: teacher of the subject "self-knowledge", vocational training, ethno-pedagogy, ethno-pedagogical knowledge.

 

 

БОЛАШАҚ «ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ» МҰҒАЛІМДЕРІН КӘСІБИ ДАЯРЛАУДА ЭТНОПЕДАГОГИКАЛЫҚ БІЛІМНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

 

 Қазақстандағы жалпы және кәсіби білім беретін мектептердегі жүргізіліп жатқан реформалар педагогикалық үдеріске жүйелі өзгерістер енгізеді. Қазіргі кезеңде білім беру мақсаттары күрделеніп, оқу ақпаратының мазмұны жаңаруда, педагогикалық коммуникация құралдары және педагогикалық әсер етудің объектісі - оқушылар да айтарлықтай өзгеруде. Осы факторлардың барлығы мұғалімнің педагогикалық кәсіби шеберлігінің деңгейін жоғарылатады. Оқу үдерісі  жаңаруының басты шарты – кез келген педагогикалық жүйенің тұлғасы болып табылатын  мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін арттыру.

  Педагог-мамандар белгілі бір пән мұғалімі ретінде ғана танылмай, ол қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырушы, үлкенді-кішілі ұжым басқарушысы, оқу-тәрбие ісін жетілдіруші, қоғамдағы әлеуметтік маңызы бар тұлға деп қаралғаны жөн.

 Осы тұрғыдан қарағанда педагог тек «бала жетектеуші» ғана емес, педагог-гуманистік сапа кешенін түзетін өнер иесі. Ал ондай сапаның болмауы кәсіби іс-әрекеттің тиімді орындалуына кері әсерін туғызады. Мұндай сапаларға педагогтің  жоғары теориялық және әлеуметтік ойлау қабілеті, өмірге оң көзқарасы, адамдардың гуманистік қуатына сенімі жатады. Осы мағынада педагог рухани азамат болуы тиіс .

 Баланы жан-жақты дамытып, өзінің ішкі дүниесін тану арқылы өмірдің мәнін пайымдауға үйретуді мақсат ететін «Өзін-өзі тану» пәні рухани-адамгершілік білімінің қағидалары мен әдістеме-нұсқауларының қайнар бұлағы – ұлттық, жалпыадамзаттық құндылықтардан негіз алады.

Атап айтқанда, халқымыздың аңыз-әңгімесі, ертегісі, мақалы, нақыл сөздері, ұлылардан ұлағат алу, ақын-жазушыларамыздың шығармашылық еңбектерінен тәрбиенің түйінін табу, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйрену «Өзін-өзі тану» пәнінің өзегі болып табыла­ды. Бұл пән адамды жеке тұлға ретінде тәрбиелеуге бағыт ұстайды. Әрбір жеке тұлға, жеке азамат өмірдің мәнін түсініп, өзіндік орнын табуы үшін ішкі мүмкіндіктерін аша білуі қажет. Осыған орай өтілген әрбір сабақ баланы өзінше ойлауға, шешім шығаруға, өз ісіне жауапты болуға баулиды.

 Бүгінгі күні мектептерде өзін-өзі тану пәні арқылы оқушыларға рухани-адамгершілік тәрбие беруге мүмкіндік туып отыр. Болашақ өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбиемен қоса қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық мінез бен ұлтжандылық, ұлттық тілдің байлығын, мәдениет пен тұрмыстың формалары, халыққа тән әдеттерін бойларына сіңіру үшін әлбетте, ең алдымен, мұғалімнің бойынан осы қасиеттер байқалуы тиіс. Мұндай мамандарды даярлау барысында этнопедагогикалық, этнопсихологиялық білімнің маңызы зор екені сөзсіз.

      XXI ғасыр ақпараттар ғасыры. Заманауи талаптарға сәйкес жас ұрпақ жаңашыл технологияларды, инновациялық  білімдерді, ана тілімен қоса басқа ұлт тілдерін меңгеруге қабілетті болғаны абзал. Осы аталғандарды меңгерумен қоса өз халқының рухани құндылықтарына бейімдеп, ұлтының мінез-құлық талаптарын жас-жеткіншектердің бойынан таба алу кәсіби мұғалімнің жемісі. Өз ұлтының тарихын, тегін, дәстүрін білген бала өмір сүру барысында адаспайтыны белгілі. Себебі, қазақ этнопедагогикасының тәрбие мазмұнын субъектінің өзіне және қоршаған ортаға қатынасы, оның сан алуан әлеммен мақсатқа бағытталған өзара іс-әрекеті құрайды. Қазақ халқы балаларды тәрбиелеуде «ар», «намыс», «сыйластық», «сіз», «біз» ұғымдарына өте зор көңіл бөлді.

