Филология ғылымының кандидаты, доцент Қанапина С.Ғ.

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 3 курс студенті Батырғалиева Ақмаржан

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

 

            Солтүстік Қазақстан облысындағы диалектілік ерекшеліктер

 

       Діңгегі бір халқымыздың тарихи себептерге байланысты, тарыдай жер жүзіне шашылғанымен, оларды әрқашан біріктіретін – тек тіл екендігін аңғартып ой тастайды. Қазақстаннан тыс жерлерде жасайтын және жалпы қазақ халқының үштен бір бөлігін құрайтын қазақ диаспорасының тілін зертттеуді қазақ диалектологиясының маңызды бір тармағы десек, соның ішінде бұрын - соңды зерттелмеген солтүстік өңірдегі диалектілік ерекшеліктер  әлі күнге дейін толыққанды зерттелмей келеді.

     Белгілі бір аймаққа тән жергілікті тіл ерекшеліктеріндегі этнолингвистикалық сипаттарға талдау жасау қазақ тіл білімінде әлі де болса өз деңгейінде зерттелмеген. Ал нақты белгілі бір аймаққа, оның ішінде Солтүстік өңіріне жататын этнодиалектизмдер осы уақытқа дейін арнайы зерттеу нысаны болмаған.

     Бүгінгі  күні қазақ халқының рухани да қоғамдық – әлеуметтік тіршілігінің барлық саласына тамырын кең жайып, халқымыздың қатынас құралы ретінде қалтқысыз қызмет істеп отырған әдеби тіліміздің даму жолының өткені мен бүгінгісіне көз жүгіртіп қарасақ, оның қалыптасуы  мен кемелденуіне, талабына сай биік белестерге де көтерілуіне қозғау салған халық тілі. Жергілікті халық тілінің байлығы әдеби тіліміз нәр алатын таусылмас бұлақтардың бірі. Қазіргі кезде жергілікті тіл ерекшеліктері жөнінде ұлттық әдеби тілді байытудың қайнар көзі деп қарайтын оң пікір жүйелеу, оларға лингвистикалық талдау жасау аса қажетті істердің бірі болып саналады. Академик Ә.Қайдардың «Этностың дүниетанымы тек тілінде ғана сақталады» деген тұжырымын еске алсақ, халықтың байырғы кездегі дүниетанымынан, рухани мәдениетінен, шаруашылық жүргізу тәсілдері мен кәсібінен мол болып саналатын жергілікті тіл ерекшеліктері осыған дәлел.

      Қайсыбір диалектологиялық регионды алсақ та реликт ретінде сақталып қалған тілдік құбылыстар сол өңірді мекен еткен тұрғындардың басынан өткізген тарихи оқиғалардың көрінісі және басқа халықтармен болған қарым – қатынасы жайлы мол дерек береді. Әрі халық тіліндегі жергілікті ерекшеліктерге талдау жасауға, тіліміздегі әр сөйленістерге тән өзгешеліктердің қыр – сырын ашуына септігін тигізеді [1].

     Қазақ диалектологиясы жоғары оқу орындарында жеке пән ретінде оқытыла бастағанына быраз уақыт болғанмен оған қажетті оқулық, көмекші құралдары енді ғана бір ізге түсіп, қалыптасып келеді. «Қазақ диалектологиясы» оқулығының қазақ  тіліндегі алғашқы басылымы 1967 жылы жарық көрген болатын. Негізгі міндет – студенттерді қазақ диалектологиясы саласындағы өзекті мәселелермен, тілдегі диалектілік ерекшеліктердің жалпы сипатымен және олардың бұрын – соңды зерттелу жайымен таныстыру.  Оқулықты жазу барысында профессор С.Аманжолов, Ж.Досқараев тарапынан төмендегідей кейбір ескертулер де айтылды:

1)    Қазақ тіліндегі барлық говорлар мен диалектілердің таралу шегі, тілдік сипаты түгелдей анықталып болмағандықтан, тіл ерекшеліктері диалектілік я говорлық көлемде емес, фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктер негізінде жалпы сипаттама түрде беріліп отыр;

2)    Оқулықта қазақ тіліндегі барлық диалектілік ерекшеліктер тегіс қамтылды деуге болмайды, өйткені тіл ерекшеліктері толық зерттеліп болған жоқ. Мысалы, Қазақстанның солтүстік аудандары, Қалмақ АССР – і, Өзбек ССС – і және Монғол Халық Республикасындағы қазақтардың әлі де болса жете зерттелмей келе жатыр.

