Бастауыш сынып мұғалімі А. Р.
Тоғызбаева
Ы. Алтынсарин атындағы № 49 мектеп - гимназиясы,
Тараз қаласы
Бастауыш сыныпта орфографиялық сауаттылық мәселері туралы
Ұстаз үшін ең
негізгі мақсат – әр сабағын түсінікті, тартымды, тиімді
өткізу. Оны жүзеге асырудың бір жолы – оқушыларға
білім беру, тәрбиелеу барысында кеңінен қолданылып
жүрген оқушылардың білім сапасын көтеруде жағдай
жасайтын сабақты тиімді ұйымдастыруға, атап айтқанда,
сабақ уақытын ұтымды пайдалануға мұғалім
мен оқушылардың ойлай қабілетін дамытуға көп
көмегін тигізетін әдістер қолдана білу.
Бастауыш сыныпты бітіріп, бесінші
сыныпқа келгенде жазу жұмысында оқушылар көптеген
қателер жібереді. Олардың көбі мәтіндегі жаңа ой
басталатын жерде азат жолдан бастап жазуды білмейді. «Бас әріп, кіші
әріп» түрі мен тұлғаларын сақтап жаза алмауынан,
әріптің баспа түрі мен жазба түрін айқын
білмеуінен болады. Әріптерді дыбыстағанда, оны дұрыс айтып
үйренбейді. Септік жалғауын дұрыс меңгермеген
оқушылар қосарланып жазылатын дауыссыз дыбыстардың біреуін
ғана жазады. Сөздерді буынға дұрыс бөле
алмағандықтан кейбір оқушылар тасымалдан қате жібереді.
Сонымен бірге, басқа тілден енген термин сөздерді де жазуда жиі
қателеседі. Айта берсек өте көп, осы айтылған қателерді
жібермей сауатты жазу үшін, қандай жұмыстар жүргізген
жөн. Дыбыстардың жазылуы, әсіресе
қазақ тіліне тән дыбыстарға, жалғаудың
жіңішке және жуан болып жалғануына, көмектес
септігіндегі жалғаудың ерекшелігіне ерекше көңіл
аударылады.
Орфография -
барлық тарау бойынша, яғни дыбыс және буын үндестігі,
буын, оның түрлері, тасымал, бас әріппен жазылатын
сөздер, термин сөздердің жазылуы, фонетикалық талдау
жөнінде мәлімет береді.
Мұғалімнің шеберлігіне қарай
сабақтың көптеген түрлерін өткізуге болады. Мәтінмен
жұмыс жасау барысында сауаттылық мәселелерін де қатар
жүргізіп отыру керек. Сауатты жазу дағдысын жүйелі
түрде дамыту үшін түрлі
жазба жұмыстардың маңызы зор. Сол
себептен, оқушылардың білім
сапасын жақсартуда, ой-өрісін кеңейтуде, алған
білімдеріндегі кейбір олқылықтарды жойып, бұрын өткен
материалдарды бір жүйеге түсіру үшін диктанттарды пайдалану
өте тиімді. Диктант қай сыныпта болмасын, неғұрлым жиі
алынса, оқушылардың сауаты соғұрлым табысты
болмақ.
Диктанттар мына түрде
болады: әріп, буын, сөз, сөздік, ескерту,
шығармашылық, көру, өздік, суретті, терме,
графикалық, есту, бақылау диктанттары. Мақсатына қарай
оларды өткізудің де тәсілдері түрлі-түрлі.
Оқушыны қатесіз жазуға үйрету үшін
мұғалім олардың жіберген қателерін дер кезінде
көріп, онымен нақты, тиянақты жұмыс істеуі тиіс.
Дұрыс сауатты жазуға төселдіру үлкен шеберлікті
қажет етеді.
Оқушыларды сауатты
жазуға «Әліппені» оқытудың алғашқы
кездерінен үйрету керек, ол үшін графикалық диктант жүргізген жөн. Мақсатына
қарай оларды өткізудің тәсілдері
түрлі-түрлі. Графикалық диктантты сөйлемдегі
сөздердің байланысын сызба арқылы көрсету, керісінше
берілген сызба бойынша сөйлем құрау сияқты түрлі
нұсқада жүргізуге болады. Сонымен, графикалық диктант
уақытты аз алады, ауызша практикалық жолмен көп ережені
түсіндіруге мүмкіндік береді.
