Физика
пәнінің мұғалімі А. Е. Тұралиева
Ы. Алтынсарин атындағы № 49
мектеп - гимназиясы, Тараз қаласы
Дамыта оқыту арқылы физика пәніне оқушының
қызығушылығын арттыру туралы
Заман талабына сай
қазіргі білім беру үрдісінде түбірлі өзгерістер болып
жатқаны белгілі. Әр мұғалімнің басты міндеті –
рухани бай, жан-жақты дамыған, дарынды, бәсекеге
қабілетті ұрпақ тәрбиелеу.
Оқу
үрдісі уақыт талабымен қаншама өзгермесін, тек
ұстаз ғана оның мазмұнын оқушы санасына
сіңіре алады. Қазіргі кезде оқушылардың білімге деген
зейіндерін арттыру үшін көптеген жұмыстар
ұйымдастырылады.
Сыныптағы
оқушының ойлау қабілеті бірдей болмайды. Сондықтан,
физика сабағында әр сыныптағы оқушының жас
ерекшелігіне қарай және білім деңгейіне сай
сабақтың түрлерін тауып, сол тақырыптарды игеруді
мақсат ету керек.
Мен физика
сабақтарында оқушылардың білім деңгейлеріне қарай
деңгейлеп дамыта оқыту әдісін қолданғанды
жөн көремін. Өйткені, оқушы өзін
қызықтыратын нәрселерге ғана көңіл аударады.
Физика бұл өте күрделі пән, бұл пән
математика, тарих, жаратылыстану пәндерімен тығыз байланысты.
Оқушылардың әр тақырыпты меңгеруі әр
түрлі деңгейде болады. Сол себепті жұптық, топтық
жұмыс бұл пәнге сай келеді. Сабақта есепті
шешудің әр түрлі тәсілдерін пайдаланғанда
жақсы нәтижеге қол жеткізуге, оқушының
пәнге деген қызығушылығын артыруға болады.
Осындай жұмысты бағалағанда тек нәтижеге емес, оқушының
ынтасына да көңіл аударылады. Соңында жаңа материалды
ғана емес, ненің ұнағандығын, қандай
тәсілдердің қолайлығын да талқыға салып
отыру керек. Кейбір кездерде ережелерді, тіпті терминдердің
мағынасын үнемі талдап түсіндіріп отыру қажет,
оның себебі физикалық терминдерді оқушылар үнемі естіп
жүргенімен, өз ойларын түсіндіру кезінде жеткізе алмайды.
Мысалы, диффузия – зат молекулаларының араласу құбылысы,
деформация – қатты дененің өз пішінін өзгерту
құбылысы, заряд – электр тогын тасымалдаушы бөлшек,
температура – дененің жылулық дәрежесі т.б.
Оқу
үрдісінде оқушыларға бұрын өткенді қайталай
отыра, сол материалды үнемі жаңалап отырып, басқа
қырынан көрсете білу керек. Өйткені бір айтқанды
қайталай берген оқушыларды жалықтырып жібереді. Әрине
оқушыны қызықтыру үшін, алдымен мұғалім
өз пәнін сүюі қажет. Ал қызығушылық
танытқаннан кейін, оны өшіріп алмаудың келесідей амалдарын
келтіруге болады: физикалық практикум, салыстырулар,
қарама-қайшылықтар, оқытудың әр түрлі
тәсілдері, қызықты тәжірибелер, көрнекі
түрде ұйымдастырылған жалпылама зертханалық зерттеулер,
ойындар (ойын элементтері кірістірілген сабақтар), жарыстар т.б.
Дамыта оқыту әдісінің тиімділігі –
оқушыларды жүйелілікке, ұйымшылдыққа,
байқампаздыққа, оқыған затты талдай білуге,
салыстыру жасауға, негізгіні аша білуге, жинақтап қорытынды
жасауға дағдыландырып, білімнің сапасын
жақсартуға мүмкіндік береді.
Деңгейді
саралау оқушы мен мұғалімнің белсенді
шығармашылық қызметін дамытумен қатар,
оқушыларға өз білімін жаңа әдіспен
бағалауға әкеледі. Сонымен әр деңгейлік
оқыту жүйесінің физика пәнінің сапасын
арттырудың бірқатар тиімді жақтары бар. Біріншіден,
топтағы барлық оқушыларды жұмыспен қамтамасыз
етеді, әрбір оқушының белсенді түрде қатысуын
қадағалайды, белсенділігін оятуға түрткі болады.