     Этнопедагогикада бірінші жағынан этникалық ерекшеліктер қарастырылса, екіншіден, халықтық педагогикалық мәдениеттердің жалпылығы қарастырылады. Соның негізінде әртүрлі халықтардың педагогикалық дәстүрлерін салыстыру, белгілі бір халықтың педагогикасын дәріптеуді жоққа шығармайды.

     Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында болашақ «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімдерін кәсіби даярлаудағы оқу бағдарламасында «Этнопедагогика» пәні жүргізіледі. Ұсынылған курстың мазмұндық негізіне білімнің интегративтік аумағы ретінде этнопедагогиканың мәні жөніндегі тұжырымдама алынған, ол педагогика аясында, этнологияның, этномәдениеттанудың, этнопсихологияның, этнофилософияның тоғысында қалыптасқан және этнопедагогикаға тұтастың бөлігі ретінде педагогиканың әдістері мен түрлерін, құралдарын алып пайдалануға негіз береді. Педагогикалық ғылымның заңдары, оның заңдылықтары құбылыстар арасындағы объективті байланыстарды қамтып көрсетеді, бұл этнопедагогикаға да тән ерекшелік. Педагогика принциптерінің жетекшілік жағдайын ұстана отырып, этнопедагогикада да толыққанды пайдалануға болады. Осы курстың мазмұндық өзегі қазақ этнопедагогикасының құрылымдық-логикалық моделін құрады. Этнопедагогика пәні студенттердің біртұтас этнопедагогикалық білім алуына бағытталған.

     Бұл пәннің мақсаты болашақ мамандардың этнопедагогикалық мәдениетінің қалыптасуына, студенттердің заманауи этникалық педагогиканың теориялық негіздерін,  ұғымдық - терминологиялық аппаратын меңгеруіне және кәсіби шығармашылық міндеттерін атқаруға  даярлығын қалыптастыруға бағытталған.

     «Этнопедагогика» пәнінің негізгі міндеттері:

-             өз халқының салт-дәстүрлеріне, дініне, тарихына, мәдениетіне, тіліне деген құндылық қатынастарын қалыптастыру;

-             өз халқының басынан өткен тарихи-батырлық оқиғаларға эмоционалдық тұрғыдан әсерленушілік қабілеттерін қалыптастыру;

-             халық шығармашылығы арқылы (декоративті-қолданбалы, музыкалық, поэтикалық) шығармашылыққа баулу;

-             әр түрлі ұлт өкілдерінен құралған студенттердің этномәдени тілектерін қанағаттандыру үшін жағдайлар туғызу;

-             әр түрлі кезеңдер мен әр түрлі халықтардың рухани құндылықтарын тану негізінде студенттер бойында патриотизм сезімі мен ұлтаралық қатынастар мәдениетін қалыптастыру;

      Осы пәнді оқығанда болашақ мамандарда төмендегідей білімдер қалыптасады:

-                     адам туралы ғылымдар жүйесіндегі этнопедагогиканың орны туралы;

-                     этникалық дүние танымды қалыптастырудағы халықтық білімдердің мәні мен олардың ролі туралы;

-                     этникалық тәрбиені ұйымдастырудағы этноәлеуметтік-жетекші әдістің мәні туралы;

-                     этникалық тәрбиенің құралдары ретінде дәстүрлердің, салттардың, салт-жоралардың, ырымдардың, ережелер мен табулардың тәрбиелік ерекшеліктері туралы;

-                     адамның жасына және жеке басының ерекшеліктеріне байланысты дамуы туралы;

-                      этнопедагогикада адамның біртұтас биоәлеуметтік жүйе ретінде қарастырылуы туралы;

-                     “Этнос субъектісі” ұғымының мәнін терең түсінуі;

     Этнопедагогикалық идеялар халық ағартушылары мен қоғам қайраткерлерінің еңбектерінде де көрініс тапқан. Оладың әрқайсысы түрлі өмір жағдайларына байланысты этнопедагогика туралы пікірлер қалыптастырды.

     Мағжан Жұмабаев «Әрбір тәрбиеші ұлттық тәрбиемен таныс болуы керек», және «Біз дәл қазір мектептің берік негізін қалауымыз керек. Соңғы кездері біз соқыр еліктеу ауруына шалдыққанымызды ескеруіміз керек. Бұл дерт жаңа мектептің негіздерін құруда ғана емес, шаруашылық және саяси өмірдегі қайта құруда да байқалады. Біз қазақтың жанына жаңа бейне беруіміз керек. Қазақтың жанын басқа үлгіге қарай ауыстыру қорқыныш тудырады. Жаңа мектептің негізін қалай отырып, осы соқыр еліктеу жолына тағы да түсіп кетпегеніміз дұрыс болар еді»-деп жазды.

