Филол. ғ. к. Сейсекенова А.Б.,  п. ғ. к. Демеуова Ф.Г.

Қазақстан Инновациялық Университеті

Шәкәрім ғылым туралы

 

Шәкәрiмнiң “Үш анықта” ақиқатты тануда әлемдiк дiндер, сол дiндер шеңберiндегi түрлi мистикалық, эзотериялық, оккульттi iлiмдерден дәлел келтiрiп отыруы оның ой әлемiнiң ХХ ғасыр ойшылдарының (Э.Гуссерль) ақиқатты жалғыз ғылым шеше алмайды деген пiкiрiмен тығыз байланыста екенiн көрсетедi. Қазiргi заманғы Батыстың мәдениет дағдарысы соны дәлел етедi. “Үш анықта” мистикаға жататын спиритизм, телекинез, телепатия, фахризм, лунатизм, элементтерiнен көптеген мысалдарын ақын ашық бiлдiредi: “Магнетизмдi, спиритизмдi жәдiгөйлiк, мұның сырын ашып һәм масқара қылайық деп Европа бiлiмдiлерi iзiне түссе де, көзi жеткен соң бiр қуаттың барлығын ерiксiз мойындады. Кейбiреуi өзi iстеп көрiп анықтайды /1,18/. Ақын ақиқатқа  Сократтың данышпандығындай қатынаспен бiлiм, сұлулық, адамгершiлiк бiрлiгi арқылы келудi уағыз етедi. Ғылым басқа таным жүйелерiнен бөлек кетсе тығырлыққа тiрелетiнiн, құдайтану тұтас көзқарасты қажет ететiнiн түйсiнген:

Пәншi дейдi: “Қайда тәңiрi?”

Дiншi дейдi: “менде тұр!” /2, 204/

немесе:

Пәншi нанды бес сезiмге

Дiншi адасты жолынан /2, 205/.

Шәкәрiм бұл шумақта ғалым сенсуалистiк таным арқылы тек эксперименттiк, материалистiк көзқараспен бiр жақты кетсе, ал жаратылыс ғылымдарынан хабарсыз дiншiлердiң жалған уағызбен анық ақиқат бере алмауы халықты адастыруға әкелетiнiн ескертедi:

Пәншi мен дiншi тыңдамас,

Жиренiп мұны ұнамас.

Өйткенi олар бiр езу

Әдетiн тастап, шыдамас

Арланбай бұған еруге /2, 232/.

Шәкәрiмнiң пiкiрiнде ғылым бiр жақты, дiн бiр жақты бiр езу болмай, ғылым, дiн, философия бiрiккен жағдайға ғана толық сенiм болады. Философ Т.Кiшiбеков Шәкәрiмнiң әлем туралы көзқарасын сыңаржақ қарастыру қате болып табылатынын: “... Ол бiресе ғылымға сүйенсе, ендi бiрде тiптi ғылымға жатпайтын пiкiрдi уағыздайды. Бұдан келiп Шәкәрiм бүтiндей дiншiл болды, немесе ғылымға қарсы болды десек, оған қиянат жасаған болар едiк”, - деп жазады /3, 88/. Ақынның шығармашылығында ақиқатқа әр түрлi қырынан келгенде ғана ғылым адамгершiлiктiң кепiлi болады. Ал әлем, адам, құдай үшеуiнiң екi  дүниеге де ортақ ара жiбi - ұждан болмақ.

Филология ғылымдарының докторы М.Мырзахметов Шәкәрiмнiң үш анығы деп: “...бiрiншiден, затшылдық ғылым жолындағы таным мен, екiншiден, дiн жолындағы теологтардың дүниетанымы бiрiншi, екiншi анық деп көрсетедi де:

Iздедiм, таптым анығын

Тастадым ескi танығын, -

деп өзi ғұмыр бойы шарқ ұрып iзденiп тапқан жолы - үшiншi анықты ұсынады. Ол үшiншi анығы - Абайда кеңiнен сөз болған мораль философиясындағы жан құмарына барып ұштасатын ұждан туралы күрделi мәселенi көтередi”,-деп көрсетедi /4, 4/.

Шәкәрiм интеллект пен руханилық екеуi бiрiкпеген жерде ғалым залымға айналатынын ескерткен. Молдарлар басқа дiндегiлердi пұтқа  табынушы кәпiрлер деп айыптап, ал өздерi күнәға батып отырып-ақ құдай туралы сөз қозғайтынын күйiне жырлайды. Ақын зұлымдықтың табын жалған сопы, дiндарлардың өзi егiп отыратынын ашып айтады. Бұл жағынан ол ортодоксальды дiн шеңберiнен кереғар кетедi. Ақын көзқарасында имандылық пен тазалық қана  шын сенiмге әкеледi. “Тәңiрiн iздеп бiр мұңғыл” деп басталатын өлеңiнде ақын атақ,  пайда, мақтап iздемей, тәңiрiн iздеп тас суретке шоқынған мұңғылдың иманын әулиелiкке балайды. Керiсiнше молдалардың екi жүздiлiгiн сынайды: 

Құдайың мен дүниеге

Кезекпе-кезек шоқынсаң.