Екіншіден, әр оқушы өзіне тән қарқынмен
өз білімінің деңгейінде жұмыс жүргізеді,
қойылған мақсатқа жету үшін қажетті
төзімділікті қалыптастырады. Үшіншіден, оқушылар
өз еңбектерінің нәтижесін көріп,
өзін-өзі бағалайды. Өз бетімен жұмыс істеу
оқушылардың біліміне ғана әсер етпей, сонымен
қатар, тәртібі мен мінез-құлқына да тигізер
ықпалы зор. Оқушыларды тиянақтылыққа,
бастаған ісін аяқтауға, төзімділікке,
ұстамдылыққа тәрбиелейді. Оқушылардың
шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін басқа да
келесі түрдегідей тапсырмалар беруге болады. Мысалы, әртүрлі
тақырыптарда реферат беру, жылдың әр маусымындағы
физикалық құбылыстарды бақылап, өзінің
ойларын жазу немесе кейбір заңдылықтарға сүйене отырып
эксперименттер жасауды үйрету секілді. Мұндай тапсырмалар
оқушы бойындағы қызығушылықтарды оятады
және жауапкершілікке баулиды. Жауапкершілікті сезіне отырып
оқушының ізденімпаздылығы, шығармашылығы дамиды.
Физикалық эксперименттік тапсырмаларды
беру осы пәнге ерекше қызығушылықты тудырады.
Өйткені мұндай жергілікті табиғи және
тұрмыстық (техникалық) жағдайлар ескеріледі.
Физикалық құбылыстардың
негізін ұғыну, түсініктерді, теорияны игеру процесі әр
оқушыда бірдей жүрмейді. Оқыған материалды біреулер тез
игереді, енді біреулеріне ой қорытуына және есіне сақтауына
көп уақыт қажет. Оқушылар әрқайсысы
өз қарқынымен жұмыс істейді. Тапсырма дұрыс
ұйымдастырылса, оқушылардың сабақ кезіндегі алған
білімдерін бекітуге және тереңдетуге көмектеседі. Берілген
бақылаулар мен тәжірибелердің қорытындылары,
есептердің шешімі, шығармашылық тапсырмалардың
орындалуы оқушылардың жұмыс дәптерлеріне жазылады.
Үй жұмысының қорытындылары туралы мәліметтер жазу
оқушыларды өз ойын сауатты және қысқаша жеткізуге
үйретеді. Сонымен қатар жазу мәдениеті, яғни белгілі
жүйе, нақтылық және реттілік қалыптасады.
Тәжірибелерді және бақылауларды баяндау оқушыға
көргенін терең ойлауға, негізгіні ажырата білуге
үйретеді. Физика пәнін күнделікті өмірмен
байланыстырып, күнделікті кездесетін кейбір физикалық
құбылыстар мен заңдылықтарды түсіне білуге,
білімдерін дамытып, пайдалана білуге келесі түрдегі
сапалық тапсырмалар пайдалы. Мысалы, адам
үйдің полимерлі еденінде жүргенде, синтетикалық кілемді
басқанда, үстінен нейлонды матадан жасалған киімді шешкенде
электрлік зарядталу құбылысы байқалады. Себебі не? Себебі:
синтетикалық материалдар электр зарядын өткізбейді, жақсы
сақтайды.
2. Авиация саласында
ұшақ қонғанда бірден металл трап қоймайды.
Неліктен? Ұшақ әуеде ұшқанда ол ауамен
үйкеліске ұшырайды, одан ұшақ электрленеді. Трос арқылы жермен
қосып разрядталады.
3. Сандыққа нені тығып
қоюға болмайды? ( жарық ).
4. Күн күркірегенде ең алдымен
найзағайды көреміз бе, әлде күркіреген дауысты естиміз
бе? (найзағайды).
Сабақты
меңгертуде көбінесе сандық және сапалық есептер
шығару, әртүрлі қызықты тәжірибелер мен
физикалық фокустар көрсету оқушылардың ой-өрісін
дамытып, олардың шығармашылығын арттыруға бағыт
беру мақсат етіледі. Сапалық есептер шығарғанда
халық даналығының, нақыл сөздерінің,
мақал-мәтелдерінің тәрбиелік мәнін және
ұлттық ойындарды физика тұрғысынан түсіндіруге,
пайдалануға болады.
