Педагогические науки

 

З.С. Кайрбекова (директор)

Н.Б.Тиленбаева (әдіскер)

«Жұлдыз» балабақшасы, Қарағанды қ., Казахстан

 

МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАНЫҢ РУХАНИ ӘЛЕМІН БАЙЫТУ КӨЗІ «ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ ПӘНІ»

 

 

Мақалада ұлттық және азаматтық құндылықтардың негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру және дамыту, жеке адамның рухани күш-қуат мүмкіндіктерін ашу, адамгершілік пен салауатты өмір салтын қалыптастырудағы «Өзін-өзі тану» пәнінің рөлі мен маңызы қарастырылады.  Мақала авторлары рухани-адамгершілік тәрбие – дұрыс дағдылар мен өзін-өзі ұстау дағдыларының нормалары болғандықтан, аталған пән сабақтарында баланың адамгершілік сезімдері, эмоциялары, өзара қарым-қатынастары туралы түсініктері кеңейеді, адамгершілік құндылықтар мен адами қасиеттердің мәнін түсінеді, оның Отанына, отбасына, жақын адамдарына, қоршаған ортаға, жалпы өмірге деген көзқарасы қалыптасады деген қорытынды жасайды.

 

«Балалық шақ – бақытты шақ болуы керек». Ғұламалар бізге осындай өсиет қалдырған. Адамзаттың өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала. Оның бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтары отбасында, мектепте, әлеуметтік ортада нәрленеді, толысып, әрленеді. «Бала нені білсе жастан,  ұядан – өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген нақылдың астарында қаншама мән-мағына жатыр.

«Бір бала бар – жақсы туады, бір бала бар – әкесінен асып туады» деп, халық «жасық туған» баланы да жұрт қатарлы азамат болуға, «асып туған» баланың іс-әрекетін қуаттап, оны үлгі ретінде уағыздайды. Қазақ дәстүрінде ата-анаға қызмет ету – борыш, ата салтын орындау – парыз, анасының ақ сүтін, әке еңбегін ақтау – қарыз. Жеке адамның адамгершілігі де, кісілік имандылығы да осы борыш, парыз, қарыз өтемімен айқындалады.

Сара Алпысқызының «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім жобасы біздің балабақшада  жүргізіліп келеді. «Өзін-өзі тану» пәні — баланы жастайынан отаншылдыққа, әдептілікке, достыққа, тазалыққа, ұқыптылыққа, мейірімділікке, табиғатты сүюге, отбасын сыйлауға, ұйымшылдыққа үйретеді. Адам бойына кішіпейілдік, сыпайлық, рақымшылық, жанашарлық, сыйластық, тілектестік сияқты қасиеттерді дарыту және өзгелерді қадірлей, сыйлай, құрметтей білу, тыңдай білу, қолынан келгенше адамдарға көмектесу, кешірімді болуды үйрету де «Өзін-өзі тану» пәнінің үйлесіне тимек.

Әр бала өзінің руханилығымен, өзінің тазалығымен және өмірді таза күйінде қабылдай алуымен талантты. Өзін-өзі тану сабақтарында баланың адамгершілік сезімдері, эмоциялары, өзара қарым-қатынастары туралы түсініктері кеңейеді. Балалар үлкендермен және құрбыластарымен жағымды қарым-қатынас жасау мәдениетіне қол жеткізеді, адамгершілік құндылықтар мен адами қасиеттердің мәнін түсінеді, оның Отанына, отбасына, жақын адамдарына, қоршаған табиғатқа, жалпы өмірге деген сүйіспеншіліктері артады.

Руханилық жеке тұлғаның негізгі сапалық көрсеткші. Руханилықтың негізінде адамның мінез-құлқы қалыптасады, ар-ұят, өзін-зі бағалау және адамгершілік сапалары дамиды. Мұның өзі мейірімділікке, ізгілікке шақырады. Рухани-адамгершілік тәрбие – бұл дұрыс дағдылар мен өзін-өзі ұстау дағдыларының нормалары, ұйымдағы қарым-қатынас мәдениетінің тұрақтылығын қалыптастырады. Жеке адамның адамгершілік санасының дәрежесі оның мінез-құлқы мен іс әрекетін анықтайды. Сананың қалыптасуы – ол баланың мектепке бармастан бұрын, қоғам туралы алғашқы ұғымдарының қалыптасуына, жақын адамдардың өзара қатынасынан басталады. Қазақ халқы баланы жастайынан жақсы әдеттерге баулыған. «Үлкенді сыйла, жолын кеспе» деген ұлағатты, тыйым сөздердің мәні зор. Бала бойына кішіпейілділік, сыпайылық, сыйластық сияқты қасиеттерді сіңіре білсек, адамгершілік тәрбиесінің жемісіне бөленетініміз анық!
Баланы жақсы адамгершілік қасиеттерге, мәдениетке тәрбиелеуде тәрбиелі адаммен жолдас болудың әсері күшті екенін халқымыз ежелден бағалай білген. «Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң – қаларсың ұятқа...» «Жаман дос, жолдасын қалдырар жауға» деген мақалдардан көруге болады. сыйлаған. Мақал-мәтелдер, жұмбақ, айтыс, өлеңдер адамгершілік тәрбиенің арқауы. Үлкенді сыйлау адамгершіліктің бір негізі. Ата-бабаларымыздың баланы бесігінен жақсы әдеттерге баулыған. «Үлкенді сыйла», «Сәлем бер, жолын кесіп өтпе» деген секілді ұлағатты сөздердің мәні өте зор. Адамгершілікті, ар-ұяты бар адамның бет-бейнесі иманжүзді, жарқын, биязы, өзі парасатты болады. Ондай адамды халық «Иман жүзді кісі» деп құрметтеп сыйлаған. Адамзаттық құндылықтар бала бойына іс-әрекет барысында, әр түрлі ойындар, хикаялар, ертегілер, қойылымдар арқылы беріледі. Адамгершілік – адамның рухани байлығы, болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін руханиет дәуіріне жаңа қадам болып табылады.