Инедей пайда тие ме

Мешiтте мың жыл отырсаң.

Кiмде болса шын мiнез,

Болмас онда екi сөз.

Өлтiрсе де көзбе-көз,

Иманын сатып алмас бөз /2, 242/.

немесе “Дiн” өлеңiн алып қарастыралық:

Мейлi, кiмге шоқынсын,

Шын iздесе тәңiрiсiн.

Қиянатты жау бiлсiн,

Онан тыйып нәпсiсiн.

 

Тәңiрi жолы - ақ жүрек,

Сайтан деген - қиянат.

Ақ жүректi ертерек,

Ескер - дағы, қыл әдет.../2, 264/

Гуманист Шәкәрiм пұтқа табынушы мұңғылдың дүниетанымы төмен деп айыптай алмайды. Барлығы руханилық дәрежесiне, иманға берiктiгiмен анықталады. Ақын қандай дiн болмасын етегiнен ұстау керек деген пiкiрдi орнықтырмайды. Әрине Шәкәрiм бiлiмдi басты орынға қояды. Солай бола тұра, интеллект пен руханилық бiрiкпеген жерде ондай пайдасыз бiлiммен салыстырғанда, табиғи таза руханилық әулиелiкпен тең.

Шәкәрім ғылым, оның керек жерi, пайда - зияны туралы, әсiресе, ХХ ғасырдағы  адам баласының ғылымды адамды зорлау, атом зардабының адамзат баласын ұрпақтан - ұрпаққа жалғасатын қасiретке ұшыратыру құралына айналдыратынын көрiпкел жүрегiмен жырлаған.Ақын жүрексiз залым адамға берген ғылым “тасты жерге шашқан бидай сынды”, “тотыға тiл үйреткенмен сөзi - адам, өзi - құс”, “қара тасты қанға малсаң да маржан бола алмайтынын” ұлы Гете, Толстойлармен қоса дәлелдейдi:

Шын залымға берме ғылым,

Ол алар да оқ  қылар.

Қаруым дер, кiсi атып жер,

Ол ғылымды айла етер /2, 115/.

немесе:

Дүниенi түзетушi,

һәм бұзушы - бiр ғылым.

Әрi залым, әрi ғалым

Ел түбiне сол жетер /2, 116/.

Филология ғылымдарының докторы Б.Әбдiғазиұлы Шәкәрiмнiң ғылымға көзқарасын бiлдiретiн осы өлең жолдарына тоқталғанда: “Бұл тұста Шәкәрiм ғылымның пайдасы мен зиянын осылай таразы басына салады. Бұл сипат Шәкәрiмнiң лирикасындағы шыншылдықтың, реалистiк ой салмағының айғағы. Ақынның тұжырымдары дәл, бұлтартпастай нақты. Шынында да бейбiт өмiрдiң шырқын бұзатын да, оны апаттан аман алып қалатын да адамзаттың ақыл - ойы, дәлiрек айтқанда, ғылым. Адам баласын қырып - жоятын қару да осы - ғылымның жемiсi. Сондықтан да ғылымды тек қана жақсы ниеттегi жандардың қолына беру керек”,-дейдi /5, 26/.

Неміс ақыны Гетенiң ұлы кейiпкерi - Фаустың көзқарасында шындық өмiрде iске асырылмаған ой жемiссiз ағаш сынды. Фаусты Вагнердiң құрғақ бiлiм, тек кiтап теориясымен шектелуi, тек кабинеттiк оқымысты болуы қанағаттандырмайды. Шын ғалымға шындық өмiр арқылы келiп, жүрегiнен өткенде ғана басқалардың  жүрегiне жетедi. Фауст өз заманының ғалымдары туралы Вагнерге қаратып былай деп сын айтады:

Жүректе сезiм болмаса, құр арам тер.

Жан тебiренте тереңнен шықса егер,

Тыңдаушыны елiртiп, баурап алып,

Шындық сөздiң құдыретi тасты ерiтер!

 

Ал сендер ше? Отырумен омалып,

Одан-бұдан қалдықты құрап алып,

Қоспа жасап, тұз, бұрыш саласыңдар

Аздап отқа ұстап та аласыңдар /6, 22/.