Мысалы:
1. «Арбасының
дөңгелегін майламаса, арбакештің шәйі қайнамайды»
деген мақал арқылы мынадай сұрақ қоюға
болады:
• Арбаның
дөңгелегі неге майланады, майламаса не болар еді?
• Бұл жерде
арбакеш үйкелістің қандай түрімен жұмыс жасап
тұр?
2. «Толқын
ұрар жағаны,
Маған
бөгет қылма деп,
Жаға кейін
қағады,
Әуре болып
тұрма деп». – бұл өлең арқылы толқын
қалай пайда болады және толқынның жағаға
ұрылып кейін қайтуын қандай заңмен түсіндіруге
болады?
3. Мылтықтан
оқтың атылуы қандай физикалық
құбылысқа мысал болады және бұл жерде
қандай физикалық заң ескеріледі?
4. Жанып жатқан
керосинді неге сумен құйып сөндіруге болмайды?
5. Алтыбақан
және көкпар ойындары арқылы қандай физикалық
процестерді кездестіре аламыз?- деген сияқты қызықты
сұрақтар мен ойындарды пайдалануға болады.
Осылайша
физиканың негізгі заңдылықтары мен құбылыстарын
өмірмен байланыстыра қызықты етіп беру жолдарын
қарастыруға болады. Мұндай тапсырмалар
оқушылардың пәнге деген қызығушылығын
арттырып қана қоймай, оларға физика заңдылықтарын
өмірде кеңінен қолданылатынын да ұғындыруға
мүмкіндік береді. Осы үлгідегі оқытудың
әдіс-тәсілдері оқушылардың есте сақтау
қабілетін арттырып, оларды жинақылыққа, дәлдікке,
шығармашылыққа баулуға көмектеседі деп ойлаймын.
Оқушылардың
ойлау қабілетін ойын элементтері арқылы дамыту. Ойын дегеніміз
ұшқын, білуге құштарлық пен еліктеудің
маздап жанған оты. Ойын – ақылды, ойды, тапқырлықты,
алғырлықты дамытады. Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты
дамуы да жоқ. Сабақта ойын элементтерін пайдалану
оқушылардың ой-өрісін, танымдық белсенділігін
арттырады. Алайда ойынды үнемі оқу процесінде пайдалануға,
ұзақ уақыт созуға болмайды. Ол белгілі бір
уақытта жүзеге асырылып, сабақ кездерінде нұсқан
келтірілмейтіндей бір-бірімен жымдасып, астарласып жатуы тиіс. Ойынға
басшылық жасау дегеніміз – олардың ұйымшылдық,
шығармашылық дербес қызметтерін алмастырмастан,
балалардың ұжыммен қарым-қатынасын жеңілдете
түседі. Оқушының тез ойлау қабілетімен өз ойын
жеткізе білу қабілеті дамиды.
«Білгенге маржан» –
ойын элементі. Оқушылар сұрақтарға жауап беруі керек.
Мұнда қойылатын сұрақтар түрлі түсті
конверттерге салынған.
«Қызыл конверт».
1. Жылу табиғаты
туралы корпускулалық теорияның дамуына үлес
қосқан орыс физигі кім? (М.В. Ломоносов)
2. Ампер Андре Мари кім?
(Француз физигі, математика, магниттік, электр құбылыстар арасындағы байланыс туралы
тұңғыш теория жасады. Магнитизм жөніндегі гипотезаны
ұсынған, электр тогы ұғымын енгізген).
3. Майкл Фарадей кім?
(Ұлы ағылшын ғалымы, электромагниттік
құбылыстардың бәрін бір ортақ
тұрғыдан қарастырып, электр және магнит өрісі
жөнінде түсінік енгізді).
«Ақ конверт».
1. Лорд Кельвин кім? (Ол
ХІХ ғасырдағы ағылшынның көрнекті ғалымы,
халықаралық бірліктер жүйесінде температураның
құрметіне берілді).