Рухани байлыққа апаратын жолдың бірі – білім, екіншісі – сол білімді пайдаға асыру. Адам алғаш білімнің құндылығына сүйене отырып, өз ортасын жақсы жағынан өзгертуге әрекет жасайды. Өйткені рухани жетілудің шыңына көтерілген адам өмірдің мәні мен мағынасын жай ғана түсініп қоймай, жер бетінде ізгілік орнатуға күш салады. Қандай да болсын адамдықты, адамгершілікті бетке ұстаған қоғамның мақсаты – әр адамды рухани байлық деңгейіне жеткізу.

Бүгінгі жас ұрпақты оқытып қана қою аз, оны жан-жақты дамыту, жаңаша дағдыларға тәрбиелеу қажет. Әлемдік даму, ғылыми технология адамның ұшқыр ойлы, терең білімді, озық тәрбиелі болуын талап етеді. Сондықтан рухани-адамгершілік тұрғысынан білім беру әр тұлғаның азаматтық келбетінің жоғары болып, олардың кез келген ортада белсенділік көрсете алатынын қабілеттерін жетілдіруді көздейді.

Бүгінгі күні біздің елімізде ұлттық және азаматтық құндылықтардың негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру және дамыту, жеке адамның рухани күш-қуат мүмкіндіктерін ашу, адамгершілік пен салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін қажетті жағдайлардың барлығы да жасалуда. Тәрбиенің басты мақсаты әр адамның ішкі құндылығын, тұлғалық қасиетін ашып, бағалауға үйрету.

«Рухани мұраға сүйенбеген елдің жұлдызы жанбайды демекші, заман ағымы талап етіп отырған ата-бабаларымыздан  қалған әдеби мұраларымызды, халқымыздың өсиетін, өнегесін дәріптеп, дәстүрін таңғажайып тапқырлығын, олардан қалған ескірмейтін көне сөздерді, мақалдар мен мәтелдерді бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатындай, келер ұрпаққа тәлім-тәрбие беретіндей ғасырлар қойнауынан сыр шерткен асыл мұраларымызды рухани – адамгершілік білім беруде тиімді қолдану – «Өзін-өзі тану» пәні бастауы бұрыннан болған, біздің арғы ата-бабаларымыздан келе жатқан жақсы дәстүрлеріміздің жалғасы іспеттес деуге болады. Рухани-адамгершілік білім баланың, жеткіншектің бойына өзінің жарқын болашағына деген сенімділігін ұялатады.

Қорыта айтқанда, «Өзін-өзі тану» бағдарламасының мазмұнында ескеріліп, көзделген эмоционалдық тұрғыдағы ауқымды жүргізілген алуан түрлі іс-әрекеттер баланың  рухани дамуының негізін қалауға және өмірлік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл білім мектеп жасына дейінгі балалардың бойында ең басты қажеттілік өзін-өзі дамытушылық қажеттілігін қалыптастыруы тиіс. «Өзін-өзі тану» бұл тек баланың өзін ғана танып, білуімен ғана шектеліп қоймайды, оның мазмұны тереңде. Баланың өзін тануы әлемді тануымен, ортаны тануымен, адамды тануымен ұштасып жатыр. Сол себепті де «Өзін-өзі тану» іс-әрекетінің бүгінгі таңда барлық адамзат үшін маңыздылығы өте зор.

Біз болашақта Қазақстан Республикасын өркениетті, бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосамыз деп үміт етіп отырған халықпыз. Президентіміз  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның әлемдеге бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясында:  «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі. Бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет» деген болатын. Сондықтан сол елдердегі бар жетістіктер бізде де болуы керек, өйткені жаңа ХХІ ғасыр – бәсеке ғасыры. 

«Еліміздің күші – патшада, сәбидің күші – жылауында» демекші, біздің күшіміз, қорғанышымыз, сеніміміз – адамгершілігімізде болуы керек. Ол үшін Ақанның осы үш қасиетін бала бойына дарыта білсек-ұлы жеңіс болары анық. Еліміз жыл сайын білімді, ақылды жасөспірімдермен толығып келеді. Ендеше, болашаққа деген сенімділік те бізде мол.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. «Өзіндік таным». – 2007. – №2.  – 2006. – № 5-6.

2. Сатыбаев С. Халық әдебиетінің тарихы негіздері. – Алматы, 1992.
3.  Назарбаева С.А. Адам әлемі және әлемдегі адам: өзін-өзі тану теориясы мен практикасы. – Алматы: Бөбек, 2007.

4  Игенбаева Б.Қ. Адамгершілік сабақтары. – Алматы. 2000.

5. Маралов В. Основы самопознания и саморазвития. – М.: Издательский центр «Академия», 2002.