Академик З.Ахметов: “Вагнер - ғылымдағы тоғышардың типтiк бейнесi. Қараңғы кабинетке қамалып, шаң басқан пергаменттердi ақтарып-теңкерумен ғана отырған көңiлi соқыр жан. Фаустан бiр айырмашылығы - ол осы тiрлiгiне өзi әбден риза. Ол өмiрден мүлдем алшақ, оны өзi сезбейдi, сезгiсi де келмейдi; халық өмiрiн бiлмейдi, бiлуге де ұмтылмайды”,-деп Гете образына мiнездеме берген екен /6, 8/.

Гете ғылым адамы туралы айтқанда, жалпы адамның әлеммен, космоспен, Абсолютпен байланыстылығына мән бередi. Сондықтан ғалым бәрiмен қоса адамгершiлiк иесi болуы тиiс. Гетенiң ғалымға қойған талабы алхимикке қойылатын талаппен бiрдей. Өйткенi Гете үшiн ақиқат, құдайылық адамның өз бойында тұнып тұр. Гетенiң Фаустында екi дүние құпиясын меңгере алатын бес аспаптық кереметi шығарманың басынан аяғына дейiн баяндалады. Гетенiң бұл алдыңғы қатарлы ойлары үшiншi мың жылдыққа аяқ басқан адамзат баласының интеллектуалды-техникалық мүмкiндiктерi жоғарылаған сайын, этикалық құндылықтардың аса зәрулiк танытатынына сайып тұр. 1-бөлiмде Фауст түн қатып келген бiлiм құмар Вагнердi жақтырмай өз-өзiне былай дейдi:

Фауст

     (жалғыз өзi)

Нұры қайтпай әлi де үмiтiнiң

Ғылымқұмар көңiлi күнi-түнi.

Қазына iздер қомағай аласұрып,

Болса игi едi - ау бiлiмпаз жiбi түзу /6, 23/!

З.Ахметов нағыз ғылым мәнiн ұға алмағандықтан Вагнердiң Фаустпен көзқарасы үйлеспегенi туралы: “Бұл сахнада Фауст пен Вагнердiң ғылымдағы бағыттары қарама-қарсы екендiгi одан сайын айқындалады. Вагнер халықтан алыстай түседi, “жай халықты суханы сүймейдi, сондай-ақ халыққа оның кiтап кемiрген даналығы да жат, оның есi-дертi:

Орман, дала, қызық емес теңiз, тау,

Iш пыстырып, көз де оңай талатын.

Ал құстардың қажет етпен қанатын,

Кiтапхана - маған қызық тақырып,

Томнан томды жатқан қандай сапырып!

Ол нағыз ғылым мәнiн ұқпайды, демек Фаустың талаптарына өресi жетпейдi”,-деген көзқарасын бiлдiредi /6, 8/. Сөйтiп, Шәкәрiм де, Гете де “ынталы жүрек, шын көңiлсiз” құрғақ теория, ғылым халықты тәрбиелемек түгiл, сенiмдi бұзады деп қауiптенедi.

Шәкәрiм педагог, ақын ретінде әмбебап көзқараспен адамзат баласын жер бетiнде икемделiп өмiр сүруге үйретумен қоса, аспани даналықты таңдаулы тұлғаларға мұра етiп, өзiнiң тұлға ретіндегі миссиясын танытып кеткен данышпан. Екi түрлi даналықтың да мұраты - адасқан адам баласын надандықтың құрсауынан жұлып алып, бақыттың жолын нұсқау. Бiрiншi даналық - адам баласының бақытты тұрмысына қажеттi фәни дүниелiк өсиеттер. Екiншi даналық - адамның өз әлсiздiктерi мен пенделiктерiнен биiктей отырып, адамның өзі үшін ғана емес, өзге үшiн өмiр сүруге керекті рухани жол. Сөйтіп, Шәкәрiм екi өмiрге де керектi “ұждан” деп, “ар iлiмiне” сара жолды салып беріп кеткен рухани ұстаз деп ойымызды  қорытамыз.

 

Әдебиеттер

1.                     Құдайбердiұлы Ш. Үш анық. –Алматы: Қазақстан және Ғақлия ғылыми-әдеби орталығы, 1991. –80 б.

2.                     Құдайбердиев Ш. Шығармалары. Өлеңдер, дастандар, қара сөздер. Құраст. М.Жармұхамедов, С.Дәуiтов, (А.Құдайбердиев). –Алматы: Жазушы. 1988. – 560 б.

3.                     Кiшiбеков Т. Шәкәрiм – философ// Ақиқат. 1994. №9.

4.                     Мырзахметов М. Ғашық жар деген кiм едi? //Түркiстан, 1999, 28 апрель, 4 мамыр.

5.                     Әбдiғазиев Б. Шәкәрiмнiң лирикалық шығармалары. –Алматы: Республикалық баспа кабинетi, 1994. –72 б.

6.                     Гете И.В. Фауст. Немiс тiлiнен аударған М.Құрманов. –Алматы: Жазушы, 1982. – 200 б.