Бердишева А.О

Жамбыл мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

 

АБАЙДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КӨЗҚАРАСЫ

 

 

Абай бар асыл ойын замана жастарына, келер ұрпаққа арнады. Оның шығармашылық қызметінің негізгі мұраты – адам тәрбиесі. Ұстаз сөзінің биік мағынасы Абайдай ағартушыға өте орынды айтылған. Абай халықтың үлкенді-кішісіне өмірлік қажет еңбек пен адамгершілік, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де, ғақлияларымен де жеткізе білді. Ойшыл ақынның ағартушылық тұрғыдағы педагогикалық тұжырымдары негізінен жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат – «толық адам» етіп тәбиелеу мақсатынан туындаған.

Ақын жастар тәрбиесінің сан қырына, оның өзекті салаларына назар аудара отырып, жас ұрпаққа үміт артты, олардың жүрек сезімін оятып, көкейкесті мақсат-мұраттарға жұмылдыруға ұмтылды.

Абайдың педагогикалық мұраларының негізгі идеяларының бірі- жастарды еңбекке баулу. Ол халықтың әл-ауқатының деңгейі, санасы, мәдениеті, адамдардың өзара қарым-қатынасы, бір-біріне мейірбандығы мен парасаттылығы – сол халықтың еңбек ету дәрежесіне тікелей байланысты екенін даналықпен болжады. Абай еңбекті байлықтың, молшылықтың көзі деп, жастарды еңбекке шақырды. Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп, бар өнері қу борбай сымпыс шолақ деп, кей жастардың жағымсыз мінездерін сынаған.

Абай даналығы бұл күнде де күшін жойған жоқ.

Абай жастарды еңбекке баулуда күнделікті отбасы тәрбиесіне, ата-ананың, жауапкершілігіне ерекше мән берді. Баланың болашағына жауапкершілік алдымен әкеге жүктелетінін ескертіп, әкенің ақылы мен ықпалы болмай, адал еңбекке, мағыналы өмірге дұрыс баулу мүмкін емес екенін атап көрсетті.

«Басында әке айтпаса ақыл жарлық,

Ағайын табылмаса ой саларлық.

Қалжықбассып өткізген қайран дәурен, 

Түбінде тартқызбай ма ол бір зорлық?»,-деп ойын-сауықпен өмірді мақсатсыз, жалқаулықпен босқа өткізудің соңы өкініш екенін еске салады.

Абай ұрпақ тәрбиесіндегі ананың орнын ерекше бағалап, аналық мейірім арқылы берілетін нәзік те пәк адамгершілік асыл қасиетті ерекше қастерледі. Ананы өз баласының алғашқы,ең аяулы тәрбиешісі деп білді. Қыз баланың тәрбиесіндегі ана тәлімінің ықпалына Абай педагогикалық тұрғыдан жан-жақты талдау жасап, өрелі тұжырымдар айтты. Ол қыз балаларды жұбайлық өмірге балғын шақтан әзірлеу керектігіне назар аударды, ұлттық дәстүрді басшылыққа алуды ұсынды.

«Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,

Лапылдақ көрсе-қызар нәпсіге ерме!

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме!»-деп тұрмыс құрар жастарға кеңес береді.

Абай еңбектің адам мен қоғам өмірінде алатын қызметіне зор мән беріп, жастардың әртүрлі кәсіпті еркін меңгеруіне ықпал етіп, еңбекті тиімді ұйымдастыру жолдарына баулыды. Ақын жастарды бойындағы күш қуатын пайдалы еңбекке жұмсауға шақырды. Көршілес халықтардың егіншілік пен қолөнерін, сауда жасауды, түрлі кәсіпті үйренуге үндеді. Жастарды жеке басының қамын күйттеп кетпей, халқының жарқын болашағы үшін еңбек етуге шақырды. «өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың»,-деген өсиет қалдырды.

Абай қалың бұқараны адал еңбекке үндеді, қулық-сұмдықпен, алдау-арбаумен, ұрлық-зорлықпен, еңбексіз тапқан мал мен мүліктің:

«Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,

Қардың суы сықылды тез суалар»,-деп, ондай арзан дүниенің жұғымсыз екенін ұқтырды.