     Ахмет Байтұрсынов бастауыш мектепке көп көңіл бөліп, ана тілін дамытуға көп мән берді. Ол ана тілден басқа тілдерді қанша жастан бастап оқыту керек мәселесін алға қойды. Әдіскер ретінде, ол ана тілінің негізінде басқа тілдерді оңай меңгеруге болатынына сенімді болды.

     Міржақып Дулатов балаларды туылғаннан бастап ана тіліне үйретуді ғана емес, сонымен қатар олардың бойына ұлттық рухты оятудың маңызын, салт – дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға баулудың қаншалықты жоғары екенін  айта отырып, балалардың тәрбиесі бастауыш сыныптардан басталатынын жеткізді. Бала өзінің алғашқы білімін ана тілінде алғанда ғана ұлттық рухты тәрбиелеуге, ұлттық өзіндік сананы оятуға болады. Мұндай балалар бастауыш сыныпты бітірген сон, қай жерде, қай ортада болса да, бойларына сіңген ұлттық рухты жоғалтпайды. Олардың өмірлеріндегі ең қиын сәттерде де ұлттың ұлығын, ұлттық рухтың мәні жоғалмайды. М.Дулатов оқыту үдерісінде «тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге тәрбиелеу керек» деп санады.

     Жүсіпбек Аймауытовтың еңбектерінде халықтық принципі қарастырылады. Оның айтуы бойынша, балаларды туған халқының әдет-ғұрыптарымен, салт-дәстүрлерімен, жергілікті жетістіктермен таныстыру арқылы, туған жерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға ықпал ететін болады. Ғалым педагогиканың рөлі мен перспективалары жайында былай деп жазды: «Егер тәрбие мәселесіне аса жауапкершілікпен келетін болса, онда педагог-тәрбиешілердің саны дәрігерлерге қарағанда көп болар еді. Егер дәрігер физикалық ауруларды емдейтін болса және денеге денсаулық беретін болса, онда педагог адамның жаны мен ақыл-ойын емдейді. Ал егер саналы және тәрбиелі адамдардың саны көп болса, онда Отанның саналы және мықты қорғаушыларының саны да көп болады».

     Халел Досмұхамедов барлық ғылымдардың арасынан ана тілінің рөлін биікке қойды. Өзінің «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңдары» атты еңбегінде ол келесідей жазды: «Мәдениеттің негізі – білім. Білімді тіл арқылы меңгереді. Білімді, сауатты халықтардың тілі бай болады. Тіл – халықтың жаны. Ана тілін білмеген халықтың болашағы жоқ. Мәдениетке ұмтылу, ең алдымен тілдің өзгеруінде байқалады. Тілінен айырылған халық та жоғалады. Ана тілін таратушы ретінде ғана емес, басқа тілді керемет меңгерсе нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ ана тілін білмей, басқа тілде сөйлесең, өкінішті. Бұл – орны толмас қателік. Мұны мұғалімдер мен оқушылар есте сақтаулары қажет». Автордың мұндай жалынды сөздері қазірге дейін сақталған.

     Авторлардың идеясындағы ұстаз бейнесі, ұлттық тәрбие көрінісі, ана тілін толыққанды игеру мұның барлығы да мұғалімнің тұла бойынан табылуы қажет. Болашақ «өзін-өзі тану» пәні мұғалімдері этнопедагогикалық білімді игеріп, этноәлеуметтік рөлдерді атқара алған болса, олар оқушыларды білімге баулуында өзіне, басқа адамдарға, еңбекке, табиғатқа, сұлулыққа, Отанға деген қалыптасуларын қамтиды. Д.С.Лихачев айтқандай: «Ұлттық ерекшеліктер – бұл басқаларда болмайтын сапа емес, бұл бірқатар – акценттер». Ұлттық ерекшеліктер адамдарды жақындастырады, басқа ұлттарды қызықтырады, өз тарихын сақтаған ерекше ұлт болып қалыптасады.

 

Қолданылған әдебиеттер:

 

1.            Қожахметова К.Ж. Этнопедагогика. Алматы: Қарасай, 2012.

2.     Аубакиров С.А. Қазіргі заманғы мұғалім //Қазақстан мектебі. №6. Алматы, 2005.

3.     Кожахметова  К.Ж. рухани-адамгершілік тәрбиенің этнопедагогикалық негіздері // әдістемелік нұсқау. Алматы: Қазақ университеті, 2012.

4.     Антология педагогической мысли Казахстана / Сост.: К.Б. Жарикбаев, С.К.Калиев. Алматы: Рауан, 1995.

5.     Байтурсынов А. Ақжол: өлеңдер мен тәржімелер, публ.мақалдар және әдеби зерттеу / Құраст. Р. Нұрғалиев. Алматы: Жазушы, 1991.

6.     К проблеме профессионального становления личности // Проблемы развития и формирования личности в современных условиях: Сборник статей и тезисов. - М.: Изд-во «Гуманитарный институт», - 2005.