ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ

 

Г.Ш.Мизанбаева, Н.Б.Ақжүнісова

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

 

     Қазақша сөйлеудің әлеуметтік аясы кеңіген сайын, тіл үйренуші өзім меңгерген қазақ тілінің теориясы туралы білімін кең түрде актуалдай береді. Қазіргі кездегі бұрынғы орыс тілінің әлеуметтік қызметін қазақ тілі алып келе жатқандығы, бірақ ағылшын тілі басым орын алып келе жатқандығы оқушының тілдік қабілетінің қажеттілігінің аясына кедергі келтірмеуін ойлану керек. «Педагогикалық технология» терминінің мағынасының қазіргі кезде дамып, кеңейіп отырғанын мына дәлелдер арқылы көре аламыз. Біріншіден, «педагогикалық технология» деп, техникалық құралдарды оқыту үдерісінде қолдану мүмкіншіліктері айтылады. Екіншіден, «педагогикалық технология» деп, оқыту процесінің өзін жүйе ретінде құру мен басқару, диагностикалық мақсаттар қойып, соған тиімділікпен жету жолдарын ғылыми негізде ұйымдастыру барысында таңылады. Біздің ұсынатын бағытымыз – осы соңғы айтылғанымен тығыз байланысты. Бұл бағыттың ерекшелігі сонда, мұның түпнегізі – оқыту үдерісінің  жалпы заңдылықтары бар, соларды белгілі бір жүйеге түсіріп тану және нақты оқыту мақсатына лайықтап ұйымдастыру керек деген идеяға негізделеді. Бұл жерде білім берудің екі жақтылық болмысы да ғылыми негіздер арқылы танылып, жүйеленуі тиіс. Оның бір жағы – берілетін білім мазмұнының теориялық деңгейде оқу мақсатына лайық жүйеленуі болса, екінші жағы – соны оқыту үдерісін жүйелеп тану болмақ. Педагогикалық технология ұғымы бүгінгі күні оқыту аясына тұрақты еніп болды. «Педагогикалық технология» деген ұғымның эволюциясы туралы мынаны айтуға болады.

·        Алғашқы кезең – ХХ ғасырдың 40-50 жылдарын қамтиды. Мұнда «Білім беру технологиясы» термині, негізінен, оқыту барысында қолданылатын көру – есту құралдарын білдіреді.

·        Екінші кезең – ХХ ғасырдың 50-60 жылдары десе болады. Бұл кезеңдегі «білім беру технология» дегеніміз праграммалап оқытуды танытатын еді.

·        Үшінші кезең – ХХ ғасырдың 70 жылдарын қамтиды. Мұнда бұл термин алдын ала айқын белгіленген мақсаттарға жету үшін ұйымдастырылған жобалық оқу процесін білдіретін болды.

·        Төртінші кезең – ғасырдың 80 жылдарынан бастап, осы кездегі «білім беру технологиясы» дегеніміз оқыту үдерісінде компьютер мен ақпараттық құралдарды пайдалану барысын танытады [1].

 

       Қашықтықтан оқыту мәселесін терең теориялық және практикалық тұрғыдан зерделеп, мемлекеттік тілді дамытудың пәрменді құралына айналдыру мақсатында осы мақсатқа лайықталған  оқу орталықтары мен арнайы бағдарламалар жасалынуда. Әдіскер – ғалымдардың алдында тұрған көптеген игі мақсат – міндеттерінің бірі – мемлекеттік тілді қашықтықтан оқытуға байланысты оқу - әдістемелік құралдар жасау, шығару. Осы арнада даярланған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілеріне, ересектерге, жеке тіл үйренуші тұлғаларға мемлекеттік тілді қашықтан оқытудың үш деңгейлік жүйесі бағдарламасын» жасау міндетті қойылды. Сонымен бірге, басты мақсат – қазақ тілін қашықтан оқытуда берілетін білім мазмұны және негізгі әдіс – тәсілдер жүйесі, қалыптасты рулы тиіс деп көзделген қазіреттер болмысы таратыла танытылады.

Қашықтан оқытудың табиғаты

Қашықтан оқытудың негізгі технологиялық тірегі – компьютерлік телекоммуникация жүйесі (КТКЖ) болып табылады. Компьютерлік телекоммуникация жүйесінің дидактикалық діңгектерінің нық екендігін оның мынадай сипаттарынан тануға болады.

КТКЖ арқылы белгілі бір ақпаратты қандай көлемде, қандай мөлшерде болса да, қалаған уақытта қалған жерге жеткізу мүмкіндігі өте үлкен.

КТКЖ жадысында қажет деп танылған ақпараттың қажет деп саналған мерзімге дейін сақталу мүмкіндігі зор.