Ұлы ұстаздың ағартушылық көзқарастарының алтын діңгегі – адам тәрбиесі, содан туындайтын бүкіл халық тәрбиесі,  қазақ халқының болашағы жастарды адамгершілікке тәрбиелеу, өнер мен еңбекке баулу деп ұқты, әрбір жас өз елінің «кетігін»бітейтін «кірпіш» болса деп армандады.

Абай қоғамның тәрбиесі жеке адамнан басталатынын көрсетті. Өйткені «адам түзелмей, қоғам түзелмейтінін» ұққан Абай тобырдың ішінде тұлға жүрмесе мәнінен айрылатынын меңзеп, «не болады өңкей нөл» деп налыды.

Ұлы ақын ақыл сөнбейтін іске сенбе, әуелі білім, ғылым, өнер жолын таңдап алып, «естілерден үлгі ал, еңбекпен ғана мал тап» деп жол сілтейді. Сонда ғана осындай адамдары бар елдің келбеті түзік болатынына сенеді.

Абай жан-жақты, кемел тәрбиелі адам ғана «толық адам» санатына қосылады деп есептейді. Ал кемелдікке жетудің тура жолы – адам бойында имандылық  қасиеттердің туындауынан басталады.

Адамгершілік, ақыл-ой, еңбек сияқты тәрбиенің бәрі де осындай мұсылмандылыққа ден қойған жастың бойына тез үйіріледі деп пайымдайды. Абай поэзиясын тұтастай қарастырғанда, одан баға жетпес мынадай үш асыл қазынаны бөліп алар едік:

1)                       Алланы сүю, оның «хикметін сезіну»,«Алланы жаннан тәтті» сүю.

2)   «Әділетті сүю, оны Алланың хикметі деп сүю».

3)   Адамды, бүкіл адамзатты сүю. Оны жай сүю емес, хақ жолы деп сүю, яғни Алла махаббатпен жаратқан Адамды сүю.

«Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп тахқиқ біл.

Ойлан-дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл»,-деген өлең жолдарының өзі осыны көрсетеді. Абайды оқытуда осы үш сүюді басшылыққа алған жөн.

Абай жаңа өмірге бастар жол оқу ағарту, адамның рухани жағынан, азат болуы деп түсінді. «Адамның білімі, өнері – адамшылықтың таразысы» деп санаған Абай білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын адамның ең қымбат кезі – жастық шақты оқуға, ғылымға жұмсауды еске салады. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, білімдіден үйрен, үлгі ал, солардай болуға тырыс дей келе:

«Дүние де өзі, мал да өзі,ғылымға көңіл бөлсеңіз...»,-деген тұжырым ұсынады.

Абайдың ұстаздық ойларының ішінде білімді өмір бойы игеру, оны кітаптан іздеу, өз бетінше оқу, естіп білгенді есте сақтау мәселелері айқын көрініс тапқан. Абай әр шәкірттің өзін-өзі ғылым мен білімге жетелейтін жолдарын көбірек сөз етеді.

Нәресте дүниеге келгенде-ақ оның бойында екі құмарлықтың – «тән және жан құмарлығының» бірге болатыны, соның соңғысын – «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деп бөледі.

Дәл осының өзі ойшылдың педагогикалық көрегендігіне айқын мысал.

Жалпы, ағартушы ретінде Абай білім алу жолын нобайлап айтқанды, оның қалай оқу керек, ал меңгерген білімді қалай өмірде қолданып, жүзеге асыруға болатындығы жөніндегі ойлары осы заманғы педагогика тұрғысынан өте орынды. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», - деп білімнің нұрлы сырын көруге «жүрегі – айна, көңілі – ояу, көкірегінде көзі бар, ынталы, сөзді ұғатын» шәкіртті іздейді. Абайдың айтуынша, адамның білімге құштарлығы оны тәрбиелі етеді.

Қазақ халқының ой-санасында соны бағыт ұстанып қазақ елін прогреске жетектеген ойшыл ақын «түзетпек едім заманды»,- деп, өз танымының тұрғысынан, жас ұрпақтың жаңа өкілін дәуір талабының деңгейінде тәрбиелеуді мақсат тұтып, белсене әрекет еткен. Осы мүдде тұрғысынан Абай адам болам деген әрбір талантты жастың бойында адамшылықтың қандай нәрі, ізгілікті сипаттары басым болу керектігін алғаш рет «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінде саралап берді.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз, - деп, толық адам немесе инсанияттың кәмелаттығы туралы тезис жазып қалдырды.

