Ныязбекова К.С., п.ғ.к.,
Абай атындағы ҚазҰПУдың доценті
(Алматы қ.)
famous-scientists.ru /11624/
ӘДІСКЕР ҒАЛЫМ, ТАРИХШЫ, ӘДЕБИЕТШІ,
ДАРЫНДЫ ПЕДАГОГ ТУРАЛЫ
Білгір тіл маманы, әдебиетші, тарихшы, дарынды педагог,
әдіскер. Ол кім? Қазақ тілін оқыту әдістемесінде
өзіндік орны бар, бірнеше оқулықтар мен оқу
құралдарын жазған әдіскер ғалымдардың бірі
– Телжан Шонанұлы. Оның тек қана қазақ тілін
оқыту әдістемесі саласы бойынша жиырма шақты
оқулықтары мен оқу құралдары, әдістемелік
еңбектері, жетпіске жуық мақалалары бар.
1932 жылы 25 тамызда БК(б)П Орталық Комитетінің
«Бастауыш және орта мектептің оқу программалары мен режимі»
туралы қаулысы қабылданды және сол жылы бастауыш мектептер
үшін жаңа бағдарлама жасалды. Осы бағдарламада «ана
тілінен дұрыс білім алынбаса, бала дұрыс оқуға,
жазуға, сөйлеуге жаттықпаса, басқа пәннен де
ақсайды», – деп, баланы дұрыс сөйлеуге, жазуға
дағдыландыруда ана тілі сабақтарының міндеттері
сараланған.
Телжан Шонанұлының «Тіл дамыту»
оқулықтары бұл бағдарламаға дейін жазылып,
мектептерде пайдаланылды. Бұдан тағы да ғалымның сол
кездегі мектептердегі қажеттілікті терең сезіне білгендігіне
әрі ғылымға деген үлкен ықыласын
көреміз.
Осы ретте ғалым В.М.Чистяков көрсеткендей,
«грамматика бәрінен бұрын практикалық мақсатта
оқытылады... грамматика тәжірибеде пайдаланудан бөліп
қаралса, оқушы түрлі грамматикалық заңдылықтар
мен ережелердің не үшін қажеттігін түсінбейді...
грамматика оқушыларды дұрыс сөйлеуге және жазуға
үйретуі тиіс». Олай болса, Т.Шонанұлының балаға тіл
заңдылықтарын меңгерте отырып, оларды ауызша да, жазбаша да
сөйлеу дағдыларын қалыптастыруды мақсат еткен «Тіл
дамыту» оқулықтары өз кезеңінде оқушы үшін
де, оқытушы үшін де өте қажетті құрал
болғанына еш күмән келтіруге болмайды.
Бұл
жерде тағы көңіл бөлетін нәрсе – Телжан
Шонанұлының «Тіл дамыту» оқулықтары нақты
қай сыныптарға арналғандығын анықтау.
Жоғарыда айтылғандай, оқулықтың 1-кітабы туралы
еш дерек жоқ, ал 2, 3-кітаптардың титул беттерінде 1-басқыш
қазақ мектебі үшін деп жазылған да, нақты
қай сыныпқа арналғаны көрсетілмеген. Ғалым
өмір сүрген кезеңде жыл сайын әр сыныпқа
арналған оқулықтар тізімі «Жаңа мектеп» журналы
беттерінде көрсетіліп тұрған. Осы журналдың 1931
жылғы № 1 санында 1931-1932 оқу жылында бастауыш сыныпта
оқытылатын кітаптар тізімі берілген. Сол тізімде 1-басқыштың
(қазіргіше бастауыш мектеп) ІІ, ІІІ, IV бөлімдерінде Телжан
Шонанұлының «Тіл дамыту» (1, 2, 3) оқулықтары
пайдаланылатыны көрсетілген. Бұдан «Тіл дамытудың» 1-кітабы
2-сыныпқа, 2-кітабы 3- сыныпқа, 3-кітабы 4-сыныпқа
арналған әрі грамматикалық, әрі тіл дамыту
мақсатын көздеген оқулық деген тұжырым
жасауға болады. Ғалым оқулығының осындай
атауының өзі, бір жағынан, сол кездегі білім беру
жүйесіне қойылған талаптарға байланысты деп есептейміз.
