Ахметова З.Б.

Қарағанды қаласы, «Жұлдыз» балабақшасының тәрбиешісі

 

АНА ТІЛІҢ  – АРЫҢ БҰЛ

                              

Тіл ұлттық ерекшеліктердің бірі, ұлт мәдениетінің басты формасы. Әр  ұлттың дәстүрінің, сана сезімінің, сөйлеу, ойлау тәсілінің, мінез құлқының, мәдениеті мен әдебиетінің айырықша белгілері тіл арқылы бейнеленеді. 
Балаға ана тілін, оның қадір –қасиетін үйретудің бастапқы ауыр жүгін көтеру, мектепке дейінгі мекемелер мен ата – аналар қауымына жүктеледі. Бұл мәселе балабақшада оқыту және тәрбиелеу бағдарламасында жасына қарай жұпталған балалар тобына қарай берілетін тіл дамыту материалдарында көлем, мазмұн жағынан біршама айқындалған. Ана тілін үйрету жұмыстары баланың жас ерекшелігіне қарай жеңілден ауырға, белгіліден белгісізге қарай дидактикалық принциптерге негізделе өтіледі.

Тәрбиеші тілі — балалардың   сөйлеу тілін дамытудың негізгі көзі. Жас шамасына қарай әр топтағы балалар өз тәрбиешілерімен шаруашылық-тұрмыстық және еңбек іс-әрекетінде қатынас жасайды. Тәрбиеші балалардың ойындарын ұйымдастырады, бағдарламада көрсетілген барлық сабақтарда балалармен сөйлеседі, кітап оқу кезінде балаларды көркем шығармалардың авторларының сөздерімен таныстырады. Демек, балалар тәрбиеленетін мекемелерде тілді дамыту потенциалының мүмкіндігі түгелімен тәрбиешінің сөзінің сапасына байланысты. Балалар бақшасының тәрбиешісі үшін үлгілі сөйлеу тілін меңгеру — бұл кәсіби даярлығының көрсеткіші. Сондықтан өзінің сөйлеу тілін жетілдіру — болашақ әрбір педагогтың адамгершілік және қоғамдық парызы. Тәрбиеші арнайы сабақта ойын, еңбек, серуен барысында баланың жалпы сөз қорын дамыту, диалог, монолог түрінде ауызекі сөйлеуге үйрету, сөздік қорын сан жағынан ғана емес сапалық жағынан дамыту, үйренген сөздерді, берілген тапсырмаларды өздігінен орындауға үйрету, байланыстырып сөйлеу тілін дамыту сауат ашуға тиісті жұмыстарды жүргізеді. Халықтың тіл қазынасын байыту, тілді қоғамдық өмір тіршілігінің нақты құралы ету, оны жетілдіріп, дамытып, дәуір талабына орай көріктендіріп, ұстарта білу – нағыз өнер екені белгілі. Ата – бабамыз жасаған асыл мұраны меңгерту, болашақ ұрпақ игілігіне меншіктеу, ізгілікке, адамгершілікке, дербес ой қабілеттілігіне, өздігімен еркін әрекет жасауға, ата – анаға, айналасына жүрек сезімін оятып ана тілін қастерлеуге үйрету, оның музыкалық әуезін санасына ұялатып, зердесіне жеткізудің барлығы баланың нәрестелік шағынан басталатыны баршаға аян. Осы талаптар үшін өз тәжірибемізде түрліше сабақтар жүргізіп,  тілдер мерекесіне орай   «Ана тілің –арың бұл»                                                                                                                                                тақырыбында ертеңгілік өткізген едік.

Мақсаты: Балалардың өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту. Ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету, қазақ тілінің мәртебесін көтеру. Қазақстан мемлекетінде тұратын барлық халықтардың тілдерін құрметтеу.

Тәрбиеші:Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтің «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» дегендей біз ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету, қазақ тілінің мәртебесін көтеруіміз керек.

Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Ол тек отбасы , ошақ қасының ғана тілі емес, мемлекеттік тіл! 22 – қыркүйек – Қазақстан Республикасы халықтарының тілдер мерекесі.

Ән: «Туған  жер»

Арсен:

Қош келдіңіздер бабалар,

Үш кемеңгер дүлділім.

Сақтаған елдің бірлігін,

Қалың елім пір тұтар

Қасиетті үш бабам, тілім туралы не айтар?

Төле би:

Әр бір тілде сөйле әлемді таң қылып,

Ана тілін білмеу қандай заңдылық.

