Конхашова Г.М.

108 “аРМАНБАЛАБАҚШАСЫ кмқк

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІ МҰҒАЛІМІНІҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫСТАРЫ

 

Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы, оның басты мақсаттары көрсетілді. Онда қазақ тілін оқытудың тиімді әдістері, оның ішінде қатысымдық әдіс туралы толық мағлұмат берілген.

Балаланың тілді қабылдау мен дыбыстау сезімталдығын есепке ала отырып, ерте жастан оның бүкіл өмірінде тілдік ерекшеліктерді қалыптастыру үшін тілдік аппараттың иілгіштігін дамытуға және сақтауға болады.  Бала кішкентай кезінде кез-келген тілдің дыбыстарын дұрыс айтуға қабілетті болатыны анықталған. Егер ол тілдік қатынасты бір тілде ғана естісе, тілдік аппарат осы тілге ғана бейімделеді. Сондықтан ерте бастан тілді үйрену дұрыс дыбысталуды үйрену үшін таптырмайтын тәсіл.

Қазақ тілді үйрену екінші кіші топтан  бастап оқытылады. Үйрету мақсаты-         бала тұлғасында қазақ тілі бойынша бастапқы білім мен дағдыларын меңгеру нәтижесінде әлеуметтік және қатынас біліктілігін қамтамасыз ету, бұл келешек ұрпақтың азаматтық және адамгершілік өсуінің қалыптасуына себеп болады. Мектеп жасына дейінгілерде қарым-қатынас біліктілігінің қарапайым деңгейін қалыптастыру қажет, сонымен қатар олар мыналарды білулері керек:

1.    Үлкендермен және басқа да балалардың сөйлеу тілін жағдайға қарай түсінуді;

2.     Ойын іс-әрекеті және басқа да іс-әрекеттер барысында бұйрықтарды орындауды;

3.    Қарым-қатынасқа қатысушылардың, бейтаныс үлкендердің, оның ішінде тілді білетіндердің сұрақтарына жауап бере білулері керек;

4.    Қазақ тілінде қарапайым сұрақтар қоя білуді;

5.    Заттың қарапайым сипаттамасын;

6.    Қазақ тіліне түстер атауларын;

7.    Өзі туралы, отбасы туралы, қызығушылықтары жайлы әңгімелеуді;

8.    Тақпақтар оқып, ән салуды.

Мектеп жасына дейінгілерге қазақ тілін үйретуде атқарылатын жұмыстарды нақты ойластырылған әдістемелік жүйе негізінде, балалардың жас ерекшелігін есепке ала отырып құру керек. Оқу іс-әрекеті барысында балалар есту арқылы қазақ тілін түсіну мен қабылдауды және сөздік қорлары, грамматикалық формалар, қарапайым тілдік сөйлеу үлгілері бойынша оларға белгілі тақырыпта қазақ тілінде сөйлеуді үйрену керек.

Қазақ тілін үйренудің ең негізгі формасы сабақ болып табылады. Сабақтың басты мақсаты  - балалардың тілдік белсенділіктерін туғызу, ауызекі сөйлеу тілдерін қалыптастыру, қазақ тіліне тән дыбыстардың дұрыс айтуларын талап ету.

Балалардың қазақ тілін үйренуі бойынша жұмысты жоспарлай отырып, педагог міндетті түрде балардың тілді меңгеру деңгейлерін есепке алуы керек. Әрбір сабақта нақты тақырып пен нақты міндеттермен қатар, фонетикалық, лексикалық, грамматикалық жұмыстар, байланыстыра сөйлеу дағдылары қалыптасады.

Сабақтың құрылымы төмендегідей болуы керек:

- ұйымдастыру кезеңі;

- лексика – алдыңғы сабақта өткен сөздерді бекіту, жаңа лексиканы енгізу;

- қазақ тілінің фонетика – артикуляциялық дыбыстарын бекітуге арналған ойындар мен жаттығулар;

- байланыстыра сөйлеу – сюжеттік суреттерді қарастыру, үлгі бойынша қысқаша әңгіме құрастыру, отбасы, өзі туралы әңгімелер құрап айту;

-тақырыпты бекітуге арналған жаттығулар мен ойындар; қысқаша тақпақтар, ырғақты өлеңдер,ертегілер жаттау.

Оқытудың барлық әдістері сабақта тақырыпқа сай көрнекіліктермен, суреттермен, ойыншықтармен, муляждармен бекітіледі.  Көрнекі құралдар арқылы қазақ тілін саналы және жылдам үйренуге көмектеседі. Заттарды демонстрациялау сабақты қызықты етеді.

Грамматиканы үйрету біршама қиындықтар туғызады. Бала кез-келген тілдің өз заңдылықтары болатынын, оларды қадағалау керектігін түсінуі керек. Ол үшін арнайы жасалған грамматикалық ойындарды, ертегілерді, оқиғалар мен тақпақтарды қолдануға болады Ең маңыздысы тілдік дағды мен іскерліктерінің кезеңдерін қадағалау болып табылады. Бала жаңа тілді қабылдайды, педагогтың көмегімен оны айтады, өзінің тілдік қолданысына енгізеді. Осының бәрі ойындар, тапсырмалар, тілдік жаттығулар арқылы жүзеге асады.