3)    Қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктердің сипаты, говорлар мен диалектілердің жіктелуі, олардың ұлттық әдеби тілге қатысы жайында зерттеушілердің арасында әр түрлі пікір бар. Бұл пікірлер түбегейлі шешілмеген мәселелерге қатысты болмағандықтан, кейбір жетістік – кемшіліктері көрсетіліп, зерттеушілердің жеке көзқарасы ретінде беріліп отыр. Келешекте бұл мәселердің жан – жақты зерттелу, шешілу дәрежесіне қарай оқулыққа өзгеріс енгізіліп отырылады [1].

      Солтүстік Қазақстан өңірінде диалектологиялық сөздікке енбеген 50 – ге жуық диалект сөздер терілді. Соның ішінде киім – кешек атауына байланысты мынадай сөздерді көрсетуге болады:

Шәлі (СҚО) – жүннен, матадан жасалған, әйелдер басына салатын үлкен орамал (ҚТТС 910 бет).

Тебетей (СҚО, Шал ақын) – тымақ, бөрік, ішінен ер адамдар киетін тақия.(ҚТТС 794 бет).

Ботый (СҚО, Есіл, Торғай) – резеңке етік.

Қаптырма(СҚО, Есіл, Қост., Өлеңді) – қамзолға тағылатын ілгек.

Шылбыр (СҚО, Торғай) – бұтқа киетін қой не ешкі терісінен тігілген сырткиім (ҚТТС 897 бет).

Құлақшын (Әулиек., Жанг.,)-құлағы бар жылы бас киім. (ҚТТС.,537 бет)

                    Тағам атауларына байланысты қолданылатын диалект сөздер

Қиықша (СҚО, Наурызым, Өлеңді) – қиғаштау кесіліп, майға пісірілген нан (ҚТТС 502 бет).

Дұз (СҚО, Қост., Әулиекөл) – ас – тағамның дәмін кіргізетін, суда ерігіш, ақ түсті кристалл (ҚТТС 821 бет).

Құйма (СҚО, Петропавл) – ұн қосу арқылы майға пісірілген нан.

Мәйек- жас төлдің ұлтабарынан алынып, сүттен ірімшік жасауға пайдаланылатын ұйытқы, қорытқы.

Шама (СҚО, Ақтас) – қайнатқан шайдың қалдығы (ҚТТС 697 бет).

  

      Диалектологияның қалыптасу тарихы этнографиямен тығыз байланысты. Өйткені диалектілер мен диалектілік ерекшеліктер этнографиялық белгілермен ұштасады. Шынында, жергілікті халықтың әдет – ғұрып, тұрмыс – салтындағы заттар мен ұғымдардың атауы болып келетін диалектизмдер аз емес. Осы тұрғыдан алғанда, диалектілік ерекшеліктер аса маңызды этнографиялық белгі болып табылады. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында сүтақы – күйеу баланың қыз шешесіне беретін сыйы, бұл дәстүр Солтүстік өңірге белгілі болса, өзге аймақтарда мұндай дәстүр жоқ. Не болмаса, шілдехана – сәбидің дүниеге келу құрметіне жасалатын той екені бәрімізге мәлім. Ал, Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың, Аралағаш ауылдарында бұл дәстүр фонетикалық ерекшеліктерге ұшырап, шылдехана деп қолданылады [2].

     Тіл мен ұлттық мәдениеттің өзара байланысы түрлі қырынан сөз болып келеді, атап айтқанда: ұлттық-мәдени компонент аспектісінде  (Е.М. Верещагин, В.Г.Костомаров), аялық білім түрінде (Ю.А. Сорокин), мәдениет нышандары түрінде таңбаланған коннотация түрінде (В.Н. Телия) т.б. 
          Ұлт тілінің құрамындағы диалектілер, қоғамдық құрылыс жағдайында қалыптасқан. Адамдар тұрған, қоныстанған жерлеріне қарап жіктелінеді. Осыдан кейін диалектілер жергілікті сипат алады.