2. Ол шоқ жолына
үш қырлы призма табанына қарай ауытқытатынын
анықтады және «Күн жарығының ақ шоғы
күрделі болады, жеті негізгі түрлі-түсті шоқтан
тұрады» деген қорытынды жасаған ағылшын физигі? (Исаак
Ньютон
1643-1727)
3. Ай тұтылуы
кезінде, Ай түсінің өзгеруін, Күннің толық
тұтылуы кезіндегі Күн тәжі
құбылысын бақылап және суреттеп жазған. Ол
Жердің Күнді айнала
қозғалуы туралы ойын айтты және гелиоцентрлік теорияны
жетілмеген деп есептеген Хорезмде туылған Ортағасырлық
Шығыс ғалымы? (Мұхаммед ибн Ахмет әл-Бируни 973-1048)
«Көк конверт».
1. Ток күшінің
кернеу мен кедергіге тәуелділік заңын ашқан кім? (Неміс
ғалымы Г. Ом)
2. Шарл Кулон кім? (Француз
ғалымы, 1785 жылы тәжірибе жүзінде вакуумдегі нүктелік
зарядтардың өзара әрекеттесу заңын ашты).
3. Абу Али аль-Хасан ибн
аль-Хайсам кім? (Бирунидің
замандасы, Еуропада Алхазен деген атпен белгілі болған египеттік ғұлама физик, ол
оптика саласын зерттеді. Алхазен жарықтың сынуына арналған
зерттеулермен айналысты).
Оқытушы сабақта
оқулықпен және дидактикалық материалдармен шектеліп
қана қоймай осындай әр түрлі
ойын түрлерін дұрыс жолға қоя білсе, білім сапасы
жоғары болары сөзсіз.
Мен, деңгейлік оқыту әдісін
қолдана отырып, оқушыны оңайдан қиынға, сатылап
білім дәрежесін көтеруге ықпал еттім. Сабақ барысында
оқушының деңгейлік тапсырмалармен жұмыс жасау
арқылы өзіндік даму динамикасы, ынтасы, ойлауы, есте сақтауы,
оқу сапасы арта түсетеді. Әр оқушының
ой-өрісі кеңейеді. Дәстүрлі оқыту
жағдайында мұғалім сыныптағы әр
оқушының жұмыс істеу ерекшелігін ескеріп отыруы мүмкін
емес. Білім – әрбір оқушының бағындыратын шыңы.
Шың биігіне жету жолында қандай қиыншылықтар кездессе,
оқу, білімді меңгеруде де сондай қиыншылықтар
кездеседі. Оны жеңілдету – ұстаздардың міндеті. Мен де осы
мақсатта педагогикалық технологияның тиімді әдіс-
тәсілдерін пайдалануға тырысамын. Әрбір жеке
тұлғалардың білімділігі, кеңінен ойлауы, анализдей
білуі тұрғысында тікелей жұмыстар жүргіземін.
Қазіргі кезде оқытудың басты
мақсаты – өз бетінше дами алатын, жеке шығармашылық
тұлғаларды қалыптастыру болғандықтан
оқушыларыма өз бетінше танымдық әрекет етудің
әдістері мен дағдыларын үйретемін. Сондықтан
жаңартылған технологиялардың элементтерін пайдалану –
әр мұғалім үшін жауапкершілікті қажет ететін іс.
Қорыта келгенде, деңгейлік
тапсырмалармен жұмыс жасау арқылы оқушының
ақыл-ойы дамиды, өзіндік дүниетанымы қалыптасады,
әр алуан тапсырмалар оқушының сабаққа деген ынтасын
және жауапкершілігін арттырады, оқушылардың білімі әділ
бағалануына, өз білімін өзі бағалай білуіне
мүмкіндік туды, өз қабілетіне, болашағына сенуіне,
танымдық әрекеттерінің қалыптасып, одан әрі
шығармашылықпен айналысуына, пәнге
қызығушылығының артуына мүмкіндік береді.
Сабақ кезінде түрлі әдістер қолдану арқылы
оқушылардың пәнге деген қызығуы артады. Ол
өз кезегінде білім сапасына да оң ықпалын тигізеді деп
ойлаймын.
Әдебиет:
1. «Математика және физика» журналы. №2, 2006ж
2. «Математика және физика» журналы. №5, 2008ж
3. «Математика және физика» журналы. №2, 2005ж
4. «Физика және астрономия» журналы №4, 2007
жыл
5. «Физика» журналы №6, 2006 жыл