МДОжТ-21 тобының студенті Гүлнұр Төлеутай

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

                                                                                     

КІТАП  – ІЗБАСАР ҰРПАҚҚА ҚАЛДЫРҒАН РУХАНИ ӨСИЕТ

 

Кітап-алтын қазына, білім бұлағы, өмірдің шам шырағы екені де әр адамға мәшһүр.  Мен сөз еткелі отырған басты мәселе балалар басылымының және соның ішінде балалар кітабы туралы. Үлкендер оқыса да, оқымаса да адам санасы   кітапсыз  рухани жетілмейтінін біледі. Ал балаларға  кітап адам өміріндегі басты қозғаушы күш екенін түсіну өте қиын. Сондықтан да жас толқынды кітапқа жетелейтін, әрине, ең бірінші аға буынның тәлімі мен тәрбиесі. Жалпы, балалар мәселесі,  қай елде, қай уақытта, қай заманда болмасын, ең өзекті, күрделі мәселе.  «Заманына қарай-адамы демекші» балалар психологиясы ауладағы заман аурасына, ырқына сай дамып жетілетіні ақиқат. Психологиядағы ең күрделі тарау да осы балалар психологиясының дамуы болып табылады. Баланың заты кішкене болғанымен, мәселесі күрделі екені ақиқат.  Болашақ мамандығым тікелей балалар психологиясына, мәдениеті мен  біліміне, тәрбиесіне сабақтас болғандықтан, мені кішкене балдырғандардың бүгінгі хал-ахуалы ойландырады. Балалар басылымы- өте күрделі тақырып және осы уақытқа дейін баспасөз құралдарында белгілі ғалымдардың сан рет айтқан, жазған, жауыр болып үлгерген мәселелерінің бірегейі. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың ізбасар ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік» - деген еді Ғабит Мүсірепов. Әрине, ойлай алмаған баланың ертеңгі күні - бұлыңғыр. Қандай да  асыл зат ой түбінде жататыны белгілі. Сол асыл зат тек  кітаптың бетінен табуға болатынын  білеміз бе?  Баланы еш уақытта қинап, күштеп оқыта алмайсың. Болашақ маман ретінде баланы кітапқа жетелейтін негізгі фактор оның отбасы дер едім. «Отан – отбасынан басталады» деген мақалдың да астарын осы орайда ашып көрмекпін. Өмірдің өзі де ошақ басынан басталады. Бір мысал келтіріп өтейін: алысқа бармай-ақ көршілес өзбек ағайындарымызды алайық. Бір өзбек отбасында үш ұл, бір қыз болсын. Қыздарын ұзатады, ал ұлдары үйленсе, барлығы бір шаңырақтың астында, бір шарбақтың ішінде өмір сүреді. Ал қазіргі қазақ отбасын алатын болсақ, қандастарымыз барлық балаларын үйлендіріп, жеке-жеке отау қылып жан-жаққа тарыдай шашыратады да, қаусаған ата-әже немерелерін бір иіскеуге зар болып отырады. Әрине, бұл жай ғана мысал болғанымен, зер салып түсінген адамға мұның астарында үлкен ой жатыр. Әлгіндегі өзбек ағайындарымыз бір шарбақтың ішінде тұрып, ұрпақ сабақтастығы процесін жүргізіп жатыр емес пе? Атасының қолына су құйып жатқан әкесін көрген сәбидің ересекке деген құрметі, әжесінің ертегісін естіген баланың  кітапқа махаббаты оянары хақ. Ал  қазіргі қазақ шаңырақтарының шайқалақтап бара жатқанының негізгі бір факторы да осы. Ата-әжесінің өсиетін, ертегісін, жылы сөзін естімеген немеренің кітапқа сезімі сейілетінінің де бір тетігі осы. Барлығы да айналып келгенде, ұлттық идеологиямыздың құлдырауына келіп тірелетіні күмәнсіз. 

Ақын Иосиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл-оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, бұл-тұтас бір ұлттың қасіреті», — деген екен. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ өз қасіретін өзі жасап жатқандай боп, көңілге күдік ұялатады. Менің пайымдауымша, қазақ балалар кітабының оқылмауының бір тетігі олардың бағасы тым шарықтап тұруында болар. Балалар жазушысы Әлібек Файзуллаевтің айтуынша:  — Әдебиетті мемлекеттен бөліп қарамау керек. Францияда кітапқа салынатын қосымша салық құны 5 пайыз. Англияда бұл салық мүлдем алынып тасталған. Ал бізде шырылдатып тұрып 12 пайыз салынады екен. Ойланатын жай емес пе?! 