Жадыдағы ақпаратқа түрлі редакторлық өзгерістер жасау мүмкіндігі көп.

Ақпараттарды қайта өңдеу және басып шығару мүмкіндігі де шексіз.

Мультимедиалық ақпараттар жасау арқылы коммуникацияны интер активтендіру мүмкіндігі кеңейте түспек.

Интернет жүйесі арқылы ақпараттың сан түрлігіні қамтамасыз ету мүмкіншілігі өте үлкен.

Электрондық конференциялар, видео конференциялар, компьютерлік аудио конференциялар өткізу мүмкіндігі өте қолайлы.

Интернет жүйесі арқылы кез келген сұхбаттас табу мүмкіндігі де аса пайдалы.

Іздеп, табылған ақпараттарды CD, басқа электрондық тасушыларға жазып алу арқылы қажетті уақытында пайдалану алу мүмкіндігі де зор [2].

Қажетсінген кез келген ақпаратты, мәлімет тауып алу мүмкіндігі шексіз.

КТКЖ, әсіресе, Интернетті пайдалану қырынан өте әмбебап құрал болып танылады. Жаһандану торлары құрыла бастағанда URL (Universal Resource Locator - әмбебап сілтеме) ұғымы пайда болып, www сияқты КТКЖ құралдары сілтеме жасау, цитат алу жолын жеңілдетті. КТКЖ арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі бойынша білім беру / білім алу үдерісінің демократиялануы да қарқынмен дами бастайды. Өйткені қазақ тілін қашықтықтан оқу жүйесіне енген тіл үйренушіге Интернет жүйесіндегі барлық дерлік қазақша сөздіктер, каталогтар, әлемдік кітапханалар қоры қол жетерлік деңгейге  келеді.

Қашықтан оқыту дегенде, назардан еш тыс қалдыруға болмайтын біршама дидактикалық талаптар бар. Олар:

-                   біріншіден, мемлекеттік тілді үйренуші толығымен өз бетімен қалмайтынын баса ескеру керек, мұнда да тіл үйретуші мен тіл үйренушінің қарым – қатынасы ара қашықтықтан болғанымен үзілмей сақталады; өйткені оқытушы – мемлекеттік тілді үйрету үдерісін ұйымдастырушы, басқарушы және бақылаушы функциясын атқарады;

-                   екіншіден, мемлекеттік тілді қашықтан оқыту (МТҚО) жүйесі – ақпараттық технологияның небір дамыған түрлерін қолдана отырып оқыту формасын жүзеге асыратын болғандықтан, сол жүйеде қолданылатын әдіс – тәсілдер, оқыту формалары, оқыту құралдары да жаңа болмысқа икемделеді, бейімделеді;

-                   үшіншіден, мемлекеттік тілді үйренуші тек оқытушымен ғана қарым – қатынасқа түспей, басқа тіл үйренушілермен де байланыста алатындай жағдай жасалынады, сөйтіп, қазақша сөйлесу, хат алысу, пікір алысу сияқты оқу әрекеттерінің жүзеге асырылуын мүмкін ету керек;

-                   төртіншіден, жалпы, қашықтан оқытуда білім алушының деңгейі баса ескертілетін болғандықтан, мемлекеттік тілді үйретуді деңгейлік жүйеде құру ғана емес, дұрыс деп танылады.

Мемлекеттік тілді қашықтан оқып – үйренушінің білімін бақылау мен тексеру жүйесі оперативтілікпен өткізіліп, ТЕСТ, РЕФЕРАТ, түрлі ЖОБАЛАР, ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖҰМЫСТАР түрінде тексеріледі, бағаланады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін үйренуге арналған суперкомпьютерлік оқыту бағдарламаларын жасау міндеті – бүгінгі күні асқан өзектілікпен күн тәртібіне қойылды. Сондықтан жасалынуы көзделіп отырған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілеріне, ересектерге, жеке тіл үйренуші тұлғаларға мемлекеттік тілді қашықтан оқытудың үш деңгейлік жүйесі бағдарламасының» көздейтін межесі биікте болып, қазақ тілінің дүниежүзілік тілдер қатарына енуге талмай атсалыса алатын құралға айналуы керек [3].

    

 

 

 Қолданылған әдебиеттер:

 

1. Н.Ж.Құрманова қазақ тілін дамыта оқыту. –Астана, 2007.

2. А.Әбілқаев, З.Бейсенбайқызы « Қазақ тілін оқыту әдістемесі», Алматы 2007 ж.

3. З.Бейсенбайқызы «Сөз мәдениетінің негіздері» Алматы 2007 ж.