Педагогические науки/5 Современные методы
преподавания
П.ғ.к., доцент Мұратбекова А.М.
Ф.ғ.к., доцент Әлібекова Ә.Ш.
С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ,
Астана қаласы
Қазақ тілі сабағында
электрондық оқулықтарды қолданудың тиімділігі
Қазақстан
Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың
«Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты
Қазақстан халқына Жолдауында «Бүкіл еліміз бойынша
әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін
көрсетуге қол жеткізу, On-line тәсілінде оқыту
тәжірибесін дамытып, елімізде оқу теледидарын құру
қажеттігіне баса назар аударса, [1]
«Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында
“Білім беру саласын жаңғыртуды
жалғастыруымыз қажет, өмір бойы оқу – әрбір
қазақстандықтың жеке ұстанымы айналуы тиіс. Сапалы
білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының
және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс» дегенді
айтады [2].
Білім беру үрдісінде электрондық
оқулықтарды, компьютерлік оқыту бағдарламаларын,
дыбыстық және бейнелік оқу материалдарын пайдалануда
қолданылатын мультимедиалық технологиялар инновациялық
әдістерді жүзеге асыратын бірден бір жаңа
ақпараттық технология болып есептеледі.
Компьютерлік-мультимедиялық технологияларға
байланысты ғалымдардың
зерттеулеріне тоқтала кетсек, Ж.А. Қараев оқытудың компьютерлік
технологияларын пайдалану жағдайында оқушылардың
танымдық белсенділігін арттыру, С.М. Кеңесбаев болашақ
мұғалімдердің жаңа ақпараттық технологияны
пайдалана білу, М. Баймұхамедов компьютерлік оқытудың
бейімделген технологиясын құрастырудың нобайларын,
әдістері мен құралдарын жасау, Ж.Ж. Жаңабаев ақпараттық технологиялардың
даму жағдайында мамандардың инженерлік-сызба дайындықтарын жетілдіру,
Б.Д. Сыдықов ақпараттық-компьютерлік және
математикалық модельдеу негізінде болашақ мұғалімдерді
кәсіби дайындау жүйесі туралы мәселелерді қарастырған.
Ресей
ғалымы Г.Н. Селевко сабақта компьютерлік технологияны
қолданудың үш түрлі
нұсқасын ұсынады:
-
«тереңдетілген» технология – компьютерлік оқытуды жекеленген тақырып немесе тарау бойынша
қолдану;
-
негізгі технология – белгілі бір
модульді меңгеруге байланысты маңызды деп саналатын
технологияларды қолдану;
- монотехнология – компьютерді
диагностика, мониторинг жүргізуде қолдану [3].
Жалпы, компьютерлік оқыту
бағдарламаларын қазіргі кездегі қолданысына қарай
бірнеше түрге бөлуге болады:
1.
Қолданбалы компьютерлік бағдарламалар. Бұл
бағдарламалардың мақсаты – оқу үрдісіндегі
ақпаратты ұсыну арқылы білім алушының жеке
қабілетіне қарай білім, білік пен дағдыны қалыптастыруы.
2.
Жаттықтырушы компьютерлік бағдарламалар өткен материалды
қайталауда немесе бекітуде қолданылады.
3.
Тестік диагностикалық материалдарының мақсаты – білім, дағды, іскерлікті
бағалау.
4.
Ақпараттық-іздестіру бағдарламалары
қолданушыға қажетті ақпаратты таңдауға
және оны анықтауға бағытталады.
5.
Ойын арқылы оқыту бағдарламалары. Білім алуда ойын
түрлерін ұсыну арқылы дұрыс шешім, әрекетті
таңдауға үйрететін бағдарламалар.
6. Аудармашы-сөздік бағдарламалар.
Сөздерді, сөз тіркестерін, мәтіндерді аударуға
арналған бағдарламалар.
Ақпараттық
технологияны қолдануға негiзделген дидактикалық
әдiс-тәсiлдердің бірі – электронды оқулықпен
жұмыс. Электронды оқулықпен жеке жұмыс iстеуде
студенттің белгілі бір тақырыпты бiрнеше қайталап
оқуына, тыңдауына, сөздiң түсiндiрмесiн анықтама
бөлiмiнен қарауына, оның грамматикалық жасалу жолдарын бiлуiне болады. Сонымен қатар электрондық
оқулықтарды сабақта пайдалану кезінде оқушылар
бұрын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен
шығармашылық тапсырмалар орындайды. Әрбір оқушы
таңдаған тақырып бойынша тапсырмалар мен тарау бойынша тест
жұмыстарын орындап, тәжірибелік тапсырмалармен жұмыс
жасауға дағдыланады.
Өз тәжірибемізге сүйене отырып, «Қазақ тілі» атты электронды оқу
құралына тоқталып өтуді жөн көрдік. Электронды
оқулық 18 сабақты қамтиды: «Танысу», «Студент»,
«Аралық бақылау», «Менің бір күнім», «Университетте», «Өзім туралы әңгіме», «Менің
отбасым», «Елімнің болашағы
жастардың қолында”, “Менің ғылыми жұмысым», «Университет
кітапханасында”, “Әмбебап оқу залында, «Мерзімді басылымдар оқу
залында», «Театрда», “Кинотеатрда», «Кітап дүкенінде», «Емханада», «Асханада», «Менің елім –
Қазақстан». Электрондық оқулық негізінен
үш бөліктен тұрады: презентациялық бөлім, негізгі
ақпаратты бекіту жаттығулары мен практикалық тапсырмалар,
студенттің білімін бағалауға арналған тест тапсырмалары.