     Шындығында, қазақ тіліндегі тіл ерекшеліктерін алғаш рет аңғарып, әр жерде кездесетін өзгешеліктердің себептеріне, ондай айырма сөздердің ана тілімізді байытуға зор үлесі болатыны жайында бірінші рет мақала жазған жазушы Жүсіпбек Аймауытов. Мақала 1926 жылы наурыздың 9 – ында «Еңбекші қазақ» газетінде «Тіл туралы» деген атпен жарық көрген. Сөз жоқ, бұл мақала диалектологияның зеттелу тарихын біз айтып жүргендей емес, одан әлдеқалай бұрын 20 – шы жылдарда басталғанын дәлелдей түседі.

    Жазушы аталған мақалада тіл байлығын арттыруға оның тазалығын сақтауға ерекше назар аударады. Газет, журнал беттерінде «Кітап сыны» деген мақалада өзі білмейтін, өз жерінде жоқ бір сөз тауып, «мынау әлдекімнің тілі» деп жатырқайтындарға қарсы шығады. «Қазақтың « әр елінде, әр жерінде өздері ғана қолданылатын, өзге елдер білмейтін тілдер (сөздер)» бар. Мұны ілім тілінде «Жергілікті тіл» (провинциализм) деп атайды.

     Автор қандай бір тіл болмасын, таза тілдің жоқтығын, оның басқа тілдермен қарым – қатынас жасау нәтижесінде көптеген сөздердің енетінін, қабылданатынын ескертеді. Бұл мәселе жайында қазақ тілі де құралақан емес деп қарайды. Қазақтың қай елінің, қай губерниясының тілі нағыз қазақ тілі, қай елінікі будан, былық тіл екенін кесіп айту қиын. Мысалы, бөкейліктерде татар, араб, парсының, орыстың, Жетісу мен Сырдарияда өзбектің, Қостанайда орыс пен ноғайдың, Семей мен Ақмолада орыс пен араб тілдерінің ықпалы мол екенін айта келіп, нағыз қазақтың тілі аз болып шығатынын ескертеді. Тілімізде әлдеқашан сіңісіп, етене болып кеткен: пайда, ырыс, дұрыс , пенде, дос, пара, мейман, қымбат, дәулет, өнер т. б. араб, парсы тілінен енген сөздерді қалай пайдаланбай тұра аламыз [3].

      Түркі тілдері диалектілік лексикасының жалпытүркілік қабатын анықтау үшін, олардың әрқайсысының диалектілік лексикасы толық зерттеліп, диалектологиялық атласы толық аяқталғанда ғана сөз болуы мүмкін. Сондықтан жалпы түркілік қабатқа жататын диалект сөздерді түркі тілдерінде кездесу мүмкіндігіне қарай айқындауға болады. Бұл түркі тілдерінің лексика – семантикалық дифференциациясы мен интеграциясы олардың жеке топтары мен тілдері лексикасының қалыптасу процесімен және негізгі даму көздерімен тікелей байланысты, сондықтан түркология жалпытүркілік қабат мәселесі жалпыхалықтық тіл көлемінде қаралып жүр. Олардың ішінде диалектілік элементтер де кездеседі. Атап айтқанда, А.М.Щербак көрсеткен табиғат құбылыстары, географиялық атаулар, тұрмыстық зат атаулары, қимыл – әрекет атаулары сияқты топтарында берілген сөздердің ішінде долы сөзі бұршақ мағынасында қазақ тілінде әдеби норма емес диалектілік лексикада кездеседі [3].

     Кез келген тілге енген сөздің бәрі біркелкі жалпыхалықтық сипатқа ие бола бермейді, олардың ішінде актив түрінде қолданылатындары да, пассив түрінде жұмсалатындары да кездеседі, енді біреулері белгілі аймақтық қолданыста қалуы да, семантикалық өзгеріске түсуі де мүмкін, әйтсе де, кірме сөздердің қазақ тілінде пайда болуының жолы жалпыхалықтық тіл мен лексика үшін ортақ, себебі тіл иесі – біреу, ол – қазақ этносы.

 

 

                                            Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.     Сарыбаев Ш., Қалиев Ғ. Қазақ диалектологиясы.  Алматы «Мектеп» баспасы – 1979 ж. - 4 б.

2.     Досқараев Ж. Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері: II – бөлім, Алматы 1955ж. – 155 б.

3.     Щербак А. М. Ввеление в сравнительное изучение тюрских языков. – Санкт – П.: Наука, 1994 г. – 191 с. С.Петербург

4.     Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігі. «Дайк - Пресс» баспасы - Алматы 2008 ж.

5.     Диалектологиялық сөздік «Арыс» баспасы Алматы 2007 ж.