Қазақ тілін үйрену сабақтан тыс уақытта да жүргізіледі. Ондағы мақсат тілге деген қызығушылықтарын, сол тілде сөйлеймін деген ниеттерін дамыту, балалардың сабақта алған қазақ тілінің ауызекі тілі бойынша білім дағдылары мен іскерліктерін бекіту, жеке жұмыстар жүргізу, тілдік қарым-қатынасты дамытатын оқиғаларды ұйымдастыру болып табылады.

  Осылайша, бала тілдік іс-әрекеттерді ойынмен жүзеге асырады және өз түсінгені бойынша қазақ тілін қолдана алады. Мектепке дейінгі жаста қазақ тілімен танысу баланың жалпы психологиялық дамуына, тілдік мәдениетінің дамуына, дүниетанымының кеңеюіне жақсы әсер етеді.  Мектеп жасына дейінгі балаларға  қазақ тілін оқытудың тиімді әдістерінің бірі – қарым-қатынас әдісі (коммуникативный метод). «Шет тілін меңгертудегі негізгі әрекет – қарым-қатынас үрдісі, сөйлеу қатынасы» [4:189] екендігі бүгінгі күнде бұлтартпас ақиқат екендігі белгілі. Сол себепті де мемлекеттік тілімізді басқа ұлт өкілдеріне меңгертуде дүние жүзінің әдістеме ғылымында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүрген қатысымдық бағытты ұстану бүгінгі күннің аса өзекті мәселелерінің бірі. «Коммуникация» сөзінің негізгі мазмұны жалпы қарым-қатынас, араласу, хабарласу, байланыс деген сияқты мағыналарды білдіре келіп, адамдардың тіл арқылы сөйлесу процесін, тілдесу ерекшеліктерін, тілдің әлеуметтік мәні мен қоғамдық қызметін, адамдар арасындағы қарым-қатынасты, өзара түсінушілікті көрсетеді. Сонымен, «коммуникация» - қарым-қатынас, өзара байланыс деген ұғымды білдіреді. Тілді үйретуге қатысты әдісті сөз еткенде, арнайы қарастырған тілші-әдіскер – Е.И. Пассов [4:173].

Ол қатысымдық әдісті сөз етпестен бұрын, жалпы оқыту әдісіне тән бірнеше белгілерді бөліп шығарды.
Мұндай белгілер мыналар:

1. Әрбір оқыту әдісі белгілі бір мақсатқа жетудің құралы болып табылады.
2. Әдіс оқыту процесіндегі тактиканы емес, стратегияны анықтайды, сондықтан да ол (әдіс) оқытудың шартына тәуелді болмайды.
3. Оқыту әдісінің аумағы өте кең, сондықтан сөйлеу әрекетінің қай түрінде болсын оқытудың барлық жақтары қамтылады.
4. Әдісте барлық қағидалардың басын біріктіретін ең басты, негізгі идея болады. Басты идея методологиялық рөл атқара келіп, әдістің жүзеге асуы үшін барлық мәселелердің басын біріктіреді.

Қазақ тіл білімінде қатысымдық әдістің негізін қалаған профессор Ф. Оразбаева берген анықтамаға жүгінсек, «Қатысымдық әдіс дегеніміз – оқушы мен оқытушының тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын; белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен қағидалардың жүйесінен тұратын; тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзінде асыратын әдістің түрі» [3:78]. Сөйлеуді үйрету барысында айтып өткен лексикалық, фонетикалық, грамматикалық минимумдар мен сөздік материалдар алынады. Олардың барлығы сөйлеуді меңгеруге тікелей қатысы бар жағдаяттар болып табылады.

Сөйлеу, оқу іскерлігімен қатар, жазу іскерлігін, проблемалық ситуациялардан шыға білу іскерлігін дамыту сабақта интерактивті оқыту әдістерін қолдануды талап етеді.

          Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде отандық және шетелдік тіл үйрету әдістемелерінің озық үлгілерін тиімді пайдалана отырып, үздіксіз оқыту бүгінгі күннің басты талабы. Бұл – өсіп келе жатқан балалар мен жастардың үйлесімділікпен дамуы, елдік рухты көкірегіне түйіп, ұлттық дүниетанымды терең меңгеруі үшін де, елдік санада тәрбиеленуі үшін де ауадай қажет. Тілді оқытуда жеке тұлғаның қалыптасуына ерекше мән береу қажет.

 Пайдаланылған әдебиеттер:

1.                Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан халқына жолдауы».

2.      Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Астана. 2010ж.

3.                Оразбаева Ф. Тілдік қатынас негіздері. -Алматы, 2005.

4.                Пассов Е. И. Коммуникативный метод обучения иноязычному говорению.— М.: Просвещение, 1985.