Әріп диктанты
бірінші сыныпта алғашқы әріптерді үйренгеннен кейін
жүргізіледі. Ол дыбыс таңбасының баспа түрінен жазба
түріне аударып жазуға үйрету, дауысты дауыссыз дыбыстарды
ажырата білуге дағдыландыру және көркем жазуын
қалыптастыру үшін қолданылады. Мысалы, әріптер
салынған қалта ішінен оқушы кез-келген әріпті алады,
магнит тақтаға іледі, дауысты, дауыссызын ажыратады. Ол
әріпті баспа түрінен жазба түріне айналдырып жазады.
Әріп диктантын мына түрде де алуға болады.: мысалы:
сырға (5), асқабақ (7), құс (3) және т. б.
Суретті диктант. Бұл диктантты түрлендіріп өткізуге болады. Мысалы,
суреттегі заттың атын ататып, ондағы сөзде неше дыбыс болса,
сонша тор көз сыздыру. Немесе суреттегі заттарды атап, дауысты, дауыссыз дыбыстарды көк не
қызыл дөңгелекпен белгілеу, суреттегі заттарды буынға
бөлгізіп жаздыру.
Сөздік диктанты. Әріп емлесін өту кезінде белгілі бір сөздердің
жазылуын есте сақтау үшін пайдаланылады. Сөздік диктанты
өтіліп отырған тақырыпқа байланысты жүргізіледі.
Бұл диктант түрін күнде сабақ алдында жаздырып
алуға болады. Мысалы, қарындаш, жүзім, көгершін,
құлын т.б. Сөздік диктантын күрделендіріп алуға
да болады. Бірнеше сөздер жаздырып, осы берілген сөздердің
жұрнақ, жалғауын сызба арқылы ажыратып шығады.
Бұл жерде сөздік диктанты графикалық диктантпен байланысып
тұр.
Буын диктанты. Сауатты жазуға үйрету, қате жазудан сақтандыру, сөзді
буындап оқуға оны жаттап алуға көмектесу,
сөздерді тасымалдай білуге үйрету сияқты жұмыс
түрлерін қамтиды. Аула (2), саңырауқұлақ
(5), аққала(3).
Есту диктанты. Күз келді
(2), күн суыта бастады (3), жапырақтар сарғайып жерге
түсті (4).
Шығармашылық
диктанты. Үйрету диктанттар ішінде мазмұн,
құрылым, әдіс-тәсіл жағынан ең
күрделісі,
оқушылардың ойлау қабілетін, сөздік қорын білім
деңгейімен өздігінен жұмыс істеудегі шеберліктерін арттыру
көрсеткіші. Бұл диктанттың көп нүктенің
орнына тиісті әріптерді қою, сөздерді дұрыс орналастыру
арқылы сөйлем құрау, басы жазылған мәтінді
аяқтау сияқты басқа диктанттарға ұқсамайтын
өзгешеліктер болады. Мысалы:
1. Ауамен, біз, дем, аламыз.
2. Ауа, денсаулыққа, таза, пайдалы,
өте.
3. Үйдің, таза, ауасын, әр
уақытта, сақтаңдар
4. Жиі, терезені, тұрыңдар, ашып
Бұл жерде сөзді дұрыс орналастыру
арқылы сөйлем құрап жазу керек.
Терме диктант. Бұл диктант түрі белгілі бір ережені оқушылардың
қалай меңгергенін байқау үшін сабақ үстінде
жүргізіледі. Мұғалім диктант мәтінін оқыр алдында
қандай ережеге көңіл аудару керек екендігін ескертеді.
Оқушылар мұғалім оқып тұрған мәтіннен
әркім өзіне берілген тапсырмаға лайықты сөздермен
сөз тіркестерін немесе сөйлемдерді теріп жазады. Мысалы,
оқушыларды үш топқа бөліп, деңгейлеп тапсырма беру.
І топ: заттың қимылын білдіретін
сөздерді теріп жазу.
ІІ топ: тасымалдауға болмайтын сөздерді
теріп жазу.
ІІІ топ: жіктелген сөздерді теріп жазу.
