аға оқытушы Абылайхан С.М., студент
Ельшина М.
Академик Е.А.Бөкетов
атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,
Қарағанды қ.
Білім беру жүйесінде полилингвалық
оқушы тұлғасын қалыптастырудың маңызы
Нарықтық экономика еңбек нарығы бәсекеге
қабілетті мамандарды қажет ететіні белгілі. Бұл оқу
орындарының барлық салаларына жаңа талап, жаңа міндет,
жаңа мақсаттар жүктейді. Осыған орай білім беру
жүйесінде оқытушыларға қойылатын басты
талаптардың бірі – өмірден өз орнын таңдай алатын,
өзара қарым-қатынаста өзін еркін ұстап,
кез-келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласынан
білімі мен білігін көрсете алатын, өз ойы мен пікірін айта білетін
полилингвалық оқушы тұлғасын қалыптастырып,
бәсекеге қабілетті маман тәрбиелеу.
Қазақстан Республикасының Президенті –
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ««Қазақстан-2050» Стратегиясы
қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты
Қазақстан халқына Жoлдауында көптілділікті
оқытудың өзектілігі көрсетілген, өйткені
«біздің еліміздің ең маңызды және негізгі
басымдығы көпұлттылық және көптілділік
болып табылады» [1].
Қазақстан
Республикасы Президентінің қойған міндеттеріне сәйкес
білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік
бағдарламасындағы [2], Тілдерді дамыту мен қолданудың
2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік
бағдарламасындағы [3] және «Тілдердің
үштұғырлығы» мәдениеттік
бағдарламасындағы [4] 2020 жылында барлық
қазақстандықтар қазақ тілін, 95%-ы – орыс
және 25%-ы ағылшын тілдерін меңгеру тиіс деп
көрсетілген.
ХХІ ғасырда
адамзат жоғарғы ғылыми және техникалық
жетістіктермен ғана аяқ басқан жоқ, сонымен қатар
халықаралық қатынас аясында еркін қызмет ете алатын жан
– жақты тұлға қажеттілігін де көрсетті.
Осыған байланысты, білім берудің негізгі міндеттерінің бірі
ретінде, профессор Ж.Ж.Наурызбай төмендегі мәселелерді алға
тартады:
1. Полимәдени тұлға тәрбиелеу;
2. Көп тілді индивид қалыптастыру [5].
Осыған орай, ең алдымен философиядағы
«индивид», «тұлға» ұғымдарын қысқаша талдап
өтелік. Индивид – адамның белгілі текке қатысы, сол
тектің табиғи, өзіндік қасиеттерін іске асырушы.
Тұлға – табиғи жағынан әлеуметтік,
әлеқайда тұрақты, жүре пайда болатын
мотивациялық қажеттілік, қатынастар жүйесін
құрайтын күрделі психологиялық құрылым,
әлеуметтік қасиеттердің жиыны. Егер тұлға
анықтамаларын жинақтап, саралайтын болсақ, онда ол
индивидтің ортаға байланысты жетілген барлық қасиетттерінің
жиынтығы. Тұлғаның дамуы іс - әрекетте
(оның ішінде тілдік қатынас), индивидтің әлеуметтенуі
мен мақсатқа көзделген тәрбие жағдайында
жүзеге асырылады. Тұлға дами отырып, қалыптасады. Ол
әлеуметтік жүйені құрайды, нақтырақ айтсақ,
тұлғаның әлеуметтік «мүшелерін» яғни
адамның қоғамдық өмірін тек, ұжымда
ғана емес, жеке формада да қызмет етуге мүмкіндік береді [6].
Сонымен, полилингвалық
тұлға – түрлі тілдік мүмкіндіктерге ие жеке
тұлға ғана емес, өз әлеуметтік ерекшелігі мен
этникалық негізі бар мәдени – тарихи тұлға.
