Куненова П.С. Бимурзаев Е.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

 

ҰЛТТЫҚ РУХАНИ-МӘДЕНИЕТТІҢ ӨЗЕГІ – БІЛІМДІ ЖАСТАР

 

 

Әрбір халық өз болмысын рухани мәдениеті арқылы зерделейді. ¥рпактан-ұрпакка рухани құндылыктарды жеткізу ұлттық құндылықтардың тұрақты жүйесін жасайды. Қазақ халқы да өз табиғи болмысында табиғаттан, өмір құбылыстарынан рухтана білген халық. Сөзден күмбез соққан шешендері мен «қара қылды қақ жарған» тура билері, хандары болашақты болжай білген қарттары болған. Мұны атада н мұра болып қалған көне жазба мәдени ескерткіштеріміз, рухани мұраларымыз растайды.

 Өзінің философиялық трактаттарында әл-Фараби, адам баласын жаратылыс атаулының биік шоқтығы, сондықтан да оны құрметтеу, қастерлеу керек деген идеяны ұсынған еді. Ол жасаған қорытындының басты түйіні - білім, мейірбандық, сұлулық, міне, үшеуінің бірлігі.

 Адам ұдайы рухани жағынан өзін-өзі жетілдіріп отыруы тиіс. Бұл өзі қазіргі кезде кез-келген қоғамдағы казіргі заман адамдарына арналған бабамыздың ескертпесі іспеттес.

Ұлы бабаларымыздың өсиеттері мен ақыл-пайымдауларын зерделесек, ұлттық мәдениетімізді түсінуге жол бастайтын көптеген идеяларды байқаймыз. 

 Жалпы, белгілі бір идеялар өмірден туады. Осы идеяларды тудыратын жаңа адамды, болашақ қоғам адамын рухани, интеллектуалдық  жағынан дамыта  тәрбиелеу ісі  бүгінгі күннің  ең өзекті мәселесі. Жастардың  батыл, ер жүрек, барлық жағынан сұлу, жайдарлы әрі кішіпейіл,  ақылды  боп өсуін қалаймыз. Әрине, адам баласы дүниеге  келген күннен бастап тәрбиелеуді керек етеді. Қоғамның жаһандану кезеңінде  саяси -экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген, іскер, өмірге икемделгіш, жан-жақты ұлттық рухтағы мәдениетті  тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру негізінде, халық мәдениетін, әдебиетін, тілін, салт-дәстүрін, тарихын, өнерін сүю арқылы нағыз мәдениетті маман даярлау да бүгінгі күннің ең маңызды мәселесіне айналды.

Жақсыдан қазына пұл қалар,

Солмайтын жасыл гүл қалар,

Сендердей арсыз қулардан

Желге ұшатын күл қалар - деп ақын Шәкәрім жырлағандай, біз жастарымыздың өз өмірлерін текке бос өткізбей, күш қуатын өнер, білімге жұмсап, артында өшпейтұғын із қалдырып, мәнді де, сәнді де бақытты өмір сүруін көргіміз келеді. Өкінішке орай, өмірде бұндай жағдай керісінше де болып келе береді. Кейбір қаракөз қазақтың  тамаша қыз –жігіттерінің мінез-құлық, қарым-қатынас мәдениетінен хабарсыз екенін көріп  жүрміз. Кей –кезде біз  олардың мінез-құлықтары мен жүріс-тұрысында өрескел қылықтары мен дөрекі сөздерін естіп еріксіз куә болып жатамыз. Жастардың мұндай өзімшіл өркөкіректігі  қоғамдық орындарда сақталуға тиісті қарапайым адамгершілік нормалары және эстетикалық саналылықпен санасқысы келмейтіндігі бізді еріксіз қынжылтады. Осындай жастармен азаматтық, зиялы қауым құра аламыз ба?

Мысалы, тәрбиелік мәні жоқ, келеңсіз қылықтарға толы телеарналардың көбеюі, онда тұрпайы, зорлық зомбылыққа негізделген фильмдер шектеусіз көрсетіледі. Алды - артын танып білмеген жастарға бұл фильмдердің жағымсыз әсері мен зияндығы өте зор. 