Өздік диктанты. Оқушылар өтілген материалдарға байланысты әріптер
мен буындарды, сөзбен сөз тіркестерін және жекелеген
сөйлемдер мен жаттап алған өлең, жұмбақ,
жаңылтпаш, мақал-мәтелдерді естеріне түсіріп, ойлана
отырып өз бетінше жазады. Диктанттың бұл түрінің
өткенді қайталап, тіл ұстартуда маңызы зор.
Мұғалім өздік диктантын қай күні болатынын, нені
қайталап келу керектігін оқушыларға алдын-ала ескертіп
қояды. Мысалы, көп нүктенің орнына қимылды
білдіретін сөздерді жаздыру.
Көру диктанты
немесе есте сақтау диктанты. Мұғалімдер
тәжірибесінде өте пайдалы, диктантқа үйрететін
жұмыстардың ең бастысы болып есептеледі. Бұл диктант
түрі оқушылардың көру, есту, есте сақтау, затты
тану сияқты қабілеттерін дамыту мақсатында жүргізіледі.
Көру диктанты үшін әріп, буын, жеке сөздер мен сөз
тіркестері және шағын мәтіндер, жұмбақтар,
мақалдар, жаттауға
берілген өлеңдерді алуға болады. Диктант мәтіндері
үзілісте тақтаға немесе үлкен қағазға
жазылып қойылады. Оларды оқушылардың екі-үш рет
оқып шығуына, көріп жадында сақталуына 1-2 минут уақыт беріледі.
Сондан кейін мұғалім оны жауып қояды. Оқушылар
тақтадан мәтінді есіне түсіріп, дәптерге жазады.
Бақылау диктанты. Бұрын өтілген материалдарды оқушылар қандай
дәрежеде меңгергенін және сауаттылық деңгейінің
қандай екенінің анықтау мақсатымен жүргізіледі.
Бұл диктант белгілі бір тарауды оқып бітіргеннен кейін
өткізіледі. Ол төмендегіше жүргізіледі:
- диктант тақырыбы тақтаға жазылады
да, алғашқы сөйлемнің бірінші сөзі жаңа
жолдан басталатыны ескертіледі.
- диктант мәтінінде кездесетін жазылуы қиын немесе ережелері
өтілмеген сөздерді мұғалім үзілісте
тақтаға жазып қояды.
- диктант мәтінін мұғалім екі рет дауыстап оқып,
жазылуы қиын сөздерді тақтадан қарап алуын ескертеді.
- егер диктант мәтіні жеке сөздермен, сөз тіркестерінен немесе
байланысты сөздерден құралған болса, мұндай
мәтіндердің әрбір сөзі мен сөйлемін
мұғалім 3 рет қана қайталап оқиды.
Мұғалім оқушылардың түгелдей жазып
отырғанан қадағалап, ең баяу жазатын оқушы
бітісімен келесі сөйлемді оқиды.
- оқушылар түгел жазып болғаннан кейін, мұғалім мәтінді
бастан аяқ тағы бір рет оқиды. Осы кезде оқушылар
өз жазғандарын мұғалімге ілесе отырып тексереді.
Қатесі болса түзетеді.
Диктант жұмыстарының барлық
түрін магнитофон арқылы да жүргізуге болады. Магнитофон
арқылы жүргізілген диктантта оқушылардың зейіні еститін
сөзге ғана аударылады.
Әр сабақ нәтижелі өту үшін оның әдістемесін жетілдіре
түсу – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін
маңызды мәселесі. Бастауыш сыныптарда оқушылардың
жазбаша тілін дамытуда, сөздерді байланыстырып сөйлем
құрастыруда алуан түрлі жазба жұмыстары әсіресе диктант, мазмұндама мен
шығарма жазу үлкен жауапкершілікті, көп ізденуді, шеберлікті
талап етеді.
Әдебиет:
1. Әбіқаев А. «Қазақ тілін оқыту
әдістері»
2. Оралбаева Н. «Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту
әдістері»
3. Сарыбаев М. «Орыс мектептеріндегі қазақ тілін оқыту
әдістері»
4. Айдаров Т. «Қазақ тілінің лексикалық
ерекшеліктері»
5. Сарыбаев Ш. «Современный казахский язык»