Қазіргі заманғы
мектептердің басты мақсаттарының бірі өсіп келе жатқан
ұрпақты жан-жақты, жаһандану
құндылықтарына бейімдеу, оқушылардың көрші
елдер мәдениетінің өкілдерімен дүниежүзілік
кеңістікте өзара әрекет жасасуына деген шеберліктерін
қалыптастыру. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі,
халықаралық қарым-қатынас тілі – орыс тілімен
қатар, шетел тілі де өзара қарым-қатынас
жасасудың маңызды құралы болып табылады.
Сондықтан да, оқытушылар алдында тұрған басты
мақсат – әлеуметтік және кәсіптік жағынан
өзін-өзі билеуге қабілетті, өз елінің тарихы мен
салт-дәстүрін білетін, бірнеше тілде сөйлей алатын,
барлық жағдайларда үш тілде коммуникативтік-әрекеттік
операцияларды жүргізе алатын, өзін-өзі дамытуға
және өзін-өзі жетілдіруге талпынатын полилингвалық
оқушы тұлғасын қалыптастыру.
2015 жылға дейін Қазақстан
Республикасының білім беру жүйесін дамытудағы арналған
тұжырымдамасында мәдениетті жеке тұлғаның
тәрбиелік стратегиясы белгілі, ең кемінде үш тілді
меңгергені қажет [7]. Өз тілін, мемлекеттік тілді, орыс тілді
және шет тілдерін білгені, оның ой-өрісін кеңейтеді,
жан-жақты дамуына, өзімділігіне және дүние жүзін
жан-жақты кеңінен қабылдауына ықпалын тигізеді. Осыған сәйкес келесі
міндеттерді іске асыру қажет:
- полилингвалық білім беру бойынша ғылыми-зерттеу
және үйлесімдік орталықтардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
- көптілділікті оқыту сұрақтары бойынша жұмыс істейтін ғылыми-әдістемелік семинарлар жұмысын ұйымдастыру;
- полилингвалық білім беру бойынша педагог
кадрларын даярлау;
- педагог кадрларының тілдік даярлау бағдарламаларын
әзірлеу, шет тілінде интеграциялық оқыту үшін
ағылшын тілінің курстарын ұйымдастыру арқылы кадрларды
қайта даярлау;
- қазақ, орыс және шет (ағылшын) тілдерінің
тиімді меңгеруіне ықпал ететін және тілдік оқыту
процесінің белсенділігін арттыратын оқыту процесіне жаңа
технологияларды еңгізу;
- оқытушылардың танымдық белсенділіктерін арттыруға
мүмкіндік беретін инновациялық әдістерді қолдану;
- полилингвалық білім беру ерекшеліктерін ескере
отырып пәндердің ағылшын тілінде кіріктіре оқыту
бойынша оқыту-әдістемелік жиынтығын әзірлеу;
- полилингвалық білім берудің педагогикалық мониторингін
жүзеге асыру.
Қорытындыласақ, жаңа мыңжылдық қарсаңындағы
полимәдени социум білім беру кеңістігіндегі түрлі
этнолингвистикалық, діни және әлеуметтік-экономикалық
сипаттағы оқитын оқушыларды құрайды. Соған
сай, Қазақстандағы ұлттық білім беру заман талабына сай, полилингвалды болуды қажет етеді.
Өсіп келе жатқан ұрпақ қазақ тілін
мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі
ретінде және шетел тілінің бірін жалпы мәдени даму
құралы ретінде білуі керек.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Президенттің халыққа жолдауы «Қазақстан-2050»
стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси
бағыты.
2. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың
2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
3. Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен
қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемелекеттік
бағдарламасы.
4. Қазақстан Республикасы «Тілдердің
үштұғырлылығы» мемлекеттік мәдени жобасы.
5. Наурызбай Ж. Ж. Этнокультурное образование. Алматы: Ғылым, 1997.
6. Т. Тәжібаев. Жалпы психология. Алматы: Қазақ
университеті, 1993.
7. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейін білім
беруді дамытудың
Тұжырымдамасы. – Астана, 2003.