Сондықтанда  жастар бойындағы ұлтжандылық қасиеттің, рухани байлықтың жоғалып бара жатқаны осы факторлармен тікелей байланысты. «Ұлттық тәлім-тәрбие алмаған жастың ұлттық рухы болмайды» -деген қағиданы санамыз бен сенімімізге берік сіңдіріп, бүгінгі өмірге шынайы орнықтыру уақыты жетті.

Ұрандатылған жалынды сөздер мен үгіт насихатқа қарағанда, ұстаздар мен ата-аналар бірлесе отырып, кешенді түрде тәрбиелік жұмыстар жүргізу қажет.  Қазір еліміздегі жастар арсындағы тәрбие мәселесіне тікелей қатысты басты-басты ойлануға тұрарлық  мына тәрбиелік жағдайларды атап өтуге болады:

Прагматикалық құндылықтарға негізделген батыстық өркениетке, батыстық мәдениет үлгілеріне талғамсыз еліктеу;

Тәрбие жүйесінің ғылыми - әдіснамалық, педагогикалық –психологиялық және рухани- әлеуметтік негіздерінің осалдығы;

Тәрбие мәселесіндегі отбасының,  әкенің, қоғамның рөлінің төмендеуі. Осы және басқа да толып жатқан қоғамдық - әлеуметтік құбылыстардың нәтижесінде біз жасөспірімдер мен жастардың тәрбие мәселесін көп жағдайдаларда ырқымыздан шығарып алғанымызды мойындауымыз керек.

Мәдениет - ұлттың бейнесі, болмысы. Білімсіз және тәрбиесіз адам еш уақытта мәдениетті бола алмайтыны ақиқат, ендеше білім мен тәрбие барлық халықтар мәдениетінің қайнар бұлағы болып табылады. Француз елінің  әйгілі жазушысы Роман Роллан: «Мәдениет дегеніміз - адамдардың өзара қарым-қатынасы, ол – адалдық, ол – жалақорлық пен жалғандықты әшкерелеп, түп-тамырымен құрту деген сөз. Ол – тек тұрмыста ғана емес, адамның ішкі жан дүниесін де тазартып, жаңарту деген сөз. Ол – ең мәртебелі де асқақ мағынадағы достық пен махаббат деген сөз.  Ал, ең бастысы, ол – идея мен адамға қызмет етудің ұлылығы деген сөз» -дейді.

Ұлттық Көркемөнер мәдениеті – эстетикалық рухани мәдениетті қалыптастыру процесінде маңызы зор.

 «Өнер таусылмас азық, жұтамас байлық» дейді біздің халық. Өнер адам баласын сан түрлі біліммен қаруландырады, адам жанын нәзік сезімге бөлейді. Өнерді түсіне білген адам, бөтен біреудің жанына жара салғысы келмейді. Адамның асыл, нәзік қасиетінің бірі –эстетикалық сезімді оятып, өсіртетін, эстетикалық талғаммен көзқарасты қалыптастырып, кісінің эстетикалық мәдениетін дамытатын, жетілдіретін факторлардың  ішінде ең үлкен орын алатын, шешуші  роль атқаратын әдебиет пен өнер екендігінде дау жоқ. Болашақ маманның эстетикалық мәдениетінің қалыптасуының негізгі және бастапқы ұйымдастыру кезеңі білім берумен қатар, оны студент жастардың шығармашылық қабілеттерінің дамуына бағытталған көпшілік-мәдени шараларымен байланыстыра отыра, яғни мақсатты ұйымдастырылған тәрбие жұмыстары барысындағы эстетикалық жүйеде жүзеге асады.

Студент жастардың шығармашылық әрекеті қоғамдық пайдалы істері тек ол үшін жай ғана көңіл көтеру ретінде ғана бағаланбауы қажет, керісінше өзі үшін қажеттілігіне сенімі болуы тиіс.

