Педагогические науки
Ұ.М. Конхашова (педагогика ғылымдарының магистрі,
аға оқытушы),
Ак.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университеті, Казахстан
Г.Х.Әбдікәрімова (тәрбиеші), «Жұлдыз» балабақшасы, Казахстан
Мақалада үздіксіз оқу-тәрбие жүйесіне
кірген «Өзін-өзі тану» пәнінің
мақсаты мен міндеттері, тәлім-тәрбиедегі орны, оның «толық адам не
тұлға» қалыптастырудағы маңызы көрсетіледі. Авторлар бүгінгі жас
ұрпақты оқыту, оны жан-жақты дамыту, жаңаша
дағдыларға тәрбиелеу қазіргі әлемдік даму,
ғылыми технология талаптарына сай жүргізілуі керек деген
қорытынды жасайды.
ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ ПӘНІ – РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК БІЛІМ БЕРУ
НЕГІЗІ
Еліміз, 1991 жылы
егемендік алғаннан кейін, оқу орындарында және
қоғамдық ортада көптеген ұлттық
бағытта өзгерістер бола бастады. Соның бір айғағы
ретінде айтар болсақ, ол бүкіл үздіксіз
оқу-тәрбие жүйесіне «Өзін-өзі тану»
пәнінің енуі. Бұл пән бала-бақшадан басталып,
жоғары оқу орындарына дейін енгізілген. Аталмыш пәннің
авторы бәрімізге танымал С. А. Назарбаева. Оқулықтар «Өзін-өзі
тану» рухани-адамгершілік білім беру жобасы негізінде дайындалған.
Бұл пән, негізінен, адами құндылықтарды игеруге
жол бастаушы болады.
«Өзін-өзі
тану» пәнінің негізгі мақсаты да адамдарға
рухани-адамгершілік қасиеттерді игерту болып табылады. Ал, міндетіне
келер болсақ, сол игерген қасиеттерін қоғамдық
ортада толық пайдалана білу. Тәлім-тәрбиедегі орнына келер
болсақ, бұл айтылған рухани-адамгершілік қасиеттерді
меңгерген кез-келген адам баласы ешуақытта жамандық
жасауға бармайды, әрі «толық адам не тұлға» болып
қалыптасады. Өзін-өзі тану пәні әлемнің ең басты құндылығы
– адам және адамның өмір сүруі үшін, бақыт
үшін, қуаныш үшін жаралғандығына негізделеді.
Өмірдің осындай қарапайым ақиқатына –
ұлттық құндылықтарды меңгере отырып, баланы
халқының адал ұлы, Адам деген ардақты атқа
лайық болуға жастайынан үйрету қоғам талабы болып
отыр.
«Өзін-өзі
тану» бағдарламасының негізгі
мақсаты – адамның қоршаған ортаны танып, біліп,
өзінің ішкі жан-дүниесіне үңіліп,
өзін-өзі басқару негізінде рухани-адамгершілік әлеуетті
көтеру [1, 500-501-бб.]. Сол себепті қазіргі ұрпақ
тәрбиесіндегі басты мәселе тұлғаны адамгершілік рухани
тұрғыдан дамыту, ар-ұятымызды молайтып, адамгершілік
қасиеттерімізді жетілдіру арқылы ізгілікке, инабаттылыққа,
парасаттылыққа үйрету. «Өзін-өзі тану»пәні
арқылы жан-жақты дамыған, рухани адамгершілігі мол,
бір-біріне сүйіспеншілікпен, құрметпен қарайтын,
өмір сүруге деген құштарлығы жоғары жеке тұлға
тәрбиелей аламыз. Өзін-өзі тану пәні
қазірдің өзінде мектеп оқушыларының сүйіп
те, тамсанып оқитын пәндердің біріне айналып отырғаны
сөзсіз.Сонда бұл пән өзгелерден несімен ерекшеленеді?
Жалпы, өзін-өзі тану пәні –адамның өзін-өзі
толықтай танып біліп, дұрыс жолға бет алып, жан
дүниең мен сыртқы келбетіңді үндестіріп, рухани
азық сыйлайтын пәндердің бірі.
Халқымыздың
сан ғасырлық тыныс-тіршілігінің өзіндік
ерекшеліктерінен туындаған ұлттық тәлім-тәрбиеге
қатысты салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары да мол.