Өсер бабаң, байтақ далаң тұрғанда

Қазақ тілі жасау керек мәңгілік.

Қазбек би:

Жетер енді әркімге бір ермейік,

Қазақ болсаң құлашты бір сермейік.

Қанға сіңген ана тілін халқым – ау,

Шұбарлауға ешқандай жол бермейік.

Әйтеке би:

Қазақ, қазақ болғалы,

Тіл үшін күрес көргені.

Көргені көп тілімнің,

Мүмкін емес өлмегі.

Төле би:

Ал енді балалар бүгінгі тіл туралы мерекелеріңді бастай беріңдер.

Тәрбиеші:

- Қазақ тілі аса бай, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрымын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады - ау. Бұл тілден май тамады десе де сыяр. Халықтың тіліне жырына құлақ салсаң, небір алуа - шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне... Осындай майса, сұлу тілді қалай өгейсітуге болады.

Нұрай:

Ана тілім - тірлігімнің айғағы,

Тілім барда айтылар сөз ойдағы,

Тілім өссе, мен де бірге өсемін,

Тілім өшсе, мен де бірге өшемін.

Алина:

Ана тілін білмеген - ақылы жоқ желікбас,

Ана тілін сүймеген - халқын сүйіп жарытпас.

Дильназ:

Туған тілім - бабам тілім - өз тілім,

Туған тілім - анам тілім - өз тілім,

Туған тілім - далам тілім - өз тілім,

Туған тілім - адам тілім - өз тілім.

Айжан:

Туған тілде сыры терең жаным бар,

Туған тілде әнім менен сәнім бар.

Туған тілім тіл болудан қалса егер,

Жүрегімді суырып - ақ алыңдар!

Тәрбиеші:  Құлақтан кіріп бойды алар,

                     Жақсы ән мен тәтті күй.

                     Көңілге түрлі ой салар,

                    Әнді сүйсең, менше сүй.

Ән: «Балдырған»   Би: «Қамажай»

Асанали:

Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе.

Адамдықты көздесең,

Жаттап тоқы көңілге.

Владислав:

Узнай родной язык

В нем сила и свобода

Узнай родной язык

В нем государства гордость

Родной язык в нем честь

И совесть человека

Учи чужую речь

Свою цени навеки.

Анель:

Там где сладко пахнет смородиной

Там где дом и родная земля.

Это все называется Родина

Дорогая, родная Земля!

Айбар:

Жанымнан қымбат

Ана тілім маған

Ана сөзден тыңдап

Үлгі өнеге алам.

Ән: «Достық»

Ойын: «Кереге»

Аяна:

Ана тілім – анам,

Аппақ қардай арым

Мұра еткен бабам

Жарқыраған жаным.

Ислам:

Ана тілім –елдігім

Ана тілім-ерлігім.

Тілді биік құрметтеп

Тойлап жатыр ел бүгін

Жанель:

Ана тілім-тірегім

Ана тілім – жүрегім.

Қасиетті елімнің

Тек өзің деп білемін.

Рамазан:

Чеми гулис ангелозо

Ра микави, ра кени

Ту гикварди, шэн угуло

Схвастан рогор цахведи

Ән: «Әрқашан күн сөнбесін»

Шаңырақ  астындағы  –достық тілектер

Адам өміріндегі ең бақытты әрі қимас шақ-балалық шағы екені рас. Еш алаңсыз өткен, періштедей пәк балалықтың бал күндеріне жетер дүниеде не бар десеңізші?! Балалық  шақтың  қызықты да көңілді, тамашаға  толы болып, баланың пәк жүрегінде орын алуына бірден-бір себепкер адам –тәрбиеші. Әшекейлі безендірілген залда, сәнді киінген балалар өте көңілді көрінді. Олар қазақ, орыс, ағылшын тілінде тақпақ, әндерін нақышына келтіріп, айтып және өз жұптарымен мың бұрала биледі. Бұл кішкентай бүлдіршіндеріміздің бойына ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, адамгершілік қасиеттерін сіңдіріп, өз - өзіне деген сенімділіктерін арттырды. Осындай мерекелердің ерекше қуанышты сәттері балалардың жадында ұзаққа қалып, оларға мол қуаныш сыйлайды деп сенеміз.Осындай мәнді де маңызды мерекелеріміз көбейе берсін әріптестер!

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. «Бастауыш мектеп» журналы   -№8, 2012ж

2. Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал  2007ж