Ғасырлар бойы халық туғызған мәдениет, өнер, салт-сана қоғамдық құбылысқа сай өсіп, жетіліп отыратындығы айқын. Ата дәстүрін жалғастырушы өнерлі жастарды дәріптеу қазақ  ауыз әдебиетінде де ерекше маңызға ие болып отырған. Оны,

«Атадан ұл тумас болар ма,

Ата жолын қумас болар ма» деген мақал соның куәсі емес пе. Қәзіргі қоғамды жаңарту жағдайында жастарымызда батыстың күйкі үлгілеріне еліктеушілік, өз халқының тарихын, мәдениетін әлі де жетік білмеушілік басым. Соның негізінде талғамсыздық пен тұрпайылыққа жастарымыздың бой алдыруы, сырт-бейнесі, жүріс-тұрысы, киім кию үлгісі көзге тіпті оғаш көрінеді. Қызбаланың шылымға, бозбаланың  ішкілікке үйірсектігі, не болмаса ерекше болып көрінуге тырысам деп моральдық азғындауға ұшырауы басым болып барады. Батыстың мәнсіз музыкасын тыңдап, соған бой алдырып, еліріп қисаңдаған ұл-қыздан не тәлім күтесің. Ондайлар қазақтың әсем сазын, асқақ әуенін бағалай ма?

Ерте де қазақ қыздарының сұлулығын суреттеу- әсемдік тану тұрғысында эстетикалық заңмен бейнеленіп отырған. Атап айтсақ, Қызжібек, Баян сұлу, Айман мен Шолпан бейнелері халық туғызған идеал образдардың толық сипаттамасы. Бүгінгі қазақ қыздарымыздың бүгінгі болмысы мен бейнесінен  осындай сұлулық пен ізгілік, әсем-мінез құлықты, шынайы махаббат иесін көрсек, соған еліктей білсе, соларды идеал тұтып, өнеге тұтса қандай ғанибет болар еді.

 Қызжібекті Төлеген

Ақылменен танып тұр.

Көз мейірі қанып тұр,

Бейіштен жанған шамшырақ,

Көзі ойнап жанып тұр,

Белі нәзік талып тұр,

Тартқан сымнан жіңішке

Үзіліп кетпей неғып тұр –деген үзінді де парасаттылық  пен тұнып тұрған  эстетика, ғажап әсемдік пен әдемілік жатқан жоқ па!

Бізде адамдардың рухани дүниесін байытудан жоғары тұратын ешқандай да маңызды мәселе жоқ. Біз бұл арада  тек бір ғана жағдайды – қоғамдағы барлық адамдарды ортақ бір идея мен ортақ бір мақсатқа біріктіріп, бейбіт жағдайда өмір сүріп  жатқан және «әдемілік заңы» бойынша өмір сүруді көксейтін өз жастарымыздың рухани - эстетикалық мәдениеті жайлы әңгіме қозғап отырмыз.

 Қандай мемлекеттің болсада бейнесі мен келешегі жастарға байланысты болмақ. Жастар болғанда да талантты жастар. Олай дейтін себебіміз - «ұлттық тәлім-тәрбие алмаған жастың ұлттық рухы болмайды». Біз келешекте қуатты мемлекет, зиялы қауым құрамыз десек, жастарды инабаттылыққа, мәдениеттілікке тәрбиелеуді қазірден бастап дұрыс қолға алуымыз керек. Ал, ол тәрбиенің негізі – «ата баба жолы», ұлттық салт-дәстүрлері мен ұлттық қасиеттері болуға тиіс. Осы талап, тілектердің орындаудың ең бір пәрменді құралы ретінде – оқу-тәрбие жұмыстарында халықтың қымбат рухани – мәдени қазынасын пайдалану, қаншама уақыт өтсе де, өлмейтін, өшпейтін бабалар өсиетіне сүйену.  Өйткені, бұл мәселеде алға қарай аяқ басқанда, өткеннен нәр алмай, рухани азық алмай болашаққа қадам басу мүмкін емес.

Адам өмірінің гүлденіп, адам табиғатының әбден көркейетін шағы – оның жастық кезеңі. Олай болса, жастарға ұлттық рухани тәрбие беру, олардың көркемдік-эстетикалық талғамы мен мәдениетін көтеру қаншалықты игі міндет болса, соншалықты қиын әрі күрделі міндет. Оның орындалуы бір күннің немесе бір жылдың жұмысы емес. Сондықтан да, адамзат мәдениетінің өткендегі жақсы дәстүріне сүйене отырып, жаңа заман шындығын шынайы бейнелеу жөнінде еркін ізденіс, батыл жаңалықтар табуға толық мүмкіндік туындап отыр.