Олардың дені қазіргі этика, педагогика, психология ғылымдары
тұжырымдарымен қиюласа, астарласып жатады. Осы саладағы
рухани мұрамызды осы күнгі ғылым деңгейіне, оның
төңірегіне топтастырып, жүйе-жүйесімен талдауға
алсақ, бұлардың өзіндік сыр-сипаты айқындала
түседі.
Сабақты өткізе отыра, балалардың
өзіне деген сенімділігін нығайтып, олардың бойына имандылық
қасиеттерді дарытып, жағымды ойларға бейімдейді. Ал берілген
материалдар мазмұнының бала жасына лайықты, әрі
қызықты болуы. Біздің ұстаздар ең бірінші балалар
үшін әсерлі және ыңғайлы жағдай
туғызады. Балалармен қарым-қатынастардың
түрлері олардың әсерлеріне бағытталады. Себебі,
бұл олардың жақсы ойларын бұзатын кейіпкерлерден
аулақ етіп жақсылыққа жетелейді, өмірде
табыстарға жетулеріне көмектеседі, ішкі дүниелерінің
үндестікте болуын қадағалайды, ешқандай да
материалдық жақсы жағдайлар қуаныш пен бақыт
әкелмейтініне көздерін жеткізеді. ХХІ
ғасырда көтеріліп отырған «Өзін-өзі тану»
рухани-адамгершілік білімінің түп тамыры тереңде жатыр. Ол –
халқымыздың ұлттық құндылықтарынан,
рухани мұраларынан, ділінен, тағлымдық ой-толғауларынан
бастау алады. «Өзін-өзі таныған, өмірдің
мәнін түсінген адам, өзін-өзі қадағалап,
сынап, өзін-өзі тәрбиелеуге, өмірден өз орнын,
өз бақытын табуға ұмтылады. Өзін-өзі тану –
адамның шындықты өзінше түсіну жағынан
қарастыратын ілім, ол өз бойындағы бірегейлікке сәйкес
келетін өзінің жеке құндылықтары жүйесін
жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесімен
ықпалдастыруға бағытталған. «Өзін-өзі тану»
рухани-адамгершілік білімі – ұлттық құндылықтарды
іске асыру мен таратудың маңызды механизмі, өмірдің
мәні мен өнегесі, тарихпен, ана тілімен, философиямен,
әдебиетпен, дәстүрмен, психологиямен ұштасқан
ұлттық-рухани білім мазмұны мен түрі [2, 405-б.].
«Халықтан
асқан ұлы ұстаз жоқ» дейтін болсақ,
ұлттық рухани мұралар – ұрпақтың
рухани-адамгершілік азығын жетілдіретін негізгі өзегі болмақ.
Рухани байлыққа апаратын жолдың бірі – білім, екіншісі – сол
білімді пайдаға асыру. Адам алғаш білімнің
құндылығына сүйене отырып, өз ортасын жақсы
жағынан өзгертуге әрекет жасайды. Өйткені рухани
жетілудің шыңына көтерілген адам өмірдің
мәні мен мағынасын жай ғана түсініп қоймай, жер
бетінде ізгілік орнатуға күш салады. Қандай да болсын
адамдықты, адамгершілікті бетке ұстаған
қоғамның мақсаты- әр адамды рухани байлық
деңгейіне жеткізу.
Бүгінгі жас
ұрпақты оқытып қана қою аз, оны жан-жақты
дамыту, жаңаша дағдыларға тәрбиелеу қажет.
Әлемдік даму, ғылыми технология адамның ұшқыр
ойлы, терең білімді, озық тәрбиелі болуын талап етеді.
Сондықтан рухани-адамгершілік тұрғысынан білім беру әр
тұлғаның азаматтық келбетінің жоғары болып,
олардың кез келген ортада белсенділік көрсете алатынын
қабілеттерін жетілдіруді көздейді. Осы кезде біздің елімізде
ұлттық және азаматтық
құндылықтардың негізінде жеке тұлғаны
қалыптастыру және дамыту, жеке адамның рухани
күш-қуат мүмкіндіктерін ашу, адамгершілік пен салауатты
өмір салтын қалыптастыру үшін қажетті
жағдайлардың барлығы да жасалуда. Тәрбиенің басты
мақсаты – әр адамның ішкі құндылығын,
тұлғалық қасиетін ашып, бағалауға
үйрету.