1-сурет . «ЭО мазмұнының» жалпы
көрінісі
Электронды оқу
құралының құрылымы студенттердің
өздігінен және қашықтан жұмыс істеуіне
бағытталған.
Әр
модуль оқу материалын оқытудың, бекітудің және
тексерудің барлық қажетті компоненттерінен, яғни:
·
Грамматикалық тапсырмалары бар лексикалық материалдан;
· Өзін-өзі тексеруге
арналған мәтін бойынша тренинг-тест жүйесінен
тұрады.
Оқу
құралындағы мәтін, қазақша-орысша
сөздік, жаттығулар, лексикалық бірліктерді тануға
және қолдануға арналған ойындар, білім деңгейін
тексеруге арналған тест тапсырмалары материалды нәтижелі
меңгеруге ықпал етеді (2-сурет).

2-сурет. Электронды оқу құралындағы мәтін
бетінің жалпы көрінісі

3-сурет. Мәтінге арналған қазақша-орысша
сөздіктің жалпы көрінісі
Әр модульдің тренинг
жүйесі мәтін бойынша грамматикалық жаттығуларды, ойын
түріндегі тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді (4 сурет).

4-сурет. Тренинг
тапсырмаларының жалпы көрінісі
Оқыту
үрдісінде студенттердің өз бетімен орындайтын жұмысы – арнайы бөлінген уақыт ішінде
оқытушының көмегінсіз
орындалатын жұмыс. Студент тапсырмада қойылған мәселені
саналы түрде ақыл-ойы мен күш-жігерін жұмылдырып шешуі
және өз жұмысының нәтижесін көрсетуі тиіс.
Студенттердің өздігінен орындайтын жұмыстарының бірі – жаттығулар мен тапсырмалар
жүйесі. Бұл кешенді жұмыс түрлерін орындауда
оқытушы кеңесші қызметін атқарса, студент оқу
материалын қабылдауға, ұғынуға және
игеруге, оны өзінің болашақ қызметінде қолдана
білуге, өз бетімен жұмыс істеуге ұмтылыс жасауы керек. Өз
бетімен орындалатын жаттығулардың үлгілері 5-суретте
берілген.

5-сурет.
Өздік жұмысқа арналған тапсырмалардың
нұсқасы
Сонымен
қатар электронды оқулық ойын элементтерінен тұрады. Ойын
элементтері – студенттердің белсенділігін
арттыратын, олардың логикалық ойлау қабілетін дамытатын оқыту
әдісінің бір тәсілі. Жалпы, ойын түрлері студенттердің
сөйлеуін, қарым-қатынас жасауын жетілдіруге ықпал
етеді. Электронды оқулықта мағыналары
бір-біріне жақын сөздердің ішінен артық сөзді
табу ойыны 6-суретте көрсетілген.

6-сурет. «Артық сөзді тап» атты өзін-өзі
тексеруге арналған ойынының жалпы көрінісі
Электронды оқулық модуль
тақырыптары бойынша он сұрақты құрайтын тест
тапсырмаларынан тұрады. Тест – үйренушінің білім
деңгеін анықтаудың сенімді құралы. «Тесты привлекают студентов своей необычностью по
сравнению с традиционными формами контроля, побуждают к систематическим
занятиям по предмету, создают дополнительную мотивацию обучения» [4, 177-183].
Тест лексикалық
тақырыптарды және мәтін мазмұнына сай тапсырмаларды
орындағаннан кейін студенттердің білімін бекітуде қолданылады
(7-сурет). Тест тапсырмаларының қорытындысы «өте
жақсы», «жақсы», «қанағаттанарлық»,
«қанағаттанарлықсыз» бағалауы түрінде шығарылады. Электронды оқулықта берілген тест
тапсырмалары оқылатын мәтін мазмұны бойынша
құрастырылған.

7-сурет.
Өзін-өзі бақылауға арналған тест
сұрақтарының нұсқасы
Сонымен, электрондық оқулықтың
жетістіктері:
- студенттің
өз бетімен білім алуы;
-
қашықтықтан білім алу мүмкіндігінің туындауы;
-
қажетті ақпаратты жедел
түрде тауып алу мүмкіндігі;
-
тез арада кері байланыс болуын қамтамасыз етуі;
- кредиттік оқыту жүйесінде
студенттердің теориялық білімі мен практикалық
дағдыларының артуы;
- гипермәтінді
түсіндірмелерді бірнеше рет қарап шығу барысында
уақытты үнемдеуі;
- студенттің білім,
білік, іскерлігін тарау бойынша тексеруге, бағалауға мүмкіндігінің
болуы болып
табылады.
Қорытындылай
келе, электрондық оқулықтарды пайдалану тіл үйренушілердің
белсенді іс-әрекетін қалыптастыруға, оқу үрдісінің өзара интерактивті әрекеті
негізінде ұйымдастырылуына, үйренушінің жоғары мотивациялық
қызығушылығы мен белсенділігін туғызуға ықпал
етеді.
Әдебиет:
1.
“Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” Қазақстан
Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың
Қазақстан халқына Жолдауы, 2007 ж.
2.
«Болашақтың іргесін бірге
қалаймыз» Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә.Назарбаевтың
Қазақстан халқына Жолдауы, 29 қаңтар 2011ж.
3.
Селевко Г.Н. Современные образовательные технологии. – М.: Народное
образование, 1998.
4.
Владимиров В.Н., Урусов Н.А. О возможностях
компьютеризованного тестового контроля //в
книге: Компьютер и историческое знание. –
Барнаул, 1994.