Абайды оқыған сайын, көкейіңе тоқыған сайын қазақтың табиғатын аша түсіп, ел-жұрттың тағдыры мен келешегі жайлы ойланасың.

Иә, Абай заманын біз қанша «надан» көргенімізбен, сөзге тоқтайтын, сөз қадіріне құлақ асатын, «айтылған сөз – атылған оқ» деп сөзді сертке байлайтын заман болатын. Соның өзінде: «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел!» деді Абай. Алайда, заманына асыл сөзін тыңдата алмай кеткен Абай мұрасына бүгінгі оқушы да терең бойлап бара алмай жүргендігі қинайды. Бүгінде ел қамын ойлаудан гөрі, оңай келген байлықтың буына мас болып, тәуелсіздіктің қадірін білмей, бас-басына би болғысы кеп, ел байлығын сыртқа тасып жүргендер бар. Абай айтқан «баяғы жартас бір жартастың кебін» кешіп, жалқаулық, алауыздық, өсекшілдік, билікшілдік күні бүгін де бар. Бұл айтқандардың үстіне, бүгінде тіл азабы, ұлтсыздық азабы, миссионерлер мәселесі қосылды. Абай өлеңдерін, Абай сөздерін өз тілінде оқи алмайтын ұрпақ қалыптасты. Абай халықтың өнердің қайнарынан молсусындай отырып, қазақ поэзиясы мен қазақ музыкасын шырқау биікке көтерген, әнге де жаңа ырғақ, жаңа мағына әкелген композитор.

Құр айқай бақырған,

Құлаққа ән бе екен? – дейді Абай.

Осы сөзі дәл бүгінгі біздің жастарға арнап айтылғандай.Оған себеп, қазіргі жастардың дені дәстүрлі әннен қол үзіп, батыстың мағынасыз, әулекі музыкасына бой ұрып бара жатыр. Осы ретте «құлақтан кіріп бойды алар», әсем әніміз бен тәтті күйімізді тыңдай білуді, Абайша сүйіп, қастерлеуді жастарға үйретуіміз керек.

 Абай өлеңдерін оқу,оның қадір қасиетін сезіну,асыл ойларын зердеге сақтау ынтасы да,ықыласы да бүгінде бұрынғыдай емес.Тек Абай ғана емес,жалпы кітапқа құштарлық,кітапқа құмарлық бәсеңдеді.Мұны күнделікті тіршілікте әр отбасынан көріп жүрміз.Теледидар,басқа да ақпараттар толқыны,батыстық экспансия өз балаларымызды бауырымыздан,ұлттық әдебиеттен,ұлттық өнерден,ұлттық музыкадан бөліп алып барады.Бұл,шынында да қорқынышты жағдай.Қорқамын кейінгі жас балалардан дегенде Абай осы сұмдықты сезген бе деп ойлайсың.Сондықтан да мына қиын да күрделі заманда етек жеңімізді,есімізді жию үшін де бізге Абай керек,Абай өлеңдеріне жас ұрпақты үңілдірудің,Абай ойларын жеткіншектеріміздің бойына сіңірудің тура жолын іздестіруіміз керек.

Заман асқан сайын,уақыт өткен сайын тылсымның кілті табылып,Абай халқына бүгінгіден де ашыла,бүгінгіден де жақындай түсетін болады.Қазақ дертінен айығу үшін,көкейіндегісін табу үшін Абайға жүгінуі керек.Заманына,дәуіріне қарай,қоғамның ауанына қарай үнемі Абаймен сырласып отыруымыз керек.Өйткені Абай өлеңді ермек үшін жазған жоқ,кейінгіге өнеге білім бермек үшін жазды.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1.   Ж.Әбиев Педагогика тарихы -Алматы: Дарын, 2006ж.

2.   Қ. Бітібаева Абай шығармашылығын оқыту- Алматы Мектеп 2003ж.

3.   Т. Тәжібаев А. Құнанбаевтың философиялық, психологиялық және педагогикалық көзқарастары- Алматы: ҚМБ 1957ж.

4.   М. Мырзахметов Абайдың адамгершілік мұраттары- Алматы Рауан 1993ж.

5.   Абай энциклопедиясы- Атамұра баспасы 1995ж.