Осыларды ескере
отырып, еліміздің мектептерінде 2001 жылдан бері, «Өзін-өзі
тану» бағдарламасы саралаудан өткізіліп, оқу жүйесіне
енгізіліп келе жатқан еді. «Өзін-өзі тану» пәні
жастардың бойында махаббат, адамгершілік, мейірімділік сияқты жалпы
адамзаттық құндылықтарды қалыптастырады, оларды
рухани адамгершіліктің нәрімен сусындатады. Өзін-өзі
тану – адамның өзіне терең мән берудің
алғашқы қадамы. Ойшыл Сократ: «Өзгені тану үшін өзіңді-өзің таны»
деген болатын, қазіргі біздің «Өзін-өзі тану»
пәні Сократ ілімінің үйлесімді жалғасы іспеттес.
Бұл пән жобасының авторы Сара Алпысқызы атап
өткендей, «Әр баланың
қабілетін ашуы, өзіне жол табуы, өзінің
күш-жігеріне сенуі өзінің өмірдегі орнын анықтау
үшін өте маңызды! Әлемде махаббат пен мейірімділік
аурасын жасай отырып, қарапайымдылық пен махаббат жүректен
жүрекке жетуі тиіс», яғни әрбір баланың,
ата-ананың жүрегіне жылылық нұрын ұялатуда
әрқайсысымыздың орнымыз ерекше [3, 112-б.].
Оқушының
жас ерекшеліктеріне сәйкес өзін-өзі тануға, өзін
дамытуға бағытталған жұмыстар мектепте ғана емес,
отбасында да ата-аналардың көмегімен жалғасын тауып,
өзара ықпалдастық бағытта жүргізілуі керек.
«Өзін-өзі тану пәні» жеткіншекті жарық дүниеде
өмір сүріп, Адам екенін терең сезінуге, адамдарға
қуаныш сыйлай білуге баулиды. Жанында жүрген аяулы адамдардың
бар екенін ұғынуға көмектеседі. Адамдардың
сезіміне ие болу және оны ақтай білуге үйретеді. Борыш пен
парызға адал болуға тәрбиелейді. Артыңда өшпейтін
ізгілікті із қалдыра білуге талпындырады. Қабілетіңді,
бойындағы дарында, азаматтылығыңды дәлелдеуге
итермелейді.
«Рухани
мұраға сүйенбеген елдің жұлдызы жанбайды демекші,
заман ағымы талап етіп отырған ата-бабаларымыздан
қалған әдеби мұраларымызды, халқымыздың
өсиетін, өнегесін дәріптеп, дәстүрін
таңғажайып тапқырлығын, олардан қалған
ескірмейтін көне сөздерді, мақалдар мен мәтелдерді
бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатындай,
келер ұрпаққа тәлім-тәрбие беретіндей
ғасырлар қойнауынан сыр шерткен асыл мұраларымызды
рухани-адамгершілік білім беруде тиімді қолдану – «Өзін-өзі
тану» пәні бастауы бұрыннан болған, біздің арғы
ата-бабаларымыздан келе жатқан жақсы
дәстүрлеріміздің жалғасы іспеттес деуге болады.
Оқулықтардағы оқу материалдарының бәрі де
өздерін қызықтыратындай мәтіндерден
құрастырылып, тақырыптық жүйе жалпы
адамзаттық және ұлттық
құндылықтарға бағытталған.
Жас
ұрпақ оқулықтардағы берілген мәтіндерді ден
қойып, зор ынтамен оқыр болса, талай мәселе
төңірегінде ой түйеді. Адами қарым-
қатынастағы әр қилы сұрақтарға жауап
таба алады. Шығармашылық тұрғыда үлкен
ыждағатпен жасалған әр істері өздеріне табыс
әкелері сөзсіз. Олай болса, қолдарындағы
ұстаған бұл оқулықтардың нәрімен
сусындап, ерінбей еңбектене берсін.
«Өзін-өзі
тану» пәнінің барлық оқулықтарында берілген
бүкіл білім мазмұны жастарды ізгілік еліне жетелеп, таным
шаттығымен шыңдай береді.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Назарбаева С.А. Өзін-өзі
тану оқулықтары. – Алматы: Бөбек, 2010.
2. Абай шығармалары.– Алматы, 2002.
– 1-2 том.
3. Жармұхамедов М. Шәкәрім
шығармалары. – Алматы, 1988.