Зерттеулерге сүйенсек, бір кітапханадан бір жылдың ішінде 101 кітап оқыған төменгі сынып оқушысы, 80-60 кітап оқыған да балалар бар екен. Алматыда «Кітап қалашығы» салынған. Оны ашқан кәсіпкерлер ақымақ емес. Өтпейтін жерге, оқымайтын жерге «қалашық» салмайды ғой.  Жүргізілген зерттеулерге жүгінсек, Ресейдің 29 баспасы Қазақстанға жұмыс істеп жатыр. «Кітап қалашығы» солардың кітаптарына толы. Біздің оқырмандарымыздың 89-90%-ы кітапты сол жерден алады екен. Демек, халық кітап оқиды. Біз  оқырманды қазақ әдебиетіне қайтара алмай жатырмыз. Мүмкін шеттен келген кітаптарға қандай да бір шектеу қою керек шығар. Бұл — қолдан келетін шешімі бар мәселе. Таралым мәселесін айтар болсақ, елімізде 15 000-дай кітапхана, 1000-нан аса кітап дүкені бар екен. Ал, кітап таралымы — ары кетсе 2000, 3000 дана. Сонда азғантай қазақ кітабы осы кітапханалар мен кітап дүкендерінің қайсысына жетеді? Ертеректе 20 000, 30 000, 50 000 деген таралым болатын. Міне, сіздің кітабыңыздың құны. Егер кітабыңыз 30 000 таралыммен шығатын болса, кітабыңыздің өзіндік құны тиын болып қалар еді. Егер біз бұл мәселелерді орынды, дұрыс қоятын болсақ, таралымды көбейтуге де, басқа мәселелерді шешуге де болады.

Осы орайда  мәдениет және ақпарат экс министрі Дархан Мыңбайдың мына мәлімдемесіне зер салайық:

1. Балаларды ұлттық мінезге тәрбиелеуде кітаптың рөлі ерекше. Кітаптардың таралымын көбейтіп, оларды БАҚ-та насихаттау күшейтілсе;

2. Шетелден келетін кітаптарға қандай да бір шектеу қою қажет;

3. Білім және ғылым министрлігі оқу бағдарламасына қазіргі ақын-жазушыларымыздың еңбектерін енгізсе;

4. Балалар кітабынан қосымша салық құнын алып тастаса;

5. Балалар кітаптары БАҚ-та болсын, телеарналарда болсын, жалпы, тегін жарнамаланса;

6. Тапсырыспен шыққан кітаптарды университет кітапханаларына ғана емес, мектеп кітапханаларына кеңінен таратуға мүмкіндікті молайтса;

7. Кітап таралымының нақты жүйесі жасалуы керек;

8. Бибколлекторды ғаламторда дамытып, бірізділікке салуды жолға қою керек;

9. Балалар кітаптарының шетелдерге тарауы, танылуы жолға қойылса;

10. Балалар жазушыларының шығармаларына қомақты қаламақы төлеу мәселесі шешілсе;

11. Кішкентайларымызға арналған көркем фильмдер де көптеп шығарылса;

12. Бүкіл ел аумағы бойынша бұрынғы кеңестік кезеңдегідей, кітап тарату жүйесі мемлекеттік тұрғыдан қолға алынса, дегені құптарлық жай емес пе?

Енді күтетініміз қазіргі Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі осы жобаны заңды түрде нақтылап, орындалуын қадағаласа деп үміттенеміз.