Қорыта айтқанда, бұрынғы өткен бабалардың мәдени мұрасындағы олардың өсиеті мен өнегесін дұрыс пайдаланып, ұлттық мәдениет пен рухани мұраны жастарымыздың қажетіне жаратқанда ғана жаңа өмірде салтанатты, салауатты өмір сүріп, жалпы адамзаттық өркениет дәрежесіне көтерілуге мүмкіндік пайда болады. Ол үшін қазақ халқының тарихи-мәдени ерекшеліктеріне сай шынайы өмір сүру салтын насихаттауды, оқу-тәрбие жұмыстарында кешенді түрде бағдараламарға ұлтымыздың әдет-ғұрыптары мен дәстүр-салтын дәріптейтін, эстетикалық мәдениетті одан әрі дамытатын тәрбиелік – танымдық, ұлттық  мәдени, рухани-әдеп, танымдық- тәрбиелік  клубтарын жаңғырту, еуропалық стилде өтетін «МИСС» конкурсын  «Қазақтың арулары» атты әсемдік пен парасаттылыққа тәрбиелейтін арулар байқауына алмастыру тағысын тағылар.

Осы орайда жастардың рухани мәдениетінің орталығына айналған білім ошағында студент жастардың тұтас рухани-эстетикалық мәдениетін қалыптастыру қоғамдық мәдениеттің құрылымын жетілдіру жағдайында өзінің әрі қарай даму үрдісі  жалғасын тапқан. Жастардың келбеттері мен рухани қызығушылықтарын дамыту нақтылы өтімді, ықпалды процесс ретінде  қалыптасқан. Университеттік білі беру жүйесін үнемі жақсартып, дамыту процесінде рухани-тәрбие мәдениеті де ізгі жолда өз нәтижесін беріп отыр десек, артық айтқандық болмас.

Қазіргі таңда студенттерге отандық және дүниежүзілік көркем мәдениеттің таңдаулы үлгілері арқылы көркем-эстетикалық тәрбие берудің маңызы айрықша. Бұл міндетті шешуде олардың сабақтан тыс уақыттағы көркем -шығармашылық әрекеттерінің жемісін көріп отырмыз. Сондықтан да ғылыми - шығармашылық үйірмелер мен факультативтерде өнер-білімді ұштастыру жұмыстары тәжірибесі  жастардың жеке тұлғасының, рухани-эстетикалық мәдениетінің қалыптасуына  шешуші фактор ретінде ықпал етіп отыр.

 Жан-жақты, білімді, ұлттық рухтағы мәдениетті адамды тәрбиелеу жаңа қоғам адамын қалыптастыру мәселесімен тығыз байланысты екенін біз ұстаздар қауымы әсте естен шығармақ емеспіз. 

 Ал, бұл өз кезегінде, студент жастар, әрбір адамның азаматтығына, адамдығына, адалдығы мен адамгершілігіне байланысты болмақ. Мынау дүрбелеңі көп өмірде алмас қылыштай жарқырап көріне алмасаң өзіңе сен. Сондықтан да, арман жолында халықтың даналық мұрасынан ілім, ғылым қойнауынан інжу-маржан алып, биікке самғайтын, шырқау шыңнан көрінетін сұңқар болғанға не жетсін!

 

                                      Әдебиеттер:

1.       С.Әбенбаев «Эстетикалық мәдениет негіздері». Алматы 2005.

2.       Ақылдың кені. Құрастырған Қ. Жарықбаев – Алматы: Қазақстан, 1991.-256.

3.       Әбенбаев С.Ш. Ұлттық-эстетикалық мәдениет негіздері.-Алматы 2001

4.       Жаңғырған салт-дәстүрлер. Алматы1991.

5.       Ғабитов Т.,Мүтәліпов Ж.,Құлсариева А. Мәдениеттану негіздері. Алматы 2000.

6.       Елеукенов Ш. Сұлулыққа іңкәрлік. Алматы: Білім,1992-328.