Осындай мектептердегі сұраныстың нәтижесінде жарық
көрген оқулықтардың алғашқы
авторларының бірі Телжан Шонанұлы болған.
Енді
«Тіл дамыту» оқулықтарының құрылысына келсек,
оқулықта грамматикалық ережелер мен тіл дамыту
жұмыстары аралас берілген. Кейінгі ғалымдар көрсетіп
жүргендей, теориялық басшылықсыз қазақ тіл білімі
негіздерінен практикалық жақтан машықтану мүмкін емес.
Сондықтан бастауыш сыныптарға арналған
оқулықтарда әрбір тақырыпқа байланысты
оқушылар түсіне алатындай нақты анықтамалар мен
жеңіл грамматикалық ережелер беріледі. Осы пікірдің негізі де
алғашқы ғалым ағалар еңбектерінен басталады деуге
болады. Оның бір куәсі – біз сөз етіп отырған Телжан
Шонанұлының «Тіл дамыту» оқулықтары. Ғалым
оқулықтарының басты мақсаты бастауыш сынып оқушыларын өз ойларын жүйелі
жеткізіп, дұрыс байланыстырып сөйлей білуге дағдыландыру,
яғни олардың тілін жетілдіру болған десек, автор ол
мақсатты дара алмай, грамматикалық анықтама ережелерді ретіне
қарай қатар беріп отырған. Сондықтан да бірінші
параграфты «Мақала. Азатты жол. Жоспар.» деген тіл дамытуға
арналған тақырыптан бастаса да, одан әрі адам ойын
жеткізудің негізгі формасы сөйлем екендігін ескеріп, келесі
параграфта – «Сөйлем. Сөйлем түрлері. Тыныстық белгілері.»
деген мәселелерге тоқталған. Бұл тақырыпта автор
алдымен жаттығу жұмыстарын беріп, содан соң сөйлем
және оның түрлері, тыныс белгілері жайында
мағлұмат келтірген. Осылайша сөйлем және оның
түрлері, тыныс белгілері туралы түсінік алған оқушы
сөйлемнің сөздерден құралатындығын,
сөйлемдегі әр сөздің бөлек жазылатындығын,
әр сөйлемнің айтылу ерекшелігіне қарай соңында
тыныс белгілері қойылатындығын дұрыс меңгерсе,
сөйлегенде де, жазғанда да қате жібермейтіндігін, ал
мұндай тиянақты білім оқушы тілінің талапқа сай
жетілуінің бір көрінісі екендігіне әдіскер ғалым ерекше
назар аударған. Одан әрі ғалым сөйлемдегі
сөздердің бір-бірімен байланысты болып, белгілі бір
сұраққа жауап беретін сөздердің сөйлем
мүшесі болатындығына және олардың түрлеріне
тоқталған. Мұнда да ғалым анықтама-ережелерді
лингвистикалық аталымдарымен ғылыми тұрғыда бере
білген. Мысалы, «Сөйлем ішіндегі бас сөзді бастауыш дейміз.
Сөйлем ішіндегі ой бастауыш туралы айтылады. Бастауыштың сырын,
сипатын, жайын, қимылын, күйін баяндайтын сөз баяндауыш
аталады»,-деген анықтамадан бастауыш пен баяндауыштың өзіне
тән ерекшелігін оқушы ажырататын болады. Ал енді осы
анықтаманы бірнеше рет өңделіп, екшеліп жазылған
кейінгі оқулықтардағы берілісімен салыстырып
қарасақ, аздаған стильдік жағынан болмаса, негізгі
логикалық жүйесінен өзгешелік байқалмайды:
«Сөйлемдегі ойдың негізі болатын мүшені бастауыш дейміз.
Бастауыштың ісін, қимылын білдіретін сөздерді баяндауыш
дейміз. (М.Балақаев. Қазақ тілі, 2-сынып, 1987)». Бұдан
Т.Шонанұлының «Тіл дамыту» оқулығында
ғылымилық ұстанымды басшылыққа
алғандығын көруге болады.