Балалар кітабының бағасымен қоса оның экологиялық сапалығы мен ішкі мазмұнына да аса жоғары талаптар қойылуы керек. Мұндағы басты экологиялық тазалық деп отырғанымыз, кітаптың әр беті сапалы, таза өнімнен жасалып, арнайы сынақта тексерілуі қажет. Медициналық сараптамаларға сүйенсек, елімізде әр түрлі сапасыз бояғыш заттардан уланып жатқан балалар қатары күн сайын көбеюде. Ал ең бастысы баланың санасын өзіне баурайтын кітаптың ішкі мазмұны мен көркем безендірілуі. Қазақ балалар жазушысы дегенде біз барлығымыз бірауыздан Сапарғали Бегалин, Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Тұманбай Молдағалиев, Оралхан Бөкей, Қадыр Мырзалиев, Жақан Смақов, Марат Қабанбай сынды тұғыры биік тұлғаларымызды есімізге түсіретініміз хақ. Алайда осы даралардың өскелең ұрпаққа қалдырған мұрасының, өсиет-өнегеге толы еңбектерінің таралымы бүгінде кеміп бара жатқанын аңғармаймыз. Қазіргі таңда да балалар жазушылары жетерлік, алайда, олардың дүниелері қаншалықты насихатталып, таралып жатқанынан бейхабармыз. Бәлкім, содан болар бала-бақша түгілі мектеп оқушыларының өзі осы ақын-жазушылардың шығармаларын не есімдерін де  біле бермейді. Менің ойымша, мұның барлығы біз секілді келешек тәлімгерлердің иығына артылған негізігі жүк болмақ. Белгілі балалар жазушысы Марат Қабанбайдың айтуынша: «Кітап беттерінің арасынан бала сақылдап күлмесе, иә бақырып жыламаса, футбол добы зырқырап ұшып, су шолпылы оқушының құлағына жетпесе, ол- балалар әдебиеті емес». Балалар әдебиетінің табиғатын осыдан артық түсіндірудің де қажеті шамалы сыңайлы. Балалар кітабы қашанда ұлттық нақышта, ұлттық сарында жазылып, жеткізілуі керек. Әлгінде  балалар ақын-жазушыларының аға буынына тоқталдық. Ал «бүгінгі балалар жазушылары кімдер?» деген сауалға жауап іздеп көрелік. Олар, шүкір, жетерлік. Дені бүгінде балалар басылымдарында бой көрсетіп жүр. Ендігі сөз балалар басылымы жайына қатысты. Балалар баспасөзі дегенде, әлбетте, ойымызға қазақтың оқушы балаларға арналған тұңғыш, 1952 жылы жарық көрген  «Қазақстан пионері» газеті келеді. Сонымен бірге, қазіргі балалар да сүйсіне, тамсана оқып жүрген «Балдырған» журналы еске түседі. Ата-анамызды да, бізді де тәрбиелеген сол «Балдырған» екенін елдің бәрі  мойындайды. Осы журналды қазақ балаларының сусындап өсуіне негізгі қамқоршысы, жанашыры қылған Мұзафар ағаның қажырлы еңбегін атамай кету мүмкін емес. Сол секілді аға басылымға біз атақты, тарихы тереңге сыр шертетін «Ұлан» газетін айта аламыз.  Ұланның артын едеуір тізгіндеген «Айгөлек», «Мөлдір бұлақ», «Құлыншақ», «Таймас», «Бөпем», «Ақжелкен», «Балапан» т.б. журналдардың тізбегі айта берсек жетерлік. Алайда санынан гөрі сапасына дегендей осы көптеген балалар басылымдарының орынды таралуы мен жұмсалуына біз секілді маман иелері етене зер салуы керек сыңайлы.  Менің осы  мақаламдағы қосар негізгі ұсынысым қазіргі бала-бақшаларға да кітапхана ашу мәселесі. Сол ашылатын кітапханадағы кітаптардың дені 70-80%- ы өз ана тілімізде болуын қадағалау. Мақаламыздың әлқисcасында тілге тиек еткендей барлық дүние ошақ басынан басталады. Өкінішке орай қазіргі ата-аналарымыздың осы балалар басылымына жазылуға ақшадан бұрын уақыттары жете бермейді. Сөйтіп жүріп балаларының да қалай өсіп кеткенін байқамай жатады. Сондықтан менің негізгі ұсыныстарымның бірі кейбір балалар басылымына тегін жазылуын және бала-бақша мен мектептерде және балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балаларға заң жүзінде міндетті түрде негізгі басылымдар арнайы таратылып отырса нұр үстіне нұр болар еді демекпін.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Нәзира Елеухан. Халықаралық балалар кітабы күні. ҚазАқпарат «Балалар  кітабы» қоғамдық қорының президенті Қанат Қайыммен сұхбат. 2010

2. Балалар қандай кітап оқып жүр?/ МAKALA.KZ -2011

3. Құралай Мұратқызы. «Кітап-білім бұлағы, Білім –өмір шырағы» 2012